Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.
«Заң 2022 жылғы 26 мамырда Бішкек қаласында жасалған Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Министрлер кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауға бағытталған. Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 12-қосымшасын орындауға арналған. Келісімнің мақсаты — Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес апаттық жағдайдағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Осы Келісім шектес мемлекеттердің әуе кемелерін іздестіру және құтқару саласындағы іс-қимылдарын үйлестіруге ықпал етеді», — деді сенатор Алишер Сатвалдиев.
Атап айтқанда, келісімнің ережелері келесідей:
— апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру. Сонымен бірге, құтқару жұмыстары үшін екі мемлекеттің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту;
— авиациялық оқиғалар туралы өзара хабарлау. Апатқа ұшыраған әуе кемелерін, жолаушылар мен экипаждарды іздестіру бойынша шаралар қабылдау;
— екі тараптың іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ақпарат және тәжірибе алмасу.
«Келісім аясында екі жақ бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін анықтайды және іздестіру және құтқару аудандарының шекарасын айқындайды. Құжатта келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдар белгіленеді. Қазір авиациялық оқиғалар үшін «Қазаэронавигация» базасында 27 әуеайлақ пен қону алаңдарында тікұшақ кезекшілігі ұйымдастырылған. Қажет болғанда құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары да тартылуы мүмкін. Халықаралық стандарттар бойынша білім алған қызметкерлер және тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс құралдары қарастырылған. Сонымен қатар, Іздестіру-құтқаруды үйлестіру орталығы құрылды. Іздестір-құтқару операцияларын ұйымдастыру үшін Қорғаныс министрлігінің парашюттық-дисанттық топтары және Төтенше жағдайлар министрлігінің іздестіру-құтқару командалары бірлесіп жұмыс атқаруға әзір. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан аумағында авиациялық іздестіру және құтқару жұмыстарын жедел ұйымдастыруға, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді», — деді депутат.