Динара Сәтжан еліміздің бірінші президенті Назарбаевқа тамсана қарайтынын ашық айтты. Тележүргізуші күндердің күнінде Елбасыдан сұхбат алуды армандайды екен. Айтуынша, Қазақстанды құрған адамдардың бірі ретінде ол кісіге қояр сауалдары көп. Бұл туралы Сәтжан Дана Орманбаеваға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Назарбаев — харизмалы саясаткер. Ол Қазақстан үшін үлкен еңбек сіңірді. Ең біріншіден, мен ол кісіге Астана үшін алғыс білдірер едім. Өйткені мен мансабымды осы қалада құрдым. Бұл қала расымен де оның «баласы» іспетті», — дейді Сәтжан.
Тележүргізуші қалаға Нұр-Сұлтан атауының берілгенін қолдаған.
«Мен және Рахым Ошақбаев екеуміз ғана қолдадық. Сол кезде: «Егер қала тұрғызсам, мен де оған өз атымды берер едім», деп қалжыңдап айттым.
Әлі күнге дейін ол кісіден сұхбат алуды армандаймын. Өйткені ол Қазақстанды құрған адам. Ол кісіге, оның отбасына сұрақ көп», — дейді ол.
Бұрынғы басшыға деген құрметі өзгермеген Сәтжан қазіргі президентке де көңілі толатынын атап өтті.
«Қаңтар оқиғаларынан кейін болып жатқан оқиғаларға қарасақ, өзгеріс көп. Біз 30 жыл ішінде президенттің қызы парламент мүшесі, Forbes-тің алғашқы бестігінде тек сол әулеттің адамдары екеніне үйреніп қалғанбыз. Ол біз үшін қалыпты болып қалған. Ал енді активтердің қайтарылып жатқанын, жаңа президентіміздің «Жаңа Қазақстан» үшін күресіп жатқанын көріп отырмыз. Енді президенттің туыстары жоғары қызметке отыра алмайды. Ол маған шабыт сыйлады.
Елордада расымен де талантты, талапты адамдардың бар екенін көремін. Бірақ олар лайықты қызметке отыра алмайтын. Өйткені сенатордың ұлы ер жетіп, әкесі оны жүйеге кіргізіп үлгерген. Ондай хикаялар өте көп. Қазір ол жүйе бұзылуда. Егер сен талантты, білімді болсаң, «Жаңа Қазақстанда» өсуіңе мүмкіндік бар деп ойлаймын», — дейді Динара Сәтжан.