19 наурыз күні АҚШ-тың Флорида шататындағы Орландо қаласында Наурыз мерекесі тойланып, іс-шарада қазақстандық жұлдыздар өнер көрсетеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы танымал әнші Алтынай Жорабаева өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді.
“Алла қаласа Америкада Наурыз тойын тойлаймыз”, – деп жазды өнер иесі.
Сондай-ақ, Америка төрінде киіз үйлері тігіліп, қазақ айтысының майталмандары өнерін паш етпек.
“Құрметті ағайын, 2023 жылдың 19 наурыз күні сағат 10:00-де Флорида штатындағы Орландо қаласында іргесі сөгілмеген бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мейрамы қасиетті Наурыз мерекесі өтеді. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық киім үлгісінде көрсетілім ұйымдастырылады. Ұлттық тағамдар мен Наурыз көжеден дәм татып, қазақстандық жұлдыздар өнер көрсетеді”, – делінген байнежазбада.
Бұл жаңалық желі қолданушыларын қуантып тастады. Олар өнер иелеріне сәттілік тілеп, тілекші екендерін жеткізді.
“Ақжол”, “Керемет, сәттілік”, “Биік белестерді бағындыра беріңіздер”, – деп жазды желідегілер.