2022 жылдың 18 сәуірінде Тараз сервистік-технологиялық колледжінде қыздар арасында волейболдан турнир өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Іс-шараны Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, қалалық жастар ресурстық орталығы, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Турнирге құрамында Жамбыл медициналық жоғары колледжінің, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің, Тараз сервистік-технологиялық колледжінің, сондай-ақ «Тараз-Парасат» және «Alem»кәсіптік білім беру колледждерінің студенттері кірген 6 команда қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің командасы, екінші орынды -«Тараз — Парасат» колледжінің командасы, үшінші орынды «Alem»кәсіптік-білім беру колледжінің командасы иеленді. Жеңімпаздарға грамоталар, медальдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
⁃ Бүгінгі турнир «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен өтуде. Спорттық іс-шараның мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу, нашақорлыққа қарсы күресті күшейту, жасөспірімдердің бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, — деп атап көрсетті Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.