Тараз қаласындағы №6 спорт мектебінде бокстан жастар арасында КСРО спорт шебері, Қазақ КСР — ына еңбегі сіңген жаттықтырушы Кеңес Омаровты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз сөйлеп, былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тіледі. Мұнан соң елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушылар Феликс Цой, Жұмахан Нұғманов жас боксшыларға жеңіс тіледі.
Мұнан соң он салмақ бойынша бокс додасы басталып кетті. Екі жүзге жуық спортшы қатысқан жарыстың алғашқы кезеңдері бірнеше күнге созылды. Бұл турнирге Өзбекстан, Қырғыз елдерінен және еліміздің әр өңірінен ең таңдаулы жас боксшылар қатысты. Олардың арасында жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпиондары, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары жетерлік. Жарыстың қызығы сонысымен де арта түсті.
Жарыстың ақтық сыны Қазақстан мен Өзбекстан жастар құрамасының жекпе — жек жарысы тәрізді өтті. Біздің елден 15, ала тақиялы ағайындардан 5 боксшы финалға өткен екен. Дегенмен, финалда еліміздің жастар құрамасының жігіттері жеңістің ең биік тұғырынан көріне білді. Таратып айтар болсақ, 49 келіде қазақстандық Базарбай Мухаммедсабыр Базарбай мен өзбекстандық Дилшод Абдувалиев, 52 келіде еліміздің мақтанышы жастар арасында Азия чемпионы Махмуд Сабырхан мен өзбекстандық Мирзобек Мирзахалилов, 56 келіде жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, меркілік Бейбарыс Жексен мен өзбекстандық Дилшод Абдумуратов алтын жүлде жолында таласты. Бұл кездесулердің бәрінде отандастарымыз айқын басымдылықпен ұтты.
Жарыс барысында өңіріміздің атын шығарып жүрген жас оғлан Бейбарыстың әкесі әрі жеке жаттықтырушысы Ғани Ашкеевты әңгімеге тарттық. «Бейбарыс осы турнирдің екінші мәрте жеңімпазы атанып отыр. Енді осы айдың 25-29 күндері Чехия мемлекетінде халықаралық жарыс бар. Бейбарыс соған қатысады. Содан соң Қазақстан жастар құрамасымен бірге оқу -жаттығу өткізіп, 26 қазан мен 4 қараша аралығында Монғолия жерінде өтетін аламанда ел намысын қорғап, алтын медаль жолында тер төгетін болады. Мақсат жастар арасында Азия чемпионы атанып, келесі жылы ересектер сапына абыроймен ауысу, -дейді Ғ.Ашкеев.
60 келіде Сабыржан Ақхалықовты ұтқан Айтжан Әшірхан ел чемпионы атанды. 64 келіде Алматы облысының атынан шыққан түбі жамбылдық Дархан Дүйсебаев та жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Ол алтын жүлде жолында өзбекстандық Асадхужа Муйдинходжаевтан басым түсті. Жамбылдықтар тағы бір жерлесіміз 69 келідегі қордайлық Диас Молжігітовке сеніп артып еді. Алайда, Диас финалда Алматы облысының намысын қорғаған Марғұлан Айдарұлынан ұпай санымен ұтылып қалды. Бұл турнирдің финалында 75 келіде Жеңіс Нұрас пен Ерасыл Жакпеков, 81 келіде Нұрсұлтан Бейсенбаев пен Қуандық Мақсұт, 91 келіде Сағындық Тоғамбай пен Нұрмағамед Юсипов, 91 келіден жоғары салмақта Аманат Сабырғали мен Мухаммадюнус Муминжанов өзара кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде 75 келіде Ерасыл Жакпеков, 81 келіде Қуандық Мақсұт, 91 келіде Сағындық Тоғамбай, 91 салмақтан жоғарылар арасында Аманат Сабырғали алтыннан алқа тағынды.
Жарысты кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзімбаев, бокс жанашырлары Феликс Цой, Жұмахан Нұғманов қортыныдылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.