Жаңа технология – шаруашылық үшін тиімді болмақ

0 5

Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, аграрлық сектордың өнімділігін көтеру және заманауи технологияларды кеңінен енгізу арқылы саланың бәсекеге қабілеттілігін нығайту. Осы бағытта ауданымызда да бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып, ауыл шаруашылығы өндірісіне инновациялық тәсілдерді енгізуге ерекше көңіл бөлінуде.

Соның жарқын мысалдарының бірі – «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған «Nur-Tleu» ауыл шаруашылығы кооперативінің жүзеге асырып отырған жұмыстары. Аталған кооператив су ресурстарын тиімді пайдалану және егін шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында 130 гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізді. Нақтырақ айтқанда, 30 гектар жерге спринклерлі суару жүйесі орнатылып, 100 гектар алқапқа жаңбырлатып суару машинасы іске қосылды.

Бұл жобаға жалпы көлемі 150 миллион теңге инвестиция тартылып, қажетті инфрақұрылымдар толықтай жасақталды. Заманауи суару жүйелерін қолдану арқылы су шығыны айтарлықтай қысқарып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар, мұндай технологиялар еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, егістік алқаптарын күтіп-баптау жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырған қазіргі кезеңде су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы зор. Осыған байланысты ауданда мұндай озық тәжірибені кеңінен тарату және су үнемдеу технологиясы енгізілген егістік алқаптарының көлемін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Болашақта бұл технологияларды қолданатын шаруашылықтар саны артып, ауданның аграрлық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, суару жүйелерін орнатуға, қажетті жабдықтарды сатып алуға және инфрақұрылымдарды дамытуға берілетін субсидиялау тетіктері шаруалар үшін үлкен көмек болып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа технологияларды енгізуге деген қызығушылықты арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға жол ашуда.

Сондай-ақ, кооператив су үнемдеу технологияларын енгізу алдында егістік алқаптарын арнайы лазерлік жоспарлаушы техника арқылы тегістеу жұмыстарын жүргізген. Бұл әдіс суару кезінде судың алқапқа біркелкі таралуын қамтамасыз етіп, су шығынын азайтуға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жерді лазерлік тегістеу жұмыстары суару тиімділігін арттырудың маңызды кезеңдерінің бірі саналады.

Жалпы алғанда, «Nur-Tleu» ауыл шаруашылығы кооперативінің тәжірибесі аудан шаруалары үшін үлгі боларлық бастама. Заманауи технологияларды пайдалану арқылы табиғи ресурстарды тиімді игеру, өнім көлемін арттыру және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына қол жеткізуге болады. Сондықтан алдағы уақытта мұндай жобалардың саны артып, ауыл экономикасының өркендеуіне оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.