«Тұрғындардың вакцинаға деген көзқарасы жақсы» — дейді ауданның Бас дәрігері

0
103

Елімізде өткен жылдың ақпан айынан бастап қазақстандықтарға аты жаман індетке қарсы екпе егіле басталғаны белгілі. Бастапқыда коронавирусқа қарсы екпе 21 күн аралықта екі кезең бойынша жүргізіліп келген. Кейін халықаралық сарапшылар ревакцинациялаудың маңыздылығын атап өтіп, үшінші мәрте екпеден өту керектігін мәлімдеді. Яғни, бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін енгізуге байланысты қысқа қорғаныс әсерін берсе, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді. Үшінші доза екіншінің қарқынын арттырады. «COVID-19» індетіне қарсы екпеден өту індетті ауыздықтауға, сондай-ақ ұжымдық тұрақты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді.

Жамбыл ауданында екпе егу шараларының барысы туралы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алтай Сауруқовтан сұрап білген едік.

– Вакцинациялаудан өту арқылы жақындарымыздың өміріне, оның денсаулығына қалқан боламыз. Ал, коронавирус инфекциясымен ауырған адам екпені 6 айдан кейін салдырады. Мұны әрбір азамат ескергені дұрыс. Сондай-ақ, науқаспен байланыста болған азаматтар карантин мерзімі біткеннен кейін екпе салдыруы керек. Бүгінде індетке қарсы ауданға 38881 вакцина жеткізіліп, 100 пайызға игерілсе, екінші компоненттің 36916 дозасы қайта егілді. Ал ревакцинация бойынша айтар болсақ, орталық ауруханаға 4997 дозасы келген болатын. Бүгінде оның 4664-і аудан тұрғындарына салынды. Жалпы жұртшылыққа «QazCovid-in», «Спутник-V», «Hayat-vax» екпелері ектірілуде. Екпенің қай түрін салдыру әр азаматтың өз еркінде. Екпе егу шаралары өз жалғасын табуда.

– «Pfizer» екпесі туралы айтып өтсеңіз?

– Рас, бастапқыда ел азаматтары «Pfizer» екпесіне қарсылық танытты. Дегенмен, уақыт өте келе бала денсаулығына ең алдымен ата-ана жауапты екенін ұғынып, вакцинациялауға келе бастады. Екпе ең алдымен 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге және бала емізетін аналарға салынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл процесті ұсынып, індетті ауыздықтаудың бірден-бір тәсілі екенін жеткізді. Қазір әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап, Қытайда 3 жастан, АҚШ-та 5 жастан бастап екпе салынып жатыр. Озық елдердің тәжірибесін, әлемдегі эпидахуалдың құбылғанын ескеріп, Қазақстан 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді иммундау үшін тиімділігі іс жүзінде дәлелденген «Pfizer» вакцинасын жеткізе бастады. Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина тегін әрі ерікті түрде екпе алуышының келісімімен ғана жүргізіледі. 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялауға ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайды.

Екпені алғашқылардың бірі болып аудан әкімі Сәкен Арубаев қызына салдырып, көпшілікке үлгі болғанын атап өткеніміз жөн болар. Жалпы ауданға «Pfizer» екпесінің 4050 дозасы жеткізілсе, бүгінгі күнге оның 3532-cі егілген. Тарқатып айтар болсақ, вакцина 288 жүкті әйелге, 617 бала емізетін анаға, 12-17 жас аралығындағы 2627 балаға салынды. Індетті жеңу үшін иммундық жүйе қалыптасуы қажет. Ал ол үшін екпе салдыру қажеттігін айтпасақта түсінікті.

–Екпе қабылдаудың алдында және ектіргеннен кейінгі талаптар туралы не айтасыз?

– Емханаға келген екпе алушыларды дәрігерлер қабылдап, олардың денсаулық жағдайын тексереді. Эпидемиологиялық аналезін жинақтап, вакцина қабылдауға ешқандай қарсы көрсетілімінің жоқтығына көз жеткізеді. Ең алдымен пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Одан әрі екпе алу бөлмесіне жіберіледі. Онда дәрігер вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шарасы туралы айтып, вакцина еккеннен соң жеңіл немесе орташа дәрежеде жағымсыз әсерлердің үш күн ішінде болуы қалыпты жағдай екенін түсіндіреді. Екпе алып болған соң 30 минуттай медициналық бақылау аймағында дәрігердің қадағалауында болады. Бүгінде аудандық орталық емханада вакцина салу үшін 2 екпе егу бөлмесі мен 1 екпеден кейінгі бақылау бөлмесі арнайы жасақталған. Олардың барлығында профилактикалық екпе жұмыстарын жүргізудің стандарты бекітілген. Иммундау үшін медицина мамандары арнайы курстан өткен. Бастапқыда тек орталық емханада ғана екпе салдыруға мүмкіндік бар болатын. Дегенмен бүгінде 17 ауылдық округте орналасқан аммбалаториялық пунктерде вакцина арнайы сақтағыш контейнерімен жеткізілуде. Тұрғындар орталыққа сабылмай өз ауылдарында ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар жылжымалы диагностикалық кешен арқылы ауылдарда вацинациялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қолайлы болып отыр.

– Өңір тұрғындарына сапалы ем-дом қабылдау үшін медициналық нысандар саны жеткілікті ме?

– Жалпы 85 мыңнан аса тұрғыны бар Жамбыл ауданында 35 медициналық орталық бар. Жамбылдықтарға 1 аудандық, 1 ауылдық емхана, 1 орталық аурухана, 3 фелдьшерлік-акушерлік, 15 медициналық пункт, 14 дәрігерлік аммбулатория үздіксіз қызметсе етсе, 16-шы медициналық пункт Қаракемер ауылында салынуда. Көп ұзамай ел игілігіне беріліп, қатарға қосылады.

– Өңірдің бас дәрігері ретінде тұрғындарға індетті алдын алу үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, сақтық шараларын қатаң сақтап, баршаңызды ерікті түрде вакцина салдыруға шақырамын. Жағдай қайта өршіп келеді. Елімізде өткен тәулікте 9122 адамнан коронавирус белгілері анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы наурызға дейін еуропа халқының жартысынан астамына коронавирустың омикрон штаммы жұғуы мүмкін деген болжам жасады. Естеріңізде болса, омикрон елімізде де анықталып отыр. Соған байланысты қазіргі таңда ел бойынша коронавирус індетінен сақтану шаралары күшейтіліп жатыр. Саулық – сақтықта. Жақындарымызға жанашыр болайық. Бұл күрделі заманнның иірімінен шығудың жалғыз жолы бар, ол – вакцина қабылдау.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here