Цифрлық даму министрі Egov-ке қатысты қауесетке жауап берді

0 5

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан Egov порталынан бас тартады деген қауесетке жауап берді.

Бұған дейін БАҚ-та ресейлік компания eGov порталына балама ретінде ҚР Үкіметі үшін цифрлық платформа әзірлейтіні хабарлаған болатын.

— Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондықтан оны теріске шығарамын. Egov – біздің азаматтарымызға мыңнан астам қызметті ыңғайлы түрде алуға мүмкіндік беретін өте танымал тетік. Өздеріңіз білетіндей, қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамын онлайн режимде алуға болады. Атап айтқанда, Egov-ты тоқтатуға жол бере алмаймыз. Egov — мемлекеттік қызметтерді алудың маңызды құралы, клиенттерге барынша ыңғайлы форматта қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр, — деді Ж. Мәдиев Парламент палаталарының бірлескен отырысы алдында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бүгінде ресейлік компанияға қатысы жоқ отандық «Қазтех» платформасы әзірленіп жатыр.

— Ол елімізге арналып жасалып отыр. Бұл өз кезегінде микросервис архитектурасы базасында ақпараттық жүйелерді даярлауға мүмкіндік беретін тетік. Жалпы, бұл бағытта қазақстандық мамандардың өздері жұмыс істеп жатқанын сеніммен айта аламын, — деді министр.

Айта кетейік, енді кәмелетке толған азаматтарға қамқоршылар туралы цифрлық құжатты eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.