Британдық баспа үйі қазақша әдеби шығармаларды ағылшын тіліне аударады

0
12

Cambridge university press заманауи қазақ әдебиетін аударып, ағылшын тілді елдерде таратуға көмектесетін болады. Бұл туралы “Zhambylnews” AA Хабар 24 арнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Кембриджде өзара түсіністік және ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Cambridge university press әлемдегі ең ежелгі баспа үйі болып саналады. Өзінің алғашқы кітаптарын ол ХVI ғасырда басып шығарған. Баспа үйі оқулықтары мен ғылыми әдебиеттерін оқырманға түрлі бағыттар бойынша ұсынады. Оның ішінде экономика, қаржы және менеджмент салалары бар.

Меморандумға қол қою рәсімі өткен ғимараттың да тарихи маңыздылығы бар. Бірнеше жылдар бойы мұнда баспа үйінің штаб-пәтері мен баспаханасы орналасқан. Және оның аты Кембридж университетінің түлегі кіші Уильям Питтің құрметіне қойылған. Питт небәрі 24 жасында Ұлыбританияның министрлер кабинетін басқарып, тарихта есімі елдің ең жас премьер-министрі ретінде сақталған.

Кевин Тэйлор, Cambridge University Press директорлар кеңесінің төрағасы: – Бұл ғимарат 195 жыл қатарынан Кембридж баспа үйінің бас кеңсесі болған. Біз меморандумға дәл осы жерде қол қойып жатқанымызға өте қуаныштымыз.

Заманауи қазақ әдебиетінің екі жинағын ағылшын тіліне аудару және дүниежүзі бойынша тарату «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тармағы саналатын «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге аспақ.

Джейн Манн, Cambridge University Press департамент директоры: – Біз бағдарламаның құрамдас бөлігі болғанымызды және Ұлттық аударма бюросымен ынтымақтастық орнатқанымызды өте мақтан тұтамыз. Сондай-ақ заманауи қазақ әдебиетін ағылшынтілді оқырмандар арасында тарату өте маңызды іс деп санаймыз.

Еліміздің тарапынан меморандумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева қол қойды. Шараға сондай-ақ Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов және Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты. Жиналғандардың барлығы да қазақ әдебиетін төрткүл дүние бойынша танымал етудегі кезекті қадамның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here