Байзақта алғашқы көктемгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

0 1

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік шаралар жоспары аясында, Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылындағы орталық алаңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің алғашқы көктемгі көрме — жәрмеңкесі болып өтті. Бұл жолы аудан жұртшылығына ауыл, ауылдық округтердегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін ұсынды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жергілікті әкімдіктің тапсырмасына сәйкес, тұрғындарды азық — түлікпен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған шараға тұрғындар көптеп жиналды. Онда аудан тұрғындарына шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер өздері өндірген азық-түлік тауарларын арзан бағамен саудалады. Жәрмеңкеге шығарылған азық-түлік тауарлары базар бағасынан төмен бағаға сатылды.

Жәрмеңкеге келушілер жылқы етінің әр келісін — 1 600 теңгеден, сиыр етінің келісін — 1 400 теңгеден, қой етін — 1 300 теңгеден, макарон өнімдерін — 150 теңгеден, балды — 1200 теңгеден, қияр мен қызанақты — 500-700, өсімдік майының литрін — 400, сүттің литрін — 140, қаймақты -1300, тауық жұмыртқасының он данасын 260 теңгеден, картопты — 80, сәбізді — 70 теңгеден, пиязды — 50 теңгеден сатып алып жатты.

Жәрмеңке барысында аудан тұрғындарына көңіл-күй сыйлау мақсатында, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Аудан еңбеккерлері ұсынған өнімдер қызу саудаға түсіп, халыққа 2 тоннаға жуық ет және шұжық өнімдері, мың дана жұмыртқа, 1 тонна сүт және сүт өнімдері, 2 тонна жеміс-жидектер мен көкөністер, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Ең бастысы, барлығы сапалы, әрі қолжетімді бағамен сатылды.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.