Тараздағы ЖД-158/7 мекемесі де бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды азаматтық борышқа балайды

0 0

Тараздағы ЖД-158/7 мекемесі де бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды азаматтық борышқа балайды. Қарбалас қызметтен уақыт тауып үнемі қол ұшын созып, игілікті істерге ат салысуды дәстүрге айналдырған. Жуырда өңірдегі көзі көрмейтін және әлсіз көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатында бірқатар мекеме қызметкерлері болып қайтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ондағы тағдыр тауқыметін ерте тартып, жарық дүниені көруге зар болған балғындардың жағдайын біліп, күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Мүмкіндігі шектеулі дегеніңіз болмаса оқушылар озат, алғыр, спортқа жақын өнерге үйір. Келген меймандарды жатсынбай қайта ыстық ықыласпен қарсы алды. Бар өнерін ортаға салып, бесаспап екендіктерін байқатты. Әннен шашу шашып, жырларды әуезіне келтіре оқыды.

Мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Мейірғали Ракишев пен режим және жедел жұмыстары жөніндегі орынбасары Қайсар Джиенкулов көз қуанышы балапандарға жанға медет, көңілге сая болар қолдау тілегін білдірді. Сыйлықтан да құр алақан емес. Ерекше қабілетке ие өскіндердің сұранысы бойынша түрлі мүсіндегі шахмат тарту етілді. Сонымен қатар, ұлттық музыкалық аспап қазақтың қара домбырасы да сыйға берілді.

Мұның барлығы да түзеу мекемесіндегі жазасын өтеуші сотталғандардың қолымен жасалған бұйымдар.Қажетті дүниеге қол жеткізген тәрбиеленушілердің зор қуанышын айтып жеткізу мүмкін болмас. Келелі кездесу соңында білім ордасының басшылығы қайырымды іске қайырылып, қауырт жұмыстан бірауық уақыт бөліп бүлдіршіндердің қаяу көңілдеріне жұбаныш сыйлауды артық көрген мекеме ұжымына алғысын жаудырып, алғыс хат та табыс етті.

Ал барлық бақыт баланың бір қуанғаны деп топшылайтын мекеме ұжымы осындай игі істерді әрі қарай да жалғастырмақ ниетте. Болашақтың тұтқасын ұстар бүгінгі ұрпаққа көңіл бөліп, оларға қамқорлық жасау арқылы біз олардың өзіне деген сенімін арттырамыз. Демек олар қоғамнан лайықтық орнын тауып, толыққанды тұлға боларына сенім мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.