Жамбыл облысындағы алтын өндіруші кәсіпорында мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді

0
8

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ақбақай елді-мекенінде орналасқан «Алтыналмас» АҚ-да 1056 адам еңбек етеді. Жұмысшылар жыл сайын университеттерде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, тәжірибелерін шыңдайды. Ал өндіріс орнының басшылары елді мекеннің әлеуметтік ахуалының дұрысталуына үлес қосуда,-деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Мойынқұм ауданындағы ең шалғай елді мекендердің бірі — Ақбақай ауылы. Онда барлығы 604 адам тұрады. Қазіргі таңда ауылдағы 100-ге жуық оқушы 500 оқушыға арналған мектепте білім алуда. Биылғы оқу жылында 13 бала бірінші сыныптың табалдырығын аттамақ. Білім ошағы барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, интернет желісі тартылған, кітап қоры — бай. Ауыл тұрғындары негізінен «АК Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалында жұмыс істейді. Ауданға арнайы барған өңір басшысы аталған кәсіпорында болып, жұмыс барысымен танысып, ондағы ұжыммен кездесті. Менеджер Мұхтар Аманжолов мекеменің жай-күйін әңгімелеп, өндіріс үдерісі туралы айтып берді. Компания GPS технологиясын және қазіргі заманғы жабдықтарды белсенді қолданады, соның арқасында жұмысшылардың орнын анықтауға, тіпті істің жөн-жосығын онлайн режимінде бақылауға болады. Интернет желісі компания ғимаратында да, жер астында да тарта береді. Шахтаның максималды тереңдігі — 560 метр.

Қазіргі уақытта компанияда 1056 азамат жұмыс істейді, олардың 789-ы Жамбыл облысының және 444-і Мойынқұм ауданының тұрғындары. Сонымен қатар, компания үнемі өз қызметкерлерінің біліктілігін арттырып отырады. Айталық, Қарағанды, Тараз және Жезқазған қалаларындағы университеттерде 305 қызметкер арнайы курстардан өткен. Орташа жалақылары — 240 мың теңге шамасында. Мұхтар Аманжоловтың айтуынша, Ақбақай кен орнындағы барланған алтын қоры 38 тоннаны құрайды. Дегенменде кейбір жергілікті тұрғындар осынау кәсіптен көлденең табыс табуға ұмтылып, шахтаға заңсыз кіруге тырысады екен. Облыс әкімі мұндай жағдайлармен күресу үшін полициямен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеу қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ «Қазақалтын» АҚ үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Ғани Сағиев пандемия кезінде айтарлықтай көмектесе алатын корпоративтік қор құру қажеттігін мәлімдеді. Облыс әкімі бұл ұсынысты мақұлдап, Мойынқұм ауданының әкіміне осы бағытта жұмыс жасап, «Алтыналмаспен» тиісті меморандум жасауды тапсырды.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here