Жамбыл ауданында 4 тұрғын үй мен 3 асхана қолданысқа берілді

0
34

Жамбыл ауданында 4 тұрғын үй мен 3 асхана қолданысқа берілді, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Биыл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл. Осыдан 30 жыл бұрын, 1990 жылы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дербес діни басқарма болып құрылды. Осы күні Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайы өтіп, Бас мүфти қызметіне Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды. Тұңғыш мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы ақсақалдың кезіндегі уақытты «алғашқы сауат ашу кезеңі» деуге болады.

ҚМДБ ел тұрғындарына Ислам дінінің ханафи мәзһабын насихаттап, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, білімді мамандар дайындап және жат ағымдармен күрес жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар, ҚМДБ діни әдебиеттерді дайындау және сараптамадан өткізу сынды жұмыстарды атқаруда.

Құрылғанына ширек ғасырдан асқан мүфтият 30 жылдық белесті бағындырып, ел мұсылмандарының қарашаңырағына айналды. Осынау мерейтой аясында ҚМДБ ел игілігі жолында игі іс-шараларды қолға алды.

Мәселен, Жамбыл ауданының өзінде мерейтой аясында Қаракемер, Бірлесу, Бесағаш ауылдарындағы мешіттер жанынан асхана ашылды. Бесағаш, Жасөркен, Жалпақтөбе ауылдарындағы мешіт қызметкерлеріне қызметтік үй берілсе, жалпақтөбелік жамағат көпбалалы әкеге 4 бөлмелі тұрғын үй соғып берді.

Аудан аумағындағы 7 мазарат қоршалды. Бірлесу-Еңбек, Бесағаш, Қаракемер, Жалпақтөбе ауылындағы «Тұрғани», Жасөркен ауылындағы «Тұрыс» мешіттері күрделі жөндеуден өтті.

Айтулы күнге орай облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков қызметтік тұрғын үй алған мешіт қызметкерлеріне, 4 баласын жалғыз өзі асырап отырған жалпақтөбелік жалғызілікті әкеге үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Мешіттер жанынан соғылған асханалардың ашылу салтанатына қатысып, жергілікті жамағаттың қуанышына ортақтасты. Күрделі жөндеуден өткен мешіттерге бас сұғып, ондағы тыныс-тіршіліктен құлағдар болды.

— Жамбыл ауданы құтты мекен екенін айтқым келеді. Жамағаты жақсы. Ауызбіршілігі, ынтымағы жарасқан. Бір-біріне көмектесе біледі. Бастысы да осы емес пе. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» демекші, жамбылдық жамағаттың тірлігі тындырымды. Игілікті іске иіліп тұратындары көрініп тұр. Өздеріңіз куә болғандай, бүгінгі игі істің бәрі жергілікті жамағаттың, аудан кәсіпкерлерінің қаржылай қолдауымен, көмегімен жүзеге асты. Алла разы болсын оларға.
Тағы бір айтайын дегенім, күні кеше аудан кәсіпкерлері өзара бірлесіп ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлына қызметтік көлік сыйлады. Аудан әкімі су жаңа көліктің кілтін өзі табыс етті. Өз басым бұны жергілікті жамағаттың дін қызметкерлеріне білдірген ілтипаты, көрсеткен құрметі, көп жылғы еңбектің бағаланғаны деп түсінемін.
Жалпы, ауданда діни ахуал тұрақты. Ауыл имамдарының жұмысы өз деңгейінде. Оларға мешіт жамағаты қолдау білдіруде. Аудан аумағындағы мешіттердің тазалығы сақталған. Айналасы таза. Бұл көңілге қуаныш ұялатады, – деді Бейбіт Әліпбекұлы.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here