Жамбыл ауданында бірнеше нысан пайдалануға берілді

0 5

Жамбыл ауданында бірнеше нысан пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында бұл мәселеге баса мән берілген. Ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған. Осы мақсатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске қосылған. Әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет және спорт салаларын әрі қарай дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бүгінде бұл салалардың жұмысы жанданған. Сала мамандарының айлығы да айтарлықтай өскен. Сәйкесінше жұртшылықтың да әлеуметтік жағдайы біршама түзелген, табысы да артқан.

Маңызды құжаттағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген.Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы осы. Өйткені, мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды.

Жамбыл ауданында да Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ауданда ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға бағытталған аталмыш жоба шеңберінде талай тірлік тиянақталды. Былтырғы, биылғы жылдары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар – соның айқын көрінісі. Жергілікті тұрғындардың талап-тілегі де ескерусіз қалып жатқан жоқ. Мәселен, осыдан бір-екі жыл бұрын өткен аудан әкімінің Қаракемер ауылындағы есеп беру кездесуінде ауыл қариялары ауылға клуб қажет екенін айтқаны есімізде. Уақыт өте келе бұл мәселе де шешімін тапты. Ауылда аталған жоба аясында 81 млн 612 мың 90 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жүргізілген. Нысанның құрылыс жұмыстарын  «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамыр айында бастап, мерзімінен бұрын аяқтаған.

Нысанның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев арнайы қатысты. Ол жиналған көпшілік алдында сөз сөйлеп, облысымызда жүзеге асырылып жатқан ілкімді істерге тоқталды.

– Облыс бойынша биылдың өзінде 22 мектеп, 4 ауылдық клуб салынып, 5 ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтті. Осының бәрі Тәуелсіздіктің, егемендіктің, мемлекеттік қолдаудың арқасы. Бізді әлемге танытатын мәдениетіміз. Мәдениетімізбен біз ұлылығымызды, ұлтымыздың биіктігін көрсетеміз. Жастарды мәдениетке баулып жатсақ, бұл да болса біздің бір үлкен жетістігіміз. Қазақта «Тарихын білген тұғырлы болады, Мәдениетін игерген мәртебелі болады» деген сөз бар. Ұлттық кодымыз тілде, мәдениетте екенін ұмытпауымыз керек, – деген Ержан Жұматұлы облыс әкімінің тарту еткен сыйлығы музыкалық аппаратты аудандық Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаеваға табыс етті.

Басшы сөзін жалғаған ауыл қариясы Ахатай Балқыбеков облыс, аудан басшыларына, округ әкіміне, құрылысшыларға ауылдастарының атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін Ержан Жұматұлы ауыл қарияларымен жаңа ғимараттың ішін аралап, үйірмелер жұмысымен танысты.

Жалпы, ауданда 4 Мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб бар. Қаракемер ауылдық клубы – оныншы. Мәдениет ошағы қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Онда ән, би, көркем сөз, қолөнер шеберлері үйірмелері ашылған. 7 адам жұмыспен қамтылған.

Бұдан кейін, Аса ауылындағы «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» ашылды. Аудан әкімдігі білім бөлімінің теңгеріміндегі ғимарат бұған дейін қаңырап бос тұрғанын, бұрындары жатақхана болғанын ескерсек, күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған нысанның сыртқы көрінісі көз тартарлық. Нысан құрылысына айтулы жоба аясында 286 млн 437 мың теңге қаралып, құрылыс жұмыстарын «Айна-City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

— Облысымызда әлеуметтік нысандар ашылуда. Жолдар жөнделуде. Өңірлер ауызсумен, газбен қамтылуда. Болашағымыз жастар десек, білім саласына да көптеп көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде білім саласын, оның ішінде, мектеп соғуға, мектеп-колледждерді күрделі жөндеуден өткізуге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Бүгін ашылғалы тұрған білім ордасына да көп қаражат жұмсалды. Ендігі мақсат – қосымша білім беруді сапалы ұйымдастыру. Осыған мықтап көңіл бөліңіздер. Әрине, ұстаз болу оңай емес. Бірақ, біздің балалар жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына осында қызмет ететін әрбір ұстаз өз үлесін қосады деген сенімдемін. Жұмысты жандандыратын да, балаға сапалы білім беретін де сіздерсіздер, – деді орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Ержан Жұматұлы.

Мұнан соң Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Рахымбек Жапаров салмақты сөз сабақтап, ізгі тілегін арнады.

Әрі қарай Ержан Жұматұлы көпшілікпен бірге ішке кіріп, бөлмелерді аралап көрді. Орталықтағы жұмыс барысымен етене танысып, балалардың сурет салып, қызықты математика, ағылшын тілін үйреніп, ғылыми жұмыспен, робототехникамен, аспазшылықпен айналысып, заманауи технологияларды игеріп жатқанын құптады.

1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беру бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері істеп тұр. Әзірге 548 бала қосымша білім алуда. Бұны бізге орталық директоры Салтанат Құрманова баян етті.

Нысандарды аралау барысында басшымен аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев пен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова және ауылдық округ әкімдері бірге жүрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.