Оқу жылының ІІІ тоқсанында облыстағы 222 мектеп оқушыларды қашықтан оқытуда

0 1

Облыста оқу жылының ІІІ тоқсанында 222 мектеп оқушыларды қашықтан оқытуда. Қазір мектептердегі оқу үрдісі 3 түрлі форматта жүреді. Бұл туралы Жамбыл облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова ӨКҚ ақпарат алаңында өткен брифингте баяндады, — деп жазады “ZhambylNews” АА. 

«ІІІ тоқсанда 222 мектепте 117 121 оқушы қашықтан оқытылып жатыр.  Бұл өңірдегі барлық оқушылардың 49%-ын құрайды. Ал, эпидемиологиялық жағдайы тұрақты алыс ауыл-аймақтардағы оқушы саны 300-ге дейінгі 234 мектепте 36 632 оқушы дәстүрлі түрде білім алуда. Бұл 15,2%. Қашықтан оқитын мектептердегі 1-5 сынып оқушылары үшін 4 785 «кезекші сынып» ашылып, онда 61217 оқушы дәстүрлі түрде оқытудамыз» — деді, Г. Ходжабергенова.

Аймақтың бас мұғалімі мектеп бітіруші 9 және 11 сыныптардың барлық оқушылары дәстүрлі форматта оқуды бастағанын айтты. Оларда оқу пәндерінің 70%-ы дәстүрлі түрде, ал қалған 30% қашықтан оқытылады. Кезекші сыныптардағы оқушылардың саны 15 адамнан аспауы қажет. Сабақ уақыты 30 минуттан аспайды және үзіліс 5 минут берілген.

Айта кету керек, аймақтағы 456 мектепте 240 813 оқушы білім алып жатыр. Ал осы айдың 11 қаңтарынан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталғаны белгілі. Білім ошақтарындағы үшінші кезең 20 наурызға дейін жалғасады. Жалпы алғанда оқушылардың 51% дәстүрлі форматта білім алса, 49% қашықтықтан оқытылып жатыр.

Ал, екінші семестрде кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы студенттер аралас форматта оқиды. Яғни, пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтықтықтан өтеді. Колледжерде оқыту ісі 15 студенттен аспайтын шағын топтарда жүргізілуі тиіс. Яғни аудиторияның толтырылуы 50%-дан аспауы керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.