АДАЛ ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

0 20

Тараз қаласы мен аудандарда білім саласының қызметкерлеріне арналып ұйымдастырылған тамыз кеңестеріне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент өкілдері қатысты.

Кез-келген дертке қарсы тұрудың тиімді жолы – оның алдын алу. Ал сыбайлас жемқорлықты қоғам дерті деп алатын болсақ, оның алдын алудың тиімді жолы жас ұрпақтың бойында адалдық қасиетін мектеп жасынан бастап қалыптастыру. Себебі сыбайлас жемқорлық мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіреді. Осы ретте білім беру саласының, ұстаздардың қоғамда атқаратын ролі орасан зор.

Агенттік бастамасымен бүгінгі күні білім ошақтарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар жасалуда. Еліміздегі барлық мектептерде «Адал ұрпақ» (392 мектепте 15 мыңнан астам оқушы) ерікті мектеп клубтары құрылған. Бұл клубтардың негізгі мақсаты – жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар аясында өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұруға дайын тұлғаларды тәрбиелеу.

Сонымен қатар, барлық жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында «Саналы ұрпақ» (2 жоғары оқу орны мен 24 колледжде 3 мыңнан астам студент) жобалық кеңселері ашылып, бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты түрде ұйымдастырылатын іс-шараларға белсенді түрде қатысуда.
Мәселен, оқушыларды парасаттылыққа баулып, адамгершілік-этикалық құндылықтарды насихаттап, академиялық тазалық принциптерін қалыптастыру мақсатында эссе байқаулары, пікірсайыс турнирлері, жас ақындар айтысы, «Үздік сынып» байқауы, «Адалдық сағаты» бейнедәрістері және тағы басқа түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілуде.

Департамент облыс әкімдігімен және қоғам институттарымен сындарлы әріптестік орнатып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі мемлекеттік органдарды барынша ашық, айқын болуға байланысты жұмыстарды жүргізді. Соның нәтижесінде облыс бойынша білім саласында 185 мекеме басшысы кабинетін «Open space» форматына ауыстырып, 385 басшы кабинеттерін 1-ші қабатқа көшірді.

Сонымен қатар, отбасы мүшелері арасында парасаттылық құндылықтарын насихаттау мақсатында өткізілетін «Парасатты отбасы» байқауына 2019 жылы 5 мыңнан астам, 2020 жылы 10 мыңнан астам отбасы қатысты. Өткізілген барлық іс-шаралар туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жүргізілетін болады.

Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» — деп айтқанындай, білім беру процесі барысында жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, парасатты тұлға болып қалыптастыруға бар күш-жігерді салу қажеттігі туралы айтылды.

2021-2022 оқу жылы да жас ұрпақтың бойында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бағытында департамент пен білім басқармасы тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.