Жамбылдық шаруа арпа мен сарымсақтан рекордтық өнім жинады

0 3

Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қызыларық ауылдық округіндегі «Қуана-Бер» шаруа қожалығы арпаның әр гектарынан 33 центнерден, ал 6 гектарға отырғызылған сарымсақтан 25 тонна өнім жинаған, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Қожалық қуаңшылыққа қарамастан егіс алқаптарынан мол өнім жинаған. 2019 жылы құрылған шаруа қожалықтың иелігінде 17 гектар егістік бар. Қожалық жетекшісі Жарқын Қалтаев кәсібін сарымсақ өсіруден бастаған. Биыл оған қосымша 4,5 гектар алқапқа арпа дәнін сеуіп, оның әр гектарынан орташа есеппен 33 центнерден, яғни, 15 тонна өнім жинаған. 12,5 гектар жоңышқалығынан 4 мың тайланған шөп жинап, мал азығын дайындаған. 6 гектарға отырғызылған сарымсақтан 25 тонна өнім жинап отыр.

Осы шаруаны техника күшімен атқару үшін ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, лизинг жүйесімен 30 миллион теңгеге 2 «LOVOL» тракторын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тіркемелері – соқа, «Борона прицеп», бір тонналық су бүріккіш, культиватор және картоп қазғыш сатып алған.

Санға емес, сапаға жұмыс істеуді көздеген шаруа қожалық төрағасы жаңашылдықты, еңбекқорлықты қолдайды. Аз ғана жерден мол өнім алып, жұмыстың көзін табу қажеттігін айтады.

— ​Өткен жылы да сарымсақтан жақсы өнім жинаған болатынбыз. Биыл судың тапшылығына қарамастан, сапалы тұқымның арқасында арпа мен сарымсақтан жақсы өнім жинай алдық. Иелігімізде жеріміз аз. Бірақ, жеріміз аз екен деп қарап отырған жоқпыз. Еңбек етудеміз. Жаңа техникамен жұмыс істеу біздің шаруамызды биыл біршама жеңілдетті. Бұдан кейін де аз жерден мол өнім жинау бағытында жұмыс істейтін боламыз, — дейді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.