Жамбыл облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Биыл өңірдің 71 елді мекенінде жалпы құны 15,3 млрд теңгені құрайтын 111 жобаны іске асыру көзделді.
Бөлінген қаржы есебінен 1 денсаулық сақтау нысанының, 8 мәдениет үйінің, 11 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар 7 мектепке жапсарлас ғимарат салу, 5 білім ошағын күрделі жөндеу жұмыстары қарастырылған.
Ауылішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу бойынша 79 жоба іске асырылуда.
Мәселен, Қордай ауданында ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 12 жоба қолға алынған.
Атап айтқанда, Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде. Сонымен бірге Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы емхана салынып жатыр.
Жалпы ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Жамбыл облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019–2024 жылдар аралығында жалпы құны 68,3 млрд теңгені құрайтын 957 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар 186 ауылдық елді мекенді қамтыды.
Нәтижесінде 37 спорттық-сауықтыру кешені, 17 мектепке және 3 емханаға жапсарлас ғимарат, 16 денсаулық сақтау, 27 мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, 2 әлеуметтік нысанның ғимараты қайта жаңғыртудан өтті.
Инженерлік-коммуналдық бағытта: 3 электрмен жабдықтау, 2 көше бойынша газ тарту, 4 ауылдың су құбырын жаңғырту, 23 білім нысанының қазандығын газға қосу жобалары жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, 48 білім беру, 16 денсаулық сақтау, 24 мәдениет, 7 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтті.
856 шақырым жол, 24 көше жарығы және 2 көшенің су құбыры желілері орташа жөндеуден өткізілді.
