Мемлекеттік санамызды көтеріп, рухты биіктетін тарихтағы есімі ұлы тұлғалғар, батырлар, ерлік дастандары

0 6

Мақала шынында да біздің рухымызды көтереді. Аталарымыздың атты әлемде алғаш қолға үйретіп бізге мақтаныш сезімін сыйлайды. Бұрын да білетінбіз, бұны Елбасының айтқаны бөлек. Өйткені бізге шын мәнінде мақтаныш сезімі керек. Бұл құр мақтаншақтық деп ойламаңыз, мақтаныш сезімі рухтандырады. Рух дегеніміз ұлттық код, қазақша айтқанда тектілік. Ол кетпейді, өзін іздейді. Жапон да, неміс те инновациямен, жасампаздықпен әлем алдында өздерін қайта мойындатты.

Мемлекеттік сананы көтеріп, рухты биіктетін тарихтағы есімі ұлы тұлғалғар, батырлар, ерлік дастандары. Монғолдар Шыңғысхан қолбасшылық даңқымен мақтанады, өзбектер Шыңғысханнан кейінгі жарты әлемді жаулаған Әмір-Темірдің есімін ту етсе, қырғыздарды Манас жыры барша әлемге танытты. Ататүрік болса түрік ұғымы төңірегінде топтастырып, ұлттық қозғалыс ұйымдастырып, Түркияны құрды. Елбасының мақаласында тұлғалар арқылы рухымызды тіктеу ерекше сөз болып отыр. Біз өкінішке орай соншама жыл бодандықта болып, азат рухымызды түсіріп алдық. Кейін қалғандай сезінетін комплекс пайда болды. Біз дұрыс мақтана білмейміз.

Біз ұлтты біріктіретін тұлға таба алмай жатамыз. Абылайханды білуіміз мүмкін. Көптеген хандарымыздың тұлғалық, қайраткерлік болмысын тани алмадық. Хандарға ескерткіш жоқ. Көп тарихымызды ұмытып қалдық. Мысалы Қасым ханның, Бұрындық ханның, Хақназар ханның еңбегі. Білетініміздей Кенесары ханның образы Ресейдің империялық саясатына қарсы күрестің символы. Оны біздің насихаттайтынымыз бізге сол рух жетіспейді. Қасиетті, киелі жерлер деп біз көбіне сол батырлар жатқан жерлерге мән бердік. Батырлық рухты оятуды мақсат еттік.

Қазақта XIX ғасырда екі таңдау болды. Біріншісі орысқа бодан болу, екіншісі қарсы соғысу. Кенсары мен Жәңгірхан қарсы образдар. Жәңгірхан батыста орыспен дос болайын, елімді дамытайын, балаларды оқытайын, жерімді түгендеп алайын, территориямды кеңейтейін деп орысқа бодан болды. Махамбет, Исатайлар оған қарсы шықты. Кімдікі дұрыс? Сол Жәңгірханның арқасында Бөкей орданы, бүгінгі Оралды, Атырау мен Жайықты сақтап қалдық. Елге жасаған пайдасы өте зор. Жәңгірхан қаншама қазақ баласын оқытып, мектеп ашты. Қаншама зиялылар шықты. Торғайда Ыбырай Алтынсаринның мектептерінде оқығандарда қазақ даласына екінші рет дүмпу туғызды. Алаш арыстары шықты. Сол сияқты Мұса Шорманов Арқадағы үлкен тұлға. Аға сұлтан болып Кенесарыны қолдамады. Бірақ сол кісінің ықпалымен ашылған интернатта жастар білім алды. Байларды баласын оқытуға мәжбүрледі. Қазақ оқығандарының үшінші дүмпуі солар болды. Орыстың білімін алды да жолы ашылды. XX ғасырдың басында үлкен зиялы қауым болды. Бір қарасаң бәрі дұрыс. Бірақ, Кенесары да болды ғой қастарында. Олар біріккен жоқ. Жәңгірхан, Мұса Шормановтар, басқаларда қарсы шықты. Біз орысты жеңе алмаймыз, білекпен күрескенше біліммен күресейік, ғылыммен қарсылық жасайық деді. Кенесары керісінше күресті, тұтқынға түсті, қарсылықтан қаны төгілді, жаны қиылды. Мен салыстырмалы түрде бірнеше тұлғаның образын қарап отырмын. Бізде мұндай мысал көп. Кенесарыға халықтың бәрі ерсе қырылып қалуы мүмкін ба еді? Бірақ олар азат кетті, мойын имей, рухы биік, бодан болмай, құл болмаймын деп кетті. Соны біз аңсаймыз. Өйткені бізде батырлық жоғалып, соны қалпына келтіре алмай жатырмыз.

Құлдан ақыл сұрама дейді. Біз әлі күнге дейін құлдық санадан құтыла алмай жалтақтап келеміз. Керісінше бір-бірімізге тиіскіміз келіп тұрады. Тіпті бізде ашаршылық туралы материал жоқ. Санамызға үрей сіңіп кеткен. Созақта 1931 жылы аштық кезінде көтеріліс болған. Соған қатысқан 300 шақты кісі әлі ақталмаған. Оларды ақтауға ҰҚК «Олар репрессияның құрбаны емес қылмыскер болды ғой, Қызыл әскерге қарсы соғысты, адам өлтірді» дейді. Ондай көтерліс Абыралыда, Маңғыстауда, Шұбартауда, Ақсуда да болды. Бірақ соның саяси себебін қарағысы келмейді. Біз осылай 200 жылдан бері жаншылып кеткен өзіміздің азаттық аңсаған, батырлық рухымызды қалпына келтіре алмай жатырмыз. Аштықтан, репрессиядан ұлттық кодымыз бәсеңсіп қалды. Сондықтан, Ұлттық рухымызды тірілтуге, мемлекеттік санамыз бен ұлттық тұтастығымызды қалыптастыруға, кеудесін мақтаныш кернеген халық болуымызға, тұтас тарихи сана-сезімді қалыптастыруға Елбасы мақаласының маңызы зор.

Елбасының жазғаны мақала. Бұйырық емес, бағдарлама емес. Ал, осы мақала аясында ғалымдарға үлкен жүк артылып отыр. Арғы тегімізді зерттеп, ұлы халықтың мұрагері екенімізді дәлелдеу, деректерді ғылыми айналымға енгізу ғалымдардың жұмысы.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.