Өнер ұжымдары фестиваль-байқауда халықтық атақтарын қорғады

0 41

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған халықтық атақты растауға арналған фестиваль-байқауда Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнер ұжымдары жоғары дайындықпен қатысып, өздерінің шығармашылық әлеуетін кеңінен танытты. Өнер мерекесіне өңірдің үздік мәдениет ұжымдары қатысып, ұлттық өнер мен мәдениетті дамыту жолындағы жетістіктерін ортаға салды.

Байқау қорытындысы бойынша Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының бірқатар шығармашылық ұжымдары өздерінің кәсіби деңгейін дәлелдеп, «Халықтық» атақтарын сәтті қорғап шықты. Атап айтқанда, көпшілікке кеңінен танымал  «Талас толқыны» халықтық ән-би ансамблі,  «Ғасыр ана» халықтық әжелер ансамблі және  «Поколение» халықтық ардагерлер хоры көрермендер мен қазылар алқасына әсерлі өнерлерін ұсынды.

Фестиваль барысында әр ұжым өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынып, ұлттық мәдениет пен өнердің бай мұрасын дәріптеді. Ән мен биді үйлестіре білген «Талас толқыны» ансамблі сахнада жоғары шеберлік көрсетсе, «Ғасыр ана» әжелер ансамблі ұлттық дәстүр мен аналық өнегені дәріптейтін әсерлі қойылымдарымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал «Поколение» халықтық ардагерлер хоры өздерінің орындаушылық мәдениеті мен вокалдық шеберлігін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Қазылар алқасы ұжымдардың сахналық мәдениетіне, орындаушылық деңгейіне, репертуар таңдауына және көркемдік ерекшеліктеріне жоғары баға берді. Нәтижесінде аталған өнер ұжымдары «Халықтық» атақтарын лайықты түрде қорғап, мәдениет саласындағы табысты жұмыстарын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл жетістік – ұжым жетекшілерінің кәсіби еңбегі мен қатысушылардың шығармашылыққа деген сүйіспеншілігінің жемісі. Жылдар бойы мәдени мұраны насихаттап, ұлттық өнердің дамуына үлес қосып келе жатқан өнерпаздардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнер ұжымдары аудан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық өнердің өркендеуіне қызмет етіп келеді. Олардың әрбір жетістігі – өңір мәдениетінің мерейі мен абыройын арттыратын маңызды табыс.

Өнер ұжымдарын кезекті жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, тың идеялар, жаңа белестер мен толағай табыстар тілейміз. Өнеріміз өркендеп, мәдениетіміздің мерейі асқақтай берсін, ал халықтық ұжымдарымыздың абыройы әрдайым биік болсын!

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.