Сарысу ауданы «ауыл–club» облыстық art-тимбилдингінің жүлдегері

0 50

Ауыл мәдениетін дамыту – қоғамның рухани өмірін байытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып келе жатқан «АУЫЛ–CLUB» жобасы ауылдық мәдениет саласының қызметкерлеріне тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік беретін тиімді бастамалардың бірі саналады. Әріптестердің басын қосып, шығармашылық байланысын нығайтатын мұндай тимбилдингтер мәдениет саласының дамуына тың серпін береді.

Осыған орай, Байзақ ауданында жаңа мәдени-этикалық нормаларды қалыптастыруға, ауылдық мәдениет ұйымдарының жұмысын жетілдіруге және мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған «АУЫЛ–CLUB» облыстық ART-тимбилдингі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шара барысында аудандық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың меңгерушілері өзара тәжірибе бөлісіп, заманауи жұмыс тәсілдерімен танысып, кәсіби біліктіліктерін шыңдады. Сонымен қатар түрлі шығармашылық тапсырмалар мен командалық сайыстар арқылы қатысушылар ұйымшылдық пен бірліктің маңызын көрсетті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл маңызды шараның қорытындысында Сарысу ауданының мәдениет қызметкерлері жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді. Жеңімпаз командаға заманауи музыкалық аппаратура табысталды. Бұл жетістік – аудан мәдениет саласы мамандарының қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденісінің, ұйымшылдық пен кәсіби біліктілігінің айқын жемісі. Алдағы уақытта да сарысулық мәдениет қызметкерлері өңірдің мәдени өмірін дамытуға өз үлестерін қосып, жаңа белестерді бағындыра беретініне сенім мол.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.