Ауыл мәдениетін дамыту – қоғамның рухани өмірін байытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып келе жатқан «АУЫЛ–CLUB» жобасы ауылдық мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына, кәсіби біліктілігін арттыруға және шығармашылық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды бастама болып табылады.
Осыған орай Байзақ ауданында жаңа мәдени-этикалық құндылықтарды қалыптастыруға, ауылдық мәдениет ұйымдарының жұмысын жетілдіруге және мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған «АУЫЛ–CLUB» облыстық ART-тимбилдингі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстың барлық ауданынан мәдениет саласының мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасып, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар түрлі шығармашылық және командалық тапсырмалар арқылы ұйымшылдықтың, ынтымақтастықтың және кәсіби шеберліктің маңызын көрсетті.
Сонымен қатар, бағдарлама барысында қатысушылар ауылдық клубтардың жұмысын жетілдіру, мәдени жобаларды тиімді жүзеге асыру, ұлттық өнерді дәріптеу, жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау және тұрғындарды мәдени шараларға кеңінен тарту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай кездесулер мәдениет қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, әріптестер арасындағы өзара байланысты нығайтып, мәдениет саласын дамытуға тың серпін береді.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізілетін бұл маңызды шараның қорытындысында Сарысу ауданының мәдениет қызметкерлері жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді. Жеңімпаз командаға заманауи музыкалық аппаратура табысталды. Бұл марапат мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, алдағы мәдени-көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Бұл жетістік – аудан мәдениет саласы мамандарының шығармашылық ізденісі, кәсіби біліктілігі, ұйымшылдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Сонымен қатар бұл нәтиже Сарысу ауданында мәдениет саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі болып табылады. Аудан өнерпаздары мен мәдениет қызметкерлері түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде ауданның абыройын асқақтатып, ұлттық өнерді насихаттауға сүбелі үлес қосып келеді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта да сарысулық мәдениет қызметкерлері шығармашылық ізденістерін жалғастырып, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірдің мәдени өмірін жандандыруға, ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуге және облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда аудан мерейін үстем етуге өз үлестерін қоса бермек.
Айта кетейік, мұндай маңызды байқаулар мәдениет қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесін жетілдіріп, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ әріптестер арасында тәжірибе алмасуды нығайтып, ауыл мәдениетінің дамуына жаңа серпін беретін маңызды алаң ретінде ерекшеленеді.