Қаламгерлерге құрмет көрсетілді

0 237

Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғам мен халықтың арасын байланыстыратын маңызды сала. Ел өміріндегі жаңалықтарды жедел әрі шынайы жеткізіп, қоғамның пікірін қалыптастыруда журналистер мен қаламгерлердің еңбегі ерекше. Ауданымыздың тыныс-тіршілігін тұрақты түрде насихаттап келе жатқан аудандық «Сарысу» газеті бүгінде көпшіліктің сүйіп оқитын, өзіндік орны қалыптасқан басылымдардың біріне айналды. Қоғамдық-саяси басылым заман талабына сай жаңашыл бағытта еңбек етіп, аудан тұрғындарының сенімі мен құрметіне ие болып келеді.

 Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай аудан әкімдігінде мерекелік қабылдау ұйымдастырылды. Салтанатты шараға аудандық «Сарысу» газетінің ұжымы, «Сарысу медиа» орталығының қызметкерлері, аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілдері, сондай-ақ баспасөз саласының ардагерлері қатысты. Мерекелік жиында ақпарат саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі жоғары бағаланып, олардың қоғамдағы рөлі ерекше аталып өтті.

Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков қатысып, кәсіби мереке иелерін құттықтап, ауданның ақпараттық кеңістігін дамытудағы қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Ол журналистер мен қаламгерлерге шығармашылық шабыт, жаңа жетістіктер мен толайым табыс тілеп, халыққа сапалы әрі шынайы ақпарат жеткізу жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Шара барысында ауданда мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға және өңірдің қоғамдық-саяси өмірін кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен баспасөз саласының ардагерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы сый-сияпаттары табыс етілді.

Сонымен қатар, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бергентай Нұрмаханұлы, аудандық «Сарысу» газетінің бұрынғы редакторы Диханбай Ақділда, газет жанашыры Мәлікомар Жылқыайдаров және ардагер-журналист Темірлан Әбілдаев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Олар журналистиканың қоғамдағы орны, қаламгерлердің жауапкершілігі мен ақпарат саласының маңызы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің еңбек жолындағы қызықты естеліктерін айтып, жас журналистерге ақыл-кеңестерін жеткізді.

Мерекелік жиын жылы жүздесуге, ізгі тілектер мен естеліктерге ұласып, ақпарат саласы қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетілген тағылымды басқосуға айналды.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.