Мереке қарсаңындағы марапат

0 54

Қойнауы қазынаға толы кенді шаһар – Жаңатас қаласы жыл өткен сайын жаңарып, көркейіп, заманауи келбетке ие болып келеді. Соңғы жылдары қалада инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көшелер абаттандырылып, тұрғын үйлер мен қоғамдық орындардың келбеті жаңаруда. Кешегі тоқырау кезеңін артқа тастаған Жаңатас бүгінде қарқынды дамып келе жатқан, болашағына сеніммен қарайтын шаһарлардың біріне айналды. Биыл кенді қаланың құрылғанына 57 жыл толып, бұл мерейтой жаңатастықтар үшін ерекше маңызға ие мереке ретінде аталып өтуде.

Осыған орай, бүгін Жаңатас қаласы әкімдігінің мәжіліс залында мерекелік қабылдау ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекеме мен бөлім басшылары, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері және қала тұрғындары қатысты. Басқосуда сөз сөйлеген Жаңатас қаласының әкімі Илияс Домалақов барша жаңатастықтарды қала күнімен шын жүректен құттықтап, Жаңатастың өсіп-өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ, қаланың бүгінгі жетістіктері – бірліктің, еңбекқорлықтың және тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі екенін ерекше айтты.

Мерекелік шара барысында Жаңатас қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне және өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға қала әкімінің Алғыс хаттары табысталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Сонымен қатар, жуырда Тараз қаласында өткен спартакиадада жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған спортшылар мен олардың жетекшілері арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – аудан спортының дамуына серпін беріп, жастарға үлгі болатын жетістік ретінде атап өтілді.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов спорт ардагері Низами Алиев пен еңбек ардагері Жібек Домбаеваға «Ауданның Құрметті ардагері» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады. Марапат иелерінің ауданның қоғамдық өміріне, спорт пен еңбек саласының дамуына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, көпшілік қошеметіне бөленді.

Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Олар Жаңатас қаласының алдағы уақытта да қарқынды дамып, көркейе беруіне, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына және кенді шаһардың мерейі әрдайым үстем болуына ақжарма тілектерін жеткізді. Мерекелік жиын көтеріңкі көңіл күйде өтіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.