2026 жылдың 29 маусымында Сарысу ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті. Бұл – жаңартылатын энергия көздері саласындағы еліміз үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жоба әлемдік деңгейдегі жаңартылатын энергия компаниясы Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Салтанатты рәсім Астана қаласымен телемост форматында өтті. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов және Masdar компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи қатысып, жобаға сәттілік тіледі. Ал жоба жүзеге асырылатын Сарысу ауданындағы құрылыс алаңынан «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов тікелей байланысқа шықты. Сонымен қатар шараға облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат депутаттары, жауапты сала басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Жоба аясында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы және 600 МВт/сағат энергия жинақтау жүйесі салынады. Инвестициялық жобаның жалпы құны 742 миллиард теңгені құрайды. Жобаны сүйемелдеу жұмыстарын «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ жүзеге асыруда. Аталған бастама Қазақстанның энергетика саласын дамытуға, «жасыл» энергетиканы кеңейтуге және экологиялық таза энергия өндірісін арттыруға бағытталған.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңартылатын энергия көздерін дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба Сарысу ауданының ғана емес, тұтас Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция көлемінің артуына және өңірдің өндірістік әлеуетінің нығаюына ықпал етеді.
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мұндай ауқымды жобаның жүзеге асырылуы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, халықаралық серіктестікті дамытудағы маңызды қадам екенін айтты. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясымен әріптестік Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін көрсететінін жеткізді.
Жел электр станциясын 2029 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Қазіргі таңда облыста жалпы қуаттылығы 571,3 МВт болатын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Ал Сарысу ауданында жүзеге асырылатын бұл алып жоба іске қосылғаннан кейін облыстағы жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 2,5 ГВт-қа дейін артып, өңірдің энергетикалық әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі.