Ардагерлерге құрмет көрсетілді

0 33

23 маусым – Полиция және Мемлекеттік қызметшілер күніне орай аудан әкімінің орынбасары Ж. Сақыпбеков пен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұ. Сәлімова құқық қорғау саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Болат Төлебаевты және мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Тыныштық Бектөрееваны арнайы құттықтады.

Кездесу барысында саналы ғұмырын ел игілігіне қызмет етуге арнаған ардагерлерге шынайы құрмет көрсетіліп, олардың құқық қорғау және мемлекеттік қызмет салаларындағы көпжылдық қажырлы еңбегі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлестері мен жас буынға өнеге болатын өмір жолы ерекше атап өтілді. Ардагерлердің кәсіби тәжірибесі мен адал қызметі бүгінгі мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін үлгі екені айтылды.

Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, қызмет барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Олар жас мамандардың жауапкершілігі жоғары, ел мүддесіне адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуына ізгі тілектерін жеткізіп, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласының абыройын арттыру жолындағы еңбектің маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында аудан басшылығы елге адал қызмет етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардақты азаматтарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі. Сондай-ақ, олардың өмірлік тәжірибесі мен еңбегі әрдайым кейінгі ұрпаққа өнеге болып, ел игілігі жолындағы қызметтің жарқын үлгісі болып қала беретіні атап өтілді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.