Сот, полиция және жергілікті атқарушы органдар – мемлекеттегі маңызды қызмет салаларының бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметші – билік пен халық арасын жалғайтын, ел игілігі үшін аянбай еңбек ететін, жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін мәртебелі мамандық иесі. Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет әрі үлкен сенім. Дамыған мемлекет тек тиімді, ашық және кәсіби мемлекеттік қызмет жүйесі арқылы қалыптасатыны белгілі. Қазіргі жаһандану дәуірі, цифрлық технологиялардың дамуы және қоғамның өсіп отырған талаптары мемлекеттік қызмет саласының да үздіксіз жаңарып, жетілуін қажет етеді.
Осыған орай, бүгін аудандық мәдениет үйінде 23 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер күні, Полиция күні және 24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Елге қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, мерекелік рухқа толы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Үш бірдей маңызды саланың мамандарына арналған салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілердің, полиция және сот саласы қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бұл салалардағы мамандардың күнделікті еңбегі ел тыныштығы мен тұрақтылығына тікелей әсер ететінін айтып, барша қызметкерлерге қажымас қайрат, мықты денсаулық және табысты еңбек тіледі.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Оразбайұлы да құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына ізгі тілектерін жеткізді. Олар мемлекеттік қызметтің абыройы мен жауапкершілігіне тоқталып, елге адал қызмет етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Салтанатты жиын барысында өз саласының үздігі атанған бірқатар қызметкерлер Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, «Аудан сіңірген еңбегі үшін!» төсбелгісімен, сондай-ақ аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және аудандық полиция бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – олардың көпжылдық еңбегі мен елге сіңірген адал қызметінің лайықты бағасы ретінде ұсынылды.
Мерекелік шара соңында мәдени бағдарлама ұсынылып, сахна төрінде эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова барша көрерменге әннен шашу шашты. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән орындап, «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы түрлі билерімен кештің көркін қыздырып, мерекелік жиынға ерекше сән берді.