Тұжырымдама тиімді іске асуы керек

0 35

Сарысу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжановтың қатысуымен кеңес отырысы өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков, сондай-ақ мекеме және бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібінде 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарының орындалу барысы және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Кеңес барысында сала басшылары атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасап, балалардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы іс-шараларға тоқталды. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетін атқарушы Е. Дүйсенбин, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж. Мұсахметов, жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Қ. Тлеубаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы А. Мелдеев, Отбасын қолдау орталығының директоры Ғ. Іскенов, Жастар ресурстық орталығының басшысы М. Прімбек, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Е. Бақытұлы және Жаңатас қаласының әкімі И. Домалақов өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жиын қорытындысында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжанов тұжырымдама аясындағы жұмыстардың жүйелі әрі сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтіп, бірқатар жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелі болуы барлық сала арасындағы өзара үйлесімділікке тікелей байланысты екенін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.