Дені сау ұрпақ – ел тірегі

0 61

Қаратау қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Біз нашақорлыққа қарсымыз» атты велошеру ұйымдастырылды. Тағылымды шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту және жастарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру болды.

Велошеруді Талас аудандық Жастар ресурстық орталығы, бұқаралық спорт бөлімі және Талас аудандық полиция бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға қала жастары, спортшылар, еріктілер, белсенді тұрғындар мен салауатты өмір салтын қолдаушылар қатысып, қоғамдағы өзекті мәселеге бейжай қарамайтындықтарын көрсетті.

Қатысушылар алдын ала белгіленген бағыт бойынша велосипедпен жүріп өтіп, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған үндеулер мен ұрандарды насихаттады. Сонымен қатар шара барысында жастарға есірткі мен психотроптық заттарды қолданудың адам ағзасына, денсаулығына және қоғамға тигізетін зияны туралы кеңінен ақпарат беріліп, құқықтық және профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, спортпен тұрақты шұғылдануға қызығушылығын арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді. Сондай-ақ жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, белсенді өмірлік ұстаным мен өз денсаулығына деген қамқорлықты қалыптастырудың маңызы зор екені атап өтілді.

Велошеру соңында қатысушылар қоғамның әрбір мүшесін салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден аулақ болып, денсаулықты басты құндылық ретінде бағалауға шақырды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да жастардың қатысуымен осындай профилактикалық және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.