Талас ауданында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шара өтті
1 мамыр күні Талас ауданында ауа райының қолайсыздығына қарамастан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кешкі рейдтік-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Д. Төлендіұлы қатысып, рейд жұмыстарының барысымен танысып, жауапты мекемелердің атқарып жатқан жұмыстарына назар аударды. Ол жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам мен мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтіп, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.
Рейдтік іс-шараға аудан әкімдігі, аудандық білім бөлімі, мектеп әкімшіліктері, Жастар ресурстық орталығының мамандары және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп қатысты. Бірлескен топ аудан аумағындағы қоғамдық орындарды, саябақтарды, ойын-сауық орындарын және жастар көп шоғырланатын аумақтарды аралап, жасөспірімдермен және тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында кәмелетке толмағандардың кешкі уақыттағы жүріс-тұрысына ерекше көңіл бөлініп, олардың заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруінің заң талаптарына қайшы екені түсіндірілді. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық қағидалары жөнінде профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Сондай-ақ ата-аналарға бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін бақылау және құқықтық тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар ата-аналарды балалардың жүрген ортасына, күнделікті іс-әрекетіне және әлеуметтік желілердегі белсенділігіне назар аударуға шақырды.
Аталған профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайту болып табылады. Осындай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.