Бүгін Талас ауданында Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің маңызын дәріптеу мақсатында аудан ардагерлері арасында дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылды. Тағылымы мол іс-шара ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.
Спартакиаданың негізгі мақсаты – Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі мен еңбегін ұлықтау, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету, ардагерлердің денсаулығын нығайту, бұқаралық спортты дамыту және қоғамда патриоттық құндылықтарды кеңінен дәріптеу болып табылады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың елдің өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегіне алғыс білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде ардагерлердің өмір жолы, еңбекқорлығы мен елге деген адалдығы жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі екенін атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік, зор денсаулық және көтеріңкі көңіл күй тіледі.
Жарыс барысында ауданның ардагерлері спорттың жеті түрі бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар әр сайыста жоғары дайындықтарын, белсенділіктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетіп, тартысты әрі қызықты бәсеке өрбіді. Спорттық додада достық пен өзара сыйластықтың үлгісі байқалып, қатысушылар көтеріңкі көңіл күйде өнер көрсетті.
Спартакиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен ардагерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйақылармен марапатталды. Сонымен қатар жарысқа белсенді қатысқан барлық ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олардың спортты серік етіп, белсенді өмір салтын ұстанып жүргені ерекше атап өтілді.
Аталған іс-шара тек спорттық жарыс қана емес, сонымен бірге ардагерлер мен жастар арасындағы рухани байланысты нығайтуға, аға буынның өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа насихаттауға және қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды шара болды. Осындай тағылымды кездесулер ел тарихына деген құрметті күшейтіп, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосады.