Қасиетті Жуалы жерінде экологиялық таза өнім өндірумен тұрақты айналысып, жергілікті нарықты кеңінен қамтып отырған кәсіпорындар мен шағын шаруашылықтар жетерлік. Тіпті көршілес облыстардың технологияларын қолданып, түсім көлемін арттырушылар да бар . Солардың бірі- өңірге қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы «Green Products Development» ЖШС бұған дейін жергілікті диқандарға таңсық кәсіп болып келген таңқурай жидегін өсіруді қолға алып, бүгінде оның табысын молынан көруде.
Иә, 2021 жылы басталған бұл кәсіпті жүргізу алғашқыда оңай болған жоқ. Жидектің көшетін егу, оны жергілікті табиғи жағдайға жерсіндіру, одан кейінгі күтіп-баптау жұмыстары біршама уақытты алатыны белгілі. Соған қарамастан, Жуалы ауданының табиғи ерекшелігіне сай Т.Дүйсебайұлы ауылының тау жақ бетіндегі 12 гектар алқап таңдап алынып, оның 10 гектарына таңқурайдың италиялық «Амира» және «Регина» аталатын ремонтантты тұқымы егілді.
Өсімтал жидек дақылының түрін жерсіндіріп, күтіп-баптау да кәсіпкер үшін оңайға түскен жоқ. Жидек атыздарының арасына арық салу, оның айналасын арамшөптен тазарту, қопсыту, дақылды жекелеу жұмыстары көбіне көп көктем айларында атқарылады. Алқап басындағы науқандық жұмыстар кезінде 25-30 адамға дейін қосымша жұмысшы күшінің тартылатынын да айта кеткен жөн. Таңқурай жидегінің «Амира» және «Регина» аталатын сорттары өте өсімтал болғандықтан, оның өнімділігі де өте жоғары деуге болады. Терін кезінде бір түптен бір маусымда екі-үш келіге, алқаптың кей жерлерінде бес-алты келіге дейін өнім жинауға болады. Ал, оны тұрақты өсірушілер өнеркәсіптік көлемде еккенде алқаптың әр гектарынан – 15-20 тоннаға дейінөнім алуға болатынын айтады.
«Green Products Development» ЖШС таңқурай жидегі алқабының көлемін жылма жыл ұлғайтуды басты мақсат ете отырып, сонымен қатар, өндіріске жаңа технологияларды енгізуді де естен шығарған жоқ. Әзірше таңқурай алқабының 10 гектары тамшылатып суғару әдісімен суландырылу үстінде. Таудың етегіндегі бастау-бұлақтардан жиналған ағын су ең алдымен қолдан қазылған сыйымдылығы жоғары үлкен тоғанға құйылып, одан кейін ғана сусорғылардың көмегімен пластик құбырлар арқылы алқапқа жіберіледі. Алқаптың атыздарына қаншалықты су беріліп жатқанын контейнердің ішіндегі «ақылды» құрылғылардың көмегімен қадағалап отыруға болады. Тамшылатып суғару технологиясында ең біріншіден судың температурасы мен тазалығына мән берілетінін айтады алқапқа күтім жасайтын агроном мамандар. Тағы бір айта кетерлігі, таңқурай жидегінің өндірісін жан-жақты дамытуды көздеген серіктестік басшылары алқаптың бес гектарына жылыжай орнату жұмыстарын бастап, қазір мұнда арнайы мамандар жаңа технологияның негізінде жұмыстар атқаруда.
– Қазір мұнда тұрақты түрде бес-алты адам еңбек етеді. Таңқурай алқабына барынша жаңа технологиялардың батыл енгізіп жатырмыз. Бұл өз кезегінде адам қолының күшін азайтып, өнімділікті көбейтуге үлкен көмек. Жақында жылыжайдың құрылысын бастадық. Бұл жаңа үрдіс жидектің өнім беру мерзімін барынша ұзартады. Дала едәуір салқын болса да жылыжайдың ішіндегі қолайлы температура таңқурайдың өнім беруіне мүмкіндік жасайды. Сондықтан осы технологияны өндіріске енгізуді жөн санадық. Басты мақсатымыз – отандық өнімді молынан өндіру,- дейді серіктестік басшысы, іскер азамат Дастан Бақыт.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.