Жас отбасыларға қолдау көрсетілді

0 70

Отбасы – қоғамның іргетасы, ұлттық құндылықтардың бастауы және ұрпақ тәрбиесінің алтын ұясы. Осы қағиданы негізге ала отырып, Отбасын қолдау орталығында «Ақ отау – бақыт бастауы» тақырыбында тағылымды әрі мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты – жас жұбайларға отбасының қоғамдағы орны мен маңызын түсіндіру, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, отбасы институтын нығайту, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ жас отбасыларға рухани қолдау көрсету болды.

Іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері, медицина саласының ардагерлері, аудан әкімдігі мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар және жас отбасылар қатысты. Кездесу барысында отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрдің бүгінгі қоғамдағы рөлі және отбасындағы татулық пен бірліктің маңызы жан-жақты сөз болды.

Жиын барысында Отбасын қолдау орталығының директоры Кендия Пірман қатысушыларға арнаған сөзінде отбасының қоғам өміріндегі ерекше рөліне тоқталды.

Отбасы – қоғамның басты әлеуметтік институты. Ол адамға өмір сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, ұлттың рухани негізін нығайтатын қасиетті орта. Отбасындағы тәлім-тәрбие арқылы елдің рухани әлеуеті артып, еңбекқор, білімді әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптасады. Сондықтан ең алдымен отбасы мен некенің беріктігін сақтаудың маңызын терең түсінуіміз қажет. Өзара сыйластық, ашық әңгімелесу, бір-бірін түсіну және кешіріммен қарай білу – берік отбасының басты қағидалары. Ерлі-зайыптылар өмір жолында кездесетін қиындықтарды бірге еңсеріп, өзара қарым-қатынасты үнемі дамытып отырған жағдайда ғана шаңырақтың іргесі берік болады, – деді ол.

Шара барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері мен Аналар кеңесінің мүшелері өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, отбасы бақытының сыры – өзара құрмет, сабырлылық, түсіністік пен жауапкершілікте екенін атап өтті. Сондай-ақ, олар жас жұбайларға ақ баталарын беріп, жаңа өмірге қадам басқан отбасыларға ынтымақ, береке, ұзақ ғұмыр және баянды бақыт тіледі.

Іс-шараның ерекше  сәттерінің бірі – жас отбасыларға неке куәліктерінің салтанатты жағдайда табысталуы болды. Жас жұбайларға естелік сыйлықтар ұсынылып, олардың жаңа өмір жолына ізгі тілектер айтылды.

«Ақ отау – бақыт бастауы» атты  кездесу отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың санасына берік отбасының маңызын сіңіруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.