Халқымыздың тарихына үңілсек, ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдер әрдайым халықтың кеңесімен қабылданған. Ұлы Даланың төсінде өмір сүрген бабаларымыз үшін елдің бірлігі, жердің тұтастығы мен мемлекеттің болашағы бәрінен биік тұрды. Осындай жауапты кезеңдерде қазақ жұрты Құрылтай шақырып, игі жақсылардың, билердің, батырлардың, ақсақалдардың басын қосып, келелі мәселелерді ақылдаса отырып шешкен.
Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардан бастап, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан дәуірлерінде Құрылтайдың рөлі ерекше болды. Хандар ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың беделді өкілдерімен ақылдасып қабылдады. Әсіресе Тәуке хан тұсында өткен кеңестердің нәтижесінде қазақ қоғамының құқықтық негізін қалыптастырған «Жеті жарғы» дүниеге келді. Бұл – кеңесу мәдениетінің, әділдік пен бірліктің нақты жемісі.
XVIII ғасырдағы қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңдерде де Құрылтайдың маңызы айрықша болды. 1726 жылы Ордабасыдағы үш жүздің игі жақсылары бас қосқан ұлы жиында елдің басын біріктіру туралы тарихи шешім қабылданды. Сол Құрылтай қазақ халқының азаттық жолындағы күресіне тың серпін беріп, бір тудың астына топтасуға мүмкіндік жасады. Бұл – халықтың бірлігі кез келген қиындықты еңсеруге қауқарлы екенін дәлелдеген тарихи сабақ.
Уақыт өзгергенімен, елдік мәселелерді ортақ ақылмен шешу дәстүрі өзінің мәнін ешқашан жоғалтқан емес. Бүгінде Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Мемлекетіміз ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырып, басқарудың жаңа моделін қалыптастыруда. Соның жарқын көріністерінің бірі – Құрылтай институтының жаңаша мазмұнда қайта жаңғыруы.
Қазіргі Құрылтай – өткеннің көшірмесі емес, тарихи тәжірибені заманауи талаптармен ұштастырған жаңа қоғамдық-саяси институт. Оның басты мақсаты – халықтың үнін мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне жақындату, өңірлердің пікірін ескеру және елдің дамуына азаматтардың кеңінен қатысуына мүмкіндік жасау.
2026 жылғы 23 тамызда елімізде Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанның саяси жаңғыруындағы маңызды белестердің бірі. Алғаш рет азаматтар Құрылтай депутаттарын тікелей сайлап, елдің ертеңіне қатысты мәселелерді көтеретін өкілдерін таңдайды. Бұл – әрбір қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігін айқындайтын тарихи мүмкіндік.
Құрылтай депутаттары – тек белгілі бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің мүддесін қорғайтын халық өкілдері. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, заңнамалық бастамаларға ұсыныстар енгізуге, азаматтардың талап-тілегін мемлекеттік деңгейде жеткізуге атсалысады. Сондықтан бұл сайлауға бейжай қарауға болмайды.
Бүгінде елімізде жүзеге асып жатқан реформалардың түпкі мақсаты – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру. Әділетті қоғам – әр азаматтың пікірі ескерілетін, әр адамның дауысы маңызды болатын қоғам. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтай сайлауы халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Қазақ халқы «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейді. Бұл нақыл ғасырлар бойы қалыптасқан басқару мәдениетінің мәнін айқын көрсетеді. Ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер бір адамның емес, көпшіліктің ақылымен шешілгенде ғана береке болады. Бүгінгі Құрылтай да осы ұстанымның заңды жалғасы.
Ата-бабаларымыз бізге тәуелсіз ел ғана емес, елдік пен бірліктің өнегесін аманат етті. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі буынның қасиетті борышы. Құрылтай сайлауы – тек дауыс беру рәсімі емес, мемлекетіміздің болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.
Сондықтан аудан тұрғындарын алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір дауыс – елдің ертеңіне қосылған үлес. Бірлігі бекем, берекесі мол мемлекет құру жолында бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз бар. Ұлы Даланың Құрылтай дәстүрі жаңа Қазақстанда жаңа мазмұнмен жалғасып, ел игілігіне қызмет ете беретініне сенім мол.
Нұртас САУРЫҚОВ, Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы