Қаржылық сауаттылық-алаяқтыққа қарсы қалқан

0 47

Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірін жеңілдеткенімен, қаржылық алаяқтықтың да кең етек жаюына жол ашып отыр. Интернет арқылы жасалатын алаяқтық, қаржы пирамидалары, дропперлік, жасанды интеллект көмегімен дайындалатын дипфейктер – қоғамдағы өзекті қауіптердің бірі.

Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында кеше Тараз қаласында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «ҚМА Online 2026: Қаржылық қауіпсіздік бойынша тренинг» атты ауқымды форум ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыстық полиция департаментінің, облыс әкімдігі білім басқармасының және облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, қоғам үшін маңызды мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар «Zoom» платформасы арқылы облыстың барлық аудандарындағы мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен кәсіпкерлер онлайн режимде қосылды..
Іс-шарада мамандар қаржы пирамидаларының жұмыс істеу тетіктері, дропперлік қылмыстардың қауіптілігі, дипфейк технологияларының мүмкіндіктері мен қауіптері, цифрлық гигиенаның негізгі қағидалары және интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден қорғанудың тиімді жолдары жөнінде жан-жақты түсіндірді.
Форумда алғашқы болып сөз сөйлеген облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Ержан Кенжебаев қаржылық қауіпсіздік мәселесінің мемлекет үшін ғана емес, әрбір азамат үшін маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығы артқан сайын алаяқтардың құрбаны болатын адамдардың саны азая түседі. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Ал облыстық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетов интернет кеңістігіндегі қылмыстардың жаңа түрлері туралы мәлімет беріп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық әрекеттердің жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын жеткізді. М.Қошмағанбетов мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерді ашпау, құпия кодтарды ешкімге бермеу және банк қызметкерлерінің атынан хабарласатын белгісіз адамдарға сенбеу қажеттігін ерекше атап өтті.
Жиында сонымен қатар облыстық психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлімінің басшысы Тұрғын Байдаулетова, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев та тақырып аясында ой өрбітті.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, алаяқтықтың алдын алуға және қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.