Негізгі бағыт-стратегиялық даму

0 57

Қазақ мемлекеттілігінің тарихында Құрылтай ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтатын саяси институт ретінде ерекше орын алды. Дала демократиясының басты тетіктерінің бірі болған бұл институт көшпелі мемлекеттерді басқаруда шешуші рөл атқарып, халықтың ортақ мүддесіне негізделген басқару мәдениетін қалыптастырды.
Тарих ғылымдарының кандидаты Жарылқасын Жаппасовтың пайымдауынша, Құрылтай – көшпелі мемлекеттіліктің саяси негізін айқындаған қазақ қоғамындағы маңызды институттардың бірі. Қазақ хандығы кезеңінде Құрылтайда мемлекеттің даму бағытына қатысты өзекті мәселелер қаралып, биліктің заңдылығы бекітіліп, соғыс жариялау, бітім жасау секілді тарихи маңызы бар шешімдер қабылданған.
Құрылтайдың ерекшелігі – оның тек шешім қабылдайтын алаң ғана емес, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз ететін келісім институты болуында. Сол кезеңде қоғамдық тұрақтылық биліктің бұйрығымен емес, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін үйлестіру, өзара кеңесу және ортақ мәмілеге келу арқылы қамтамасыз етілді. Сондықтан Құрылтай жұмысына сұлтандармен қатар билер, батырлар, ру басшылары мен ақсақалдар қатысып, маңызды мәселелер кеңес негізінде шешілген.
Бүгінде осы тарихи дәстүр жаңа саяси мазмұнға ие болып отыр. Қазіргі жағдайда саяси партиялар сайлау процесінің қатысушылары ғана емес, өкілді демократияның негізгі институттарының бірі саналады. Сондықтан Құрылтайды партиялық негізде қалыптастыру партиялардың жауапкершілігін арттырып, олардың қоғам алдындағы міндетін күшейтеді.
Саяси партиялардың қызметі ең алдымен олардың сайлауалды бағдарламаларының өміршеңдігімен, халықпен тиімді байланыс орната білуімен және азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған нақты бастамаларымен бағалануы тиіс. Өкілді органдарды қалыптастыру жүйесін жаңғырту партияларды кәсіби, білікті әрі қоғамдық сенімге ие кадрларды іріктеуге ынталандырып, олардың беделі мен жауапкершілігін арттыра түседі. Нәтижесінде саяси партиялар елдің стратегиялық дамуын қамтамасыз ететін маңызды қоғамдық күшке айналады.
Сонымен қатар заң шығару қызметінің бірыңғай жоғары өкілді орган аясында жүзеге асырылуы заң қабылдау рәсімдерін оңтайландырып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде заң шығару жұмысының тиімділігі мен сапасын арттырып, мемлекеттік басқарудың заманауи талаптарға сай дамуына негіз қалайды.

Жаңабай МИЛЛИОНОВ, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.