Елдің ертеңі туралы шешім қабылданғанда әр адамның пікірі маңызды. Осындай ортақ пікірдіңтоғысатын, елдің болашағына қатысты бастамалар талқыланатын маңызды алаңдардың бірі – Құрылтай. Оның бүгінгі қоғамдағы орны тек кеңес өткізу немесе ұсыныс айту ғана емес, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтып, ашық диалог мәдениетін қалыптастыруымен ерекшеленеді.
Құрылтайдың мәні – әртүрлі көзқарасты бір үстел басына жинап, ортақ шешім іздеу. Қоғамда түрлі пікірдің болуы – қалыпты құбылыс. Бірақ сол пікірлердің естілуі, сараланып, нақты ұсынысқа айналуы – кез келген ел үшін маңызды. Сондықтан Құрылтай қоғамдық мәселелерді талқылайтын ғана емес, халықтың үні билікке жететін тиімді тетік ретінде бағаланады. Ашық пікір алмасу арқылы азаматтардың көкейіндегі түйткілдер көтеріліп, олардың шешу жолдары қарастырылады. Бұл – демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі.
Құрылтайдың маңызды кезеңдерінің бірі – Құрылтай сайлауы. Сайлау – тек дауыс беру рәсімі емес, әр азаматтың өз таңдауы арқылы қоғамның дамуына ықпал ету мүмкіндігі. Әрбір берілген дауыс елдің болашағына қосылған үлес деп қараған жөн. Құрылтай сайлауына қатысу – азаматтың өз ұстанымын білдіруі, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі және ортақ іске бейжай қарамайтынын көрсетуі.
Бүгінгі күні азаматтық белсенділік бұрынғыдан да өзекті ұғымға айналды. Қоғам тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана сүйеніп дамымайды. Оның дамуы тұрғындардың белсенділігіне, бастамашылдығына және жауапкершілігіне де байланысты. Жауапкершілік мәдениеті қалыптасқанда ғана қоғамда оң өзгерістер орын алады. Ал Құрылтай осы белсенділікті қолдап, азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерінің еленуіне мүмкіндік береді.
Кейде қоғамдағы ең маңызды өзгерістер үлкен мінберлерден емес, қарапайым адамдардың бастамасынан басталады. Бір ауыл тұрғынының көтерген мәселесі бүтін бір елді мекеннің жағдайын жақсартуы мүмкін. Сондықтан әрбір ұсынысқа, әрбір пікірге салмақпен қарау маңызды. Құрылтайдың ерекшелігі де – осындай өмірден туған мәселелердің назардан тыс қалмай, талқыланып, шешу жолдарының қарастырылуына мүмкіндік беруі.
Қоғамның дамуын тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз. Нағыз даму адамдардың бір-біріне деген сенімімен, әділдікке деген көзқарасымен және ортақ іске деген жауапкершілігімен бағаланады. Егер азаматтар өз пікірінің ескерілетініне сенсе, қоғамдық өмірге белсенді араласа бастайды. Ал бұл – мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын маңызды фактор.
Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – ол болашаққа бағытталған ойларды жинақтайтын алаң. Мұнда бүгінгі мәселені шешумен қатар, ертеңгі күннің де бағыт-бағдары айқындалады. Сондықтан айтылған әр ұсыныстың артында белгілі бір өңірдің ғана емес, тұтас қоғамның мүддесі жатуы мүмкін. Осындай ортақ ізденістің нәтижесінде ел дамуына серпін беретін тың бастамалар дүниеге келеді.
Қоғамның болашағы әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымызға байланысты. Сондықтан Құрылтай сайлауы – әр азаматтың өз ұстанымын білдіріп, елдің ертеңіне деген жауапкершілігін көрсететін маңызды мүмкіндік. Сайлауға қатысу – тек азаматтық құқық қана емес, қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайтынымыздың көрінісі. Әрбір дауыс маңызды, өйткені елдің дамуына қатысты шешімдерге халықтың белсенді қатысуы ғана қоғамдағы сенім мен жауапкершілікті нығайта түседі. Сондықтан барша тұрғындарды Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын. Елдің болашағы үшін қабылданатын маңызды шешімдерге әрқайсымыздың қосар үлесіміз бар екенін ұмытпайық.
Исағали Сәлімбаев
Байзақ аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы