Қазақ халқының тарихында құрылтайдың орны ерекше. Құрылтай – ел тағдырын талқылап, маңызды мәселелер бойынша ортақ шешім қабылдайтын, жұртты бірлікке үндейтін тарихи дәстүрлі жиын. Оның тамыры сонау көне дәуірлерден бастау алып, халқымыздың қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарып келген.
Қазақ даласында елдің ішкі бірлігі, жер тұтастығы, сыртқы жаудан қорғану, ел басқару ісі секілді өзекті мәселелер құрылтайларда кеңінен талқыланған. Тарихымыздағы Ордабасы, Күлтөбе секілді тарихи орындарда өткен басқосулар елдің тағдырын айқындаған маңызды шешімдермен байланысты. Әсіресе, ел басына күн туған кезеңдерде үш жүздің игі жақсылары мен билері бір жерге жиналып, ортақ мақсат жолында күш біріктірген.
Құрылтайдың басты мәні – халықты бір мақсатқа жұмылдыру. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген халық даналығы осы дәстүрдің негізгі мазмұнын айқындайды. Өйткені кез келген мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығы ең алдымен қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымаққа байланысты.
Бүгінгі таңда құрылтай ұғымы тарихи маңызын сақтай отырып, заманауи қоғамдық өмірмен сабақтасып келеді. Бүгінгі құрылтайлар елдің әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық дамуына қатысты мәселелерді талқылауға, азаматтардың пікірін тыңдауға және ортақ бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Құрылтай – өткен мен бүгінді байланыстыратын рухани көпір. Ол жас ұрпаққа халқымыздың елдік дәстүрін, бірлік пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіреді. Тарихты білу арқылы ұлт өзінің тамырын таниды, ал тарихи құндылықтарды дәріптеу арқылы келешекке берік негіз қалыптастырады.
Сондықтан құрылтай дәстүрінің маңызы бүгін де жоғары. Ол – елдік сананы қалыптастыратын, қоғамдық келісімді нығайтатын және халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды құндылық. Ұлы дала тарихынан бастау алған бұл дәстүр тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық өмірінде де өз жалғасын тауып, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға қызмет ете береді.
Амангелді КӘРЕНТАЕВ
Экономика ғылымдарының кандидаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы