«Елтану» жобасы Мойынқұмда өз жалғасын табуда

0 38

Өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған «Елтану» жобасының 2026 жылға арналған кешенді жоспары аясындағы облыстық ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық топтың іс-сапары Мойынқұм ауданында екінші күні де өз жалғасын табуда.
Кешелі бері жалғасып жатқан іс-сапардың басты өзегі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларының мән-мағынасын халық арасында кеңінен насихаттау. Сонымен қатар жаңадан құрылған Халық кеңесінің алға қойған міндеттері мен қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі жан-жақты сөз болуда.
Іс-сапар барысында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері — «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева мен облыстық медиаторлар кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов аудан тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, мазмұнды сұхбат құрды. Абдурахман Юлдашұлы ел ішіндегі татулықты сақтау, этносаралық және тұрмыстық дауларды болдырмау, сондай-ақ өңірде медиация институтын дамытудың маңызына баса назар аударды.
Түсіндіру жұмыстары тек кабинеттік форматпен шектелген жоқ. Екінші күннің бағдарламасына сәйкес, ақпараттық топ Айдарлы ауылының тұрғындары және жастармен жүздесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, «Білім беру ортасындағы этносаралық ахуал» тақырыбында арнайы анонимді сауалнама жүргізіліп, аудандағы мектеп оқушылары арасындағы жағдай жан-жақты зерделенді. Бұдан өзге Мубарак Қасымқызы ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Айдарлы ауылының кітапханасының қорына арнайы «Қазақ этностарының тарихы» және «Қазақстан халықтарының ертегілері» сынды рухани құндылығы жоғары кітаптарды салтанатты түрде тарту етті. Бұл бастама өңірдегі жастардың тарихты танып, этносаралық татулықты тереңірек ұғынуына үлкен септігін тигізбек.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, келген мамандардан тұщымды жауаптар мен құқықтық кеңестер алды.
Аймақтың бірлігі мен ынтымағын арттыруға үлес қосып жатқан мазмұнды іс-сапар алдағы уақытта Жамбыл облысының өзге де аудандарында өз жалғасын табатын болады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.