Жыл басынан бері ел экономикасы 4,3% өсім көрсетті

0 3

Қаңтар-ақпан айларында ел экономикасы 4,3% өсім көрсетті. Бұл жайында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасы 4,3% өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсім — 2,7%, ал қызмет көрсету саласындағы өсім – 5% болды. Негізгі салалардың бәрінде оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 19,2% болды», — деді ол.

Министрдің сөзінше, жыл басынан бері тартылған инветсицияның 72,8% — көлік және қоймалау ісіне, 33,1% — ауыл шаруашылығына, 12,1% — жылжымайтын мүлік операцияларына, 14,1% — тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.

«Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Ұлытау, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарында байқалды. Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 15,7% өсіп, 10,3 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 0,4% өсіп, 6,1 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21,5% ұлғайып, 2,1 млрд доллар болды», — деді Әлібек Қуантыров.

Leave A Reply

Your email address will not be published.