Бюджетке түскен қаражат 1,5 трлн теңгеге артады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын қарау кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты, яғни бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғая отырып,
19,3 трлн теңгені құрамақ. Тапшылық Жалпы ішкі өнімге қарағанда 2,7% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр», — деді Е. Жамаубаев.
Жалпы шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңге шамасында болды және келесі басым бағыттарды қамтиды:
Біріншіден, Мемлекет басшысының Жолдауы мен Сайлауалды бағдарламасы аясында айтылған бастамаларды, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары кезіндегі тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінбек.
«Бұл тұрғыда өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына арналған шығыстар қамтылды», — деді министр.
Атап айтқанда бұл бағыт аясында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға 144 млрд теңге жұмсалады. Ал қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 126 млрд теңге бағытталмақ. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақылар беруге 92 млрд теңге қарастырылады.
«Екіншіден, басқа да бірқатар маңызды міндеттерді іске асыруға 186 млрд теңге бағытталады. Бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілді. Мұны шығыстардың құрылымының өзгеруінен байқауға болады. Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге көзделген. Осы орайда шығыстардың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3 пайызға артты. Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыстар
3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 15,6% мөлшерінде жоспарланып отыр. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер ететін болады», — деді Е. Жамаубаев.