Кейінгі бір жылда сүт өнімдерінің импорты артты. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
«Импорттың негізгі үлесін кілегей, май, құрғақ сүт, ірімшік және сүзбе алады. Тек соңғы жылдың өзінде сүт өнімдерінің импорты шикі сүтке қайта есептегенде 2022 жылғы 580 мың тоннадан 2023 жылы 800 мың тоннаға дейін өсті. Арзан импорттың қысымынан басқа, біз өз дайын өнімдеріміздің жоғары өзіндік құнын байқап отырмыз. Мәселен, сары майды алайық. Қазақстанда өндірілген майдың өзіндік құны – келісіне 3100 теңге. Ал импорттың орташа бағасы – келісіне1800-2300 теңге», — деді А. Сапаров.
Оның пайымынша, бұл тұрғыда техникалық регламенттер және тұтынушылардың өнімнің құрамы мен сапасы туралы хабарсыз болуы әсер етіп отыр. Салдарынан мұндай бәсекелестік ішкі өндіріске кері әсерін тигізеді.
«Сапасы төмен өнімдер мәселесін шешу үшін жауапты мемлекеттік органдардың қолдауы керек. Яғни халық арасында елімізде өндірілетін сапалы өнім жайында кеңінен мәлімет беру керек. Бұл мәселеде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы қажет», — деді министр.
Министр біраз жылдар бойы мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректер бұрмаланып келгенін айтты.