Инвесторлар геологиялық ақпарат алуда қандай қиындыққа тап болады

0 3

Геологиялық ақпаратты беруде әкімдіктерге өкілеттік беру керек. Бұл туралы Сенатта инвесторлардың заңды мүдделерін қорғау тақырыбына арналған жиында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов мәлім етті.

— Тағы бір мәселе – геологиялық ақпаратты алуды толық қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, біздің әкімдердің бұл ақпаратты алып, оны инвесторларға ұсынуға құзыреті жетпейді. Барлығы деректер орталықта шоғырланған. Жауапты министрлік үнемі ақпараттың ашық екенін айтып жүр, ал шын мәнінде бізге көптеген инвесторлар келіп, оны ала алмай жатырмыз деп шағымданып отыр. Біз әртүрлі әлемде өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Олар ресми түрде ақпарат бере алатынын айтады, ал инвесторлар оны қайдан, кімнен алуға болатынын сұрайды, — деді Ғ.Оспанқұлов.

Бұл тұрғыда әкімдіктердің өкілеттігін кеңейтуді ұсынды.

— Бұл ретте әкімдерге осы өкілеттікті берген жөн болар. Яғни ақпаратты ашық көрсетіп, келген инвесторларға геологиялық жерлер туралы мәліметті бергенін қарастыру керек шығар. Аталған кемшіліктер салдарынан инвестор тартуда кедергілер байқалып отыр, — деді Инвестиция комитетінің төрағасы депутаттарға қарата айтқан сөзінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, инвесторлар көбіне қай мәселелер бойынша шағымданып отырғаны мәлім болды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.