Киіктің бұрқағы

0 88

Молдалар бал аштыру күнә дейді. Солай да шығар… Желіккен жас қыздар болмаса, ақыл тоқтатқан адам жетіскеннен бал аштыра ма? Әдетте балгерге маңдайын тасқа соғып, тауы шағылып жүргендер мен тұйықтан шығар жол таба алмай пұшайман болғандар барады. Қырықтың қырқасынан асқанда құмалақшыға барамын деген ой Қалибектің қаперіне кірмеген. Енді міне, құмалақ аштыруға келгендердің шұбатылған кезегінде бұл да тұр.

Дардай азаматты құмалақшыға жүгінуге көндірген көрші кабинетте отыратын Күмісай деген келіншек еді. Бірнеше күн бұрынғы әңгіме арасында Қалибек оған:
– Бір жаңа жобаны қолға алып едім. Нәтижесі қалай болар екен деп алаңдап жүрмін,– деген. Сол-ақ екен, қаншырдай қатқан қарасұр келіншек алақанын ысқылап, кірісіп кетті.
– Ештеңе уайымдамаңыз,– деді ол сеніммен,– Мен білетін бір көріпкел құмалақшы бар. Қалай болатынын тайға таңба басқандай айтып береді. Сіз соған барып қайтыңыз.
Күмісай кезіккен сайын осы құмалақшы туралы айтумен болды. Кеше түске қарай Қалибектің кабинетіне әдейі бас сұғып:
– Не болды,аға? Бардыңыз ба?– деп сұрады. Бір қызық айтып қалар ма екен деп елеңдеп жүргені анық.
– Қайда? Әлгі құмалақшыны айтасың ба?
– Сол…
– А-а! Оған қолым тимей жүр. Соны қоя қойшы.
– Неге, аға? Ол мықты дейм. Барсаңыз өзіңіз де көресіз ғой. Алдында адамдар тізіліп тұрады. Оған бар ғой, тіпті дөкейлердің өзі барады.
– Барғандар бара берсінші. Менің уақытым жоқ,– деп Қалибек жұмыс істеп отырған компьютеріне қайта шұқшиды. Сөзуар келіншектен тезірек құтылғысы келген. Бірақ бір сөзбен кете салатын Күмісай ма, қарсы алдындағы орындыққа отыра қалып, сайрады дейсің… Мен барғанда былай деген… Анау барғанда олай деген … Содан анау болды… мынау болды… Айтқаны айдай келеді. Ол айтқанда күніне дейін, сағатына дейін дәл айтады. Көресіз… Бизнес бастап жатырсыз ғой, жолыңызды ашады. Тезірек барыңыз. Өкінбейсіз!
Күмісайдан оңай құтылмасын білген Қалибек:
– Жарайды, жақсы! Ертең барайын,– деп әрең тоқтатты,– Қай жерде еді өзі?
– «Саяхат» автовокзалында. Екінші қабатқа көтерілсеңіз сол жағыңызда үлкен әріптермен «Құмалақшы» деп жазылып тұрады. Алдында адам көп болады. Адаспайсыз,– деп Күмісай кетуге ыңғайланды. Ол есікке жақындап барды да кілт тоқтады. Бір маңызды нәрсені ұмытқандай оқыс бұрылып, Қалибекке қайта жақындады,– Сіз оған өзіңіз туралы ештеңе айтпаңыз, бәрін өзі айтады. Көресіз ғой.
– Айтпақшы, оған қанша төлеу керек? Тегін ашпайтын шығар?
– Ол ештеңе сұрамайды. Бергеніңізді алады, батасын береді,– деп Күмісай сарт-сұрт сөйлеп, тарс-тұрс шығып кетті.

Қалибек кәдімгідей қысылып тұр. «Ұят-ай! Осы жасқа келгенде еңгезердей болып балгердің кезегінде тұрғаны… Таныстардан біреу-міреу көріп қалса қай бетімен амандасады. Не деп айтады? Бал аштырғалы келдім дей ме? Дос бар, дұшпан бар, әлдебіреуі ұшыраса кетсе: «Мынаның жеткен жері осы болыпты» демей ме? Іші астан-кестен. Сояу тырнақты жалмауыз ой жанын паршалап жеп барады. Кезектегі бес-алты бейшара қатынның ортасында мөлиіп тұрғанына намыстанып, кетіп қалғысы келген. Бірақ ердей уақыт бөліп келген соң не болса да ақырына шейін шыдауға бел буды. Қарсы алдында бүкшиіп тұрған мыржық кемпірге:
– Апа, мен қазір келемін. Соңымда адам бар деп айтарсыз,– деді де оның жауабын да күтпей, аяғын жылдам басып сыртқа шықты. Автобекеттің алдындағы бетон баспалдақтармен ашық алаңқайға қарай түсті. Шілденің күні тас төбеден шыжғырып тұр екен. Асфальттан соққан ыстық аптап лап етіп өкпесін қапты. Тұншыққан адамдай жейдесінің жоғарғы түймесін жалма-жан ағытып, төс қалтасынан темекі алып тұтатты. Көк түтінді терең-терең құшырлана тартып, аузы-мұрнынан будақтатып жіберді. Таныс біреу жоқ па дегендей жан-жағына алақтап қарады. Әлгі жалмауыз ой алқымынан алып, тағы да ішін тырналай бастады. Ұят-ай! Ұят-ай! «Кезекті алыстан бақылағаным дұрыс екен. Осында тұра тұрайын» деді іштей. Темекіні өші бардай бірінен соң бірін тартты. Кенет ту сыртынан:
– Қалеке-ау, қайдан жүрсің?– деген жуан дауыс естілгенде есінен танып қала жаздады. Тұла бойы селк етіп, дірілдеп кетті. Жалт қараған. Көптен көріспеген бұрынғы қызметкері екен. Өзінен жеті-сегіз жас үлкендігі бар Мәлік есімді бұл кісі Қалибекті қатты құрметтейтін. Бірнеше жыл бұрын ол отбасымен ауылға көшкенде Қалибек қолдан келген жақсылығын аямаған. Сағынып қалғандай аңқылдап, құшағын аша берді. Бұл да оны қаусыра құшақтап:
– Мәке, амансыз ба? Қалайсыздар?– деді сасқалақтаған түрін байқатқысы келмей.
– Аманбыз. Аманбыз. Оу, шаңқай түсте, шыжыған күннің астында бұл не тұрыс, Қалеке? Ең болмаса мен сияқты шляпі киіп алмайсың ба? Басыңнан күн өтеді ғой,– деді Мәкең гүжілдей күліп.
– Мен қазір ғана келдім. Бір кісімен осы жерде кездесеміз деп келіскен едік. Өзіңіз жәй жүрсіз бе? Жол болсын?!– деп Қалибек аяқ астынан сөз тауып кетті. Өз тапқырлығына өзі іштей сүйсініп қалды.
– Мына заманда адам жәй жүруші ме еді. Қалаға шаруаларыммен келгем. Ауылда тұрған соң малсақ болдық қой. Біраз ірі қараның басын құрап едім,– деп тоқтады да домалақ жүзі күнқақты болған Мәкең: – Темекіңнен берші, мен де біреуін бұрқыратып алайын,– деді Қалибекке қолын созып. Темекісін тұтатып алған соң шляпісін шешіп, жан қалтасынан суырған көлдей беторамалымен таздана бастаған басын, мойнын, бет-ауызын сүртті де сөзін жалғады,- Сол. Осыдан бірнеше күн бұрын үш танам ұшты-күйлі жоғалып кетті. Анда барам жоқ, мында барам жоқ. Көрдім деген пенде жоқ. Участковыйға да арыздандым. Ештеңе шықпады. Содан осы автовокзалдың ішінде мықты бір құмалақшы бар дейді. Амалым құрыған соң соған келе жатырмын.
Мәкеңнің соңғы сөзін естігенде Қалибектің іші қылп ете қалды. Мәссаған, безгелдек! Не дерін білмей састы. Енді не болады? «Қой, не болса да сыр бермейін» деп шешті де:
– Иә, мен жаңа ішке кіріп шыққанмын. Кірген бетте сол жақта «Құмалақшы» деген жазу бар еді. Сол шығар?– деді білмегенсіп. Беті шиқандай қызарып, дуылдап барады. Ойында ештеңе жоқ Мәкең көзін сығырайтып, темекінің түтінін будақтататып тұр.
– Сол болса, сол шығар? Жақсы, ендеше! Мен кіріп шығайын,– деп Қалибектің қолын қысып қоштасты. Қолындағы темекі тұқылын урнаға тастап, баспалдақпен ішке қарай көтеріле берді.
– Жақсы, Мәке! Аман жүріңіз!
Қалибек ұяттан өліп бара жатыр. Сол тұрған орнында мелшиді де қалды. Расында да не істерін білмеді. Бағанағы бағанағы ма, іштегі жезтырнақ енді бұның жүрегін жұлым-жұлым етіп дар-дар жыртып жатқандай болды. Жаны сыздап барады. Тағы да темекі тұтатты. «Қой, кетейін. Ендігім тіпті ұят шығар?» деп жолдың жиегіне қойған машинасына қарай жүрді. Күн жанып тұр. Машинаға жақындай бергенде артқы жағынан Мәкеңнің гүжілдеген дауысы қайта естілді:
– Қалеке! Қалеке!– деп айғайлаған ол баспалдақпен түсіп келе жатыр екен.
– Не болды, Мәке?
– Болмады,– деді Мәкең қолын сұлық сілтеп.
– Неге?– деп бұл таңдана түсті. Ыстықтан ескі пиджагын шешіп, иығына іліп алған Мәкең асықпай басып бұған қарай жақындап келеді.
– Құмалақшыға кіре алмадым. Кезекте тұрғандарға «Уақытым жоқ, сендерден кейін ешкім кезек алмасын» депті.
– Уақыты жоғы қалай? Қабылдамай ма екен?
– Алдында екі әйел тұр. Соларды ғана қабылдайды екен,– деді Мәкең өкінгендей болып,– Ал өзің ше? Күткен адамың келмеді ме?
– Жоқ. Мен асықпаймын. Күтемін,– деді Қалибек іші қыпылдап,– Сіз жүре беріңіз.
– Мен ауылға қайтамын. «Сайранға» барып, сол жерден көлікке отырамын. Екі күннен кейін қалада жұмысым бар. Таналарым оған дейін табылмаса, амал жоқ, мына кісіге қайтадан келемін. Басқа не істеймін? Бір шелек суың төгілсе де ішің ашиды ғой. Осы қыстан құнажын болып шығатын таналар еді. Әттең!
Мәкең қатты өкініп тұр. Оңай ма енді? Ал Қалибектің іші аласапыран. Алай-дүлей болып жатыр. Мәкең әлден соң қоштасып кетіп қалды. Қалибек жан-жағына жалтақтап, автобекеттің ішіне қайта кірді. Құмалақшының есігінің алдында мыржық кемпір әлі тұр екен.
– Апа, қабылдап жатыр ма?– деп сұрады Қалибек.
– Қабылдап жатыр,– деді кемпір сүлесоқ сөйлеп.
– Рұқсат болса, мен бір нәрсе сұрайыншы,– деп Қалибек есікке жақындай берді.
– Сұрай бер, балам.
Ақ пластиктен жасалған жұқа есікті жай ғана тықылдатты. Іштен әйелдің «Иә!» деген сенімді дауысы естілді. Жартылай ашылған есіктен басын сұғып:
– Сәлеметсіз бе?– деді бұл. Жасы алпысқа таяған етжеңді әйел «кедергі жасадың» дегендей бұған ажырая қарады. Құмалақшы осы кісі сияқты. Түр-тұрпаты еркекке келеді екен. Өзінің өң-әлпетіне мән бермейтінге ұқсайды. Маңдайын ақ сиса орамалмен шарт байлап алған. Бұйраланған төбе шашы қобырап тұр. Көп киіп, көнетоз болған жұқалтаң сары жемпірдің жеңін білегіне дейін түріп, алдын алқа-салқа ағытып тастапты. Тірліктің тәшпішін көп көрген, жоқ-жітік адамның бейнесі. Дүниені ұмытып, өзінің ісіне беріліп кеткендей.
– Айта беріңіз. Құлағым сізде,– деді әйел алдындағы шашылып жатқан құмалақтың бетін қос алақанымен жауып. Қалибек қысылған жоқ. Керісінше өзімсінгендей еркін сөйледі:
– Бағанадан бері тұрмыз. Бізді қабылдайсыз ба?
– Неше адам қалды? Менің жарты сағат қана уақытым бар.
– Екеуміз.
Толық денелі құмалақшы орнынан қинала түрегеліп, жай басып есіктің жанына келді. Есіктен басын шығарып қарады да, мыржық кемпірді көріп:
– А-а, мына кісі екен ғой. Жарайды, бұл кісінің жарасы жеңіл. Тез жіберемін. Сіз күте тұрыңыз,– деді Қалибекке. Сөйтті де есікті ішінен тарс жапты. Мұрнының алдынан есік тарс жабылғанда Қалибектің қақ маңдайынан біреу қос қолдап қойып қалғандай болды. Еріксіз шегініп кетті. «Мына кісі қайтеді-ей!» дегісі келді де қасында тұрған кемпірге қарап басыла қойды.
Тағы бір он минуттан соң Қалибек құмалақшының алдында отырды. Оның аты Әлима екен. Екеуі тез тіл табысты. Әлима бір қарағандағыдай емес, өте қарапайым, көңілі ашық адам болып шықты. Қалибектің де мінезі ашық, шынайылықты ұнатады. Оның дүниеде жек көретіні адамдардың бойындағы әртістік мінез бен жасандылық. Әлимада оның бірі жоқ. Көкірегі домбыраның шанағындай даңғырлап тұр. Аузын ашса жүрегі көрінгендей. Қалибектің аты-жөнін білген соң:
– Ал айта беріңіз. Не жағдай?– деп сұрады. Қалибек ілкі сәт кідіріп қалды. Күмісайдың «Сіз оған өзіңіз туралы ештеңе айтпаңыз, бәрін өзі айтады» дегені сол мезетте ойына сап етті де, өз жайынан көп мағлұмат бермеуге тырысты.
– Жағдай болғанда… Неден бастасам екен?– деді Қалибек жас баладай қипақтап,– Сізге Күмісай жіберіп еді. Құмалақ ашады деп…
Әлима күліп жіберді:
– Құмалақшы құмалақ ашпағанда не істейді енді? Ашамыз. Қандай проблема болып тұр?
– Не ғой… Мен бір жаңа жобаны қолға алып едім. Соның қалай болатынын?..
– Жақсы!– деді Әлима байсалды түрге еніп,– Сізге айтайын. Сөйлейтін құмалақ, айтушы әруақ! Әкеңіздің, атаңыздың есімдерін айтыңыз.
– Әкем – Әлібек, атам – Сапар. Менің фамилиям Сапаров.
Әлима алдындағы үстелге жайылған аппақ тегіс жайманың бетіне қос алақанын қойып «Фатиха» сүресін оқыды да көзін жұмып отырып, еріндерін жыбырлатып, ұзақ дұғаны іштей күбірледі. Сөйтті де түстері мен пішіндері біркелкі, моншақтай сыңғырлаған әдемі тастарды ақ жайманың үстіне баппен шашты. Қырық бір тасты алдымен үш-үштен, сосын үштен бір бөлікті төрт-төрттен бөліп, қалған тастарды жайманың бетіне қойды. Содан кейін үш қатарға үш реттен қалдық тасты орналастырды. Бұл «құмалақ тізбесі» деп аталады деді. Салғаннан қалған тастарды тағы да үштен бөліп санады, соңғы қалдық пен шашылған тастардың орналасуына қарап біраз үнсіз отырды.
Қалибек құмалақшының әр қимылын жіті бақылауда. Құмалақшылық қасиет атадан балаға тұқым қуалап беріледі дегенді естуші еді. Бұл да бір тылсым дүние ғой. Құмалақ ашу қазақта ертеден келе жатқан өнер. Бабаларымыздың жаратылыс заңдарын терең білгендігі, аспан әлемі мен жер бетіндегі табиғат құбылыстарының құпия сырларын жазбай танығаны осы өнерден айқын көрінеді. Құмалақ ашудың әдісі мен ережесін кез келген адам үйрене алады. Ал енді құмалақтың қалай сөйлейтіні, айтқан болжамдарының қаншалықты дәл келетіні құмалақшының дара қасиетіне байланысты. Екінің бірі дәл болжам айта алмайды. Ол үшін ата-бабадан жалғасып келе жатқан ерекше қасиет керек.
Құмалақшы Әлима Әлмерек әулиенің ұрпағы екен. «Айналайын, Әлмерек бабамның әруағы, оң қабағыңмен қарап, түзу сөйлете гөр!» деп рухқа тағзым етті де сөйлеп кетті.
– Атаңыз да, әкеңіз де өмірден жас кеткен. Екеуі де өнер қонған адамдар екен. Атаңыз майданда кетіпті, әкеңіз жүрек ауруынан қайтыс болған. Бірақ артында қалған ұрпақтары өсіп-өніп үлкен әулетке айналыпты. Аллаға шүкір!– деді Әлима шашылған тастарға қарап. Айтқанының бәрі рас. Қалибектің құйқасы шымырлай бастады,– Сіздің өзіңізде де үлкен өнер бар ғой. Аталарыңыздан келген қасиет. Сол өнерге талмай қызмет етуіңіз керек. Сізді биікке шығарады. Сіз уайымдайтын ештеңе жоқ. Міне, құмалақтың маңдайы ашық. Оң қабағы жарылып тұр. Оң бүйірі тоқ түсті. Жүрегі сүйінішті. Оң босағасы берік. Пешенесі бестен түсіп тұр. Жетіскеннің жетеуі де осында. Өзегі ашық. Тоғысуы қуанышты. Сондықтан уайымдамай, жұмыс істей беріңіз.
Қалибек эмоцияның адамы. Қызба қанды жігіт. Өзі адамға сенгіш. Көңілшектігі де бар. Әлима айтқан сайын бұл сүйсініп барады. Жүрегін қуаныш биледі. Иығынан ауыр жүк түскендей болып, жеңілейіп қалды. Әлима оның көзіне қарап:
– Сіздің бизнесіңіз кітаппен байланысты,– дегенде Қалибектің таңданбасқа амалы қалмады. Бұл жаңа баспа ашып жатқан. «Мына кісіден ештеңе жасыра алмайтын шығарсың» деп ойлады.
– Иә, дұрыс! Солай!– деді таңданысын жасыра алмай.
– Сіз қазір қатты қиналып жүрсіз. Өзіңіз уайымшыл адам екенсіз. Оның бәрі уақытша қиындықтар. Бопыраған қағаз түсіп тұр. Көп қағаз. Көп кітап. Ертең-ақ бәрі реттеледі. Сондықтан уайымдамаңыз.
– Бәрі дұрыс болса сізге келмес едім. Жұмысым қалай болады? Шынымды айтсам, қатты уайымдаймын,– деп Қалибек ашыла түсті. Әр сәт сайын Әлимаға сенімі де артып барады.
– Сіз бір кредиттің соңында жүгіріп жүрсіз. Бірақ ол болмайды. Бір әйел адам араласып тұр. Ол көмектесе алмайды. Сіз қанша жүгірсеңіз де банктен кредит ала алмайсыз,– деді Әлима сенімді дауыспен сабырлы сөйлеп.
– Сонда қалай? Ештеңе шықпай ма? Онда кітапты қалай шығарамын?– деп Қалибек күйгелектенді. Бұған көп ақша керек. Алғашқы жобасы өте қымбатқа түсіп тұр. Банктен несие ала алмай сандалғанына біраз болған. Гүлзира деген таныс әйел несие алып беремін деп өткен аптада ғана бар құжатын дайындатып, алып кеткен. Соған үміт артып отыр еді. Әлиманың айтып отырғаны осы жай екенін бірден түйсінді.
– Мына жобаға біраз ақша салып қойыпсыз ғой. Әркімнен алып құрастырыпсыз. Осы ақшаңыз көп болып қайтады,– деді Әлима жаймадағы тастарына қарап. Қалибек одан сайын таңдана түсті.
Банктен несие ала алмаған соң жұмысты тоқтатпайын деп біраз қарызға кіргені рас еді. Біраз болғанда да бірталай ақша. Бәрі үстеме пайызбен. Жобаны сақтап қалу үшін жанталасып жүр. Қарыз болса қысып барады. Адамдар әртүрлі ғой. Біреу жағдайыңды түсінеді, біреу түсінбейді. Қарыз бергендердің бір-екеуімен қызбалыққа салып, шекісіп те үлгерді. «Алғашқы өнімдерімді сатқанда қарыздан құтыламын» деген. Оған уақыт керек. Уақыттан бұрын тағы да ақша салу керек. Ешқандай уәжге көнбей, үйіне келіп отырып алатындарды қайтерсің. «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген осы екен. «Бөрі сырын алдырмас, сыртқа жүнін қомпайтар» деп бұл еңсесін тік ұстауға тырысады. Бірақ ол сырты ғана. Сырты бүтін, іші түтін. Кейде екі қолын тас төбесіне қойып, көз көрмес жаққа безіп кеткісі келеді. Бұны аман алып

келе жатқан қайтпас қайсарлығы ғана. Қандай істі бастаса да үдесінен шықпай қоймайтын әдеті. Сол әдетімен кеудесін қинала сүйретіп жүр.
– Сізде ақша көп болады. Балықты кептіргенде қаттап жинайды емес пе, былай,– деп Әлима алақандарын бір біріне шапақтады,– Пәшкі-пәшкі ақшаны осылай қаттап жинайтын боласыз. Тамыз айының алғашқы аптасында сізге бұрын соңды көрмегендей көп ақша келеді. Елден алған қарыздарыңызды түгел қайтарып, таза пайдаға шығасыз.
– Бір айда келе ме?– деді Қалибек шыдамсыздана.
– Құмалақ айтып отыр ғой, келеді,– деді Әлима сеніммен. Қалибектің де сенгісі келді. Ондай болса қане! Бір ай шыдаса тұйықтан шығайын деп тұр екен. «Я, Жаратқан! Өзің жар бола көр! Осы кісінің айтқаны келсін» деді іштей сүйсініп. Әлима тағы сөйледі:
– Мына бір досыңызбен кетісейін деп тұрсыз,– деді ол құмалақтың құйысқанынан бөлектеніп тұрған бір тасты сұқ саусағымен көрсетіп,– Ол сізге көмектескен екен. Енді қатты қинайтын да сол болады. Кетісесіз.
– Ол қандай дос? Кетіспеуге болмай ма?
– Оның кім екенін мен білмеймін, бірақ көптен доссыздар. Кетіп тұр ғой, мінекей. Кетісесіздер.
Қалибек көмек көрсеткен достарының бірсыпырасын ойша түгендеп көрді. Соның ішінде соңғы кезде болар болмасқа өкпелеп, қыңқылдай бастаған бір досына тоқтады да:
– Үсен бе?– деді құмалақшыға сұраулы жүзбен қарап. Әлима жаймадағы тастарды араластырып, қайта тартты.
– Иә, осы жігіт.
Қалибек оң бармағының тырнағын тістеп, ойланып қалды. Әлима тағы сөйледі:
– Қасыңызда бір ініңіз бар екен. Өзіңізбен бірге жүрген. Ол ауылға қайтады. Сізге ренжіп кетеді. Бірақ сіздің кінәңізден емес, өзінің түсінбестігінен болады.
– Мүмкін емес! Әділ ме? Оны семьясымен ауылдан көшіріп әкелгенмін. Жұмыс таппай қатты қиналып жүрген. Алматыдан үй алып бердім. Ішін жиһазға толтырдым. Астына иномарка машина әпердім. Балаларын мектепке орналастырдым. Тапқаныммен теңдей бөлісіп жатырмын. Айлығын да, шайлығын да беремін. Оның кетуі мүмкін емес!– деп Қалибек күйіп-піскендей болды.– Ол келесі көктемде кетеді,– деді Әлима асықпай,– Құстар келіп болған соң. Одан да сіз өз денсаулығыңызды ойлаңыз. Сіздің ағзаңыздағы зат алмасу процесі бұзылған. Қан қысымы тұрақсыз. Қатты ашулансаңыз бірден көтеріліп кетеді. Жүрегіңіз де әлсіз. Стенокардия бар. Бауырыңызды май басқан. «Жировой гепатоз» дейді. Сондықтан сізге жұмыстан бұрын денсаулыққа қарау керек. Сіз әлі жассыз. Сіз сияқты адамдар қазаққа керек. Ауруханаға жатып, өзіңізге өзіңіз келіп алыңыз.
Өз бойында бар сырқаттың түрлерін қолмен ұстағандай тізіп бергенде Қалибектің айтар сөзі қалмады. Ол аң-таң болып жымиып, басын шайқай берді.
– Осы жылдың соңында сіздің өміріңізге төніп тұрған үлкен қауіп-қатер бар,– деді құмалақшы. Қалибек ұйқыдан оянған адамдай селк етті.
– Қандай қауіп?– деді жұлып алғандай.
– Желтоқсан айының он жетісі және он сегізі күндері «Киіктің бұрқағы» басталады. Сол күндері алыс жолға шығушы болмаңыз. Сізді үлкен автокатострофа күтіп тұр. Жолға шықпасаңыз ештеңе де болмайды. Алда-жалда жолға шықсаңыз Тәңіріге жалбарынып, дұғаңызды аузыңыздан тастамаңыз. Ата-бабаларыңыздың әруағына бағыштап құран оқи беріңіз. Сол әруақтар сізді аман алып қалуы мүмкін.
Мұны естігенде Қалибектің жон арқасынан біреу мұздай су құйып жебергендей болды. Арқасын қарып, омыртқасын бойлап сау ете түскен суық үрейден жүрегі тоқтап қала жаздады. «Он жетінші… Он сегізінші желтоқсан. Он жетісі…Он сегізі… «Киіктің бұрқағы»… Жолға шығуға болмайды» деп күбірлеп қайталады. Бақырайған көзінің шарасы кеңейіп барады. Бір сәт бойын жинап:
– Жолға шықпауға тырысамын,– деді жәй ғана,– Жаңа бәрі жақсы болады деп едіңіз… Қорқайын дедім ғой. Не боп кетті өзі?
– Өмір болған соң бәрі болады. Қайғы мен қуаныш қатар жүреді. Қорықпаңыз. Тек абай болып жүріңіз. Айттым ғой, жолға шықсаңыз аузыңызда дұғаңыз болсын. Басқа сұрағыңыз болмаса… Менің баратын жерім бар еді,– деді Әлима Қалибектің көңілін жұбатқандай,– Осыған разы болыңыз. Ал қолыңызды жайыңыз, батамды берейін. Менің батам емес, Әлмерек бабаның батасы деп қабылдаңыз,– деп ынты-шынтысымен бата берді.

Күндер зымырап өтіп жатты. Зымыран уақыттың ұршығы өз заңымен айнала берді. Қалибек Әлима құмалақшының айтқандарын бір сәтке де ұмытқан емес. Жігерлене кірісіп жаңа бастаған тірлігін алға жылжытуға күш салды.
Әлиманың айтқаны айдай келіп жатты. Гүлзира деген әйелдің несие әпермек болған әрекетінен түк те шықпады. Тамыз айының басында алғашқы өнімдерін Орал өңірі сатып алды. Әлима айтқандай орасан көп ақша түсті. Қалибек барлық қарыздарын түгел жауып, тапқан пайдасын екінші бір үлкен жобаны игеруге салды.
Үсен досымен шынында да кетісті. Кетіспеске болмады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, ши шыққанда сол әзәзіл ақшадан шықты. Қалибектің күткен қаржысы келгенше күнде тықылдап, қарызын даулап қоймаған Үсен тамыздың басындағы үлкен сома түскенде күрт өзгерді. Оның бергені болмашы қаржы болатын. Қалибектің бизнесі жүріп кететініне көзі жеткен соң Үсен енді «Ақшамды алмаймын» деп шықты. «Мен компанияға қосқанмын. Компанияның жартысы менікі. Елу де елу үлеспен кіремін» деді. Оған Қалибек көне ме? «Берген ақшаңды үстеме пайызымен ал да, әңгімені қысқарт!» деген. Ақыр соңы өзінің дегені болмасын сезген Үсен берген ақшасын үстемесімен еселеп алып: «Адам емес екенсің!» деп кете барды.«Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін Құдай көріп тұр ғой… Қайда барсаң да менің арым таза» деп Қалибек қала берді.
Сөйтіп жүргенде сүмбіле туып су суыды, таразы туып таң суыды. «Қыркүйек, Қазан, Қараша… Келбеті күздің тамаша» деп тақпақтайтын сарыжағал күз де өтіп, «Қараша – қауыс… Кәрі құртаңды тауыс» дегеннің кезіне келді. Қылышын сүйреткен кәрі құдаң қыс әп дегеннен қайратына мініп алды. Қойын-қонышын қарлы боранға толтырған Жедінің күні жетіп, Алақаншықты азынатқан Желтоқсан айының бел ортасына таяды.
Әлима құмалақшы ескерткен «Киіктің бұрқағы» да жақындап тұр еді. Он жетінші, он сегізінші желтоқсан Қалибектің миының қуысына қапақтай қағылған. Әлиманың әулиелігіне әбден көзі жеткен Қалибектің қорықпасқа, сақтанбасқа лажы жоқ. Жылдық есеп-қисапты тиісті министрлікке ертерек тапсырып, Желтоқсанның он жетісіне дейін етек-жеңін жинап отырмақ болды. Астанаға күні бұрын барып келгені де сондықтан. Үйде отырған адамды жау алмайды. Енді үйден шықпауға бекінді. «Автокатострофа» дегенді ойласа зәресі ұшады. Соңғы күндері құраншыл болып алған. Күн демей, түн демей білген сүрелерін қайталаудан жалықпады.
Қазаққа белгілі «Киіктің матауы» немесе «Киіктің бұрқағы» деген амал күндері Желтоқсанның ортасынан ауғанда келетін. Бұл амал боранды амал. Биылғы Желтоқсан жылдағыдан қарлы, аязды көрінді. Демек «Киіктің бұрқағы» бұрқасынсыз, борансыз болмайды. Қандай амал болса да аман-есен өтсек екен дейді Қалибек.
Желтоқсанның он алтыншы жұлдызы. Күн сейсенбі болатын. Алматыны аяз құрсап тұр. Бірде шығысқа, бірде батысқа қарай суырып, қиялай жауған қиыршық қар жексенбінің кешінен бері тоқтамады. Алматының ақ тұманнан арылмағанына да екі күн. Мына екпінімен қардың таяуда тоқтайтын түрі жоқ.
Үйде кітап оқып жатқан Қалибектің қалтафоны сыңғырлай жөнелгенде күн бесіннен ауған мезгіл еді. Кітаптың қызығынан шыққысы келмей, жатқан күйі оқи берді. Телефон ұзақ сыңғырлады. Трубканы көтермеді. Соғып жатқан адамның кім екенін де қарамады. Үміті үзілгендей болып, бір мезгілде телефон сыңғырын тоқтатты. Көп өтпей қайта сыңғырлады. «Қап, мынаны-ай! Қоймады ғой. Кім екен?» деп, басын көтеріп, тікесінен отырды да төсектің бас жағындағы тумбаның үстінде жатқан телефонына қол созды. Майраш екен. Түркістандағы жан досы Қасымның келіншегі. Трубканы қосып, құлағына апарып:
– Алло!– деді байсалды үнмен. Майраш үндемеді. Іштен тынып, өксіген дауысы естілді. Қалибек шошып кетті,– Алло! Майраш! Не болып қалды?– деді бұл тағатсызданып. Майраш тағы да үнсіз. Айтар сөзін айта алмай қыстығып жылап тұрғаны байқалады.
– Қасым! Қасым!– деді де Майраш қайта тұншықты. Өксіп тұр. Қасым соңғы кезде көп ауыратын. Айлап ауруханадан шықпаған кездері де болды. Қалибектің зәресі ұшты. Орнынан атып тұрды.
– Қасым аман ба? Не болды, Майраш? Айтсаңшы.
– Досың хәл үстінде жатыр,– деді Майраш өксігін баса алмай,– Түркістанда дәрігерлер көмектесе алмаған соң жаңа ғана Шымкентке алып келдік. Ұзақ жолда тіпті әлсіреп қалды. Қазір реанимация бөлімінде ес-түссіз жатыр. Сен тезірек жетші, Қали! Сенен басқа қол ұшын берер кімі бар оның? Тез келші! Дәрігерлермен сөйлесіп, қымбат болса да ең мықты дәрілер алу керек. Бізде ақша да жоқ. Жағдайымызды өзің білесің ғой, несін айтайын.
– Дәрігерлер қандай диагноз қойып жатыр?
– «Өкпе артериясының тромбоэмболиясы». Өкпесіне қан ұйыған, өкпенің артериясына тромб кептеліп қалған дейді. Естідің бе? Өте қауіпті дейді. Өтінемін, тез жетші!– деп Майраш жасқа булықты.
– Уайымдамаңдар. Қазір жолға шығамын. Тез жетуге тырысамын,– деді де Қалибек дел-сал күйі төсекке отыра кетті.
Ес-түссіз жатқан досын көз алдына елестетті. Қасым екеуі бала күннен серттескен достар еді. Интернатта бір сыныпта оқып өсті. Екеуі де оқу озаты болатын. Көкіректегі армандары да, жан сырлары да бірге еді. Есейгенде бір үйде тұрамыз дейтін. Кейін солай болды да. Алматыдағы университетке түсіп, әдеби ортаға екеуі бірге қосылды. Бірге жүріп, бірге тұрды. Біраз жыл бұрын Қасым облыстық газетке қызметке ауысып, елге көшкен. Бір-бірін қатты сағынатын. Екеуі бір құстың қос қанатындай еді. Туған бауырдай болды. Енді міне, жан досы хәл үстінде, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатыр.
Қалибек тез шешім қабылдады. Қанаты болса ұшып жетер еді. Ондай қанат адамда жоқ. Машинамен жолға шығуға бекініп, інісі Әділге телефон соқты. Жағдайды түсіндіріп, шұғыл жолға дайындалуды тапсырды. Әділдің кежегесі кері тартып тұр.
– Біреу үшін өлесіз бе? Далаға қарасаңызшы! Ақ қар, көк мұзда машинамен қайда барасыз? Түнде боран болады,– деді ол қиналып,– Жолды жауып тастаған шығар? Одан да кешкі пойызбен өзіңіз кете берсеңізші.
– Сен де айта береді екенсің. Досым өлгелі жатыр. Кешке дейін маталып отырайын ба енді? Тез жинал! Әйтпесе, дәл қазір жалғыз кетсем де кетемін,- деп Қалибек қызбаланып кетті. Ағасының алған беттен қайтпайтын бірбеткейлігін білетін Әділ оны қауіпті жолға жалғыз жібергісі келмей, қинала келісті.
Арада жарты сағат өткенде Қалибек пен Әділ екеуі отырған сұр түсті «Ауди» автокөлігі ақ түтекке қарамай Шымкентті бетке алып Алматыдан шығып бара жатты.
Рульге Әділ отырды. Қаладан шыға бере Қалибектің ойын «Киіктің бұрқағы» мазалай бастады. Құмалақшының «жолға шықпа» дегенін ойлап еді, өзегі ашыды. «Пойызбен шыққаным дұрыс па еді?» деп те ойлады. Бұл қызба мінезді, тәуекелшіл адам. Кейде осылай асығыс шешім қабылдайтыны бар. Бірақ қайтпас мінезіне басып, алған бетімен тарта береді. Іштей аздап өкінгендей болды. Алланың ісіне амал не? Жан досы аса қиын жағдайда жатқанда бұл қалай шыдап отырады? Нар тәуекел! Құдай кесірінен сақтаса, әлі-ақ жетіп барады. Қалибек құмалақшының қатерлі болжамы туралы өзі де үрейленіп келе жатқан Әділге тіс жармауға бекінді. Уайым қылмасын деді.
Қар қылаулап жауып тұр. Үскірік жел үдей түскен. Бұрқасын жақындап келеді. Екі күн бойы жауған қар жолдың бойында күресін болып жатыр. Қалибектер Ұзынағаштың тұсындағы полиция бекетіне жеткенде күре жолды кесе көлденең жапқан шлагбаумға тіреле тоқтады.
– Оппо-о! Айттым ғой әні… Трассаны жауып қойыпты,– деді Әділ «Енді қайттік? Кері қайтамыз ба?» дегендей Қалибекке қарап.
– Көріп отырмын.
– Бұлар ары қарай өткізбейді. Не істейміз?
– Былай істейік,– деді Қалибек бір амалын тапқандай,– Шымкентке барамыз десек бұлардың жібермесі анық. Біз мынау тұрған «Тарғап» ауылына барамыз деп айтып көрейік.
Сөйткенше инспектор да келді. Борай соққан қардан бетін қолымен қалқалап:
– Жол жабық. Қайда барасыздар?– деді капитан.
– «Тарғапқа» бара жатыр едік,– деді Әділ,– Кеш болмай жетіп алсақ деп келеміз. Жолды қашан жапты?
– Екі сағат болды. Түнде қатты боран болады деп жатыр. «Тарғаптан» ары бармаңыздар,– деп капитан шлагбауымды ашты.
– Жүре бер!– деді Қалибек,– Дұрыс болды.
Ағайынды екеуі ұшы-қиыры көрінбейтін аппақ жолға түсіп кете барды. Жол ұзақ еді. Бірінен бірі іліп алып біраз әңгіменің басын қайырды. Бір әкеден туып, бір үйде өскен соң балалық шақтың қызықтары да ортақ. Сырттағы бұрқасынды елемей, өткен-кеткенді еске алысып, дабырлай күлісіп, бір-біріне сүйеніш болып келе жатты.
– Қалеке, осы сізге таң қаламын,– деді Әділ түйе көш жер ұзап шыққан соң,– Әдебиет дейсіз… Ғылым дейсіз… Қашан көрсем қызыл аяқ қар кешіп, жалаңаяқ жар кешіп, біреуге болысамын деп жанталасасыз да жүресіз. Өзіңізді аямайсыз. Ауыл жақтан біреу келсе, жұмысқа тұрғызу керек, жатақханаға орналастыру керек, прописка жасап беру керек деп… Елде ас-той бола қалса, соның бір жағын көтерісейік деп елпілдейсіз де тұрасыз. «Бюро добрых услуг» болдыңыз ғой. Ақшаны да аямай шашасыз. Анадан ұят болады, мынадан ұят болады деп үлкен басыңызбен кішірейесіз де жүресіз. Біреу үшін қарызға да батып қаласыз. Одан сол қарызды қайтару керек деп тағы жанталасасыз… Қалай шаршамайсыз? Мен жаным ашығандықтан айтып отырмын. Міне, ақтүтек боранды күні ажалмен ойнап тағы да кетіп бара жатырсыз. Қасымның өз туыстары жоқ па? Бауырлары жоқ па? Неге сіз бармасаңыз болмайды? Сізден басқалар қырылып қалған ба? Осыны енді қойсаңыз болады ғой.
Қалибек өзінен алты жас кіші інісінен мұндай сөз күтпеген еді. Оның сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдады. «Мына баланың ішінде талай нәрсе бұғып жатыр екен ғой. Армансыз айтып, шерін тарқатып алсыншы» деген. Әділ сөзін аяқтаған соң:
– Осы сен өміріңде біреуге жәрдемдесіп көрдің бе?– деді оның көзіне қарап.
– Қолдан келсе жәрдемдестік. Бірақ әр нәрсенің орнымен болғаны дұрыс қой,– деді Әділ жұмсарып.
– Бұл – Өмір!– деді Қалибек жолдан көзін алмай,– Өмірге адам не үшін келеді? Ішіп-жеп, қарын тойдырып, жан бағу үшін бе? Ондай амал төрт аяқты айуанда да бар. Ұшқан құс, жүгірген аң, суда жүзген балық, тіпті құжынаған шыбын-шіркейдің де ең әуелі ойлағаны қу тамағы. Бәрінің басты мақсаты – қызыл өңештен бірдеңе өткізу, қарын тойдыру. Ал біз – адамбыз ғой. Тек қарын тойдыруды ойласақ айуаннан айырмамыз қайсы? Адам – Алланың өзі сүйіп берген ақыл-сананың, биік парасаттың иесі. Сол ақылды игере алмай хайуанға, жыртқышқа айналып жүрсе адамның надандығы содан көрінеді. Көп адамдар мына өмірге не үшін келгенін де білмейді. Жан-жағыңа шуағың түсіп, айналаңа шарапатың тимесе оның несі өмір? Өмірдің түпкі мәні қандай? Сен Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» деген кітабын оқып көріп пе едің? Сол еңбекте осы сауалдың жауабы толық берілген.
– Қайдағы?.. Біз енді кітап жағына жоқпыз ғой, кино болмаса… Оның өзін де қарайтын уақыт жоқ. Оқу оқымадық, білім қумадық. Жүргеніміз мынау, күндіз-түні «баранканың» басында… Кітапты қай кезде оқимыз?– деді Әділ өзінің сауатсыздығын мойындай күрсініп. Оның күрсінісінде зая кеткен уақытына деген өкініш те бар еді.
– Оқимын десең сенің қолыңды біреу қақты ма? Талап жоқ қой, талап… Кезінде сүйреп жүріп оқуға да түсірдім. Жарты жылға жетпей тастап кеттің. Енді кімнен көресің? Міне, енді өзің де айтып отырсың… Өмірде бір кітап оқымай қалай адам болуға болады?– деп Қалибек күйіп-пісті.
– Біз өмірдің өз сабағынан үйреніп келе жатырмыз. Өмірдің өзі – университет!– деді Әділ ағасының тура қойған сұрағына шамдана сөйлеп,– Осы тұрғанда біз кімнен кембіз? Адамшылықты алға қоямыз. Ешкімнің ала-жібін аттаған жоқпыз. Имандылық та бойымызда. Міскін көрсек жанымыз ашып тұрады. Жұрт қатарлы бала-шаға өсіріп жатырмыз. Жағдайымыз да ешкімнен кем емес. Осы жүрісімізге де шүкір дейміз.
– Шүкірі шүкір ғой, бірақ адамның да адамы бар. Сен ең болмаса Абайдың «Толық адам» ілімін» оқысайшы. Жауанмәртлік, Хауас, Иманигүл, Инсани камил, нұрлы ақыл деген ұғымдар жайлы естіп пе ең? Осы кітапты оқысаң «Толық адам» болмысының тереңіне көзіңді жеткізесің. Ақиқаттың жолына түскен адамның бойында қандай қасиеттер болу керек дегенді таратып, ұқтырады. «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген өлеңінде Абай атаң былай дейді:
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
«Ыстық қайрат» дегені – үнемі талаптанып алға ұмтылу, ақиқат, білім жолында талмай іздену, «нұрлы ақыл» дегені – ізгілікті іс пен жақсылыққа пейілді болу, ал «жылы жүрек» дегені – иманды болу жолында адамдарға мейірбандылық сыйлау. Осы үш қасиетті ізгілікке жұмсай алғанда ғана «…толық инсаниятың бар болады» деп кеңес береді.
– Абай дұрыс айтыпты,– деді Әділ әзілдей сөйлеп,– Мысалы, мен арымды ешқашан сатқан жоқпын, өз еңбегіммен күн көрдім. Ыстық қайрат бойымда бар, ақылсызбын деп айта алмаймын, жүрегім нәзік. Кино көрсем де жылап отырамын. Абайыңыз мен туралы айтыпты ғой,– деп рахаттана күлді. Оның риясыз күлкісіне Қалибек те қосылды.
– Әдебиет деген – өмірдің ілімі,– деді ол інісіне бұрылып, байсалды үнмен,– Ол адамның дүние танымын кеңейтеді, жаратылыстың құпия сырларына, айналада болып жатқан құбылыстарға көзқарасын түзетеді, қан тамырларын қуалап, жанының ішкі иірімдерін аралап, мінезін тәрбиелейді. Біз қазір жазушы, ғалым болсақ сол әдебиетті бала күннен ден қойып оқығаннан. Содан жаман болған жоқпыз. Ал адамға жақсылық жасау бәріміздің парызымыз. Сенің жаңағы «Осыны қашан қоясың?» дегенің маған «Жақсылық жасауды қашан қоясың?» дегендей естілді. Құдай қуат берсе жақсылық жасаудан танбаспыз. Адамға істеген жақсылығың қайтпай қалмайды. Адамнан қайтпаса, Алладан қайтады. Соған сену керек.
– Дұрыс,– деді Әділ ойлы кейіпке еніп,– Көзімізді ашқаннан көрген тәрбиеміз ғой. Қиналған біреуді көрсек көмектескіміз келіп тұрады. Өз басым сізді қатты құрметтеймін, Қалеке! Абырой-беделіңіз биік адамсыз. Сізді мақтан тұтамын. Сізді ешқашан жерге қаратпауға тырысамын. Арнайы білім алмады демесеңіз, дүниенің жан-жағын біз де ойлаймыз ғой. Сондықтан жаман ініңізді «кітап оқымадың» деп жерге соғып, сөге бермеңіз. Шама келгенше оқуға күш саламын.
– Елдің бәрі жазушы, ғалым болуы міндет емес. Дегенмен, кітап оқысаң жаман болмайсың! Жарайсың!– деді Қалибек інісінің арқасынан еркелете қағып.
Көп ұзамай қараңғылық түсті. Бірақ айналаны тұтас басқан аппақ қардың нұры біразға дейін әудем жерді жарық қылып тұрды. Машина баяу қозғалып келеді. Таулы жотаның үстімен өтетін Қордай асуының ирелең жолы жүріс бермеді. Қасқырдай ұлып, ұйытқып соққан қарлы боран күре жолдың кейбір тұстарын күресін етіп көме бастапты. Екі белдің ортасында жатқан Өзекті ауылының батыс іргесіндегі тік жонға тірелгенде күре жол әуелі солға, артынша оңға тартып өрлейтін. Осы ауылдың жеңілтек бозбалалары қызық үшін жотадағы күре жолға әдейі су құйып, көкмұз сырғанақ жасап ойнайды екен. Бір жағы сол жерден шыға алмай, тайғанақтаған көліктерді қызық көріп, өздері болысып, қырға шығарысқансып ақша алады екен. Қалибектер Өзектінің жотасына жақындағанда жолдың оң қапталында тұрған «Беларусь» тракторын байқады. Бұлардың келе жатқанын көріп, трактордан түскен он бес жас шамасындағы бала білектерін айқастырып:
– Тоқта! Тайғақ! Қырға шыға алмайсың!– деп айғайлады.
Әділ оның қасынан екпіндетіп өте берді. Газды басып, қатты жылдамдықпен дөңнің басына бір-ақ шықпақ еді. Машина солға қарай ышқына өрлеп барып, оңға бұратын тұста тайғанақтап, Әділдің ырқына көнбей кетті. Ешқайда бұрылмай, басы қатты айғырдай тура тартқан күйі сырғанап барып, бұрылыстың жиегіндегі омбы қарға күмп берді. Қалибек орындығынан ұшып кете жаздап, маңдайшаға маңдайын соғып алды.
– Байқашы! Байқашы!– деуге ғана үлгерді. Әділ машинадан түсіп, артқы жаққа қарап:
– Аналар келе жатыр,– деді жақындап қалған «Беларусьті» көріп,– Қазір, солар тартып шығарады.
Трактордан түскен жаңағы бала шыр-пыр болып:
– Айттым ғой, сізге! Айттым ғой, сізге!– дей берді,– Ал, енді не болды?
– Менде трос бар, тракторға тіркейік. Сендер қырға шығарып беріңдер,– деді Әділ.
– Трос өзімізде де бар. Енді тіркемеске амалың жоқ,– деді баламен бірге келген ересектеу жігіт «Бізден қашып құтыламын дедің бе?» дегендей,– Әуелі артқа қарай қозғап алайық. Алдынан тіркеп, өрге тартамыз.
Қалибек сыртқа шығып, машинаны артқа қарай итерісті. Төртеулеп «Аудиді» жолдың ортасына шығарды. Машинаның алдыңғы бампері майысыпты. Жол сырғанақ. Аяқта тұру мүмкін емес. Машинаны тіркеп жатқанда байқағаны, трактордың төрт дөңгелегін де шынжырмен шандып байлап тастапты. Жігіттер осы «жұмысты» «кәсіп» қылған сияқты.
«Көмекшілереге» үш мың теңге беріп, Қалибектер жолға түсті. Өздері тайғанақ жасап, тайғанақтаған көлікті өздері қырға шығарып беріп жүрген «жанашырларды» ойлап Әділ мырс етті.
– Мыналар Құдайдан қорықпайды екен. Түк білмегенсіп, пысылдап жүргендерін қарашы,– деді басын шайқап.
– Мұндайды «қолтырауынның көз жасы» дейді. Аярлықтың ең оңбаған көрінісі. Қолтырауын жемтігін өлтірген соң көзінен жас сорғалайды екен. Біреуге өзі қастық жасап алып, артынан жаны ашыған болып көрінгісі келетін аярларға қаратып айтады. Істеп жүргендерін көрмейсің бе?– деп Қалибек те күйінді.
Әділдің көп жылғы жүргізушілік тәжірибесінің арқасында бұлар борандатып талай қиын өзектерден аман өтті. Түн ортасы болғанда Меркіге жақындаған. Жайшылықта үш-төрт сағатта жетіп баратын жер еді. Алматыдан шыққалы сегіз сағат болыпты. Боранның әлегінен әлі жете алмай келеді. Аспараның белінен он-он бес шақырым ұзағанда Әділ жол жиегінде қол көтеріп тұрған адамды байқап қалды:
– Қалеке, ананы қараңыз! Түн жарымда, айдалада тұрған неғылған адам? Тоқтайын ба?
– Тоқта!– деді Қалибек боранның пердесінен сұлбасы енді ғана айқындала бастаған кісіні көріп,– Далада қалып қойған бейшара шығар? Сұрайықшы.
Әділ бейтаныс кісінің қарсы алдына тоқтап, Қалибек жақтың әйнегін түсірді. Қарлы жел Қалибектің бетін қапты.
– Айналайын,бауырларым! Көмектесіңіздерші!– деді егде жастағы бейтаныс адам дір-дір етіп,– Көлігім аударылып қалды. Бір сағаттан бері мына жолдан тірі пенде өтпеді. Сіздерді Құдай жіберген шығар! Көмектесіп жіберіңіздерші.
Екі жігіт сыртқы киімдерін қолдарына іле сала машинадан атып шықты. Ұйтқыған қар көз аштырмайды. Үскірік жел ызылдап тұр. Жол бойындағы жарлауытта бір бүйіріне аударылып жатқан машина қарауытады. Қалибек жүре киініп, сұрап үлгерді:
– Бұл қалай болды,аға? Машинада адам бар ма?
– Жоқ. Жалғыз едім,– деді егде кісі,– Осылай тұрғаныма бір сағаттай болды. Жақын маңда не ауыл жоқ, не тірі жан жоқ. Боран болса мынау. Өлердей болдым.

Ол кісінің машинасы ескі «Жигули» екен. Жолдан тайып шыққан машина жарлауытты жағалап барып бір бүйіріне жатып қалыпты. Үшеулеп машинаны аяғына қоймақ болды. Бірақ тұмсығымен арыққа кіріп кеткен көлікті қанша әрекеттенсе де қозғай алмады.
– Аға бұл әрекеттен ештеңе шықпайды,– деді Қалибек уілдеген боранды жара айғайлап,– Күннің көзі ашылған соң үлкен техникамен келіп, шығарып аласыз. Машинадан алатын заттарыңызды алыңыз. Қайда бара жатыр едіңіз? Біз жеткізіп салайық.
– Жақсы, жақсы! Ойталға барамын. Қазір, сөмкемді алайын,– деп бейтаныс кісі жигулидің есігін ашуға тырысты. Аша алмады. Әділ боранмен алысып, бүйірлеп жатқан машинаның артқы есігін ашып, шағын сөмкені суырып алды.
– Осы ма?
– Осы. Осы. Рахмет, айналайын!
Өздерінің машинасына жайғасып, жолға түскен соң:
– Борандатып қайдан келе жатырсыз, аға?– деді Қалибек.
– Қордайдан қайтқанмын. Екі күн бұрын сонда тұратын құдам қайтыс болған еді. Кеше жерледік. Сол кісіге топырақ салып қайттым. Өзім Ойталда тұрамын.
– Мына боранда жолға жалғыз шыққан сіз батыр екенсіз, аға! Біз екеулеп әрең келе жатырмыз…
– Барғанда төртеу болып барғанбыз. Үшеуі кеше жол көлігімен қайтып кетті. Өзім бір тірлікке айналып қалдым. Бүгін амал жоқ жолға шықтым. Ертең Меркіде қауырт шаруам бар еді.
– Таныса отырайық, аға! Менің атым Қалибек. Мынау менің туған інім – Әділ деген балаңыз.
– Есімім Тілектес. Өздерің қайда жол тарттыңдар?
– Шымкентке барамыз. Шұғыл тірлікпен.
– Сендерге мың рахмет, айналайындар! Мені бір ажалдан алып қалдыңдар. Сендер болмағанда боранда үсіп өлетін едім. Құдай сақтады. Өлген жерім осы шығар деп, шарасыз мойын ұсынып тұрғам. Алыстан машинаның жарығы байқалғанда жылап жібере жаздадым. Адамның қор болып қалуы бір демде екен ғой.
– Аға, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз пенде өлмейді» деген бар емес пе? Өзіңіздің көретін жарығыңыз болғаны ғой. Міне біз де бір досымызды ажалдан арашалап қаламыз ба деп, борандатып тұтқиылдан тартып бара жатырмыз. Әйтеуір, біз жеткенше аман болса екен…
– Досыңа не болды? Ауырып жатыр ма?– деп сұрады Тілектес аға.
– Иә, ауыр хәлде жатыр. Хабарын естіген бойда жолға шығып кеттік. Барып дәрігерлермен сөйлесіп, керекті дәрі-дәрмегін жеткізіп берсем деймін.
– Ол қай ауруханада жатыр? Қаланың өзінде ме? Облздравтың бастығы менің туған жиенім ғой. Киікбай деген. Қолымызда өскен бала. Мен оған тілхат жазып берейін. Немесе телефонының нөмірін берейін. Менің атымнан хабарласып, жолығыңдар. Сол көмектеседі.
– Аға, мынауыңыз керемет болды ғой!– деп Қалибек қуанып кетті,– Ертең кімге жолықсам деп келе жатыр едім. Телефонын беріңіз, сол кісіге барайын. Аты Киікбай дедіңіз бе? Егер досым аман қалса, бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Өле-өлгенше қарыздар боламыз.
– Жоқ, қарыз болмайсыңдар. Бір де бір болады,– деді Тілектес аға күлімсіреп,– Өйткені жаңа ғана сендер де мені ажалдың тырнағынан арашалап қалдыңдар ғой. «Жақсылыққа жақсылық» деген. Рахмет сендерге!
Ұмытып қалмайын дегендей Қалибек ішінен «Киікбай… Киікбай…» деп қайталады.
– Киікбай жиеніңіз үлкен кісі ме?– деп сұрады артына мойнын бұрып.
– А-а, қырық жастағы жігіт қой. Айтпақшы, ол ертең толады қырыққа. Құттықтап қойсаңдар болады. Мына қайтыс болды деп отырған кісім сол Киікбайдың әкесінің ағасы. Жерлеуіне Киікбай да келген. Олар кеше екінді намаздан кейін Шымкентке қайтып кетті.
– Менімен түйдей құрдас екен онда. Жақсы болды! Ертең міндетті түрде хабарласамын. Бірінші кезекте сол кісіге барамын.
– Әкесі бізге жезде болады. Сұлтангелді деген. Жақсы азамат, атақты аңшы еді. Бұл бала әкесін көре алмады,– деді Тілектес аға күрсініп,– Бірақ жетімдік көрсетпедік. Қолымызда оқыды, қолымызда өсті. Өз баламыздай бақтық.
– Әкесін көрмегені қалай?
– Бұл туылған күні әкесі оқыстан қайтыс болды. «Киіктің бұрқағында» Қордай тауының теріскейінен арқар атуға барған ғой,– деп Тілектес аға әңгіме бастады,– Бір күн бұрын әпкеміз Қордай ауылындағы перзентханада босанған. Ұл туды деген соң жездеміз достарын шақырып, түнімен «жуған». Ертесіне «Жас келіншекке қалжа жегіземіз. Арқар атып келеміз» деп екі досын ертіп, үш атпен тау асып кеткен ғой. Арқарды тауып, атыпты. Бірақ тым алыстап кетіпті. Артынша бұрқасын басталып, арты алай-дүлей боранға айналған. «Киіктің бұрқағы» борансыз болмайды. Сол боранда аңшылар бір-бірінен адасып, екі жігіт әупірімдеп аман қалған. Сұлтангелді оралмапты. Екі күннен кейін боран басылғанда табылған. Арқарды атқан Сұлтангелді екен. Құлжаны құшақтаған күйі қатып қалыпты дейді. Аңның киесі болған дейді. Адасып-адасып, тура сол арқарды атқан жеріне барып құлапты. Содан «Киіктің бұрқағына» ілінді деп, мына баланың атын Киікбай қойған.
– «Киіктің бұрқағы» дегеніңіз осы боран емес пе?– деді манадан бері үлкен кісінің әңгімесін ынты-шынтысымен тыңдаған Қалибек.
– Дәл өзі. Бұл енді екі күнге созылады. Жаңа айдалада тұрғанда «Киіктің бұрқағында» жолға шығып, жездемнің кебінін киетін болдым-ау!» деп қатты уайымдадым. Құдай жарылқап, сендер жолықтыңдар. Әйтпегенде, жаным жаһаннамға кеткендей еді.
Буырқанған дүлей боранмен тіресіп, әрең жылжып келе жатқан сұр түсті «Ауди» күре жолдан оңға бұрылып, Ойтал ауылына кіргенде сағат түнгі бірдің уақыты болған. Күресін қарды кешіп, Тілектес қарияның ауласына кіріп тоқтады.
– Ал, үйге кіріңдер!– деді қария машинадан шығуға ыңғайланып.
– Аға, көп рахмет! Жатып қалған жұртты мазаламайық. Оның үстіне жол ұзақ. Таңға дейін жетуіміз керек. Сіз Киікбай жиеніңіздің телефон нөмірін берсеңіз болды,– деді Қалибек теруге телефонын ыңғайлап.
– Былай болсын,– деді Тілектес аға сабырлы сөйлеп,– Үйге кіріңдер. Шәй ішпесеңдер де нан ауыз тиіп шығыңдар. Мен Киікбайға тілхат жазып берейін. Нөмірін де жазып аларсың. Сөйтіңдер!– деп үйге қарай бастады. Еңселі етіп салынған кірпіш үйдің кіре беріс бөлмесіндегі шам жанды. Есік ашып, жас келіншек қарсы алды.
– Ата, аман-есен жеттіңіз бе?– деді ол келген кісілерге сәлем салып,– Сізді қатты уайымдадық қой.
– Жеттім, айналайын. Мына балалардың арқасында. Қалғанын кейін айтармын. Маған қағаз бен қалам бере ғой. Мына кісілер нан ауыз тисін.
Қалибектер ауыз тиіп жатқанда ақ параққа «Киікбай! Мына жігіттерге көмектес! Нағашың Тілектес» деп жазды да қария келініне қарап:
– Тандыр наннан екеуін әкел, бір литр айран құй!– деді.
Тілхатпен бірге келіні әкелген екі нан мен айранды Қалибектің қолына ұстатып:
– Жол ұзақ. Ұлыған боран. Қазақ атаң: «Тоқ болсаң, соқ боласың» деген. Мынаны салып алыңдар. Жолда жейсіңдер. Жолға шыққанда жаныңа нан алып жүрсең пәлекет жоламайды. Сендерге Алла жар болсын!– деді қария.
Рульге Қалибек ауысып отырды. Машина ышқына бұрылып, үйдің ауласынан шыға берді. Сыртта боран ұлып тұрғанмен Қалибектің көңілі көтеріңкі еді.
– Міне, бауырым!– деді ол Әділге қарап,– Қиналған адамға жақсылық жасасаң, жолың ашыла береді. Ертең Киікбайға жолығып, Қасымның мәселесін шешетін болдық. Тек біз жеткенше аман болса екен…
Күре жолға түскен соң Қалибек Тілектес қарияның әңгімесін есіне алды. Аңшылардың арқар іздеп алыстап кеткені. Атылған оқ. Арқардың жанталасып барып құлағаны. Құлжаның киесі. «Киіктің бұрқағы». Аңшылардың адасқаны. Атқан аңын құшақтап, серейіп жатқан Сұлтангелді. Дүниеден хабарсыз Киікбай. Оқиғаның бәрі көз алдынан кинолентадай тізіліп өтті. Бір сәт өзі көрмеген Киікбайға жаны ашыды. Неткен тағдыр!? Әкенің «балам» деген бір ауыз сөзін естімеу, маңдайынан мейірлене сипаған әке алақанының жылуын сезінбей өсу қандай қиын!
Бұлар Тараз қаласынан өтіп, Күйіктің асуына іліккенде сағат таңғы бестен асып қалған еді. Дала тас қараңғы. Қаратаудың шөккен түйедей қарауытып жататын ирек-ирек белдері де көзге көрінбейді. Тараздың ішінде қар да, боран да басылып қалғандай болған. «Айша бибі» ауылынан аса бере боран қайта күшіне мінді. Күре жолдың бойында олай-былай өткен көлік кездеспейді. Қалибек Әмина құмалақшының сөзін ойлап, қалғымауға тырысып келеді. Әділ орындығын шалқайта жатқызып, қалың ұйқыға кіріскен. Күйіктің асуы жүк машиналарының жүргізушілерін талай күйдірген жер. Әсіресе Теріс ащы бұлақтың бұрылысына шығаратын соңғы асуы қиын. Ұзақ көтерілу керек. Дәл сол асудың бел ортасына келгенде сұр түсті «Ауди» қалай ышқынса да алға қарай аттап баса алмай, тұралап қалды. Газды басса тайғанақтап, артқы жағын бұлғақтатады да қояды. Қалибек машинаны өшірмеген күйі есікті ашып, сыртқа шықты. Майда қар қиялап ұрып тұр. Бұл асықпай курткасын киіп, жолдың ортасымен арылы-берілі жүріп көрді. Қардың асты көктайғақ екен. «Жеткен жеріміз осы шығар!» деді ішінен. Осы кезде Әділ де оянып, сырт киімін асыға киіп, машинадан шығып келе жатты.
– Қалеке, неге тұрмыз?– деді ол.
– А-а, Әділ, тұрдың ба? Жолдың беті көктайғақ екен, осы жерге келгенде тартпай қалды. Екеулеп итеріп көрейік. Асудың биігіне дейін біраз бар.
– Қазір, өзім-ақ айдап шығамын,– деді Әділ сеніммен.– Қай жерде тұрмыз?
– Кәдімгі Күйіктің асуы ғой. Мына белдің арғы жағы Жуалы. Асудан өткен соң тауға қарай жүрсең Мыңбұлақ. Шерағаңның ауылы.
– Түсіндім. Сіз арғы жағынан отырыңыз,– деп Әділ рульге отырды. Сәл артқа шегініп, баяу жылдамдықпен алға қарай қозғады. Жолдың шетін жағалай жиырма қадамдай жүріп барып тоқтады. Газды басып еді машина шыңғырып, бір орында тұрып алды. Артқа шегініп, қайта жүрді. Тағы да сол жерден ары жылжи алмады. Қалибек машинадан шығып итеріп көрді. Машина ышқынғанмен жылжымайды. Ағайынды екеуінің амалы таусылды.
– Енді күтейік. Тілектес ағаға бізді жолықтырды ғой. Құдайға қараған біреу бізге де жолығар,– деді Әділ.
– Бекер тұрғанша, тамақтанып алайық,– деп екеуі машинаға отырды. Тілектес аға берген нанды бұралақтата асап, айраннан кезектесіп сіміріп алды.
Тірліктің белгісі жоқ таудың қараңғы қуысында екеуі бір сағатқа жуық отырды. Бұларға тау да, таудың мінезі де таңсық емес. Тауда туып, тауда өскен өрендер. Қасқа шыңдары аспанмен тілдескен Тәңіртаудың Қаражамбас Қазығұртпен жанасып жатқан Өгем Алатауы деп аталатын асқақ жоталары бұлардың туған мекені. Қысы-жазы басынан қар кетпейтін Сайрам шыңы тау ұлдарының бойына өр рух беріп, армандарына қанат бітіріп тұрады. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген сөздің ақиқат мағынасы осында.
Асудың кемерінен себезгілеген таңның нұры сезіле бастады. Әлден уақытта биік белдің басынан осылай қарай ілбіп түсіп келе жатқан жарық көрінді.
– Әне! Әне! Келе жатыр!– деп Әділ қуаныштан айғайлап жіберді. Қалғып отырған Қалибек селк етті. Жоғары жақтан баяу жылжып жақындап келе жатқан жарықты бұл да байқады.
– О, Жаратқан! Өзің жар бола гөр!
Бұлардың қасына келіп тоқтаған «К-700» тракторының ішінде үш жігіт бар екен. «Аудидің» жанында таудай болып тұрған трактордың жүргізушісі боранға шыққысы келмегендей есікті жартылай ашып:
– Не болды?– деп айғайлады сәлем-сауқатсыз.
– Жылжи алмай тұрмыз. Жәрдемдесіп жібересіңдер ме?– деп Қалибек трактордың қасына барды. Бойын созып, рульдегі жігітке қол берді.
– Иә, қырға шығарып береміз. Он мың теңге төлейсіз,– деді жігіт керги сөйлеп.
– Бауырым, қарға адым жерге он мың теңге көптеу емес пе? Сәл түсірсеңші,– деді Қалибек.
– Бұл саудаласып тұратын жер емес. Он мың теңге. Айтылды бітті,– деді тракторшы кесіп сөйлеп. Әділ машинадан шығып:
– Ей! Сенде қанағат жоқ екен,– деді қызбаланып. Тракторшы бұлардың шарасыздығын беттеріне басқандай мысқылдай сөйледі:
– Ал, сөйлеңдер! Тұра береміз бе осылай? Бізге бәрібір.
Мына баланың сөзіне Әділдің зығырданы қайнай бастағанын сезген Қалибек оны жеңінен тартып шеткері алып кетті. Құлағына сыбырлап:
– Ерегестен пайда жоқ. Өзім келісемін. Бізге тезірек кету керек,– деді.
– Сонымен, не шештіңдер?– деді тракторшы Қалибек қасына келгенде сыздана сөйлеп,– Асықпайсыңдар ма?
– Асыққанда қалай! Әр минут қымбат болып тұр.
– Төлемесеңдер, отыра бересіңдер. Бізге бәрібір дедім ғой,– деп жігіт құтыра түсті.
Қалибек өзінің өмірінде мұндайлардың талайын көрген. Байсалды дауыспен, асықпай сөйледі:
– Мына боранда Шымкентке жетуіміз керек болып тұр. Жан досым реанимацияда өлім аузында жатыр. Соны ажалдан алып қаламын ба деп жанталасып бара жатқан жайым бар. Сен де қазақтың бір баласысың ғой, көмегің болсын. Бес мың теңгеңді берейін. Бізді жолға салып жібер. Сауап аласың,– деді.
– Сауап бізге нан болмайды. Ақша керек, ақша! Пестенбей, айтқанды істесеңдерші!– деді қиқар жігіт.
Оның төбелес іздеп, тиісерге желеу таппай отырғанын түсінген Қалибектің жыны келе бастады.
– Созбақтамай, ойыңды ашып айтсаңшы,– деді ол турасына көшіп.
– Айтқанда, қазір,– деп тракторшы есігін тарс жауып алды да, іште отырған екі серіктесімен күбір-күбір сөйлесті.
– Бұлармен неге саудаласып отырмыз? Қалталарында барын сыпырып алайық,– деп екі жігіт трактордан түсе берді. Бірінің қолында пышақ, бірінің қолында білеудей сом темір бар. Қалибек пен Әділ олардың ниетін біліп қалды. Ағайынды екеуі де алысқанын жығатын. Қолына пышақ ұстаған, қапсағай денелі, мығым жігіт трактордың алдыңғы жағынан шығып, Қалибекке ұмтылған. Жас күнінен шымыр өскен Қалибек жігіттің қолын қағып, білегінен жұлқа тартты да екі көздің ортасынан басымен періп қалды. Жігіт кескен теректей сылқ ете түсті. Әділ де өзіне бұрылған бұзақыны көз ілеспес шапшаңдықпен шықшыттан ұрып сұлатты. Ілбістей атылып барып, балғадай жұдырығымен кеудесінен екі соқты. Кеңсірігінен қан сорғалаған қапсағай жігіт орнынан көтеріле бергенде, Қалибек қабырғасын қақырата тепті. Ол көкірегінен оңдырмай тиген соққыдан шалқалай құлады.
Көзді ашып-жұмғанша екі серігінің екі жерде сұлап жатқанын көрген тракторшы жігіт қорқып кетті. Қалибек ашу үстінде ай-шайға қарамай оны трактордың кабинасынан суырып алды да, қарулы саусақтарымен кеңірдегін мытып жіберді.
– Әкеңнің ауызын… Осы жерде өлтіре салайын ба?– деп жұдырығын көтере бергенде қолдарымен басын бей-берекет қалқалап, үрейден дір-дір еткен тракторшының:
– Ұрма! Ұрма!– деген жан дауысы шықты,– Өзім… Өзім…–деді ол кеңірдегін қысқаштай қысып тұрған қолдан қалай тартынса да босай алмай. Қылғынып, қырылдай сөйледі:– Ұрма! Өзім шығарып беремін…
Қалибек тракторшының кеңірдегіне қарысып қалған саусақтарын босатып:
– Тез қимылда!– деп бұйырды кеудесінен қатты нұқып. Тракторшы сасқалақтаған күйі рульге отырды. Ол бұрылып келгенше Әділ әр жерде ыңырсып жатқан екі бұзақыны сүйрелеп, жолдың жиегіне шығарды. Қалибек тракторға тіркеу үшін тросты дайындай берді. Машинаны тіркеген соң Қалибек әбжіл қимылдап тракторшының жанына жайғасты да:
– Тарт!– деді бұйырып. Таудай Касемсот «Аудиді» қуыршақ құрлы көрмей қырдың басына сүйреп шықты.
Таң қылаң бере бастапты. Ұйытқып соққан қардың екпіні басылар емес.
Қалибек трактордан түсіп, машинаға отырған соң Әділге:
– Ал, заулай бер!– деді. Екеуі құдды бір алапат майданнан жеңіспен қайтқан батырлардай. Бір-біріне риза еді. Біраз жерге дейін «Күйік асуындағы соғыстың» хикаяларын айтып, кіжінісіп отырды.
Шақпақтың беліне жақындағанда қарға адым жерді көру мұң болды. Сай-саланы соқыр тұман басқан. Еселеп, түнере жауған қар машинаның әйнегін бірпәсте жауып қалады. Айнала боп-боз. Жол көрінбейді. Бейне бір жердің бетінде емес қиыр шеті көрінбейтін аспанда ұшып келе жатқандай. Белгі болардай қарауытқан қара жоқ.
Шақпақтың желі – ерекше құбылыс. Жай күндердің өзінде басқа аймақ аман тұрғанда дәл осы Шақпақ асуы борандатып жатады. Тәкаппар Тәңіртау мен қарт Қаратаудың түйісетін тұсы бұл. Үлкен Қаратау жоталарының Құлантау арқылы өтетін Шақпақ асуы Ұлы Жібек жолының керуен жолы болған. Шақпақтың желі шығыстан батысқа қарай бірнеше тәулік соғып тұрады. Осы маңда туып өскен Шерағаңның: «Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау… Арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді…» деп назданғаны бар. Шақпақтың желі таңдамай ұшырады. Көктемде, күзде жел күшіне мінгенде тіпті құстардың өзі жер бауырлап қалады дейді.
Әділдің жолды қалай ажыратып келе жатқанына Қалибек таң қалып отыр. Ес білгелі жүргізуші болған інісінің жерге қаратпасына сенеді. Олар машақаты мол Шақпақтың асуынан да, одан кейінгі тік өрлейтін Машаттың асуынан да аман өтіп, сағат таңғы тоғыздан асқанда Шымкент шаһарына кірді.
– Жеттік-ау, әйтеуір! Алматыдан шыққалы он алты сағат жүріппіз,– деді Қалибек сағатына қарап.
– Жаздың күні болса алты сағатта жетіп келетін жер еді. Мына боранның әлегі болды ғой,– деп Әділ темекі тұтатты. Жүзі шаршаңқы.
– Мен әуелі Киікбайға телефон соғайын,– деп Қалибек оның телефон нөмірін терді.
– Алло, ассалаумағалейкум! Мен Қалибек деген құрдасыңыз едім.
– Қалеке, аман-есен жеттіңіздер ме?– деді Киікбай бұрыннан таныс адамдай жайдары сөйлеп,– Жаңа Тілектес нағашым звондап, мән-жайды айтты. Сіздің арқаңызда бір ажалдан қалдым дейді. Рахмет! Досыңыз қай ауруханада жатыр? Маған аты-жөнін айтсаңыз. Қолдан келгенше көмектесемін.
– Рахмет, құрдас! Қалаға жаңа кірдік. Айтпақшы, бүгін сіздің туған күніңіз деп еді. Қырық жасыңыз құтты болсын!
– А-а, рахмет, рахмет! Досыңыздың атын айтыңыз.
– Облыстық аурухананың реанимация бөлімінде жатыр екен. Аты Қасым, фамилиясы Наурызбаев. «Өкпе артериясының тромбоэмболиясы» деген диагноз қойыпты.
– Біздің қасымызда екен. Сіз келе беріңіз. Мен қазір тауып, жағдайын білемін. Ең мықты мамандарға тапсырамын. Сол кісінің жанында жолығамыз,– деп Киікбай трубканы қойды. Қалибек сүйсініп қалды. Тілектес ағаның шын тілекші болып жатқанына қатты риза болды.
– Енді Майрашқа соғайын,– деп нөмірін терді. Ол трубканы көтермеді. Тағы терді. Көтермеді. Адамның көңілі құбылмалы ғой. Жаңа ғана Киікбайдың сөзінен кейін көкірегі қуанышқа толғандай еді, енді аяқ астынан уайымдай бастады. «Тек аман болса екен! Аман болса екен!» деп күбірледі.
– Облыстық ауруханаға тіке тарт. Сол жерден тауып аламыз,– деді Әділге.
Реанимация бөлімінің алдында күтіп отырған Майраш Қалибекті көргенде орнынан ұшып тұрып, қарсы жүрді. Екі көзі білеудей болып ісіп кетіпті. Туған бауырын көргендей Қалибекті құшақтай алып, еңіреп жылап жіберді.
– Сабыр ет! Сабыр ет! Әлі-ақ бәрі жақсы болады,– деді бұл Майраштың арқасынан қағып.
– Әлі есін жиған жоқ. Аппараттың астында жатыр. Түнімен осы жерде отырдым. Не болар екен, құдай-ай?– деп Майраш жаулығының ұшымен көзін сүртті. Қалибек реанимацияның есігін еппен ашып, саңылаудан қарап еді, Қасымның айналасында бір топ дәрігер қоршап тұр екен. Есікті қайта жаба қойды. Арада бес-алты минут өткенде іштен ақ халат киген орта бойлы, домалақ жүзді дәрігер шықты. Ол дәлізде отырғандарға байыптай қарап, Қалибекке бұрылды.
– Қалибек, сіз бе?– деп қолын берді,– Мен Киікбаймын. Қалай жеттіңіздер?
– Амалдап келдік. Қасымның жағдайы қалай? Бері қарайтын түрі бар ма?– деді Қалибек досын шын уайымдап.
– Уайымдамаңыздар. Бері қарайды. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір ұйықтап жатыр. Үш-төрт сағаттан соң өзіне келе бастайды. Сіздер мына дәрілерді тездетіп тауып келіңіздер. Басқасы өзімізде бар,– деп тілдей қағазға үш дәрінің атын жазды.– Бұлар өте қымбат дәрілер. Осыдан тез оңалады.
Қалибек пен Әділ жанұшыра іздеп, екі-үш жерге барып, айтқан дәрілерді тез жеткізді. Дәрілерді қабылдап алған дәрігер:
– Бұл жақсы болды. Қазір қолданамыз. Енді уайымдамаңыздар,– деп ішке кіріп кетті.
Түсқайта Қасым көзін ашты. Қалибек иығына ақ халат жамылып жан досының қасында отыр. Оның оң қолын алақанына салып, достық көңілін сездіргендей қысып-қысып қойды. Қасым қатты әлсіреп қалыпты. Әлсіз дауыспен әрең сөйлеп:
– Қали, саған ризамын! Бәрін Майраштан естідім. Көмегіңе көп рахмет! Енді бұл пәлекетке бой бермеймін,– деді.
Қали мен Әділ сол күні кеште боранмен алысып жүріп Аққұм ауылындағы қара шаңыраққа жетіп тоқтады. Көптен сағынған анасы мен бауырларының құшағына еніп, мейіріміне бөленді. Жолдан сілесі қатып, шаршап келген екеуі кешкі асты ішкен соң ертерек жатып қалды.
Қалибектің ерте тұратын әдеті еді. Таң қараңғысында тысқа шықты. Туған үйдің төсегінде жатқаннан ба, ұйқысы қанып қалыпты. Далада қар басылған екен. Таза ауаны терең жұтып, қос қолын айқара созып, рахаттанып керіліп алды. Қалың қарды күпілдете кешіп қора жақты аралап қайтты. Қалада жүргенде ауылдың көңінің иісін де сағынады. Қораның есігін сықырлата ашып, ішіне кіріп, жылқыны да, сиырды да бір-бір сипап шықты.
Шіркін, ауыл! Қалың қардың астында шағын ауыл мүлгіп тұр. Балалық шағы көз алдынан тізіліп өтті. Қалибек үшін осы ауыл Жер жаһанның кіндігі сияқты көрінеді. «Әркімнің туған жері – Мекке-Мәдина шаһары» деген. Қалибектің Меккесі де, Мәдинасы да осы ауыл. Бір күні мәңгілік ұйқыға кетсе, келіп жататын қасиетті топырағы да осы ауылдың төбесінде. Аққұмда өткен өмірін есіне алып, біраз тебіреніп тұрды.
Қалибек қайтар жолды ойлады. Құмалақшы Әлиманың айтқандары ойына оралды. «Киіктің бұрқағы». Бүгін Желтоқсанның он сегізі болды. «Он жетінші — он сегізінші жұлдыздары қауіпті» деген еді. Он жетісінен әйтеуір аман өтті. Бірақ жолда көрген азабын қалай ұмытады? Батырға да жан керек. Бүгін жолға шықпауға бекінді. Ертең жол басылып, күннің көзі ашылғанда шығайын деп шешті. Тағы бір күн анасының қасында болып, мауқын басқысы келді.
Таңғы шәйді ішіп бола бергенде Алматыдан Әділдің үйіндегі келін телефон соқты. Ол жазатайым құлап, тобығын тайдырып алыпты. Аяғын мүлдем баса алмай қалған көрінеді. Әділден маза кетті.
– Жолға жиналайық. Жаным тыным табар емес,– деді Әділ күйіп-пісіп.
– Ертең жүрсек деп едім. Амал қанша?– деп Қалибек келісім берді.
Екеуі қас қағым әлетте үйдегілермен қоштасып, машинаға отырды да ауылдан шығып кетті. Жолды қысқарту үшін Шымкентке соқпай Қарамұрттың төте жолымен ілбіп, Манкентті айналып Алматыға баратын күре жолға түсті. Ары-бері жүрген үлкенді-кішілі көліктің қарасы көбейіпті. Кешегідей емес, Қалибек бүгін «Киіктің бұрқағын» іштей қатты уайым қылды. Әлиманың «Автокатострофаға түсуің мүмкін» дегені ойынан кетпей-ақ қойды. Күре жолға шыққанда байқағаны трасса көктайғақ екен. Таңнан бері жүріп жатқан көп көлік жолдың қарын теп-тегіс етіп таптаған. Күннің көзі шыққан соң жолдың беті жылтырап, жаяу адам аяғында тұра алмастай «мұз айдынына» айналыпты. Әдетте қырық минутта жетіп баратын Түлкібасқа дейін тасбақа аяңмен жылыстап, екі сағат жүрді. Қалибек Әділге байқатпағанмен, іштей Аллаға жалбарынып, дұғасын оқып келеді.
Тағы бірер сағат жүргенде бұлар Күйік асуынан өтіп, Таразға таяу жердегі Айша бибінің кесенесіне бұрылды.
– Құран оқып шығайық,– деді Қалибек,– Әруақтардың разылығы үшін. Ұзақ жолда не күтіп тұрғанын кім біледі? Әулиелердің, ата-бабаларымыздың рухы жебеп жүрер.
Қалибек қатым Құранға жүйрік. Университетте араб тілін жетік оқыған. Көптеген сүрелердің мағынасын сөзбе сөз түсініп оқиды. Әуелі кесененің шырақшысына бір пара Құран оқытты. Содан кейін өзі әдемі мақаммен «Аятүл күрсі», «Ясин», тағы бірнеше қысқа сүрелерді қайталады. Сүт пісірім уақыт оқылған сүрелерден кейін, Аллаға жалбарынып ұзақ дұға жасады.
Қордай асуының биігіне шыққанда түн қараңғылығы қоюланып қалған кез болатын. Рульде Әділ отырған. Жолдың оң жақ беті құлама жар еді. Бұлардың қарсы алдынан шамдары жарқыраған Камаз көрінді. Артқы жақтан тағы бір Камаз тақалып келеді. Ауыр жүк көліктері сірідей қатқан көктайғақ мұздың үстінде тежегішті басқанмен тоқтай алмасы анық. Бір сыдырғы жылдамдықпен жүйіткіп келе жатқан «Ауди» кенет ғайыптан тайып, көктайғақтан шатқаяқтап кетті де, Әділдің ырқына бағынбай иректей жөнелді. Қалибек: – Абайла!– деп айғайлап жіберді. «Ауди» сырғанаған күйі жүз сексен градусқа айналып, қарсы жолаққа шығып үлгерді. Шығысты беттеп келе жатқан арттағы Камаз гүжілдеп, желімен сипап өте шықты. Бұл сәтте жаңа ғана алдынан көрінген Камаз да зулап келіп қалған еді. Әне-міне дегенше бұларды оңдырмай соғып, басып өтетін… Рульді оңды-солды шыр айналдырып, жанталасқан Әділ газды соңына дейін басып кеп жіберді. Машина бесті айғырдай ышқына кісінеп, солға қарай айналды. Сол сәтте «Аудидің» биік жардан төмен қарай ұшарына күмәні қалмаған Қалибек баладай бүрісіп, көзін тарс жұмды. «Өлген деген осы екен!» деп ойлады. Батыс бойлап еңкілдеп келе жатқан Камаз жарға қарай бет алған «Аудидің» артқы сол жақ бұрышын іле соқты. Сарт еткен дауыс шықты. Соққы тиген жеңіл машина жарға жетпей, тайғанақ жолдың үстінде айналып кетті.
Тұмсығын Алматы жаққа қаратып, артқы оң жақ бүйірімен жардың шетіндегі күртік қарға соғылып тоқтады. Бұлардың өлген-тірілгеніне қарамаған Камаз сол екпінімен тоқтамай кете барды.
Қалибектің жүрегі аузынан шыға жаздады. Дір-дір етіп, мелшиіп қатты да қалды. Әділде де өң жоқ. Аман қалғанына көзі жетіп «У-уһ!» деді. Қас қаққандай сәтте қандай жағдайға тап болғандарын бажайлауға мұршалары болмады.
Осы жолы ажалмен анық бетпе-бет келгенін түйсінгенде Қалибектің тұла бойы шымырлап кетті. Дәу қара Камаздың бейнесіне еніп, жүректеріне сұр жебедей қадалғалы келе жатқан сұм ажалдың оғынан ағайынды екеуін Құдай қақты. Жан сақтау мүмкін болмаған алапат апаттан Құдайдың құдіретімен аман қалды.
– Машинаны өшір, Әділ. Сыртқа шық!– деді Қалибек есін жиып.
«Киік бұрқағының» аязды суық түнінде, көзге түртсе көргісіз қараңғыда, түпсіз шыңырау – құлама құздың ұшар басында, ақ қар, көк мұздың үстінде Құбылаға қарап жүрелей отырған күйі Қалибек бас көтермей Құран оқыды. Құран оқып отырып сана түкпірімен ойланды. Өзегін удай қарыған өкінішті ақиқаттың тізбегі санасында сайрап қоя берді:
Біз адамдар – күнәһармыз. Күнаһар болмасақ – Құдайымызды ұмытпас едік. Құдайымызды ұмытпасақ – кеуде керіп, талтаңдап, өзім Құдаймын демес едік, жұмыр жердің бетінде өзіміз мәңгі тұратындай көрмес едік, өткінші өмірдің шынайы мәнін түсінуге тырысар едік, адамгершіліктен аспас едік, иманымызды жоғалтпас едік, сәт сайын күнә кешпес едік. Күнаһар болмасақ… Біз Құдайдың құдіретін неге мойындамаймыз? Оның бізді қаласа өлтіріп, қаласа тірілте алатынына неге сенбейміз? Алла егер қаласа астамсынған пендені бір мезетте мүсәпір ете алатынын неге ұққымыз келмейді? Тәңір панасына алмаса қорғансыз бейшара, сорлы екенімізді неге ойламаймыз? Дәл қазір Құдай қақпағанда қып-қызыл қанға бөгіп, Камаздың астында ма, құлама жардың түбінде ме, мылжа-мылжа ет болып жатпас па едік? О, Тәңірім! Күнәһар пендеңді кешіре гөр! Кешіре гөр!
Қалибек Құдайдың алдында тәубасына жаңа келгендей, жан-жүрегі езіліп жылап жіберді. Әлима құмалақшының «Киіктің бұрқағында» жолға шықпа» дегені осы екен ғой деп түйген ол үйге жеткенше дұғасын іштей қайталаумен болды.

Авторы: Темірғали Көпбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.