Күтпеген кездесу

0 2 821

Біршама жыл бұрын жұмыс бабы­мен жолға шыққан едім. Түн ортасы­нан асқан шақ. Вокзалда адам қарасы мол екен. Көп ұзамай күт­кен пойызымыз келіп тоқтады. Өзге­лермен бірге вагонға кірдім. Орныма жайғасып, қалғи бастаған едім.
– Жігіт, сыра алыңыз, – деген таныс үн ұйқымды шайдай ашты.
Қарсы алдымда Сәния тұр. Иә, соның дәл өзі. Кезінде талай жігіттің арманына айналған сүйкімді, тәкаппар бойжеткен еді. Мені көріп ақшыл өңіне қызыл арай жүгірді. Басын сәл изеп, сәлемдескендей сыңай танытты. Көнетоз киіміне, жүзіндегі әжімге, мөлдір жанарының алдындағы көкшіл түсті ісікке қорланғандай кетуге асықты. Жүрегім дір етті. Оның қысылғанын аңғармағандай отбасы, тұрмыс-тіршілігі, жолдасы жайлы сұрастыра бастадым.
Сәния мүлде өзгеріпті. Сыңғыр күл­кісінен, ашық-жарқын мінезінен жұрнақ та қалмапты. Бұйығы қалпынан тіршілік тауқыметін аз тартпағаны байқалады.
– Сәния, бұрын бізге көз қырыңды да салмайтынсың. Неше перзентің бар? – дегенімде қыстығып жылап жіберді. Әзілімнің орынсыз шыққанына қатты қысылдым. Бойымды өкініш кернеді. Жұбатуға сөз таппай, маңдайымнан шып-шып тер шықты.
Сәлден соң өзіне келіп, ескі пальто­сының қалтасынан алған беторамалымен көзін сүртті. Бір күрсініп алып, әңгімесін бастады:
– «Қайсыбірін айтайын» деген екен бір мұңлық. Бәріне өзім кінәлімін. Мүм­кін, пешенеме солай жазылған шығар. Мектепте жүргенде көрікті әрі белсен­ді оқушы болғанымды өзің де білесің. Сол ажар-көркім мәңгі басымда тұра­тын­дай өзімді асқақ ұстаушы едім. Жай­дары жаздан соң қоңыр күз келетінін ескер­меп­пін. Асау көңілмен сезімін білдір­ген талай жігітке көзімнің қырын да салмайтынмын.
Мектеп бітіретін жылғы жаңа­жылдық би кеші есіңде ме?! Күлгеніңе қарағанда, ұмытпаған екенсің. Сен биге шақырдың. Мен сенімен емес, әскерден бірнеше күн бұрын ғана оралған теңізші формасындағы жігітпен биледім. Би кешінің соңы жанжалға ұласты. Асқар досың екеуің теңізші Мақсатты үйінің алдында аңдып тұрып, ұрып кеттіңдер. Ортаға үлкендер араласып, кешірім алып, дау тоқтады.
Аттестат алған соң бәріміз жан-жаққа тарап кеттік. Мен медициналық училищені бітіріп келіп, ауылдағы медпунктке жұмысқа тұрдым. Мақсат та ауылда шофер болып жұмыс істейді екен. Екеуміздің сөзіміз жара­сып, шаңырақ көтердік. Неге екені белгісіз, үйлену тойыма сен келген жоқсың. Жә, ақталмай-ақ қой. Ол кезде сен ауылда, демалыста жүрген болатынсың.
Біз бақытты едік. Дүниеге тұңғы­­шымыз Ақгүл, кейін Нұрбек келді. Мақсат екеуміз жұмыс істеп, енем зейнетақы алатындықтан, ішіп-жемнен тарықпадық. Тіпті, жалақы­мыз­дан ауыстырып, қаражат жинай бастадық.
Енем мені жанындай жақсы көріп, анамдай әлпештеді. Жолдасым да үй ішіне жайлы болды. Бәрі кенеттен басталды. Кеңшар тарады, техника, мал, өзге де дүние талапайға түсті. Жалақының орнына алғашқыда азық-түлік, басқа да заттар беріліп, кейін ол да тоқтады. Мезгілінде Одаққа танылған шаруашылық әлденеше ұсақ қожалықтарға бөлініп кетті.
Мақсаттың иелігіндегі машинасын біреу жекеге сатып алып, отағасы жұмыссыз қалды. Мен де қысқартуға іліндім. Көпке дейін үйреніскен дағдымен бұрынғы кеңшардың гаражына барып жүрді. Қаңыраған гаражда күні кеше ұжымдас болған, бірі шофер, бірі трак­торист ретінде тер төккен, енді өзіндей жұмыссыз азаматтармен ертеңгі күнге дәмелене қарайтын. Сол азаматтардың қаншасы кейін тағдыр жолынан жаңылды екен?! Неткен, өкінішті!
Ақыры күдерін үзген Мақсат іш­кі­лікке бой алдырды. Алғашқыда мас болып келіп, жас сәбише егіліп жа­тып, ұйықтап қалатын. Келе-келе ма­ған, үй ішіне тиісуді шығарды. Ой, құрдасым-ай, біздің қазіргі күнімізді дұш­панымыздың басына да бермесін дер едім.
Қол қусырып қашанғы отырайын?! Пойыз жағалап, ұсақ-түйек сатуға шық­­қанмын. Күні бойы жүремін. Шаршап-шалдығып үйге келсең, тағы береке жоқ. Араққа тойып алған Мақсат тиісуге сылтау іздеп тұ­рады. Ығыр болдым. Кейде өмірден түңіліп кетемін.. Бірақ, шиеттей бала­ларымды, қарт енемді ойлаймын. Әйтпесе….
Қолда азын-аулақ мал ұстаймыз. Қысылғанда сатқымыз да келеді. Алайда үйде қартымыз бар. Олай-бұлай болса, кімге қолыңды жаясың?!
Біздікі жан бағудың амалы ғой. Бірде заттарымды өткізе алмадым. Салым суға кетіп, ауылға бет алғанмын. Жасы менің баламнан да кіші жолсеріктің тілі ащы екен.
– Әй, қатын. Осырақ қоңыз құсап, қайда өрмелеп барасың? Давай, ақшаңды төле! – деп өңменімнен түйіп жіберді. Қат­ты қорланғанмен, аузымды аша алмадым.
Тағы бірде бір бейтаныс жолаушы «қарап қоярсыз» деп жол сумкасын менің жаныма қойып, өзі әлдеқайда кетіп қалған болатын. Масқара! Жаныма ізшіл итпен жетіп келген полицейлер сумкадан наша тапты. Ойбай, сұмдық! Қолыма кісен салып, дедектетіп бөлімшеге әкелді. Мен байғұс жылап-сықтап, ақталып жатырмын. Сөзімді елеген бір жан табылмады. Тергеушіні шақырды. О, Алла! Тәңірім өзімнің, балаларымның көз жасын көрген шығар. Тергеуші сенің досың Асқар екен. Асқар менің мұндай лас тірлікпен айналыспайтынымды тәртіп сақшыларына айтып, сумкасын тастап кеткен адамның түр-түсін сұрап, бейнероботын жасатты.Сол арқылы нағыз қылмыскер ұсталды. Сондағы қуанған түрімді көрсең ғой.
Осылайша жүріп жатырмыз. Бар үмітім балаларымда. Солар қатарға қо­сыл­са, мен де жетілермін деп ойлаймын.
Сәния ашылып ұзақ сөйледі. Сырттай сыр бермегенмен, ойым астаң-кестең. Балаларының жолында отқа түсуге бар ана махаббаты не деген құдіретті?! – деймін іштей тебіреніп.
Мен Сәниямен қимай қоштастым. Талдырмаш денелі келіншек нағыз алып болып елестеді.

Автор: Жұмабек ТАБЫНБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.