Міне, өмірі осы!
Таң ата баласын сүйреп мектепке апарып тастайды, одан институтына барады, онда аңдысып қалған әйелдерден мылтықсыз майдан көреді. Санасы сарсаңға түсіп, көңіліне мұң ұялап кафедрадағылармен араласпауға тырысады. Сонда да «Ел құлағы елу» – дегендей мұның отбасылық жағдайын біліп алыпты. «Гүлдерайдың күйеуі басқа әйелге бала таптырып, сонымен бірге тұрады екен. Мынаның сүлесоқ болып жүретіні содан», – деп сыртынан өсектейтін көрінеді. Кешке қарай жалғыз ұлды сүйреп үйге қайтады. Төрт қабырғаны күзетеді. Ары кеткенде есік алдындағы ана «екі құлмен» алысады…
«Осы мен Талапты сүйдім бе? – деп ойлап қоятыны бар кейде дәу төсекте жалғыз күйіп-жанып жатқанда. «Дос та емес… ашына да емес… күйеу де емес…» – сонда ол маған кім?! Университетті бітіріп, жасы жиырма беске келгенше сені сүйдім, шаңырақ көтерейік деген еркек атаулы болмады. Әлде көз сала бастағандарды өзі көзге ілмеді ме? Оңтүстікте жиырмадан асқан қызды
жігіт алып қашпаса, не күйеуге тимесе, кәрі қыз санайды. Анасының соңғы кездергі құлаққағыстарынан кейін, кімге болса да тиіп, көзімді құртам деп сансырап жүргенде, Талап кездесті. Екі қыз тапқан әйелімен заңды түрде ажырасқан. «Шаңырағының шайқалғанына мен кінәлі емеспін, басы бос еркек, қызметі бар. Үй-жайы қандай! Мүмкін менімен бақытты болар» – деген үмітпен, өзі іздеп келіп үйіне кіріп алды. Шамасы жеткенше қадірлеп, бақытты еткісі-ақ келген. Әулеттерінде ұл жоқ екен, жомарт Алла жарқ еткізіп қошқардай еркек бала берді. Сол ұлды тапты да пейілі бұзылды.
Қайынатасы беделді, ауқатты кісі еді. Үлкен әйелі қайтыс болып алған екінші әйелі ұл туа алмай, бес қыз тауыпты. Енді, Гүлдерай өзінің ұлын әулеттің мұрагері, бай адамның мирасы деп танып, өгей енеге, жазықсыз қыздарға күн көрсетпеуге көшті. Үлкен шаңырақтың табалдырығынан аттаса болды, не олардан біреу отауға келе қалса құйқа тамыры құрысып, реті келсе шап ете түсіп, ұрысып шыға келетінді шығарды. Алдымен, ұлын қырқынан шығарғанша бағысып берейін деген енесін қудалады. Күйеуіне кім біледі ниеті бұзылып, қызғаныштан баламызға жамандық істеп қойса қайтеміз деп санасын улады. Көмекке жіберген қайынсіңлілерін баланы ұстай алмай, жығып алса, бір жері майып болады деп шулады. Кәрі қыз бала таппайды, бала тапса, қоярға жер таппайды деген бабадан қалған сөз шындық екен. Кәріқыздығымен қоса, зәлімдігі қазықтай басының әр тал шашында жатыр деп өгей енесі айтқандай болып шықты.
Шешесі, сіңлісі үшеуінің қызығы – қара домалағы. Мазақтары – бес қыз туып, өгей ұл мен қара шалдың құлына айналған өгей шеше болатын. Соның қыздары туралы күлкілі әңгіме шығарып, үйлеріне жиған дүниелерінің қандай талғамсыздығын айтып тауыса алмайтын.
Күйеуінің мұрагеріне махаббаты бір жылға ғана жетті. Есіктен кіре қолына алып, шалықтағанын, күлгенін тамашалап отыратын сәттері үзіле бастады. Алғашында жарының неге төсектен суынып жүргенін түсінбеді. Қызмет бабымен іс-сапарым көп дегеніне сеніп, жанына сіңлісін шақырып алып, өз қызығына өзі тоймай, хан сарайдың ханшасындай болып өз-өзінен ісініп жүрді.
Гүлдерай «Әттең, сол кезде емшек сүтімен көтеріп қалғанда ғой….» – деп кейде армандайды. Ұлын екіден асқанша емізіп еді. Бұл баласын бетке ұстап, ұлы жоқтармен жағаласып жүргенде күйеуі Қарагөзді тауып алыпты. Ол да дайын отырған екен, қошқардай ұлды ытқытып шығарыпты.
Қарагөзбен күйеуінің жырын білмей жүре берер ме еді, үйлеріне келіп жүретін сантехник байқамай айтып қалды. «Өткенде Қарагөз жеңгейдің үйіне де дәл осындай ванна қойдық» – деп. «Ол кім?» – деп еді, «Талап көкенің әйелі ше» – деп қарап тұр. «Мен кімімін?» – деді түрі бұзылып. «Сіз туысқаны шығарсыз көкенің, мен сізді танымаймын ғой, бұрын» – деді шикіл сары жігіт. «Мен әйелімін, ұлым бар, Қарагөз жеңге деп біреуді шатастырып тұрсың» – деді. Анау да бір марқасқа екен: «Қарагөз жеңгейдің де емшекте ұлы бар, көкені мен сол үйде көрем ылғи» – деді. Тіпті, осы айтып тұрғаным ұят емес пе деп ыңғайсызданбады да, иығынан бір жүк түскендей болып, рахаттана ары қарай тірлігін жасай берді.
Сантехниктің рахаты мұның жанын шырқыратты. Ол жұмысын бітіргенше шыдамай, екінші қабатқа көтеріліп, күйеуіне телефон шалды. Қара телефонның жаны шықты-ау дегенде Талаптың «әлө!» – деген зор даусын естіді. «Мен ғой, Гүлдерай!» – деді бұл. «Біліп тұрмын. Не бопты сенің даусыңды танымай» – деп кергіді байы. «Қарагөздің қасында жатырмысың?» – деп тергеп келе жатыр еді, дес беретін бай бар ма?! «Әй, сен не сандалып тұрсың?» – дегенде мына жақтан бұл дереу есін жиды да ары қарай не дерін білмей қалды. Бар тапқаны пысылдап жылады. Онысын арғы жақтағысы білді. Білсе, не бопты! Айылын жияр бай көрінбеді. «Неменеге сораңды ағызып тұрсың? Менің қайда жатқанымда не жұмысың бар, а?!» – деп ақырып жіберді. Мынау тұтқаның бер жағынан селк ете түсті. Үндемей тұра берді. «Неге үнің өшіп қалды. Мені тергейін деп едің болмады ма? Жатырмын Қарагөздің қойнында. Сен тапқан ұлды ол да тауып берді. Қыз тапқан қатынды басынушы едің ғой. Адамды қорлаған қалай екен?!» – дейді, өзі бастап өгей шешесіне айдап салатынын ұмытып. Бұл шыдай алмай, тұтқаны тастай салды. Сантехникті жұмысын аяқтатпай қуып шықты. Баласы қорқады деп те ойламады, үш қабатты басына көтеріп аңырап жылады. Тек дауыс салып аңырады. Сөз айтпады. Кімге айтсын, сөзін төрт қабырғадан басқа ұғар жан жоқ…
Ертесі жексенбі болатын. Ауладағы алабайға тамақ құйып жатқан Жағыппармен туысындай құшақтаса амандасып тұрған байын көрді. «Екіжүзді! Біреудің қанын ішсе, рахат алады. Әшейінде «Малғұн!» – деп жүретін Жағыпарға жабысып қапты ғой!»,- деп сөйлей жүріп есіктің кілтін бұрады да шалқайта ашып тастады.
Асханада шәй қойып жатқанда күйеуі жоғарыға келді. Түк болмағандай, ескі әдетімен:
– Қалайсыңдар? – деді.
– Жақсымыз – деп дауысын қаттылау шығарды, кешегі өкпесін еске алып. Өкпеге пысықарған жан бар ма.
– Бала қайда? – деді.
– Жоғарыда ұйықтап жатыр…
– Сен немене кеше мені тергеуге ала бастадың? Мені қорқытам деп жүрмісің? – деп сырттан қолын жумай келген қалпымен дастарханға жақындады.
– Білгім келді, шындығын.
– Мен өзім-ақ айтайын. Тағы бір қатыным мен бір ұлым бар. Солармен тұрып жүрмін.
– Біз ше? – деп көзіне тіке қарап еді,
– Сен осы үйге ие болғаныңа риза бол. Бала менікі. Қарсы болсаң, есік әне! тіпті адам екен демей, сұқ саусағымен есікке көрсетті.
– Талап, неге мені қорлайсың? – деп дауысын шығарып жылап жіберіп еді, күйеуі зәрін төге қарап:
– Өшір үніңді, баланы шошытасың! Мен сені сүйем деген жоқпын. Өзің үйге кіріп алғансың. Ал, мен Қарагөзсіз өмір сүре алмаймын! Оған некенің керегі жоқ. Дүниенің де керегі жоқ! Оған мен аман болсам болды. Ал, сен дүниеқоңызсың! Ана бала үшін ғана ажыраспай жүрмін. Сенде адами қасиет «0»! – деп бас бармағы мен сұқ саусағын түйістіріп, дөңгелек жасап көрсетті.
Сонымен, Гүлдерайдың дәурені өтті…
Қатыны үйден құлағына құя берген соң, өгей ұл анасындай сыйласып жүрген өгей шешеге қырын қарай бастаған. Сөйтіп, жас келін айрандай ұйып отырған шаңырақты ішінен іріте отырып, өз өмірінің де ойранын шығара бастағанын білмеді. Әйелінің айдауымен көңіліненеге әкемнің тапқаны жалғыз ұл мен жалғыз мұрагерге бұйырмайды деген сұғанақ ой кіріп, әкесін өгейлерден бөліп алудың жолын қарастырды. Мына үш қабат сарайды салып бергені, астына елде жоқ көлік алып бергені, көлік жуатын орын ашып бергені бәрі аз, ана алты әйел бәрін жалмап жатқандай көріне берді.
Ескі ауруы қозып, ауруханаға түскен әкесінің халін сұрап келген Талап:
– Көке ана бес қыз бен әйеліңіз алтауы алты жақтап миыңызды ашытып жіберіпті ғой. Солардан алсырақ неге демалмайсыз, сізсіз де жандарын бағады ғой. Алты әйелдің шуы оңай ма?! – деп алдымен орталарына шала тастады. Ақсақал ойланып қалғанын байқап:
– Мен сізге қаражат берейін, пәтер жалдап, үй
қызметшісін ұстап бөлек шығыңыз. Бизнесіңізді мен-ақ, жүргізіп берем. Сіз тек үйде жатып, телефонмен мәселелерін шешіп отырсаңыз болғаны, – деп тағы бықсытты. Шындығында тоғыз қабат мейманханасына апта сайын кезекпен келіп салықшысы бар, санитарлық-эпидемиологиялық, өрт сөндірушілік, экологиялық, т.б. тексерулерден шаршап жүрген үлкен кісі жалғыз ұлдың жаны ашып отыр деп:
– Қатыныма не деймін? – деді алақандай көзімен таңырқай қарап.
– Ажырасамын, шаршадым деңіз – деді безбүйрек бала беті бүлк етпей.
– Отыз жыл тұрып па?! Не үшін десе ше?
– Ақылыңыз көп қой, бір сылтау тапсаңызшы… – деп салмақ салып кете барды.
Сол күннен бастап, ақсақалдың ішіне құрт түсті. Ауруханадан шыққандада жан-дүниесін кеміріп жей берді. Бұл арам ой деген түспесін, түссе қиын екен. Отыз жыл алдын қиып өтпей отасқан жары да, алтындай қыздары да көзіне жат көрініп, өзінің жанжегірлеріндей елестей берді. Күндердің бір күнінде, жат пиғылының құрбаны болған шал бәйбішесіне:
– Мен сені талақ етем! – деді. Іс тігіп отырған кейуананың қолына тебен шаншылды. Көзілдірігі етегіне түсті. Қолы дірілдеп оны алған байқұс:
– Не үшін? – деп таңырқап қарады ақсақалына.
– Сол, талақ етем де, бөлек кетем. Ұлым маған пәтер жалдап, үй қызметшісін ұстатады. Бәрінен шаршадым. Демалғым келеді! – деді кемпірінің көзіне тіктеп қарай алмаса да, дауысын қатайтып.
– Талақ дегеннің не екенін білесің бе?!
– Қатынды тастап кету, ажырасу! – еркек білгіштігін дәлелдегісі келгендей барылдаған дауысымен жауап берді.
– Сөздігіңізде жоқ мұндай сөзді кімнен үйреніп жүрсіз? Еркегінің көзіне шөп салған сайқалға талақ айтылады. Отыз жыл отасып, бес бала тапқан менің не жазығым бар, талақ етіп кететіндей? Кеткің келсе, кете бер! Ажырасамыз деп анық айт! Бекерге жала жаппай! – Әшейінде «сіз» деп сызылып тұратын әйелі ажырайып қарап, сенге көшті. Енді:
– Кетем! – деп бағанағыдай емес, арыны басылып қалған еркек бәсеңдеу айтты.
– Біріншіден, мына үйді өзің салдың. Дүниені өзің таптың. Мен кінәлі болсам, неге сол үйден талақ етіп, қуып шықпайсың! Екіншіден, саған балаңның жаны ашып бара жатса ана өзің салып берген үш қабат үйіне алып, келініңе шәй құйғызып бақпай ма! Жалғыздан жалғыз пәтерге шығарып, үй қызметшісін ұстатып беру де мықтылық болып па?! Қатынына сөзі өтсе жалғыз ұлың ғой, бар, әкесін бақсын, қарсы емеспін. Мен де, ана бір жапырақ еттері кем туған өз ұрығың – қыздарың да ұстамайды! – деп ал енді қатыны ашуға мінді дейсің. Жалпы ақсақалдың әйелі көп ашулана бермейтін, жылына бір рет осылай жыны келіп қалғанда қырып кете жаздайтын. Ондайда ақсақал қыздарына:
– Балалар апаңның қара құйыны келіп қалды, қашайық! Американың «Катрина» дауылы қәзір жайпап кетер! – деп әзілдеп, кішкентайларын көтеріп, жетелей аулаға қашатын. Біраз қыдырып келгенше үй-ішіндегі дауыл тоқтайтын. Сол дауыл тұрып келе жатыр еді…
– Енді мен бәрінен шаршадым – деп жуаси қалған күйеуіне әйелі:
– Шаршасаң, зейнетке шық! Бизнесіңді балаларға үйрет, солар айналыссын деп қанша айттым. Болды енді, мен емес сен талақ боласың! Аузыңнан жаман сөз шықты екен, соның шартын орындайсың! Некеміз бүгіннен бастап бұзылды! – деді де сыртқа шыға жөнелді. Ақсақал аузы аңқиып, бар бәлені басына үйіп алып бөлменің ортасындағы орынтақта отырды да қалды.
Әйелі де дәті берік бәле екен, сол күннен бастап, жатын бөлмеге жоламай, астыңғы қабаттағы залдың диванынан шықпай қойды. Үлкен кісі не ол үйден кете алмайды, не әйелімен жөндеп тілдесе алмайды. Қыздарына айтып қойған ба, олар да суық. Басына бәле тауып берген баласы да хабарсыз жоғалды.«Базардан қайтып келе жатқанда нем бар еді баланы тыңдап, бөлек шығам деп, енді жүрісім мынау үй ішінен үй тігіп, отыз жыл отасып сыралғы болған әйеліме қарсы кеп» – деп жаны күйзелді.Үш ай болғанда әйеліне.
– Бәтіш, сен мені кешірші, сенсіз тұра алмайды екем, татуласайық – деп өмірі жасамағанын жасап, ортадағы ет табақты алдына ысырып бәйек болып көріп еді.
Қатыны ерін баурына алып тағы тулады.
– Сенімен шәриғат жолымен қайта неке қиямыз.
– Жынды ма? Неке қиғаны несі? – деді бұл сасқалақтап.
– Кеңес кезінде неке суын ішпей, қағазбен некелесе салған едік, соның кесірі сенің бұзылып жүргенің. Енді үйге молда шақырып, оқытып неке суын ішіп қайта некелесеміз! Оның үстіне сен мені талақ еткенсің! – деп өткендегісін бетіне қайта шыжғырып басты.
– Бұл жолғы қатынының дауылы «Катриннен» де асып кетті, аяғы – ауылдан аға-жеңгесін алдырып, жетесіз жалғыз ұлын әйелімен қоса шақырып, қаладағы ағайынның басын қосып, бір қошқарды алып ұрып, молдаға оқытып неке суын ішкізіп итін шығарды. Ал, осыдан кейін жазықсыз әйелге жала жауып көр!
Сөйтіп әкесінің табысына толық ие болып, мейманхананы тартып алам деген Талаптың тілегі әдрәм қалды. Өгей шешесі үндемей жүріп әкесіне өктем екен, күллі ағайын-туысының көзінше әкесінің басын одан әрі байлап, шәриғат жолымен некелесіп алды. Енді сорлы әкесі о дүниеге барса да мына «Катрині» қатты қатыннан құтыла алмайтындай болды.
Гүлдерай күйеуінің өзінен суи бастағанына-ақ қайтіп қайта байлап алам деп психологке де, көріпкелге де шапқылады. Көріпкелі құмалағын шашып жіберіп, «күйеуің алыста екен!» – деп бастағанда елең етіп тыңдай қалған, білді ғой, бөлек жүргенін деп. Ары қарай қара кемпір «екі бүйірі тоқ, төрт құбыласы түгел келе жатыр. Үш балаларың болады» – деп сандырақтай жөнелді. Әрине үш қатынның ортасында қағанағы қарық, сағанағы сарық. Балаларын қатындары өздері бағады. «Ойбай, үш бала дей ме, ана қаракөз бәлесі тағы туып алған шығар!» – деп шошып кетті де арнайы әзірлеп отырған сарқұлақ мың теңгесін мыж-мыж еткізіп кемпірдің қолына ұстата салып көлігіне тартты. «Маған қайдағы бала, тағы байға тимесем…» – деп көңілі аласұрып кең төсегіне сыймай таң атырды.
Психологы алдымен өзін тергеуге алды. Сұрамайтыны жоқ «Қалай қосылдыңдар! Сүйдің бе? Өзіңді жақсы көресің бе? Үйде қалай киініп жүресің!» – дей ма-ау! Тығыршықтай денесіне тырсыйтып киген көйлегін де сынға алдыма-ау!
Келесі барғанында лекция оқыды, онысы – адам баласы өмірде екі рет ғашық болады, сенің бала ғашығың кім? Оны аңсайсың ба?» – деген тақырыпта болды. Мектепте, универде көңіліне ұнаған жігіттер мұны менсінбеді. Өздігінен елігіп, ешкімге ынтықпады. Жадында қалатындай ешкім болмапты. «Бала ғашық дейтіндей қолұстасып қыдырып, сүйіскен ешкімім жоқ екен» – деп еді, сен эгоистсің, алғашқы махаббатың да жоқ деп өзіне кінә тақты.
Одан кейінгі сабағында: күйеуіңмен арада эмоционалдық жақындық жетіспейді. Ол данышпан Фрейдтің болжамынша табиғи қажеттіліктен өз еркімен бас тарту деп аталады. Бұл қажеттілік өтелмеген жағдайда, психика және тән жайсыздығы орын алады, адам қапаланып, өзін тығырыққа тірелгендей сезінетін көрінеді. Мұндай күреске тіршілікке қажетті энергия көп жұмсалады, сондықтан оған екінің бірі төтеп бере алмайды. Әлі жассың, қалайда күйеуіңмен тіл табысып, тән құмарыңды басуың керек. Не болмаса, ажырас! Не сырттан ләззат ізде!» – деп теріс жолға сілтеп, әр сеансына бес мың теңгеден қақшып алды да шығарып салды.
Сырлас-мұңдас ешкімі де жоқ. Кейде панасыз сәбидей болып, жанарына жас келіп, тамағына тас келіп жұмыстан оралады. Бір жерге қонаққа барған емес, не өзі біреуді үйіне шақыра алмайды. Өзінің туған күнін соңғы рет қашан тойлағаны есінде жоқ. Осылай жалғыздыққа жанын жегізіп, көңілі құлазып күндер мен түндер өтіп жатыр. Мына жалпақ дүниедегі бары да, нары да – жалғыз ұлы Шыңғысы. Ол да отау иесі болатын он үштен аттады. Есі кіріп қалған ба, өткенде «Апа, осы әкем неге бізбен тұрмайды?» – деп сұрады. «Оның жұмысы өте жауапты, шаруасы көп, шет елге, облыстарға жиі шығады» – дегендей сандырақ жауап беріп жатыр еді, біттей бала бетіне таңдана қарап: «бәрінің әкесі жұмыста. Олар үйлеріне қонуға келеді ғой. Жігердің әкесі Ақ Ордада істейді екен. Соның өзі ата-аналар жиналысына келіпті апай айтты. «Әкеңе сәлем айта бар, қарбалас жұмысынан уақыт тауып келгеніне рахмет!» – деді. Менің әкемнің түрін ешкім көрген емес. Тек бірге түскен суреттерімізді телефоннан ғана көрсетем балаларға» – деді.
Гүлдерайға бұл дүниеде ештеңе керек болмай қалды. Төркініне де барғысы келмейді, көшеге де шыққысы келмейді. Үйге бірнәрсе керек-ау деп дүкенге де барғысы келмейді. Айнаға да қарағысы келмейді. Баласына болмаса асханаға кіріп тамақ та жасағысы келмейді. Тіпті тамаққа тәбеті де жоқ. Ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ. Басы айнала берген соң дәрігерге қаралды. Бәленбай иттен тұратын диогноз қойып, бәленбай теңгенің дәрісін жазып берді. Әттең, осылардың бәрінің емі – жалғыз ғана күйеуінің жүрегін жылытатын бір ауыз сөзімен жазылатынын білсе ғой. Сол қарадомалақ қабағын ашып қарап, осы үйге кіріп-шығып жүрсе ғой…
Жылдар өте келе Гүлдерайдың психологиясы өзгерді. Мейірімнен, махаббаттан айырылып, қатігезденіп кеткендей. «Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы шығар» – деді де, көндігудің қалыбына түсіп, тірі жесірдің қамытын киді.
Талап енді осы тағдырын да көп көріпті…
Гүлдәрі баласын жазғы демалыста мектеп жанындағы лагерге жіберіп, өзі институттың бітпейтін тірлігімен үйге кештеу оралған. Қақпадан енгені сол еді, көзі үйдің шалқайып ашық тұрған сыртқы есігіне түсті. «Тәкең келген бе? Көптен хабарсыз болып еді, қайдан оралды екен?» – деген оймен асығыс адымдай басып үйге енді. Кіреберісте екі еркектің аяқкиімі жатты. «Біреуді ерте келген бе?» – деп сөреге сөмкесін қойып жатып, ішке мойнын созды. Залдан ешкім көрінбеді. Асхана жақтан да тырс еткен дыбыс жоқ. Жоғарғы қабатқа көтерілетін баспалдақтың жанына келіп, мойнын жоғарыға созды. Ол жақтан да қыбырлаған жан байқалмайды. «Терресада жүрген шығар» – деп күбірледі де баспалдақпен жәйлап басып көтеріліп келе жатыр еді, терресаның есігін ашып Талап шыға келді. Жанында бір жастау қайыс қара бар.
– Гүлдерай, келдің бе? Қалайсыңдар? – деді күйеуі ежелден амандасатын әдетімен. Жанындағысы да «Сәлеметсіз…» – деп амандықтың ырымын жасады.
– Сәлеметсіздер ме?! Мен жұмыстан жаңа келдім…
– Бала қайда? – деді ері, бұл да өзгермейтін сауалы.
– Жаздық лагерде…
– Сұлтанбек, саған өзім хабар берем келер жетіде – деді де қара жігітке қоштасу рәсімін жасап, қолын ұсынды. Анау да бір жылпос екен:
– Болды, көке! Айтсаңыз болды ғой. Тездетіп жасап беремін! – деп зыпылдап, аузы-аузына тимеді.
«Не жасатады келер жетіде?» – деп ойлаған әйел кері қарай шегініп, бірінші қабатқа төмендей берді. Жанынан өтіп бара жатқан қара:
– Жеңгей, жақсы сау болыңыз! – деді де кіреберістегі аяқ киімін кимей, қолына ұстап баспалдақпен сыртқа қарай жүгіре жөнелді.
Ері екеуі оңаша қалды. Гүлдәрі шәйнекті тоққа қосып, мұздатқышқа қатырып қойған мәнтіні жанталаса жүріп пісіргішке салып, отқа қойды. Талап залдағы диванда шалжиып жатыр. Теледидарды айғайлатып шетелдік бір топтың концертін тыңдаған түрі. Әйелінің теледидар алдында отырып алып ермек ететін шекілдеуігін ара-арасында тістелеп қояды. Оның қабығын кішкентай табақшаға дұрыс тастамай, маңайының бәрін қоқсытты.
– Тәке, тамаққа келіңіз! – деп шақырған әйелінің даусы қалғып отырғанда алыстан талып жеткендей болды. Жұмулы көзін ашуға ерініп, жата түсті. Гүлдерай шаршап-шалдығып жүрген жарына жаны ашып, жақындап келіп бырдай болып жатқан шекілдеуік қабықтарын алақанымен сыпыра жүріп:
– Тәке, тамақ әзір болды! – деп тағы қайталады. Дауыс тура құлағының түбінен естілгенде еркек есін жиып, қабағын көтерді. Май басқан жіпсік көзі тоңқаңдап жүрген келіншегін көрді.
– Неғып жатырсың-ей! – деді жақтырмай.
– Мына шекілдеуіктің қабықтарын… – деді әйелі сөзінің аяғын жұтып.
– Өзің ғой, істейтін басқа тірлігің жоқ, шемішке шағатын – деді өзін кінәлі етіп. Ол да әдеттегі сөзі. Не болса да Гүлдерайды кінәлі етіп барып, жаны жай табады. Ондайда оған тіл қатпаған абзал. Әйтпесе, бәлеге қалдым дей бер. Құлағыңа кеткенінше тыныштық болмайды. Екі алақанын толтырып алып бұрыла беріп еді:
– Тамақ дайын ба? – деп басын көтерді. – ой,
әкеңнің – деп мойнын қысып бара жатқан галстугын тартқылап, жұлып алды да диванның бас жағына аса салды.
– Дайын, Тәке! – деген әйел асханаға бет алды.
Кешкі ас үнсіз ішілді. Гүлдерайдың отырысы – бірдеңеге кінәлі міскіннің отырысы. Талаптың отырысы – орындығына біреу зорлап ұстап отырғандай амалсыз жанның отырысы. Мәнтінің төрт-бесеуін жеп, екі кесе шәйді ішкен соң барып:
– Гүлдерай, мына үйге күрделі жөндеу болмағалы жиырма жылға аяқ басты – деп бір тоқтады. «А, Құдай, үйді жөндеп бергелі жатыр ма?» – деп, көңіліне қуаныш кірген әйел емексіп қалды. Салбырап отырған басын көтеріп, қиғаштай еріне қарады. Анау, не дер екен дегендей әдейі үнсіз. Әйел елең еткені болмаса, ләм-мим демеді. Шыдамы таусылған еркек:
– Соны жөндетсем бе деп отырмын. Саған Шыңғыс екеуіңе мектепке жақын жерден екі бөлмелі пәтер көріп қойдым, сенің институтыңа да жақын. Сонда көшіңдер! – деп жалғастырып барып, тағы үнсіз қалды.«Е, мені сөйтіп алдап, осы үйден қумақ қой. Жөндеген соң Қарагөз сайқалмен осында көшіп кірмекші ғой» – деп әйелдің басында ойлар сумаңдады. Тағы не дер екен деп аңысын аңдыды. Сол үнсіздігімен күйеуінің әбден зығырданын қайнатты.
– Әй, сен естімей отырмысың, әлде ерегесіп отырмысың? – деп барқ етті Талап. Әйел бұдан әрі үндемесе жақсылық болмасын біліп:
– Естіп отырмын. Ойланып отырмын. Ақша шығарып пәтер сатып алып қайтесіз, Шықатай екеуміз Жағыпарларға бір бөлмені босаттырып сонда тұра береміз ғой, ремонт біткенше, – деп қулыққа көшті.
– Сен бұл үйден біржола кетесің. Шыңғыс үшін пәтер алып отырмын. Бұл үй көкемдікі екенін ұмыттың ба? – деді күйеуі зілді дауыспен.
– Көкем ұлым үшін салдым, Шыңғысымның шаңырағы деп отырушы еді ғой, – деді Гүлдерай, шынында ақсақал жалғыз мұрагерін шексіз жақсы көретін. Осы үйге келгенде:
– Шықатайдың шаңырағына рұқсат па?! – деп әзілдеп рұқсат сұрайтыны болатын. Гүлдерай соны есіне түсіре қойды керек кезінде.
– Онда Шыңғыс жалғыз болатын. Қәзір екі ағайынды. Құдай бұйырса үш ағайынды болады. Абайдың әкеден алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жайым жоқ дегеніндей, алтау да болып қалар әпке-қарындастарымен, – деп даусын созып, маңғаздана сөйлеп кетті. Гүлдерайдың іші мұздап, аяқ-қолы дірілдеп, қолындағы шәй қасығымен кесесін сылдырлатып қоя берді.
– Менің де туғым келіп еді ғой, не жазығым бар? – деді бар тапқаны. Сен төсектен суындың, қойныма жатпадың деп кіналай алмады.
– Мен саған баяғыда айтқам, бала керек болса туып ал, бірақ менен емес дегем, – деп, Талап түк болмағандай, тіс шұқығыштың біреуін алды да, аузын кергілеп, өзі де араш-араш тістерінің арасын шұқылай бастады.
– Сізде, біреуге обал ғой деген бола ма? Менің жазығым не?! – деп мына қорлыққа шыдай алмаған әйел жылап жіберді.
Шынында осы жағдайда Гүлдерайдың жазығы не? Бейшара әйел неден жазып қалғанын білмей дал. Тіпті, Талаптың өзі де білмейді, осы әйелді неліктен жазғырып, жар құшағынан қағып, төсектен теуіп қыспаққа түсіргенін. Жан досым деп жүрген Біржанға осы жағдайды айтып еді:
– Ол байқұс әйелді иттей етіп үй күзеттіріп байлап ұстағанша неге ажыраспайсың, обал емес пе? – деген болатын.
– Өзі жабысып келді ғой, тоқал боп жүре берсін, – деп еді.
– Есің дұрыс па, тоқалдың төсекте кезегі болады. Сен соны бұзып жүрсің. Ол, Ислам дінінде де теріс. Тоқал да, басқа әйеліңдей сенің қойныңа жатып бала табады. Табиғаттың заңын бұзып жүрсің. Қанша әйелің болса, бәріне бірдей қарап, бірдей жағдай жасап, төсегіне кезекпен баруың керек. Сен обал-сауапты ұмытыпсың! – деп өзін жазғырған болатын.«Осы мәнжубасқа сыр ашып жүрген менің де есім дұрыс емес! – деп өзін іштей жазғырған Талап содан кейін отбасылық сырын ешкімге ашпайтын болған.