…Межелі мезгілде Әмір белгіленген кафеге келіп кірді де, оңашалау отырған үшеуге тесіле қарап біраз тұрды. Сосын барменге барып айналмалы орындыққа отырып ішімдік ішті. Стол басындағы үшеуге тағы сүзе қарап шықты. Онда отырғандар Куба, «казачествоның» басшысы Сатулгин деген және бизнесмен. Сатулгин Кубаға ақша беріп бизнесменді бірге кәсіпкерлікпен айналысуға көндіріп беруді өтінген. «Казачество» қорына ресейлік саясаткерлер мен байлардан түсе бастаған қомақты қаржыны айналымға салып қызығын көру үшін бизнес-серік керек еді.
Куба қасындағы екеуге «анау екеуіңе қадалып қарап отырған қазақ «киллер» ортақ тіл табыса алмасақ, сендермен сол сөйлесетін болады» деп зәрелерін бір ұшырып алды. Ақыры екеуі ертесіне алдын ала келісілген орында кездесіп, қомақты нақты қаржыларын ортаға салып, одан Кубаға тиесілі бөлігін беріп, істерін бастайтын болды.
Ертеңіне бұлар кездесу болатын орынға келгенде Сатулгиннің өлігінің үстінен шықты. Куба бизнесменнің сыртында тағы бір мықтылардың барын енді ұқты. Ол:
-Бізді алдап соғыпты. Сатулгинді бізге ілмек, кеттік дереу, — деп екеуі ол жерден табандарын жалтыратты. Енді қалада қалуға болмайды. Бұлар әуежайға бөлек-бөлек жетіп, ұшаққа да бөлек мінетін болды. Куба мұны иығынан құшақтап тұрып «Егер мен ұшаққа мінбесем алаңсыз ұшып кет. Одессадағы мен айтқан Пиратқа бар, оған ескерткем, ол менің достарымды құшақ жая қарсы алады» деді. Бұл оның көзінен әлдебір шарасыздықты көргендей болғанымен «Куба, қамықпа, әлі Қара теңізге бірге шомыламыз» деп иғынан қақты.
Ұшаққа отыру басталса да Куба көрінбеді. Бұл тіркеуден өтіп күту залынан әуежай есігін бақылап отыр. Кенет сыртқы есіктен кірген Куба билет тіркейтін терезеге қарай жылдам басып жақындады. Сол кезде жәй киімді адамдар оны бассалып қолын қайырып тұтқындады. Соны шынылы қабырғадан көріп тұрған Әмірдің жүрегі дір еткенімен бойын тез жиып алды. Кубаның қолға түсіп қалғаны қиын болды. Соған сеніп бармақ болған Одессаға енді бір өзі аттанып барады. Ондағы жағдайы қалай қалыптасарын құдай білсін.
Украинаға жеткенде мұны қатаң тексере қойған жоқ, есесіне орыстарды бастан-аяқ тінтіп, құжаттарына да шұқшиып жатты. Қара теңіздің жағасындағы әсем қала бұған ұнады. Теңіз жағалауындағы шағын дәмхананың біріне кіріп тамақтанып, сосын теңізді тамашалап жағалауда біраз серуендеді. Кубамен бірге келемін ғой, деп Пираттың адресі мен телефоны жазылған қағазды бір қалтасына сала салған. Енді соны тауып алып Пиратқа бармаса болмайды.
Ол Пиратың мұны қалай қарсы алар екен? Бұл оған қонаққа келген жоқ, өз адамдарымен тең ұстай ма, әлде әлдебір ісіне пайдаланып, сосын лақтырып кете ме?! Қалай қарсы алса да бұл «Өзекті жанға бір өлім» демекші ешкімді басындырмайтыны анық. Азар болса ажалы осында кезігер. Жалпы, бекер дүрлігіп туған жерінен тұра қашты. Мүмкін бірден безіп кетпей, біраз бой тасалай тұрғанда барлығы да басылар ма еді. Кубаны паналаймын деп жүріп жер түбіндегі Одессадан бір-ақ шықты. Куба қайтадан темір тордың арғы жағына кететін болар, оны өз Көкшетауында алдап соқты, беделін содан-ақ байқауға болады. Оның баяғыда түрмеде айтып бергенінен бүгінгі қылмыс әлеміндегі жағдай мүлде өзгеріп, айлалы мен әлділер ғана аман қалар ортаға айналып бара жатқанын бұл ұққандай болды. Әрі-беріден соң қасқырлар да бұлай өмір сүрмейді. Қылмыс әлемінің ендігі өмірі шибөрідей шуласып өлексеге таласқан тірлікке айналып бара жатқандай.
Теңізден ескен самал желмен желпіне отырып осындай ойларымен біраз арпалысты. Сосын, елде болайын, қайда болайын пешенеме жазғанынан артық ештеңе де бола қоймас, деп орнынан тұрды. Пираттың үйіне таксимен бармақ ойынан тез қайтты. Кім білсін отыз жылдан бері талай қылмысымен одессалық полицияға танымал криминалдық авторитеттің үйіне бақылау қойылған болса, бұл келмей жатып көзге ілігіп қалады. Не де болса алдымен Пираттың телефонына хабарласуды жөн көрді. Телефонды бірден-ақ көтерген әйел даусы:
Назар Коханович Бутконың хатшысы тыңдап тұр, айта беріңіз, — деді сыңғырлаған әдемі үнмен. Бұл сасып қалды. Сосын Пираттың Куба берген телефонын қайталады. Әйел:
Ия, «Чистота» кооперативі директорының қабылдау бөлмесі, — деді даусы ресмилене түсіп. Бұл не дерін білмей сәл дағдарып тұрып автомат-телефон тұтқасын орнына іле салды. Сонда қалай болып кетті өзі? Бутко деген Пират па, ол директор ма? Куба телефон нөмірін қате берді ме екен?
Не де болса адресімен үйіне қарай барып байқастап көру қажет, деп ойлаған ол таксиге мініп баратын адресін айтып, бірақ үй нөмірін бірнеше санға асырып айтты. Қала ішімен біраз жүрген соң теңізге қарай таянып жағалауға жақын бірыңғай екі-үш қабатты үйлер орналасқан көшенің біріне түскен такси бұған қажет үйден оншақты үй асып барып тоқтады.
Көше бойлап баяу аяңдап келе жатқан ол байлар тұратын ауданға келгенін білді. Айналасы атшаптырым аулалары биік қоршалған бірінен екіншісі әсем үйлердің кейбірінің алдында шетелдік қымбат көліктер қаңтарылып тұр. Бұл іздеген үйінің тұсынан өтіп барып тоқтап, темекі шекті.
Біраз барлап сөлекет ештеңе аңғармаған соң батыл басып келіп қоңырауды басты. Есікті ашқан кірпі шашты еңгезердей жігіт украиншалап жөн сұрады. Мұның азиялық екенін көріп тұрып украиншалағанына қитығып, қазақша жауап бергісі келіп тұрды да, бірақ орысшалап Пиратқа Қазақстаннан Кубадан сәлем ала келгенін айтты. Анау есікті жапты да ұялы телефонымен әлдекіммен өз тілінде сөйлесіп, сосын есікті ашып ішке кіргізді.
Кең аулада үш шетелдік көлік тұр. Әмір алда кірпішаш артта келеді. Еңселі үйдің кіреберісіндегі күзетші мұның үсті-басын түгел тінтіп, екінші қабатқа қарай бастап жүрді.
Қымбат ағаштан жасалған биік қос есікті ашқан жолбасшы мұны ішке кіргізді де есікті сыртынан жапты. Бөлменің орта тұсында түрегеп тұрған алпыстан асқан орта бойлы, арықша келген кісі күлімсіреп қарсы алды. Оң жақтағы диванда отыздардағы кең иықты, толқынды қара шашты біреу отыр. Есік аузында тұрып қалған бұған жымия жақындаған әлгі шал:
Төрлетіңіз, жас досым, қош келіпсіз, — деп ертіп келіп төрдегі жазу столының алдындағы орындыққа отырғызды. Өзі асықпай төрге озып креслосына жайғасты да үнсіз бұған қарады.
Бұл Кубаның жағдайын, өзінің неліктен жалғыз келгенін қысқаша айтты. Пират мұның айтқандарын құлық қоя тыңдап, Кубаның ұсталып қалғанын естігенде «Ия, ия. Обал болған екен, бірақ, қайтерсің, өмір ғой»» деді өзіне өзі сөйлегендей. Әмірге қадала қарап отырған ол Кубаның таяуда өзімен сөйлесіп зонадан шыққанын, осында келмек ойы барын білдіргенін, бірақ бұл туралы ештеңе демегенін айтты. Сөзінің соңында «Ештеңе етпес, біз украиндықтар, оның ішінде одессалықтар өте қонақжаймыз, сен сыйлы мейманымызсың», — деп оң жақта отырған жігітке иек қақты.
Содан ертеңіне кешке дейін мұны ешкім мазалаған жоқ. Оңаша бөлмеде бір жас жігіт керегін әкеліп беріп, күтімін жасады. Кешкілік бірінші қабаттағы үлкен ас бөлмесінде екі адаммен тамақтанып отырған Пират шақыртты. Кешкі ас үстінде бұдан біраз нәрсе сұрап қанықты. Бұл Кубамен зонада болғанын, өзінің Алматыдағы тірлігін қысқаша айтып, Стасты өлтіргені туралы тіс жармады. Бауырластар өзін «Қара Әмір» атайтынын, жаңа жасанды төлқұжаты бойынша кім екенін де айтты. Пират мұның Куба Көкшетауда жасатып берген төлқұжатына қарап отырып «жақсы, тамаша жасалған құжат» деді. Кешкісін кабинетіне ертіп келіп:
Кубаны құрметтейтіндіктен, басқа ойың болмаса осында қалуыңа рұқсат етемін. Жас, денсаулығы мықты, тәуекелшіл жігіттерге бізде жұмыс жетеді, табысың да жаман болмайды. Келіссең, басқа мәселені Акула түсіндіреді, — деп мұның жауабын күтпестен әдеттегі оң жақтағы орнында отырған жігітке қарады. Бұлар есікке беттегенде тоқтатып Акулаға украинша бірдемелерді айтты, анау басын шұлғып жатыр. Дәу де болса мынаны нақты бір істе сынақтан өткізіп алыңдар, деп жатқан болар, деген ой келді Әмірге. Өстіп, Одессадағы өмірі басталды.
Әмір жігіттермен қала ішіндегі, айлақтағы түрлі орындарға барып «салық» жинауға қатысып бір аптадай жүрді. Қалада Пираттың иелігінде бес-алты көңіл көтеретін орындар бар екен. Жүк артатын айлаққа барғанда контейнерден үш жүк машинасына әлдебір картон қораптарды артты. Артқанда бұлар қоршай бақылап тұрды да докерлер мен, жалдамалы адамдар ма, жиырмашақты адам артып берді.
Пират мұндай істерін Акулаға тапсырады және бұл біле қоймайтын, өзі сирек көзге түсетін көзілдірікті ұзынтұра арқылы ісін тындырады. Ал өзі шын аты-жөнімен теңіз жағалауының бір бөлігін тазалап, көркейтумен айналысатын «Чистота» деген кооперативтің директоры екен.
Қала мен теңіз жағалауы Пират секілді ондаған авторитеттердің ықпал ететін аймақтарына бөлінген. Олардың арасында түсіністік бар сияқты. Жаңадан пайда болған фирма, компанияға бірінші ықпал етіп қанатының астына алғанына басқалары таласа қоймайды. Жалпы, одессалық қылмыскерлердің тәртіптері мен жүйеленген жұмыс жүргізу әдістері қалыптасқан. Түсінбестік, ерегес сирек орын алып, оның өзін көп жағдайда авторитеттер жиналып, бейбіт жолмен шешуге күш салады екен. Міне, осындай жағдай қалыптасқан жерде криминалдық топтардың қатардағы боевиктеріне онша қиын еместей көрінеді. Бірақ, қылмыстық топтың аты қылмыстық топ, сондықтан қантөгіссіз, кейде полициямен қақтығыссыз да болмайды. Әмір көбіне бірге жүретін екі серігімен үйренісіп, бұл өміріне де көндіге бастады.
Бұларды Акула шақырды. Пиратқа бағынышты дүкеннің қожайыны өзін армяндық топ бопсалауынан қорғауды өтініпті. Дүкен иесі бұларға тиесілі төлемді уақтылы төлеп тұрады. Ал әлгі армяндық топтың территориясында бұрын филиалы болған екен, оны сатып жіберсе де мұны олар тыныш қоймай жүрген көрінеді. Сол мәселені шешу үшін армян тобымен кездесуге жігіттерді бастап бару Әмірге жүктелді.
Акула мұның көзінше армян тобындағы Тино дегенге телефон шалды. Ол алдымен біраз қиқаңдағанымен Акуланың қатқылдана бастаған даусынан кейін көнді. Кездесу орны мен уақытын айтқан соң Акула «Қатал болмасаң қиын болады» деп қысқаша нұсқау-кеңес берді. Джиптің жүргізушісі Макске «Сен алып барасың» — деді.
Осылай мұздай қаруланған жігіттерімен Әмір Одессадағы алғашқы ісіне аттанды. Жүрегі лүпілдеп, әңгіме қалай болар екен, дегендей көңілі аздап толқып та келеді. Бірақ, қасқырдың жүрегін жұтқан жігіт емес пе, өзін өзі қолға алып, көңілін орнықтырып, нығарлана отырды. Келісілген жер – қаланың теңіз жақ шетіндегі ескі, жартылай жарамсызданған балық өңдеу зауытының ішіне ызғытып келіп бір-ақ тоқтады. Көліктен түсіп бір-бір темекі шегіп үлгермей, үлкен цехтың екінші жағынан бір көлік келіп тоқтады.
Машинадан түскен мығым денелі жігіт бұларға жағалай сүзе қарап:
Акула қайда? Машинада тығылып отыр ма? – деді дөрекілене, алдында тұрғандарды менсінбей сөйлеп. Әмір өзімен деңгейлес, қасқа бас, бүркіт тұмсық мұрынды Тиноның қарсы алдына келіп:
Акуланың орнына мен келдім. Менімен сөйлесесің, — деді. Тино дәл алдындағы азиялықты жаңа көргендей бастан-аяқ түгел сүзе қарап шықты. Содан соң одырая қарап, кекесінмен:
Акуланың қол астында әлдебір паша ма, эмир ма пайда болды деп еді, сол емессің бе, өзің?
Эмирмен сөйлесу бақытына ие болғаныңа қуан. Іске көшейік. Бастарыңа бәле іздеп жүрмесеңдер, енді ол комерсантты ұмытыңдар. Оның дүкені біздің территорияда, сондықтан мазаламаңдар оны, — деді бұл салмақты сөйлеп.
Қайдағы бір «азияттың» өзімен бұйрықты райда сөйлесіп тұрғаны Тиноның ызасын келтірді. Мына азиялықпен сөйлесуді ар көріп тұрған ол «Мәселе қалай шешілсе де біздің босс пен Пират бір дүкен үшін үлкен соғысқа бармасы белгілі. Ендеше мына азиялықты жанындағыларымен қоса сабап жіберген жөн. Сонда Акула келесі жолы өзі келетін болады. Сәтін пайдаланып олардан қорықпайтынымызды көрсетіп қойған теріс болмас» деп ойлап:
Эй, Азият, понимаеш, я с тобой гаварит не буду. Унеси задницу пока я не задрал, я же армянин… – дей берген Тино қақ маңдайдан тиген соққыдан шалқасынан түсті. Екі жақтан да автоматтардың қайырмасы сатырлап, атыс басталып кете жаздады. Қарсы топтан бір дәу шығып Тиноны қолтығынан демеп тұрғызды. Енді не болары Тиноның бір ауыз сөзіне байланысты. Ол Әмірге кектене қарап:
Бұндайды мен кешірмеймін. Иманыңды үйіре бер, сығырайған көзің жұмылып қалғанша жұдырықтаймын. Сосын балыққа жем етіп теңізге лақтырамын, — деді. Бұл екеуінің бірі «өлдім» дегенше жалғасатын жекпе-жекке шақырғаны.
Сөйтіп, дүкен мәселесі жайына қалып, жеке бас намысы үшін жекпе-жек басталды. Бұл төбелестен ешқашан тайсалған емес, Тино да жаман төбелеспейтін сияқты. Кезінде бокспен шұғылданса керек, кейбір соққылары әжептәуір әсер етіп жатыр. Бұлар зауыт іргесіндегі теңіздің жағалауында төбелесіп жатқанда екі-үш жігітімен Акула келді. Ол төбелесті тоқтатқанымен Тино қызуқандыланып «біріміз «қойдым» дегенше, не өлімші болып құлағанша ешкім бізді ажыратпайды» деп өрекпіп қоймады. Сөйтіп төбелес немен аяқталса да, екі топтың адамдары да оқ шығармай бейбіт тарасатын болып келісті де жекпе-жек қайта жалғасты.
Бірі қазақтың байтақ даласында өскен, бірі кавказ тауында өскен екі қылмыскер жігіт намысқа тиер бір сөз үшін жан берісіп, жан алысып төбелесіп жатыр. Бірде бірі, бірде екіншісі басымдау түскен екеуі төбелесе келе теңіздің шетіне түсті. Тізеден аса су кешіп жүріп жұдырықтасып, жұлқыласты. Бір кезде екеуі ұстасып қалды. Күні бойы бір ұстасам деп ұмтылып, бірақ, маңдайына жұдырық тиіп зығырданы қайнаған Әмір қарсыласының соққылағанына қарамай ұстаған жерінен жібермеді. Сосын жамбасқа алды да суға былш еткізді. Тұрып кетуіне мұрша бермей өзі де үстіне міне түсті. Аузы-мұрнына су кіргеніне қарамастан Тиноны астына басқан қалпы сілкілеп, бір қолымен төмпештей су түбіне батырып, тұншықтыра берді. Арасында қазақшалап «мә, саған, балық жемі, өзіңді жемтік етермін» деп қояды кіжіне.
Әлден соң әлдекімдер екі қолтығынан мықтап ұстап кейін сүйретіп әкетті. Акуланың қасына келгенде барып аздап өз-өзіне келгендей болды. Ол мұның иығынан қағып: «Жарадың, жігітім!», деді де Тиноның былқ-сылқ еткен сүлдерін судан сүйретіп шығарып әкетіп бара жатқан армян тобының біреуіне барып сөйлесіп келді. Екі жақ аңдыса машиналарына отырысып, әрқайсысы өз бағыттарына қарай кетті.
Әмір біртіндеп Пират бандасында бедел алып келе жатыр. Пираттың қарамағында бірнеше топ бар екен. Акуланың тобы түрлі мәселе шешу мен қауіпті істерге пайдаланылады. Бұл топтағылардың ең азы зонаға кемі екі мәртеден отырғандар. Ал «қаржыгерлер» деген топтың құрамында адвокат, қаржыгер, менеджер, тағы басқа түрлі интеллигенттер топтасқан. Олар түрлі құжаттармен жұмыс жасайтын шетінен сызылып қалған мәдениетті біреулер.
Бірде Одессаға таяу жердегі бір қаладан түрік фирмасы тері өңдеп, былғары өнім тігіп шығаратын ірі филиалын ашты. Сол цехқа «иелік» етуге үш бірдей криминалдық топ таласып қала жаздады. Олардың әрқайсысының сыпайы сөйлеп сыптай болып киінген өкілдері жеке-жеке әлгі цехтың бастығына кіріп, мәдениетті түрде келіссөз жүргізіп ұсыныстарын білдірді. Пираттың жігіттері де цехтың өнім өндіру қуатын, жылдық табысын есептеп, содан өздеріне нақты қанша пайыз беруі керектігін айтып, олардың алаңсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететіндіктерін білдіріп ұсыныс жасаған. Цех бастығына ойлануға бес күн уақыт берілген. Сөйтсе, бұлардан басқа да екі қылмыстық топ ұсыныстарын жасаған екен.
Пират ол топтың бірінің басшысына телефон шалып ол цехтың өз қамқорлығына алынғанын ескертті. «Қажет десең сол цехқа тапсырыс беріп өзіңе жеке үлгідегі тамаша тон тіктіріп беремін, бірақ, ол цехтан басқа ештеңе де дәметпей-ақ қой, қымбаттым. Мені түсінген боларсың, енді бұл мәселеге оралмайтынымызға сенімдімін», деп ескерткен. Анау не десін, үнсіз келісуге мәжбүр болды.
Мерзімі жетіп Пираттың жігіттері екі машинамен цехқа келді. Әмір аулада жігіттерімен қалды да ішке «қаржыгерлері» кетті. Олардың цех бастығымен келіссөздері созылып кетті. Әмір әлденеден сезіктене бастағанда екі шетел көлігі келіп қақпа алдына тоқтады. Біреу бұларға таянды. Әмірдің бір серігі «Бұлар Демонның адамдары, не істейміз?» деді сасқалақтап. Осы қаладағы ең мықтының бірі Демон деген туралы естіген. Бірақ, Демон түгілі сайтанның сапалағы болса да Акуланың рұқсатынсыз ешкімді де цех ауласына кіргізбейді. Демонның адамы сыпайы сәлемдесіп, өздерін цехқа өткізуді өтінді. Бұл «Ешкім де ішке қарай өтпейді, күш қолданамын деп әуре болмаңдар, өкініп қаласыңдар» деді әлгіге ежірейе қарап. Анау ештеңе деместен өздерінің екінші машинасына барып терезесінен әлдекіммен сөйлесті. Әмір жігіттеріне дайын болуды ескертті.
Кенет алдыңғы машинаның алдыңғы орындығында отырған Альфаны көрді. Бірақ өз көзіне өзі сенбеді. Жалтырбастың бәрі ұқсас келеді. Төрт ай бұрын Алматыда өзі атып кеткен Альфа машинада отырғанына сенгісі келмеді. Бірақ, дәл содан аумайды-ау, аумайды. Кенет көздері түйісіп қалды. Ия, Альфа. Адамдар бір-біріне қаншалықты ұқсас болғанымен ешқашан да көздері мен көзқарастары бірдей адамдар болмайды. Өзіне ақшия қадалған мұздан да суық, көкшіл көздер тек Альфаға ғана тән көздер. Әмір де кірпік қақпай қадала қарады. Мұнда қашып келгеніне қарағанда Алматыда жағдайы болмағаны. Ендеше мұның жігіттері мен Айнаштан кек алуға оның мүмкіндігі бола қоймаған болар. Бірақ бір қалада мұнымен Альфаның қатар жүруі қауіпті. Дегенмен Әмір қандай да қауіпке үйренген.
Осылай тұрғанда мұның ұялы телефоны шырылдады. Тыңдап еді ар жағынан Пираттың биязы даусы естілді.
«Эмир» қымбаттым, жігіттерді ертіп кейін қайтыңдар, — деді ол. Бұл барлық жігіттерін алып үнсіз машинаға мінді де кейін қайтты. Сөйтсе, Демонның жігіттері Демонға «Пираттың Азияты алдымызды бөгеп тұр, не істейміз?» депті. Демон Пиратқа шығып «Түркиядағы фирманың бас кеңсесімен біздің келісіміміз бар. Украинадағы бұл төртінші филиал, бәрі де менің қамқорлығымда. Ал сенің Азиатың жігіттерімді цехқа жолатпай соғыс ашқалы тұр, бізге проблема неге керек» деген. Мәселенің мәнісін түсінген Пират «Түсіндім, проблема болмайды» деп Әмірді кейін шақырған.
Әмір Альфаның көзін құртпаса, ол мұның көзін жоятынын түсінді. Сондықтан үнемі сақ және күтпеген жағдайға іштей әзір жүруге тырысты. Ең қиыны онымен Тиномен төбелескендей жұдырықтасуға болмайды. Ол «спецназдың»-арнаулы жасақтың дайындығынан өткен, жекпе-жектің бірнеше түрінен хабардар адам. Амалын тауып қапы қалдырмаса қиын. Өстіп іштей ширығып жүргенде Альфа ақыры кездесті. Бұл тассоқпақпен келе жатқан, кенет дәл қасына келіп тоқтаған көліктің рөлінде отырған Альфа:
Оңаша әңгіме бар, — деді де машинаның есігін ашты. Альфаның жалғыз екенін көрген соң бұл машинаға мінді.
Әмір рулдегі Альфаның күжірейген желкесі мен тап-тақыр етіп ұстарамен қырылған жалтыр басына қарап отыр. Не істемек? Қайда апармақ? Стастың кегін алмақ па, әлде өлер адам өлді, жырақта жолығып қалдық, бәрін ұмытып тату болайық, дегелі алып келе ме? Әй бірақ, мұндай қандықол бітімгершілікке бара қоймас, бұл жалғыз жортар жыртқыш сияқты қатыгез. Қала сыртына шығарып мұның көзін жоймақ шығар. Одан бұрын қимылдап қара құсынан оқ жалындырса ма екен. оны өлтірсе үлкен жылдамдықпен келе жатқан машина апатқа ұшырап өзі де өлуі мүмкін. Желкесіне қару тіреп машинаны тоқтатқызса ше. Бірақ, ол да ақымақ емес, қаруын сайлап алмай машинаның жүрісін тоқтатпайды.
Оның ойын оқып отырғандай мойнын бұрмастан Альфа:
Әуре болма, қала сыртына шығып сөйлесеміз. Мықты болсаң сонда өлтірерсің, — деді нық дауыспен.
Теңіз жағалай өскен тоғайдың жол жиегіне таяу бір алаңқайына жетіп тоқтады. Машина тоқтар-тоқтамастан Альфа да пистолетін кезене қалды. Қаруларын кезене аңдысқан олар машинадан түсті. Альфа жігіттерше мәселе шешуді ұсынды да бұл ойланып үлгергенше қаруын анадай жерге бірінші болып лақтырып жіберді. Абдырап сасып қалған Әмір қолындағы пистолетін не істерін білмей кідіріп қалды, енді болмағанда қаруын лақтыра жаздаған ол есін жиып қаруын нығыздай ұстап қысып-қысып қойды. Бұл қаруын лақтырмағанына Альфаның жүйкесі ширығып, атып тастар ма екен, деген оймен бұдан ары аңдысуға шыдамы жетпегендей қолымен джинсиінің жамбас тұсын сипалағандай болды да, бұған қарай қолын шалт сілтеп қалды. Бұғуға да үлгермеген Әмір екі мәрте атып қалды. Сөйткенше оң жақ көзі шым ете қалғандай болды. Көзіне бірдеме қадалып ағызып түсіргендей. Маңдайынан екі оқ тиген Альфа жерге сұлай берді. Мұның көзі енді ғана жанын шығара ауыра бастады. Ауырған көзін сипалай беріп кішкене ғана біз-пышақтың көзұясына қадалып тұрғанын сезді. Қолына қан жұғып, өзінің әлсірей бастағанын сезген ол үш-төрт басып машинаға жетіп сүйенді. Сосын, екінші қолымен біз-пышақты қыса ұстап жұлып алып лақтырып жіберді. Көзінің орны ауырғаны сонша қиналғанынан даусы қатты шығып кетті.
Машинаның аптечкасын алған ол аққан көзінің орынын сүртіп қанын тоқтатып тазалады. Өзі қара терге түсіп әбден қиналды. Бірақ жарасын жалап жазатын, қақпанға түссе өз сирағын тілерсегінен тістелеп қиып кететін қасқырдай есінен тана жаздап жаны қинала ағып түскен жаралы көзімен біраз әуреленді. Сәл өзіне келген соң Акулаға телефон шалып, өзінің көзінен ауыр жараланғандықтан көлік жүргізуге шамасы жоғын, көмек жіберуін өтініп, тұрған жерінің жобасын түсіндірді. Акула деміге, әлсірей шыққан оның сөзін бөліп «жігіттер тез жетеді, шыда» деді.
Әмір осылайша кезінде Алматыны шулатқан қатыгез «спецназшыдан» бір көзін беріп құтылды. Пират тиісті адамдарға телефон шалып атақты одессалық көз дәрігері Федоровтың бір шәкірті профессор-дәрігер мұның көзін емдеуге кірісті. Екі айда бұл жасанды көзбен емделіп шықты. Сол мерзімде бір көзбен көруге де үйреніп кетті. Кейде өзінің бір көзінің жоқтығын ұмытып та кететін. Бір көзі кірпік қақпай ақшиып, екінші көзі жеп қоярдай болып қадала қалатын Әмірдің түрі бұрынғысынан да сұстанып алған. Ол жалғыз көзімен ата қарағанда ешкім шыдамайды, жүзін тайдырып әкетеді.
Пират та, айналасындағылар да қандай жағдайда да байсалды қалпынан бір айнымайтын жігітке құрметпен қарайтын болған. Қаладағы криминал әлемі де Пираттың қарамағында «Черный Эмир» дейтін бір азиялықтың пайда болғанын ести бастаған.
Әмір Пираттың теңіздің арғы бетінде жатқан Түркияның қылмысты топтарымен де байланысы барын байқады. Жалпы контрабандалық жолмен бір нәрселерді солай жіберіп, ол жақтан тағы бір нәрселерді алдырады.
Акула біртіндеп Әмірді де түріктермен ортақ іске қатыстыра бастады. Түріктермен кезекті бір кездесу тал түсте айлақтың басында өтті. Айлақта зәкір тастап тұрған түріктің шағын кемесіне Акула бастаған жеті жігіт докерлердің киімін киіп келіп, шағын микроавтобусқа қапшықтар тиеді. Қапшықтағы жазулар арабша жазылған. Бірақ, кейін бұл олардағы жүктің арасында героин болғанын білді. Ілуде бір болатын сәттіліктің арқасында Пират өзінің көңіл көтеру орындарын ғана емес бүкіл қаланы ақ ұнтақты — есірткімен қамтамасыз етіп көп сомада қаржы тапты.
Сол жолы көңілді Пират Әмір мен Акуланы өзімен бірге қала сыртындағы оқшау орналасқан виллаға әкелді. Екі қабатты сәулеті келіскен үйдің айналасындағы атшаптырым ауласы жап-жасыл ағаш, гүлзарлар, бірінші қабатында орналасқан бұларға Пират «Үш күн демаламыз. Маған қарайламай қалауларыңша демалыңдар, сайрандаңдар. Қаласаңдар қыз-қырқын, бильярд, боулинг, сауна, бассейн, атпен қыдыру, теңізге яхтамен шығу, жандарыңа қажеттің бәрі бар. Бәрі үшін төленіп қойылған, сондықтан еркін сайрандаңдар», деді.
Алғашқы күні кешкі асқа дейін үшеуі бірге демалды. Кешкісін Әмір өз бөлмесіне келген соң қызметші жігіт ұсынған қыздардың суреттерінен біреуін таңдап, ертіп келуді тапсырды. Көп өтпей сұңғақ бойлы, қалың қара қасты аққұба онсегіз-онтоғыздардағы сүйкімді қыз келіп кірді. Оксана есімді сұлумен ләззат құшағында таңды атырған Әмір күн тұсау бойы көтерілгенде оянды. Қыз бейкүнә кейіпте мұның құшағында пысылдап ұйықтап жатыр екен. Мына қалпын көріп шыдамай кеткен ол жас әйелді аялай құшып, аймалауға қайта кірісті.
Таңғы асты бөлмеге алдырып ішкен олар атпен сейілдеуге шықты. Ыңғайлы киім киіп, атқорадан ат таңдап мініп, шоқырақтата жортып кетті. Бірде жазықпен, бірде тоғай ішімен, бірде теңіз жағасымен жалғасатын салт серуен маршруты бұған ұнады. Екеуі арасында жүйткітіп шауып, желдірте жорғалатып жарысып та қояды. Қатар келе жатып Әмір өз елінде «Қыз қуу» деген ұлттық ойын – ат спортының түрі барын айтып еді, жүзі нұрланып сұлуланып кеткен Оксана «Ендеше қуып жет, қане» деп сиқырлана күліп тұра шапты. Бұл оны сәл алға жіберіп, тұра қуды. Көптен жылқы мінбегендіктен бе, құла жылқыны қанша басқанымен жете алар емес. Қыз соны сезді ме, атының басын тартыңқырады. Қуып жетіп ат үстінен құшақтап сүймек болғанда екеуі де құлай жаздады, аттарын тоқтатып барып салт қалпы ұзақ сүйісті.
Күндіз Пират пен Акуланың жанында біраз болып, сосын Оксанаға барады. Үш күн бойы тек Оксанамен болған Әмір үшін бұл демалысы нағыз жұмақтағыдай болды.
Қайтатын күні таңертең Пират бұл екеуімен сейілдегендей былайырақ шығып кетіп, тоғай арасындағы оңаша сәкіге келіп жайғасып, әңгіме бастады.
Хлопцы, бұл өте маңызды шаруа. Екеуіңе екі жігіт қосып берем, Ресейге, Рязанға барып алтын алып қайтасыңдар. Кімге, қалай баратындарыңды кейін айтам. Осы бір ірі шаруаны ыңғайластырып тастауымыз керек. Түріктердің ресей алтынын қалай бағалайтынын білесіңдер ғой, ешкім жасамаған ірі «навар» жасаймыз, құдай бұйыртса. Сендердің бұл тапсырманы орындау қолдарыңнан келеді, өте жауапты іс, бірақ екеуіңе де сенемін, — Екеуіне сынай қарап отырып осыны айтқан Пират екеуін қапсыра құшақтап «Егер осы шаруа ойдағыдай орындалса, керемет өмір сүретін боламыз» деп орнынан көтерілді. Демалыс үйінің алдында Макс джиппен келіп күтіп тұр екен.
Қалаға оралған соң бірнеше күннен кейін Пират Акула мен Әмірді шақырды. Үшеуі стол басына жайғасқан соң ол сөзін бірден бастады.
Рязань облысында Қасымов деген қала бар. Сенің хан, сұлтандарыңның бірінің атымен аталып кеткен, — Осылай деп Әмірге қарап қойды. – Сол қалада Қабан деген «законник» бар, оны Акула көрген. Зонада бірге болғам, кейінгі бір түскенімде туған інісін қамқорлығымда ұстағам, кешегі демалыс үйінде менімен бірге демалып кеткені бар, бір сөзбен айтқанда сенімді, іскерлік байланыс жасауға болады.
Қасымовта алтын балқытатын зауыттың жұмыс істегеніне оншақты жыл да болған жоқ, бірақ сол алтынға байланысты үш жылдан бері бас прокуратурасы мен «фэесбэшниктері» үлкен тексеріс жүргізіп, оның біткеніне бірер ай ғана болды. Сондықтан ол қалаға алтын ұрлауға біреу келе қояды деп ешкім де әзір күтпейді. Өйткені, соңғы үш жылда сол қалада ондаған адам өліп, бірнеше топ талқандалды. Қалғандарын ұстап, соттап жіберді. Қабанның өзі ол қалаға бара алмай, ондағы жігіттерін Мәскеуден басқарып отыр. Оның соңында аңдушы көп, сондықтан Әмір алтынды алып қауіпсіз аймаққа шыққан соң ғана сен Мәскеуде Қабанның қолына алтынның ақшасын беріп, келісілген жерге келіп бұлармен қосыласың. Қосылғанда тауарды сырттай ғана бақылап соңынан еріп отырасың.
Мәскеуде алтын тығатын жасырын ұяшықтары бар екі джип дайын тұр. Акула мен серігі Мәскеуге ұшақпен барып Қабанның адамдарымен барлық шаруаны шешеді. Сендер поезбен барасыңдар. Сол жерде жолығып іске кірісесіңдер. Жалпы басшылық Акулаға жүктеледі, екеуіңе қосып бергелі отырған Лука мен Макс те мықты, өздерін дәлелдеген жігіттер. Төртеуің де сенімді серіктерімсіңдер, мұндай істі неғұрлым аз адам білгені жақсы, әйтпесе, бәрі бүлінеді, — деген Пират жігіттермен жоспарды бүге-шігесіне дейін әбден пісіріп талқылады.
Акула мен Лука ұшақпен кетті де бұл Макс екеуі поезға отырды. Жол бойы Әмір алтынды әкелуге таңдап алынған төрттің бірі ретінде өзіне таңдау түскені неліктен екен деген оймен болды. Неге алтынды қабылдап алып Одессаға дейін жеткізу сияқты ең жауапты да қауіпті міндет бұған жүктеліп, Пираттың ең сенімді серігі, орынбасары Акула тек сырттай бақылап жүрмек? Бұл алтынды қолға түсірген соң серігі Макстің көзін жойып, алтынмен бірге ізін жасырса ше? Әлде елінде қылмысты болып қашып жүрген жалғыз жігіт қайда қашады, ешқайда кете алмайды, деп ойлады ма? Әлде, Акула тырп еткізбейді деп сене ме? Болмаса Макске сенетін болар?! Макс мұнымен тұлғасы тақылеттес болғанымен спортшы, бабын сақтап жүргені байқалады. Ол ауған жерінде соғысып, сол жақтан әскери трибуналмен сотталыпты, деп естіген. Бірақ ешкім не үшін сотталғанын білмейді, ауған соғысы туралы кино қойыла қалса Макс көрмей, тұрып кетіп қалатын.
Мәскеуге жеткенше Әмір мен Макс көп сырласты. Макс ауған жерінде жас ауған бүлдіршінін қорғаймын деп орыс офицерін атып сотталыпты. Түрмеден оралған соң Пираттың тазалау мекемесіне жұмысқа тұрып, мұның сотталғанын білген Пират біртіндеп оны өзіне тартыпты. Оның үстіне екі қарындасына қамқорлық жасау үшін көп қаржы керек болып, осындай жолға түсіпті.
Бұлар Мәскеуге жетіп елеусіздеу жерге жайғасып, демалды. Ертеңіне Лука келіп жолықты. Мәскеу түбіндегі Балашиха деген жерден бір-бірінен айнымайтын екі джиптің бірін Лука, екіншісін бұлар мінді. Бұлар Қасымов қаласындағы алтынға жол бастап баратын Қабанның жігіттері мінген «Форд» көлігінің соңына ілесті де, Лука Мәскеуге қайтты.
Рязань облысының солтүстік-шығысына орналасқан Қасымов қаласына жетіп, ағаштан қиюластырып жасалған ескілеу екі қабатты үйлердің біріне келді. «Форд» көлігі әлгі үйдің жанына сәл кідіріп барып ары қарай өтіп кетті. Артынша қақпа ашылды да Макс көлігін ішке кіргізіп бір-ақ тоқтады. Қақпа есігін тез жапқан тоқ балтыр, денесі де ірілеу жас келіншек бұларға келіп сәлемдесті. Қызылшырайлы келіншектің бір кемшін жері бір көзі екіншісімен атысқандай ақилау екен.
Қаракөлеңкелеу бөлменің бірінде бүкшиген кемпір отыр. Сампылдап сөйлеп жүріп Глафира бұларға тамақ берді. Әйелдің сөзшеңдігінен секем алған Әмір түнді күтпей-ақ осы үйдің жертөлесіндегі алтынды артып алып, қаладан тезірек тайып тұру керектігін Макске айтты. «Кешке дейін демалыңдар», деген әйелге бұлар тауарды бірден артатынын айтты. Соның көрсетуімен жертөленің ішкі қабырғаларына цементтеліп тасталған ораулы алтынды абайлап бұзып алып артуға кірісті. Жертөленің терезесіне тақап қойған джиптің астыңғы бөлігіндегі арнайы жасалған ұяшықтарға алтынды түгел орналастырып, бетін мықтап бекітті. Жертөледегі Әмір қасынан жібермей қойған Глафира қанша тыпыршығанымен бұрышта үнсіз отырды. Алтынды машинаның қай жеріне жасырғандарын да көре алмады.
Макс машинаны сайлап жатқанда Әмір Акуламен ұялы телефонмен хабарласып, «Әжейдің сәлемдемесін ұясына қондырдық, екінші вариантпен дәл қазір жолға шығамыз. Кемеліге дейін қуып жет» деді. Кемелінің – Кораблино деген шағын кент екенін Акула білетін. Бірақ оған дейінгі жолдан Қара Әмір алтынды аман алып өте ала ма? Қабанның, немесе басқа біреудің бандылары алтын туралы білсе Қасымовтан ұзатпай-ақ тауарды тартып алуға әрекет етері сөзсіз. Қолына ақша тигеннен кейін Қабан бұлардың тауарына жауапты емес. Акула осыларды сараптай келіп Әмірге Шиловадан шыққан жердегі жол айрығында жолығуды ұсынды.
Әмір оның ұсынысына келісті. Өйткені, Кораблиноға дейін ұзақ, ал Шиловаға төтелетіп қатар жетсе, одан ары бірге жүру қанша дегенмен сенімді. Липецк, Курскі облыстарынан аман өтсе, Украина аумағында Пираттың тапсырған адамдары Одессаға дейін кедергісіз жеткізуге тиіс. Тек украин жеріне жету керек, бірақ ол оңай болмайтын шығар, сірә.
Алтын туралы әжесінің айтқаны есіне түсті. Әжесі: «Қарағым, алтын, асыл бұйым дегендер қашанда жақсылық әкелмейді. Олар бар жерге ажал үйір болады. Алтын көрген адам өз ісіне есеп беруден қалады. «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деп бекер айтылмаған» деп отыратын. Алтынның үстінде отырған Әмір өзін ерекше бір көңіл-күй баурап алғандай болғанын сезіп келеді. «Алтынның өзі түгілі буына адам мас болады» деуші еді, сол ма екен бұны өзгеше күйге бөлеп келе жатқан?!
Қасымов қаласынан шығып оңтүстікті бетке алып жүйіткіп келе жатқан джиптегі екеу трассаға жеткенде алыстан өздерін осында бастап келген «Фордтың» қарасын байқады. Кемпірдің үйін аңдыған ғой. Бұлар келісілген уақыттан бұрын басқа маршрутпен жылыстап бара жатқан соң соңына түсті ме екен? Дәл қазір Акула тауардың ақысын төлеп Мәскеуден Шиловаға қарай келе жатуы тиіс. Онда Қабан адамдарын кейін қайтаруға тиіс еді, бірақ мына «Форд» соңдарынан қалар емес.
Қасымовтан шыққандарына біржарым сағаттай болғанда алдарынан елсіз айдаладан жол жиегінде тұрған жеңіл автомашина көрінді. МАИ инспекторының киімін киген біреу жолдың қақ ортасында ала таяғын саптап тұр. Машина ішінде тағы екі-үш адамның сұлбасы байқалады. Дүрбімен машинаның ішіндегілерді сүзіп шыққан Әмір олардың қарапайым киімдегілер екенін бірінің қолындағы автоматының сорайған ұңғысын байқады. Бұлар маишылар емес, жол торушы қарақшылар екенін білген ол Макске «тұстарына жақындағанда жылдамдықты азайтып, құлаш жетер жерге тоқта, сосын қайтадан зулатып өте шық» деп қос граната мен шолақ автоматын әзірлей бастады.
Джип жақындай бере жылдамдығын күрт төмендеткенін көрген ала таяқты, жолдың қақ ортасымен бұларға қарай алшаңдай басып таяна берді. Әмір кілт тоқтаған машинадан атып шығып қос гранатаны жеңіл машинаға дәлдеп лақтырды да қайта мінді. Орнынан ытқи жөнелген джип ала таяқтыны қаға-маға зулай берді. Граната түсіп жарылған қарақшылардың көлігі отқа оранды.
Бұлар трассамен үлкен жылдамдықпен келе жатыр. Ары-бері өткен автокөліктер өте сирек кездесуде. Арттарынан келе жатқан «Форд» кенет оң жақтағы жанама жолға түсіп біртіндеп бұлардан қашықтай берді. Сәлден соң тал-тоғайдан көрінбей кетті. Әмір олардың мұнысына түсінбей қалды. Қабаннан «ақша қолға тиді» деген хабар алып, бұрылып жөндеріне кетті ме екен? Әлде күні бойы джипке жете алмаған соң әлдебір төте жолмен бұлардың алдын орау үшін бұрылып кетті ме? Қалай болғанда да «Фордтың» қандай себеппен жанама жолға бұрылып кеткенін түсінбеді. Сосын, Ресейдің автомобиль жолдарының картасын алып одан әлгі жанама жолдың Шиловаға соқпай айналып өтіп, алысырақтан барып трассаға қайта қосылатынын көрді. Ал одан да оңға ала берсе біртіндеп Мәскеуге апаратын трассаға түсуге болады екен. Сонда «фордтағылар» Мәскеуге қарай бұрылмақ па, әлде Шилованы айналып өтіп алдарынан күтіп алмақ па? Акулалар Мәскеуден келетін жолмен Шиловаға жетпей осы трассаға шығады. Шиловаға кіре берісте «МАИ» бекеті бар екен.
Әмір Шилованы айналып өтетін жолмен жүру жөн деп тапты. Өйткені, жолда өздері өртеп кеткен машина туралы Шиловаға хабар жетсе бұл бағытпен келе жатқан көліктердің бәрін тоқтатып тексерулері мүмкін. Құжаттары қанша сенімді болғанымен тексерудің аты тексеру, күтпеген жерден бір проблемаға ұрынып қалулары мүмкін. Сондықтан аздап та болса із жасырған жөн. Макс трассамен өтіп жатқан көлік жоқ кезде нөмірін ауыстырып, сосын джиптің белдеуіндегі ою секілді ақшыл түсті орнаментті де алып тастады. Бір қарағанда ол орнамент машинаға бояумен салынған белдеу сияқты көрінгенімен, шындығында жұқа жапсырма кленкамен желімделіп қойған болатын. Оны жұлып алып тастағаннан кейін джиптің ақшыл белдеуінің орны да қалмай, өзі тұтас қара сұрғылт түсті болып шыға келді.
Бұлар осылайша сақтық шарасын жасап, артқа бұрылып әлгінде «Форд» кеткен жанама жолға түсті. Бұл жолмен бір деревняны басып өтіп көп ұзамай Шилованың сыртынан трассаға қайта шығуға болады. Әмір Акуламен хабарласты. Ол «Бәрі жақсы, Шиловада тұрмыз, көп ұзамай жетеміз» деп қысқа сөйлесіп байланысты үзіп жіберді. Өйткені, дәл сол кезде Акула мен Лука мінген джипті маишылар тоқтатып МАИ бекетінде тұрған еді. Маишылар джипті ары-бері қарап шығып, бұлардың Мәскеу бағытындағы жолдан келгенін көріп тұрғандықтан көп ұзамай-ақ жөндеріне жіберді.
Шиловаға соқпай біраз жүріп барып трассаға қайта шыққан соң сәл жүргенде Әмір алғы жақтан алыстан бағанағы «Форд» пен Акулалар мінген дәл өздерініңкіндей джипті көрді. Ол екі машина да трассадан түсіп көз ұшында көрінген мал қораны бетке алып кетіп бара жатты. Бұл екеуі түкке түсінбей бір-біріне қарады да машинаны тоқтатты. Макс «Бұл тағы қандай жұмбақ?» дегендей Әмірге қарады. Ол дереу Акуланың телефонына хабарласты. Оның ұялы телефонына хабар жетіп тұрса да еш жауап болмады. Көз ұшында кетіп бара жатқан джипте Акула бар болса, әрі бірдемеге ұшырап қалмаса жауап берер еді. Ендеше олар бірдемеге ұшыраған болды. «Фордтағылар» ол джипті бұлардың джипімен шатастырып қолға түсірген болуы мүмкін. «Алтын көрсе періште жолдан таяр» демекші Қабан ақша қолға тиген соң, алтынын қимай бұларды жолда тонауды ұйымдастырған сияқты.
Қалай болғанда да бір проблема пайда болды. Енді не істеу керек? Пираттың нұсқауы бойынша Акула мен Лука бұларды қорғап жүруі керек. Ал бұлар қандай жағдай болса да ештеңеге қарамастан, алтынмен Одессаға қарай тарта беруге тиіс болатын. Олай етейін десе, алда тағы қандай оқиғаларға тап боларын бір құдай біледі. Акулалардың көмегі алда керек болмасына кім кепіл. Бұлар ештеңеге қарамай тартып кеткенімен алтынды Одессаға дейін жеткізе алмай, жолда одан айрылып қалса не болмақ? Ал Акуланы құтқарамыз деп жүріп алтыннан айрылып қалса ше? Онда босс аямасы анық. Жалпы алтын Одессаға жетпей қолды болса бұл төртеуіне де «хана», Пират бұларды жердің астына кіріп кетсе де тауып алып өз қолымен өлтіреді.
Әмір мен Макс бір шешімге келе алмай отырғанда ана екі машина ұзын қораның тасасына кіріп көрінбей кетті. Акулаларды құтқарар болса тез бару керек, әйтпесе әлгілердің соңынан көмек те келуі мүмкін. Оның үстіне «фордтағылардың» күші мен қаруының қаншалықты екенінен де хабарсыз. Олардың джипінен алтынды таппаған соң аналар Акула мен Луканы өлтіріп тастары анық. Бұлар қайтсе де серіктерін құтқаруға бел буып, мал қораға қарай тартты.
«П» әрпі сияқты етіп салынған қораның ашық қақпасынан зулап кірген бұлар алаңша ортасында екі машинаның арасында тұрған бірнеше адамды көрді. Акула жерге бүк түсіп жатыр, Лука тізерлеп отыр. Арқырай келіп көлденеңдей тоқтаған машинаның терезесінен екеуі автоматпен оқ жаудырды да машинадан түсе «Фордтың» тасасына қарай тығылғандардың соңынан оқ себелей ата бастады. Макс етпеттей жатқан біреуін бассалып қолын қайырып байлап жатқанда бұл машина тасасындағының бірін жер қаптырды, екіншісі бұқпантайлап атыса шегініп қораға барып кірді. Макс Луканың қолын босатқан соң ол өлген біреудің қаруын ала салып Әмірмен бірге қораға тығылғанды қоршалай жүріп ақыры атып өлтірді. Ол тамағынан жараланып қанға бөгіп жатқанды да айызы қана тұрып о дүниеге аттандырды. Ашу үстінде қолға түскен төртіншісін де атып тастай жаздады. Сөйтсе, «фордтағылар» біраз қинап, ештеңе айтпаған соң Акуланы атып өлтіріп, енді Лукадан жауап алып жатқанда бұлар жетіпті.
Қолға түскен жиырмалардағы жігіт алғаш жауап бергісі келмегенімен Лука оны біраз жәукемдеп, төмпештеп алған соң тілі шықты. Бұлар Касымовтағы Шрам дегеннің бандысынан екен. Шрамның өзі бірнеше ай бұрын алтынға байланысты іспен сотталып кетіпті. Содан кейін-ақ оның тобындағылар бес-алтаудан бірнеше топқа бөлініп, бір тобы Қабанның жігіттерімен байланысқа түсіп, біріге бастапты. Солар алтын туралы сыбыс естіп, алтынды Қабанның жауапкершілігінен шыққан жерде тонауды ойластырады. Касымовта бұлар «фордтағы» екі жігітті өлтіріп, машинасын мініп кетеді. Оған дейін үш жігітін бір көлікпен трассаға милиция формасымен жіберіп бұлардың жолын тостырады. Өздері кемпірдің үйін аңдып, джип Шилованың трассасына түскенде соңынан ілеседі. Алда «маишы» формасындағы адамы екі серігімен күтіп тұрғандықтан бұлар алтынды қалайда қолға түсіретін болдық деп қуанады. Алтынды алып бұл аймақтан біржолата кетуді ойлаған олар жолда күтіп тұрған жігіттерін джиптегілер гранатамен жарып, атып кеткен соң, Шилованы айналып өтетін жолмен алдарынан шықпақ болады. Сөйтіп алдан шығып жайлап келе жатқанда Акула мінген джип Шиловадан шығады. Алтын әкеле жатқан джип екен деп шатысқан бандиттер соны қолға түсірген. «Фордты» таныған Акула тоқтағанда қару кезеніп қолға түсіріпті. Мал қораға әкеліп Акуланы қинап өлтіріп, Луканы азаптай бастағанда бұлар жеткен. Шрамның бұл тобындағылардың басты қателігі, олар бір-бірінен айнымайтын екі джип барын білмейтін еді. Сондықтан екінші джип көмекке келгенде олар тіптен абдырап қалған. Қолға түскен жігітке анадай жердегі тоғай ішінен қабір қаздырып Акуланы жерлеген соң, бұлар тұтқынды атып тастап, екі джипппен жолға шықты. Макс өз джипімен алға түсіп, Әмір мен Лука екінші джиппен алыстау жерден ілесіп келеді.
Бұлар жолшыбай тамақ ішуге тоқтап, кейде аздап азық-түлік алуға кідіргені болмаса үздіксіз жүріп келеді. Кезектесе ұйықтап, кезекпен демалып алып, екі машинадағылар ақыры Украина шекарасына таянды. Қас-қарая шағын қалашыққа келіп кірген бұлар бір тамақтанып алса таң қылаң бере шекараға да жетеді. Лука джипімен дәл кафенің алдына келіп, Макс өтіңкіреп барып, жолдың жиегіне тоқтады.
Кафенің бір жағында жеті-сегіз адам дуылдасып туған күн тойлап жатыр. Терезе жақ бұрышта екі әйел мен екі еркек оңаша отыр. Барменнің сөресінің алдында бет-ауызын баттастыра бояп алған бір әйел санын жарқыратып кірген-шыққанға көзін сүзіп отыр. Сәл былайырақ сөреге сүйенген жалғыз жігіт сыра ішіп тұр.
Кірген бетте осының бәрін тез шолып өткен Әмір орта тұстағы терезеге таяу столға барып жайғасты. Бұның соңынан кірген Лука барменге барып бірдеме айтып жатыр. Даяшы қыз Луканың тапсырыстарын жазып алуда. Дәл осы кезде күтпеген оқиға болды. Анадай жерге келіп тоқтаған жеңіл машинадан түскен үш жігіт тез басып кафеге кірді. Терезеден оларды көргенде-ақ Әмір олардың тегін жүрмегенін сезді. Суыт жүрістеріне қарап өздерінің соңынан аңдып келгендер ме…, деп ойлағанша кафе алдына милиция «УАЗ-ы» келіп тоқтап, одан түскендер де кафе есігіне қарай ұмтылды.
Алдыңғы үшеу ішке кірісімен біреуі есік аузында қалды да екеуі бұған қарай тез-тез басып жақындады. Әмір «Не істесем екен?» деп ойланғанша арт жағы апыр-топыр болып, шыңғырған әйел даусымен қатар «Тоқтаңдар! Әйтпесе мынаны өлтіремін!» деген қарлығыңқы дауыс шықты. Мұның тұсына жетіп қалған екеудің бірінің қолы жоғары шошаң етті де, пистолет даусы «шаңқ» етті. Бұға беріп Әмір көз қиығымен бағанағы екі еркек пен екі әйел отырған столда апыр-топыр болып, еркектің бірі маңдайынан тиген оқтан құлап бара жатқанын, екінші еркек терезеге әлдене лақтырып сындырып, солай ұмтылғанын байқап үлгерді. Сөйткенше бармен сөресі жақтан мылтық даусы шығып, екеудің бірі кегжең ете қалды. Лука әлгі екеуі Әмірге қарай бара жатыр, деп ойлап ту сыртынан біреуін атыпты. Есік аузында тұрғаны Лукаға оқ атқанша ол бармен столынан ары қарғып түсіп, ас дәмдейтін бөлмелерге қарай атыса шегінді. Есік аузындағы мен милиция киіміндегі екеу оның соңынан атыса қуып кетті.Бұрышқа ұмтылғандардың Луканың оғы ту сыртынан тигені бұның столының дәл жанына аяқтары бүгіліп тізерлей берді. Ол бұның столының шетінен екі қолымен жармаса ұстап, жандәрмен етпетінен құлап түспеуге әрекет етуде. Жап-жас жігіттің қинала тыржиғанда әжімдері жиырылып, маңдайынан моншақтай тер төмен ағып түсті. Оның өте бір аянышты, шарасыз мөлиген көзқарасты көкшіл жанары Әмірдің көзімен ұшырасып қалды. Бұл қалай ұмтылып барып жаралы жігіттің қолтығынан демеп көтере бергенін өзі де сезбей қалды. Жаралы жігіт бұған риза болғандай, алғыс айтқысы келгендей езуі сәл жымия берді. Езуінің ұшынан қара қошқыл қан сыздықтап көріне бастады.
Сол сәтте милиция формасындағының бірі келіп жаралының екінші жағынан демеді. Бұрыштағы терезеден қашпақ болғанды ұстап қолына кісен салған жәй киімді бұларға қарап «Тез, машинаға апарыңдар! Ауруханаға тез жеткізіңдер!» деді әмірлі үнмен. Әмір мен милиционер қолдаса көтеріп жаралының былқ-сылқ еткен денесін кафеден алып шығып, «УАЗ-ға» ыңғайластырып жантайта жайғастырды да милиционер соның жанына мінді. Бұл анадай жерде тұрған джипіне қарай баруға жүрексінді. Луканың сол машинадан түскенін көргендер болса онымен мұның бірге екенін айтып, басы бәлеге қалуы ықтимал. Сондықтан ол кафе маңына жинала бастаған жұрттың арасына қосылып, жылыстай берді. Жолдың екінші бетіне өтіп алыстан кафені бақылады. Қолы қайырулы еркекті алып шыққандарды көрді, Луканың соңынан кеткен милициялар да қайтып оралды. Оны ұстай алмады ма, әлде атыс барысында оққа ұшты ма, бұл біле алмады. Іңір қараңғысы қоюланып келеді, бұл кафеден алысырақ кетуді ойлады. Оның үстіне Макстың машинасы көрінбейді. Ол кафеге кірмей атыс басталған соң, машинасымен тез тайып тұрған сияқты.
Ол жеңіл машинаның бірін тоқтатып, артқы орындығына отырып «алға» деді, даусындағы дірілді сездірмеуге тырысып. Жолда келе жатып кафедегі оқиғаны ой елегінен өткізді. Милиция бұларды аңдып келмеген. Олардың нысанасы төр жақтағы төртеу болғаны анық. Бірақ, олар Әмірге қарай таянғанда Лука бәрін бүлдіріп алды. Ол аналардың бірі пистолетін шығара бергенін арт жағынан байқап, бұған қауіп төнді, деп ойлап атыс ашты. Әрі сонысымен сырттағы Максты сақтандырды. Оның, Луканың халі не болды? Макс қайда?
Бұл Макске телефон шалды. Ол бірден телефонын көтерді. Ол «өзіміз қалаға кірген үлкен көшемен тура жүре берсең қаланың екінші шетіне жетесің, мен сондамын» деді. Сөйтсе, Макс машинасынан түсіп, жолдан енді өте бергенде өзін соға жаздап үлкен жылдамдықпен зу етіп өте шыққан жеңіл машина бұрылып барып кафенің алдына тоқтайды. Машинадан түскен үш жәй киімді суыт кафеге кіргенін көрген бұл тоқтай қалады. Артынша іштен атылған мылтық даусын естіліп, кафе алдына милицияның «уазигі» келіп тоқтайды. Бұл бұрыла сала машинасына қайта мінеді де алды-артына қарамай тайып тұрады. Бұларға хабарласпағаны егер бұлар милицияның қолына түскен болса ол телефон шалса, әлі серіктері бар екен, деп күдіктеніп, іздестірер деп қорқыпты. Қаланың шетіне шығып, бір сағаттай күтпек болады.
Қала шетіне жеткенде джипті көрісімен өтіңкіреп барып таксиден түсті. Такси ұзасымен джип Әмірдің қасына келіп, ол соған отырды да, осы бір шағын қалаға Лука мен бір джипті қалдырып екеуі ұзап бара жатты.
Ресейдің Белгород облысы мен Украинаның Харьков облысының шекарасының шектесер жеріне жақындағанда бұлар тас жолдан бұрылып жақын жердегі тоғайға барып тоқтады. Осы жерде Әмір мен Макс қару-жарақ, жалған құжаттардың көзін жойып, алдын ала әзірлеп алып шыққан құжаттары мен автокөлік құжатын реттеп салып алды. Джипті жақсылап жуып, тығулы тауардың сенімділігін тағы бір тексеріп алып, олар күн көтерілгенше машинада көз шырымын алды. Күн тұсау бойы көтерілгенде бұлар трассаға шығып, шекараны бетке алып жүріп кетті.
Ресей кеденшілері бұларды тоқтатып құжаттарын тексеріп, өздерін машинадан түсіріп, иісшіл итпен джиптен есірткі іздеді. Күдікті ештеңе байқалмаған соң жөндеріне жіберді. Ал украиналық кеден бекетіндегілер құжаттарын бір қарады да өткізді. Әлгінде кеден бекеті көрінгеннен бұл екеуі де қобалжып еді. Соншама жерден екі бірдей адамын құрбан етіп жеткенде шекарада ұсталып қалса, оның өкініші өмір бойы естен кетпес. Күпті көңілмен келгенде екі кеден бекетінен де қиналмай өтіп кетті. Екеуі бір-біріне қарап, жүздері нұрланып қуаныштары қойындарына сыймай шекара аумағынан ұзап бара жатты.
Жиырма минуттай жүрген соң алдарынан өздеріне таныс Макстың Одессадағы айдап жүрген джипі шықты. Бұлар жол жиегіне қарай шеттеп барып тоқтады. Қарсы келген джип бұлардың тұсына жетіп тоқтай сала одан Пираттың өзі атып шықты. Тас жолдың дәл ортасында кездескен үшеуі құшақтасып амандасты. Пират екі жігіттің жүздерінен алтынның аман жеткенін аңғарып үлгерген еді. Содан да болар ол бұрын байқалмаған мінез көрсетіп, ұшқалақтана елпеңдеп екеуін қайта-қайта құшақтап, күбірлеп алғысын айтып, рахметін жаудырып жатыр. Бұлар жағдайды баяндауға ыңғайланып еді, Пират қолын сілтеп «сосын, сосын, әлі үлгересіңдер, кеттік» деп қақпайлап, өзі бастап бұлар мініп келген джипке отырды.
Пират мініп келген джип алға түсіп жол бастады. Жол бойы Пират артқы орындықта қасында отырған Әмірден Қасымов сапары жайлы сұрастырып келеді. Бұл жолда болған жағдайлар туралы қысқаша айтып берді. Акуланың қалай қайтыс болғанын естігенде қабағы түксиіп қайғырыс нышанын білдірді де, Луканың кеше көрші қалада хабарсыз кеткенін естігенде біреуге телефон шалып жағдайды түсіндірді де «Ештеңе етпейді, жігіттер Луканың өлі-тірісін анықтап береді, тірі болса құтқарамыз» деді бұған қарап.
Алтынды көзімен көріп, қолымен ұстағанша шыдамы жетпей отырған Пират жол жиегінен аулақтау жерде тұрған эстакаданы нұсқап машинаны соған шығарып тоқтатуды бұйырды. Екінші джиптегілер спорттық сөмкелер әкеліп, алтынды соған салып алған соң екі көлік жолға қайта түсті. Пират сөмкенің бірінен бір құйма алтынды қолына алып ары-бері аударыстырып, алақанына салып сипалап, қызығып, қуанышын баса алмай отыр.
Көп кешікпей екі джип үлкен жолдан бұрылып шағын елді мекенге келді. Оның шағын аэродромында бірнеше «АН» ұшағы мен бір әскери тік ұшақ тұр екен. Машиналар дәл жанына келіп тоқтағанда тікұшақтан ұшқыш шығып, Пираттың жанына келіп, ұшуға әзір екенін баяндады. Спорттық сөмкелерді тікұшаққа салған соң Пират бұл екеуін ертіп тікұшаққа мінді. Екі джип жолға түсті де бұлар тікұшақпен көкке көтерілді. Тікұшақ ішінде жасаулы шағын дастархан басында Пират «аман-есен жетулеріңмен» деп ішімдік ішкізіп, дәмнен алуды ұсынды. Тікұшақ Одессаның маңындағы шағын әскери аэродромға қонды. Ол жерде жап-жаңа «Мерседес» күтіп тұр екен.
Рөлінде Пиратқа ең жақын жігіттердің бірі саналатын қарасұр түріне керісінше «Рыжий» деген лақап аты бар қырықтардағы түрік бар ақ «мерседес» Одессадағы Пираттың саяжайына жетіп бір-ақ тоқтады. Алтынды жасыратын орын да, тапсырманы орындап келгендерінің құрметіне тек өздеріне арналып дастархан да әзірленіп қойыпты. Саяжайды күзетушілер алтын салынған сөмкелерді жертөлеге тасып, темір торлы есіктің түбіне дейін жеткізіп сыртқа қайта шығып кетті.
Пират өз кілтімен темір торлы есікті ашты да төртеуі сөмкелерді алып жертөлеге кірді. Орта тұсына келіп бірінші болып сөмкесін Пират өзі қойды. Басқалар да солай етті. Алақанын шапаттап рахаттана бір ысқылап қойып
«Қалғаны кейін реттеледі, ал қазір жоғарыға көтеріліп дастарханға отыралық» деп өзі сөмкенің бірінен бір құйма алтынды алып, сөмкенің аузын мұқият жауып, жоғарыға көтерілер баспалдаққа беттеді.
Сәтті болған сапарды тойлап, сол жолда құрбан болған Акула мен Луканы еске алып, Әмір мен Макске бірнеше күн осында демалуды ұсынған Пират күн сайын саяжайға соғып кетіп тұрды. Келген сайын жертөлеге түсіп, сондағы жасырын ұраға өзі мұқият жинап қойған алтынына барып, алтын тастың арбауында ұзақ отырады. Бір сөзбен «алтынына шомылып» көңілі көтеріліп жоғарыға шығады. Бір келгенінде:
Ал, жігіттер! Үлкен еңбектеріңді жоғары бағалаймын. Тиесілі үлестеріңді тауарды өткізген соң беремін. Оған дейін қандай тілектерің бар? Қайда барып демаласыңдар, тіпті шетелге де жіберіп алуыма болады, — деді бұларға күлімсірей қарап.
Макс ешқайда барғысы келмейтінін қарындастарының жағдайын жасауды ойластыратынын айтты. Әмір:
Мүмкін болса мен Түркияға барып қайтсам деп едім, — дегенімен іштей босс бірдемеден күдіктеніп қалды ма, деп алаңдаулы еді. Өйткені, саяжайдағы алғашқы күні түнде түс көрген. Бұрын да сирек те болса түс көретін, бірақ көбінесе оянғанда түсін ұмытып қалатын. Бұл жолы бәрі өңіндегідей айқын көрініп, есінде сақталып қалды.
Сол түнгі түсінде қабырғасы мен еденіне дейін алтындатылған кең бөлмеде өңкиіп отырған біреуді көрді. Жақындай бере таныды, марқұм Дию досы. Бұған бұрылып дәл тірі кезіндегідей екі езуі екі құлағына жете ыржиып, алдындағы алтын табақтан бұлар Қасымовтан әкелгендей құйма алтындарды алып нанша соғып отыр. Бұған да қасыма отырып алтыннан же, дегендей болады. Бұл қимылсыз селтиіп тұрып қалды. Кенет Дию қабағы түйіліп, алдындағы алтын құйма толы табақты төңкеріп тастап, сілкіне орнынан көтеріліп, теріс қараған қалпы ұзай берді. Бұл «Дию, тоқташы!» деп оның соңынан ұмтылды. Бірақ аяқтары ұйып қалғандай киізденіп, ырқына көнбей, бір орнынан қозғала алмады. Сөйтіп тұрғанда анадай жерде төңкеріліп жатқан алтын табақтың астындағы құйма алтындар жыбырлап жыланға айналып, бұған қарай ысылдай жылжыды. Бұл ышқына кейін қашпақ болып жатып оянып кетті. Қара терге малшынып, қиналып жатыр екен. Содан таң атқанша қайтып көзі ілінбеді.
Сол түс көрген күннен бастап Әмір қатты алаңдаулы. Одессада бірдемеге ұрынып қалмай тұрып алтынның үлесін алмай-ақ, ретін тауып сытылып біржолата кетуді ойлай бастаған. Бірақ, онысын жан баласына сездірмеуге тиіс. Пират сәл күдік алса мұны өлтіртіп, саяжайдағы бір талдың түбіне көмдіре салары анық. Бала күнінде ауылындағы түрік балаларымен өскенде үйренген аздаған түрікшесі болғандықтан Түркияға қарай өтіп, одан әрі із-түссіз жоғалуды жоспарлауда.
Пират бұған тесірейе сынай қарады да, жүзін тез жылытып, жымия қойды. Сосын:
Дұрыс. Қай курортына барғың келеді? – деді сыр тартып. Бұл момақан қалпын сақтап: «астанасын көріп қайтсам, жалпы маған бәрібір, бір-екі апта қыдырып оралсам болғаны» деді түрін бермей. Сонымен, оның башқұрт төлқұжаты бойынша шетелдік құжаттары әзірленіп, бірнеше күннен соң Түркияға аттанатын болды. Әмір өзінің шын аты-жөніне құжат дайындатуға күдіктендіріп алармын, деп сескенді.
Шетелге өтуге мүмкіндік беретін құжаттар қолына тиісімен бұл бес мың долларынан басқа қаржысын қазақ-украин бірлескен банкінен есепшот ашып қарындасының атына салып тастады. Қашан болса да әйтеуір қарындасы алса, бауырларына көмек болсын, деді. Бұл банктен шыққанда Макс «Тез жет, алушы табылды» деп телефон шалды.
Саяжайға Пират негізгі жігіттерін түгел жиыпты. Ішке ең сенімді бірнеше адамды ертіп кіріп жоспарын жария етті. Отырғандарға жағалай қарап шығып:
-Түріктермен келісімге келдік, алтынды алатын болды. Адамовичпен бірге мен түріктерге барамын, — деп көзілдірікті «қаржыгерге» қарады. Сосын Рыжийға бұрылып, — алтынды сен басқарып апарасың. Қара Әмір алда, Макс артта қорғаныш болып отырады. Және екі көлікпен жігіттер сәл алыстан ілесіп отырсын. Бүгінде «бауырластарға» сенім аз, әсіресе, кавказдық «қаракөтендерден» бәрін күтуге болады. Милиция да қарап отырмаған болар, абай болыңдар. Теңіз жағалуындағы «Шайтан диірмені» тұрған тұсқа жақын жерден түріктер сумен келіп күтіп алады. Айналма жолда көлік аз. Бәрі ұғынықты ма? – деп орнынан көтерілді.
Пираттар екі машинамен кетті де, қалған бес машина біраз уақыттан соң шықты. Ең алдыңғы көлікте жүргізушіден басқа бір жігіті бар Әмір отыр, екінші машинада төрт қарулы жігіт, үшінші алтын тиелген машинада да Рыжий үш жігітімен, төртінші машинада тағы төрт жігіт, соңғы, бесінші машинада Макс екі жігітпен отыр. Төтенше жағдай туа қалса алдағылармен Әмір, арттағыларымен Макс ұрысқа кіріседі де, қалған үш машина тоқтамай кете береді.
Аралары жүз-екі жүз метрдей қашықтықты сақтап отырып жүйткіп келеді. Енді жиырма минутта межелі жерге жетеді. Бірақ сол жиырма минуттағы стресс, жүйкеге түскен салмақ жиырма жылға татитын болар. Алдыңғы жақтан көлік көрінбеген соң Әмір арт жаққа қарап еді, ол жақтан да бірде-бір көлік көрінбеді. Бұл трассамен күнде бірлі-жарым болса да көлік үзіліссіз жүріп жататын сияқты еді, бүгін неге тым тырыс? Сәлден соң алдыңғы жақтан көз ұшынан жүк машинасының сұлбасы көрінді. Дүрбімен қарап еді, ұзын қорапты жүк машинасы екен. Бірақ жүріп келе жатқанға ұқсамайды, тоқтап тұрған сияқты ма, қалай? Әмір осыны ойлап артына бұрылып қарады да таңданыстан ба, үрейден бе «Оһ, әкеңді…! деген даусы шығып кетті. Оның қазақшасын түсінбесе де «Оһының» тегін емесін сезген екі серігі үрпиісе қалды. «Мәссаған, шынымен-ақ бұларды қақпанға түсіргендері ме? Кімдер екен? Милиция ма, әлде кавказдықтар ма? Кім болса да тас жолдың бір жағы теңіз, екінші жағы қалың жүгері егістігі, автокөлік жүре алмайтын жерді таңдапты». Бұл дереу Рыжийға хабарласып «Алдан да арттан да жүк машинасымен жолды бөгеп қақпанға түсірмек» деді. Ол сәл үнсіздіктен соң «Алға жүре беріңдер, жүк машинасын тезірек жойып бізге жол ашыңдар, біз сәл кідірейік» деді. Сөйтіп бұлардан басқа машиналар тоқтай бастады. Макстың машинасы да екі жүз метрдей жерде тоқтады. Алдағы жүк машинасы кенет орнынан қозғалып, жүйіткіп келіп, бұлардың тұсынан үлкен жылдамдықпен өтіп кетті. Қаруларын ыңғайлай берген бұлар абдырап қалды. Бұл артқа бұрылды да артағы жүк машинасының да Макстің машинасының тұсынан өтіп кеткенін көрді. Украин «спецназшылары» ортадағы үш машина тоқтағанын көрген соң жолды көлденең тұрып бекітпей, сол алтыны бар үш машинаға қарай тура салыпты. Жүк машиналары ортадағы үш машинаның тұсына жетіп тоқтай қалды да, олардың қораптарының брезенті сыпырылып, әр машина қорабындағы ондаған «спецназшылар» оқ жаудыра орнынан қозғалып үлгермеген машиналарға лап қойды. Қырғын атыс басталды да кетті. Әмір екі серігіне «машинаны тастап жүгерілікпен қашып құтылмасақ құримыз» деп еді, олар көлікпен қашып құтылу жеңіл, деп көнгісі келмеді. Алда кемі тағы бір тосқауыл болуы тиістігін түйсінген Әмір «Онда машинаны тоқтат, мен түсемін» деп пистолетін жүргізушіге кезенді. Ол бірден тоқтады. Қаруын кезенген қалпы ақырын түскен бұл «Алдарыңнан жарылқасын, жарыместер» деп есікті тарс жапты.
Арт жақта атыс үдеп, өртенген машинаның жалыны мен қою түтіні көкке көтерілуде. Бұл жол жиегіндегі жүгерілікке жүгіріп барып кіріп кетті. Аттылы адам көрінбейтіндей биік өскен жүгерілік ішімен батысты бетке алып тоқтаусыз жүгірді. Жүгіріп келе жатып «Пиратты сатқан кім екен? Кім екен сатқан?» деген сұрақ миын шағып, қаны басына тепті. «Бүгіннен қалмай Одессадан кетіп үлгеру қажет. Түркияға алдын ала алған билетімен ұшуға әлі екі күн бар. Сондықтан ол билетті өткізіп, түнде ұшуға әрекет етпесе болмайды.
Бұл жүгіріп отырып жүгеріліктің екінші басына шықты. Алыстан тоғай шетінде шағын хутор көрінді, солға қарай саяжайлар байқалады. Бұл саяжайға қарай бұрылды. Саяжай үйлерінен мұнда оншалықты бай адамдар тұрмайтынын байқады. Үсті-басын жөнге келтіріп алып аяңдап саяжайлардың орта тұсындағы оралма жолда тұрған автобусқа жақын барды. Күн батып барады, саяжайдан қайтқандар автобусқа отырып жатыр. Бұл темекі шегіп, айналасын байқастап тұрды да автобус жүрерде артқы есіктен мініп, артқы терезеден сыртқа қарап тұрды.
Қалаға кірген соң автобустан түсіп таксимен аэровокзал кассасына барып, екі сағаттан соң ұшатын Анкара рейсіне билет алды да буфетке кірді. Шеткерілеу орындықта отырып ұшақтың ұшуын тағатсыздана күтті.
Ұшаққа отырғанда ғана «ух» деп демін бір алған ол төменде қалып бара жатқан Одессаға қарады, «жүре берсең көре бересің» дегендей мұнда да көңіліне көп нәрсе түйді. Түркияға жеткен соң көп кідірместен елге оралады. Оралған соң бәрін қойып жеке ісін ашып, үйленіп, тыныш өмір сүреді.Бірақ бұл Әмірдің ойы ғана еді…
Жалғасы бар…