Қара Әмір. 7-бөлім

0 2 298

Мәскеу шынында да жұрт айтатындай «үлкен деревня» екен. Ретсіз, созылыңқы, бұралаңды, біресе биік, біресе жеке бір, екі қабатты үйлер, тіпті тақтайлары ырсиған ағаш үйлерді де әлгінде пойыздың терезесінен байқаған. Вокзалдың маңайы да жетісіп тұрғаны шамалы екен. Бұл маңайдағы бір дүкеннен ішіп-жерлік біраз нәрсе алды да Джиннің қызының үйіне бірден тартып кетті.
Жиырмадан асқан аққұба, алтынсары шашты келіншек өте сұлу болмағанымен дене бітімі келісті, өзі тартымды көрінді. Мұны жымиып жылы қабылдады. Әкесінің қасынан, түрмеден келгенін айтып, хатты ұстатты. Қағазға көзін бір жүгіртіп өткен келіншек:

Сіз Қара Әмірсіз ғой, әкем жазған, сырттай білемін сізді, ал мен Лилиямын. Мен дастархан мәзірін әзірлегенше, жолдан шаршап жеткен боларсыз, суға түсіп, сергіп алыңыз, — деді. Бұл дорба толы мәзірін үстел үстіне қойды да, ваннаға кетті.

Сосын екеуі кең қонақ бөлмесінде отырып тамақпен бірге таныстық үшін қымбат коньяктан аздап ішті. Лилия мұның дастархан мәзірін өзімен бірге ала келгеніне алғыс айтып, коньяктың тәуірін таңдай білетінін мақтап өтті. Өзі темекіні жиірек шегетіні болмаса сөзі сыпайы, мәдениетті жан сияқты. Бұл да мүмкіндігінше тәрбиелілік танытуға тырысып отыр. Дегенмен басқа тақырыптарға еркін көсіле алмай отырғанын сездірмеуге тырысып, сөзді ет өнімін шығаратын цехқа қарай бұрды. Лилия ол тақырыпқа әңгімелескісі келмейтінін аңғартып:
Қарсы болмасаңыз ол цех туралы кейін асықпай ақылдасайық, бүгінше қонағымсыз, алаңсыз демалыңыз. Қаласаңыз қаланы аралатайын, — деді.

Ендеше кешкілік тәуір бір мейрамханаға барып демалайық. Мәскеулік ретінде қайда баратынымызды сіз шешіңіз, мен сыйлаймын, жарай ма?

Лилия жұмысқа кетісімен Әмір мамық төсекте ұйқыны соқты. Джиннің қызы осындағы бір жекеменшік фирмада қаржыгер болып жұмыс істейді екен. Тұрмысының бақуаттылығы үй жиһаздарынан байқалып тұр. Шешесі өлгенше әкесі араласпай қызына сырттай ғана көмектесіпті. Шешесі қайтыс болған соң әкесімен қатынасы жиілеген. Бірақ, әлденеден сақтанған әкесі қызының үйіне, жұмысына ешқашан бас сұқпаған, тек сырт жерде кездесіп, негізінен қаржылай көмек беріп тұрған.
Кешкісін бұлар Қызыл алаңға барып, сол маңайдағы «Космос» деген кафеге кірді. Тамақтанып, көңіл көтеріп демалған олар түн ортасы ауа Лилияның пәтеріне келіп қонды. Осылайша екі-үш күн жас келіншекпен көңіл көтерген ол Лилияның ет цехы туралы әңгімеден қашқақтап жүргенін байқады, бірақ сол әңгімені тағы қозғады. Келіншек:
«Эмирушка», шынымды айтсам маған сол цехтың түкке керегі жоқ. Менде бәрі бар, жақсы жұмыс, тамаша баспана, шетелдік автокөлік, басқа нені қаласам да ала алатындай жағдайым бар. Менде жоғы «мұжық» еді, оны да таптым, ол – сенсің. Екеуміз некелесіп тыныш та рахат өмір сүрейікші, цехы қажет болса әкем өзі түрмеден шыққан соң қайтарып алар. Сендей еркекке барлық жағдайыңды жасап отыратын, өзіңді сүйетін әйелден басқа не керек, бәрін қой да менімен болсаңшы, — деп бұл күтпеген ұсыныс жасады. Жүзіне байыптап қарап еді, келіншектің шын көңілімен айтып тұрғанын аңғарды. Біраз үнсіз қалды да, әлден соң:

Лилия әкеңнің цехын бәрібір қайтару қажет, бұл принципті мәселе, сосынғысын көре жатармыз. Таңертең цех туралы мәселеге кірісеміз, — деп тоқетерін айтты да келіншекті ақырын аймалауға көшті.

Ертеңіне цехтың жағдайын толық айтып берген Лилия оны қаланың сырт жағына қарай орналасқан ет өндіру цехына алып барды. Бұлар алысыраққа тоқтап көліктен цехты бақылауға көшті. Көп ұзамай цехтың қожайыны Паша терезелері қараңғыланған джиппен келіп қақпадан ішке өтті. Лилия цехтың акциялары мен қазіргі қаржылық ахуалы жайлы мәліметтер жинастыруға көмектесетін болды. Бұл цех қожайынын сырттай аңдуға кірісті. Оның күнделікті жұмысқа келіп-кететін жолын, үйінде болатын мезгілін, немен шұғылданатынын зерттеді.
Паша негізінен жұмысы мен үйінің арасынан көп ұзай қоймайды екен. Бір мәрте ғана ауданның әкімдігіне барып жарты сағаттай болып шықты. Есік алдына кекселеу кісі онымен ере шығып, екеуі темекі шегіп, тағы аз сөйлесіп тұрды. Әмір «Мұның қалалық әкімшілік жағындағы адамы осы болар, соның арқасында еркінсіп жүрген сияқты» деп ойлап әлгі адамның мэрияда қандай қызметте екенін білу керек деп шешті. Тағы бірнеше күн өткенде Паша «Лимон» деген мейрамханаға кіріп, үлкен залдың бір жақ бұрышына жақын үстелдегі біреудің жанына барып жайғасты. Кеш түсе қоймағандықтан адам аз. Зал ішіндегі әр жерде дуылдасып отырғандарды бір сүзіп шығып, өзіне сыртын беріп отырған Паша мен серігінің түрін көру үшін ыңғайлы орын тауып соған жайғасты. Сөйткенше өз тілдерінде дабырласып төрт-бес кавказдық кірді. Бұл отырған тұстан мейрамхананың екінші қабатына тепкішекпен көтеріліп бара жатып әлгілердің бірі тоқтай қалды.

«Азият», қымбатты «Азият»! – жасы үлкендеу, қымбат киімді кавказдық бұған қарап дауыстап тұр. Залда өзінен басқа азиялық байқалмағанын көріп, әрі кавказдықтың қуанышты жүзбен құшақ жая сатыдан төмен түсіп келе жатқан соң амалсыз орнынан ақырын тұра берді. «Датоның көкесі ғой» деп ойлап үлгергенше кавказдық бұның аңырып қалғанын байқап:

Мен Датоның ағайымын ғой, қымбаттым, танымадың ба! – деп жақындап келеді. Бұл таныды, бірақ атын есіне түсіре алмай қиналуда. Осыдан үш жыл бұрын Датоны «вор» етіп түрмеде тәж кигізуге барғандардың бірі осы көкесі.

О,о, Гиви ағай! Сіз бе едіңіз? – деп оның есімін есіне түсірген бұл да құшақ жайды. Екеуі құшақтасып амандасып, қауқылдасып жөн сұрасып жатыр. Кавказдықтың серіктері де бұлардың жанына жақындап, басшыларының әлдебір «мамбетпен» соншалықты жылы амандасып жатқанына таңырқай ошарылып қалған. Гиви мұны қолтықтап екінші қабатқа қарай бастады.

Датодан өзің туралы көп естігем. Мұнда неге отырсың, жүр бізбен жоғарыға, қымбаттым, біздің орнымыз биікте, жоғарыда ғой. Бұл көз қиығымен Паша мен серігі отырған жаққа қарады. Залда отырғандар кавказдық үлкен кісі мен жастау азият жігіттің соншалықты сағыныса, дабырласа амандасып жатқандарын түгел көрді. Паша мен серігі де бұларға мойын бұра қарады да, сосын қайтадан өз әңгімелеріне кіріскен. Оның серігі:

Гореладзе деген грузин ғой анау кавказдық, анабір азиятпен құшақтасып амандасқанына қарағанда ол да тегін адам  болмады, — деді. Паша серігіне:

Оның кім еді? Гореладзең қылмыскерлердің элиталық тобынан ба? – деді таңданғандай.

Иә, қылмыс әлемімен де, Мәскеудің элитасымен де әмпей-жәмпейі бар, мықты біреу, — деген серігі, — бірақ анау азиятты танымадым. Әй, бірақ бізге бәрібір емес пе, оның кім екендігі, айта бер әңгімеңді, — деп екеуі жайғаса отырып, үзілген әңгімелерін жалғады. Бірақ ол екеуі бұл белгісіз азияттың өздерінің түбіне жететін жігіт екенін ол кезде білмеді.

Мейрамхананың екінші қабатына көтеріліп оңашалау орналасқан, жартылай қоршалып әсемделген, оншақты адамға арналған үлкен столдың дастарханына келіп, Гиви төрге жайғасты. Оң жағына Әмірді отырғызды. Сол сәтте екінші қабаттағы көп есіктің бірінен шыққан толық, қызылшырайлы кісі, дәу де болса осы мейрамхананың қожайыны болса керек, қасындағы екі нөкерімен келіп бұларға сәлем берді. Анадайдан жасанды жымиып:

О, о, қымбатты Гиви Васильевич! Сенің келуің біз үшін үлкен құрмет, қош келіпсің! – деп екі қолын бірдей ұсынып амандасты.

Жарайды, жарайды «Колобок», рахмет. Мен бүгін құрметті қонағыммен келіп отырмын, даяшыларыңа айт, дұрыстап қызмет көрсетсін, — деді Гиви оның қолын алып жатып.

Әп-сәтте дастархан үсті мәзірге толды да қалды. Гиви отырған өз серіктеріне жағалай қарап шығып:

Бауырлар, таныс болыңыздар, бұл біздің сүйікті ініміз Датоның жақын досы, лақап аты қателеспесем «Азият» солай ма? – деді бұған қарап. Бұл:

Солайы солай деуге де болады, бірақ мені негізінен «Қара Әмір» деп атайды,  деп сыпайы ғана түзетті. Мейрамханаға кіргенде қызу екені байқалған Гиви одан әрі даурығып:

Ия, ия, Қара Әмір. Естеріңде ме, бүкіл Ресейді шулатқан Самарадағы «харакири акциясы», соны біздің Дато мен осы Қара Әмір ұйымдастырған. Қымбаттым, сенің денсаулығың үшін көтереміз осы тосты, — деп стақанын көтерді. Бәрі қағып салды.

Гивидің қонақжай дастарханында біраз отырған соң оның «бүгін менің қонағымсың, бізбен бірге боласың» дегеніне мың алғысын айтып, міндетті түрде өзім арнайы барамын, бірақ бүгін емес» деп сылтау айтып, рұқсат алған ол:

Гиви ағай, хабарласамын,  — деп қоштасып, оның телефонын жазып алды да төменге түсті. Паша мен серігі кетіп қалыпты, сыртта машинасы да көрінбейді.

Лилияға Гивимен жолыққаны туралы айтқан жоқ. «Пашаның оншалықты мықты тірегі жоқ сияқты, екі-үш оққағар-күзетшілері ғана бар. Ешқандай «авторитеттермен» де байланысы байқалмайды, тек мэриядан бір елуді еңсеріп қалған қасқабаспен жиі жолығады. Әйелі мен орта мектепте оқитын қызы ғана болу керек, үйіне келімді-кетімді да адам жоқтың қасы. Осы аңдыған күндерде бір мәрте қызының құрбылары, бір мәрте әйеліне бір ер адам келіп кеткені болмаса ешкім олардың үйіне келмейді. Цехтың вахтасында кәрі-құртаң кісілер кезекшілік етеді, тек Пашаның кабинетіне кіретін жерде ғана бір оққағар отырады. Ал цехтың қақпасынан кіретін жерде үнемі екі адамдық күзеті болады. Олардың қаруы байқалмайды, бірақ қолдарында рация жүреді.
Аңдыған күндерінде осыларды байқағанын Лилияға айтып «Пашаны үйінде, әлде офисінде ұстап алып сөйлескенім жөн бе?» деп ақылдасты. Лилия болса «Қанша дегенмен ол екі жер де қауіпті, үйінде әйелі мен қызы болса, жұмысында хатшысы мен оққағары, басқа да келімді-кетімді адамдар болады. Ең дұрысы аңди түсіп, басқа бір оңашаланған кезін күту керек. Әрі қасыңа сенімді серіктер ерткенің дұрыс, ал қару ертең болады» деді.
«ТТ» пистолеті мен екі оқшантай-магазині қолына тиген соң Әмір Пашаны оңашалау жерде қалай ұстауды ойластыра бастады. Оның көлеңкесіндей қасынан екі елі қалмайтын оққағары бұған бөгет бола алмайды, сондықтан жалғыз әрекет етуіне де болады. Бұғағы салбыраған семіз Пашаның да көп қасарыса алмайтынын бұл біледі. Өйткені, негізі қорқақ адамға қаттырақ қысым жасап, өзіңді бір адам жегіш, аяусыз азаптағыш садист-маньяк сияқты көрсете білсең болғаны, зәресі зәр түбіне кетіп тез сынады. Бірақ жақын жерден көзіне тура қарап көрудің мүмкіндігі болмағандықтан да Пашаның алыстан көрген түріне қарап бірдемеге ұрынып та қалуы мүмкін. Адамның сыртқы түрі оның мінез-құлқын әрдайым дәл көрсете бермейтінін ұмытпауы керек. Қазақтың «адам аласы ішінде» дейтіні де бекер емес қой.
Сондықтан басына проблема тауып алмас үшін Гивиге хабарласып бір-екі адам сұраса ма? Олай етейін десе Гивидің де сыры белгісіз, «цехтан үлес бер» деуі де ықтимал. Әлде Лилия «цехтың үлесі маған мүлде қажет емес» деп жүр, соны сылтау етіп акцияның бір бөлігін Гивиге берсе ше? Бірақ зонада Джин «ет өндіру цехы елеусіз, ешқандай топтың қоластында емес» деген еді. Сонда Пашаның қорғаны өткенде мэриядан шыққан қасқабас болғаны ғой.
Бұл аңдығалы шынында да, Паша негізінен сол адаммен ғана оңаша жолықты. Ендеше бұл Пашаны қанша қорқытып қысқанымен, ол бұған мақұл деп көнгенімен, соған хабар берері анық. Осы уақытқа дейін бұл цехты ешқандай топ қанатының астына алмағанына қарағанда анау-мынау қылмыстық топтардың басшыларының тілін таба алатын, мүмкін мэриядағы қызмет бабымен соларға қызмет көрсетіп жүрген біреу болуы да ықтимал. Оның қомақты қызметін пайдаланып жүргендер шағын цехқа тиіспей-ақ қоялық деуі де мүмкін. Олай болса, жалғыз жортқан көкжалдай болғанымен, бұдан сескене қоймауы, бұны өзі білетін топтардың біріне айтып жойдырып жіберуі де ықтимал ғой. Сонда не істеуі керек? «Лилия керек етпей отырған бұл цехқа мен несіне басымды ауыртамын» деп қоя салса қайтеді?
Пашаның оққағары мен бірнеше күзетшісінің қандай топпен байланысы барын бұлар анықтай алмай қойды. Мүмкін олар ешқандай топқа қатысы жоқ өз бетінше жүрген болар?!
Әмір ет цехының күзетіндегі жігіттердің қандай топтан екенін, кімдермен байланысын анықтап алмай әрекет етуге жүрексінді. Сондықтан Пашаны былай қойып сол күзетші жігіттерді аңдуға кірісті. Олардың арасынан жастау біреуі қолы бос кезде бір сыраханаға жиі келетінін байқаған соң, бұл да сонда баратын болды.
Сөйтіп жүргенде сәтін салып әлгі ет цехының «омоны» сыраханада бір жолдасымен сыра ішіп отырғанда, ретін тауып солардың столына келіп жайғасты. Сыпайы ғана рұқсат сұрап столдың бір шетіне бос орындыққа отырған ол, алдына қызыл балықтың үлкен бір түйірін қойып, алаңсыз сыра ішуге кірісті. Сосын қасында отырған көршілеріне балықпен сыра ішуді ұсынды. Олар алдымен аздап шұқып қана ауыз тиіп отырғанымен, қылтанақсыз, майлы тұтас етті балықтың дәмі тіл үйіріп, біртіндеп кәдімгідей кірісті. Содан кейін балығын жеп өзін менсінбегендей болмайық дегендей олардың өздері үнсіз отырған Әмірді әңгімеге тартты.
Қайдансың, не қылып жүрген жансың, балығың жақсы екен, қай жердің балығы? деген сияқты сұрақтарға сараң ғана жауап беріп, біртіндеп екі жігіттің есімін біліп танысып алды. Бұл сыра тасып жүрген даяшыға бір жартылыққа тапсырыс берді де, таныстық үшін үшеуі соны ішуге кірісті. Жұмыстан бос болса да үстіндегі алабажақ киімін тастамаған жігіт Саня екен де, оның жәй киімді серігі троллейбус жүргізушісі болып жұмыс жасайтын болып шықты.
Жігіттер да қарыз болып қалмай бір жартылық алдырды. Арақпен сыра қосылып әңгіме қызған бір шақта Саняға:

Жаңа айттым ғой, Мәскеуге жұмыс іздеп келгенмін. Бірақ әзірге ештеңе табылмай тұр, қаржым да бітуге таянды. Саня, киіміңе қарағанда әлдебір обьектіні күзететін «омон» сияқтысың. Бүгінде ондай жұмыстың жалақысы жақсы ғой. Мені қасыңа жұмысқа алсаңшы,  — деді. Саня азият жігіттің отызға таянып қалса да шымыр дене бітіміне қарап:

Әмір, достым, мен саған уәде бере алмаймын. Мен қатардағы «омонмын», бірақ бастығымыз Макарычпен сөйлесіп көрейін. Біздің обьектіміз өте қатаң күзетті қажет етпейтіндіктен барлығы бірнеше адам ғанамыз. Сонда да сені айтып көрейін, — деді Саня.

Саняның қызып отырып айтқандарына қарағанда Ет өндіру цехындағы күзетшілердің ешқайсысы да сотталмаған, ешқандай қылмыстық топтарға қатысы жоқ, спортшылықтары да шамалы, қарапайым жігіттер екен. Тек Макарыч қана запасқа шыққанға дейін әскер қатарында прапорщик болып қызмет етіпті.
Әмір ет цехына «қорғаныш» болып жүрген ешқандай топтың жоқтығына көз жеткізгендей болды. Сонда Паша негізінен мэриядағы адамына ғана арқа сүйейтін болғаны ғой. Сол мэриядағының көзін жойып жіберсе Паша не істеуі мүмкін? Әлдебір қылмыстық топтың бірін сағалар ма екен, әлде мэриядан басқа адам іздей ме? Мүмкін, ешкімді де іздемей өзімен өзі бола бере ме? Ол қылмыстық топтармен байланысы жоқ, өзі сотталмаған адам болғандықтан бұл акцияларды тартып алуға әрекет етсе құқық қорғау органдарына арыздануы да мүмкін-ау. Әрекетке кіріспей тұрып оның әйелі мен қызын қолына түсіріп, мэриядағының көзін жоюға тырысуы керек. Содан кейін Пашаны тырп еткізбей акцияларды еріксіз беруге мәжбүрлейді. Өзі қорқақ адам төтеннен қатты кіріссе артық әрекетке барамай, жаны үшін, әйел-баласы үшін акцияны беруге келісуі де мүмкін.
Басы әбден қатқанша ойлана келіп бір шешімге бел буды да Гивиге барды. Ол жылы қарсы алып қонақжайлылық танытты. Бұл ет цехының жағдайын қысқаша айтты да:

Гиви Васильевич, мен отызға таяндым. Ақымақтығымнан екі рет отырып шықтым. Енді адамша өмір сүру үшін осы цехты толық иеленсем деймін. Сізден керегі екі жігітіңізді көмекке берсеңіз болғаны, бәрін ойластырып қойдым, ың-жыңсыз бітіремін. – деді.

Гиви бұған қадала қарап отырды да:
«Эмир» десе эмирсің-ау. Мәскеуге келгенің кеше біреудің иелігіндегі нәрсені тарпа бассалып тартып алмақсың. Мұндайды не дейтінін білесің бе, «беспредельщик» дейді. Және ол цехтың «қорғаушысы» екі жігітпен ғана барған саған «мә, ала ғой» дер ме екен. Ол цехың кімнің иелегінде екен? –деп қарсы сұрақ қойды.

Бәрін зерттедім, қалалық мэрияда істейтін ортаңқолдылау біреу цехта үлесі бар, акцияның негізгісі Паша деген кәсіпорынның басшысының қолында. Оның тірлігі таза емес, сондықтан цехты одан тартып алу «басбұзарлық» емес қайта әділдік болады.

Паша дейсің, ә! Ол цехтың шын иесі Джин деген бір «законник». Бірақ соңғы жылдары итаршыланып бара жатқан оны люберцылық топ тас-талқан етіп, түрмеге тығып тындырған. Сен дәу де болса зонада естіген шығарсың бұл цех туралы.

Ия, маған Джиннің өзі айтып, цехты иеленіп, Пашаның жазасын беруімді өтінген.

Дегенмен, шын мәнінде милы екенсің, қымбаттым. Жарайды цехты қалай тартып алмақсың, менен не көмек керек?

Екі мықты жігіт берсеңіз болды, басқасын ойластырып қойғам. Сосын сіздің нотариалдық кеңсеңізде цехтың құжаттарын рәсімдеп алсам. Өзі шағын ғана цехтан үлес дәметпейтініңізді білемін. Өйткені сіз ірі адамсыз, тірлігіңіз де ірі. Бірақ мен қашан болсын сіздің әжетіңізге жарар болсам болғаны, әрдайым дайынмын.

Бауырымен зонада бірге отырып, дос болып кеткен мына азияттың пысықтығын көріп отырған Гиви:
— Маған үлесің керек емес, біріншіден, Дато бауырымның тілегі үшін, екіншіден өзің маған ұнағандықтан көмектесемін. Бірақ, болашақта «ортақ қалтаға» қаржы құйып отырасың. Есесіне мен сенің цехыңа көз алартушылар болса солардан қорғаймын, ешкім мазаламауын қамтамасыз етемін. Әзірге менің қарамағыма өт демеймін, өзіңді ісіңмен танытып жатсаң көрерміз. Ең бастысы, қашанда менің айтқаныннан шықпа, болмай жатып толдым десең, өз обалың өзіңе, түсіндің бе? – Үні қатқыл, бұйрықты райда шықты.
«Сен енді менің қоластымдасың, менің айтқаныммен жүріп-тұрасың» деп отыр. Әмір өзі де аңғармай оның көзіне жалт етіп тік қарады. Гиви көзін тайдырып әкетті де стаканына қол созды.
-Мен асып-таспауға тырысамын, Гиви Васильевич. Сіз сияқты көпті көрген адамның ақылын да жерге тастамаймын, өйткені, біздің жолымыз бір емес пе, рахмет сізге. Сіздің денсаулығыңыз үшін, — деп даусын барынша жұмсарта жүзін де жылыта түскен Әмір онымен стакан соғыстырды.
— Түсінігі мол сендей жігіттің денсаулығы үшін, — деді Гиви.
Әмір алдымен қалалық мэриядағыны аңдуға кірісті. «Гивидің екі жігітімен бірінші соны сындырып, айтқанына көндірсе, сеніп отырған адамының үні өшкен соң Паша акцияларды жаны үшін қайтарып беретін болады». Осындай оймен мэрияны екі күн аңдып жүріп ақыры оны қолға түсірді. Түс мезгілінде елеусіздеу жерде көлігіне басып мінгізіп алып, қала сыртына қарай тартып кетті.
Мәскеудің сыртынан айналып өтетін орама тас жолға шыққан соң, бұлар мінген көлік көп ұзамай айналма жолдан бұрылып, қалың тоғай арасына кірді. Сол тұста бұрын пионер лагері болған ескі қоныс бар еді, соның алқам-салқамы шығып ашық жатқан қақпасынан ішке кіріп бір-ақ тоқтады. Машинаға зорлап мінгізіп жатқанда алқымынан тиген соққыдан әлден соң ғана есін жиып бүйіріне қару кезеніп отырған кавказдықты көрген шенеунік жол бойы дыбысын шығаруға қорықты.
Көліктің алдыңғы орындығынан түскен қысқа шашты қараторы жігіт анадай жердегі сынық сәкінің шетіне барып отырды. Екі кавказдық шенеунікті соның алдына алып келді. Жүзін сәл түзеген шенеунік алдындағының кавказдықтан гөрі азиялыққа ұқсайтынын байқады. Көздері түйісіп қалып еді азияттың өткір жанарларынан жасқанып жүзін төмен салды. Қанша жанталаса ойлағанымен өзін мұнда не үшін әкелгенін түсінбей айран-асыр болып тұр.

Өмір сүргің келе ме?

Жігіттер, бұл бір түсінбестік. Мен қарапайым шенеунікпін, ешқандай байлығым жоқ. Бұл қателік болу керек, мені басқа біреумен шатастырып тұрсыздар. – Даусы дірілдеп шықты. Әмір оның айтқанын естімегендей:

Мен сенен «өмір сүргің келе ме?» деп сұрадым, — деді сұстана түсіп. Шенеунік шырылдап кетті.

Не үшін? Не жаздым сендерге? Кімсіңдер, айтып өлтірсеңдерші, құдай үшін.

Өлгің келсе қазір өлтіреміз. Институттағы аспирант қызың мен балабақша меңгерушісі әйелің де мына жігіттер әбден құмарынан шыққан соң артыңнан о дүниеге барады. — Әмір оның қызы мен әйелін ұстап отырғандай нығыздай сөйледі. Шенеунік оның қару ұстаған қолын екі қолымен ұстай алып, шөкелеп отыра кетті. Көзі ақиланып, түрі бозарып «Қараптан қарап өлетін болдым-ау, не үшін өлтірмек сонда» деп еңкілдеп жылап жіберді. «Өмір сүргің келе ме?» деген сұрақ қайталанғандай болды. Жалма-жан:

Ия, ия, әрине өмір сүргім келеді, өлтіре көрмеңдерші. Жанымды қиыңдаршы құдай үшін, айтқандарыңның бәрін орындайын, өлтірмеңдерші, — деп кемсеңдей жөнелді. «Бұлар кімдер? Өзін не үшін өлтірмек? Қызы мен әйелін қайдан біледі? Өлтірердей не жазығы бар?» деген сұрақтар оның басына енді кіріп те шықпады. «Тек тірі қалдырса екен, өлтірмесе екен» дегеннен басқа басында ештеңе қалмады. Қалалық әкімдік алдындағы анадай жердегі автотұраққа жеткізбей ұрлап әкеткендер өлтіруден де тайынбасы анық екенін түйсігімен сезіп «Тек өлтірмесе екен, тек құтылсам екен» деп есеңгірегендей күбірлеген шенеуніктің үрейден есі ауып қалғанын түсінген Әмір қойын қалтасынан шағын диктофон шығарып:

Аты-жөнің, қайда кім болып жұмыс істейтініңді асықпай анық айтып шық, — деді диктофонды қосып. Бейшара қанша тырысқанымен даусы дірілдеп, кемсеңдеп кетіп бірнеше рет қайта жазуға тура келді. Дұрыстап жазып болған соң:

Енді «қарызымның өтеуі ретінде Ет өндіру цехындағы өзімнің жиырма пайыз акциямды келісілген бағамен сатамын» деп қайтала – деген азиятқа бағжия қараған ол бәрін дұрыс қайталап айтып шықты. Ішінен «керектері сол жиырма пайыз акция болса, алсын, тек өзімді тірі жіберсе болғаны» деп көңілі орныға бастады.

Қазір бірге барып акцияңды нотариусқа заңды түрде мен айтқан адамның атына аударасың, сосын жөніңе жібереміз. Егер қылтың-сылтың бірдеме жасамақ болсаң ескертусіз маңдайыңа оқ қадаймын, әйелің мен қызыңды да өлтіріп, акция ғана емес үй-жайыңды иесіз қалдырамын, түсіндің бе? – Шенеунік басын шұлғи берді. Жолшыбай оған акцияны бұған өткізген соң ешкімге тіс жармау ескертілді. Ол бас изеумен келеді.
Барлық құжаттарын алған соң Гивимен келіскен нотариалдық кеңсеге келді. Нотариус әйел құжаттарды реттеп отырып «өз еркіңізбен сатып жатырсыз ба, ақшасын алдыңыз ба?» деп сұрап қояды. Шенеунік «Ия, ия, еркіммен, ақшасын алып қойғам» деп міңгірлеп, көрсетілген жерге қолын қойып жатыр. Ол жерден шыққан соң шенеунік басына түскенге әбден мойынсұнғандай өздерін тасып жүрген машинаға қарай беттеді. Әмір оны тоқтатып, жолдың екінші бетіндегі шағын кафеге қарай ертіп жүрді. Көліктегі таңырқай қараған кавказдықтарға «отыра тұрыңдар» дегенді емеурінмен білдіріп, шенеунікті қолтықтап кете берді.
Оңашалау үстелге жайғасқан соң, қарсы алдында түкке түсінбей аңырып отырған оған:

Арақ па, коньяк па? – деді. Анау апырақтап «Мейлі, бәрібір, маған бәрібір» деді қыбыжықтап. Даяшы екі қырлы стаканмен арақты екі тұздалған қиярымен тез-ақ әкелді.

Сәтті ісіміз үшін. – Әмір қағыстырды да қағып салды. Қиярды қышырлата шайнап, аузын сүртті де:

Менің айтқанымды ұмытушы болма, жеті қабат жердің астынан да тауып аламын, — деп орнынан тұрып қолындағы тістелген қиярына мөлие қарап отырған шенеуніктің иығынан бір қағып кафеден шықты. Ананың отырысынан оның рухының өліп қалғанын сезді. Ол жанын олжа тұтып, сүлдерінің сау қалғанына тәубе деп отырғаны анық. Акциясының болғанын тезірек ұмытуға тырысары сөзсіз. Ендігі жерде Джиннің Пашадағы акциясын қолға түсіру қажет. Оны қиқаңдаса құрбандыққа шалуға тура келер, қайтсе де бұл алған бетінен қайтпайды. Ертең Паша әдетінше саунаға хатшысын алып барады. Күзетші-жүргізушісінен басқа оққағары болмайды. Сол жерде шантаж жасау, қорқыту-үркіту арқылы көндіру не өлтіру керек.

Әмір мінді де бұлар жүріп кетті. Оның Гивиге жолыққысы келмеді. Оған барса болған істі баяндауға тура келеді, ал олай ету дегенің бағыныштының бастығына есеп бергені сияқты нәрсе. Бір рет есеп бергеннен кейін екінші жолы ол есеп беруіңді талап ететін болады. Гиви бұған «менің айтқаныммен жүресің» дегенді сездірсе де, бұл реті келген жерде өзінің оған да, басқа ешкімге де бағынышты еместігін білдіре бермек.
Осы оймен ол машинаны жүргізіп келе жатқанға «Қызыл алаңға қарай тарт» деді иығынан қағып. Ол бұған аңқия бір қарады да көлікті солай қарай бұрды. Екіншісі де таңданысын жасыра алмай:

Қымбатты «Эмир», сен мүлде түсініксіз жансың. Бүгінгі ісіңнің бірін де түсінбедік. Жалпы сен жұмбақ адамсың. – Жағымпазданғандай ыржалаңдап өзінен жауап күткен оған Әмір салқын ғана көз салып өтті де:

Мені түсіну үшін байтақ далада туу керек, — деді. Анау:

Түсінбедім, қымбаттым, неге далада туу керек?

Айттым ғой, түсінбейсің деп, — деді де «сөз бітті» дегендей терезеден тысқа қарады. Анау түкке түсінбеген қалпы иғын қопаң еткізді.

Қызыл алаңға келіп көліктен түсіп жатып «Гиви ағайға менен рахмет айтарсыңдар» деді.
Лениннің мүрдесі жатқан мавзолейдің алдында үймелеген туристер құрметті қарауылдың алмасқан сәтін қызықтап тұр. Кремльдің куранттары дүңкілдеп соға бастады. Бұл шіркеудің қоңырауларының даусындай күңіренген куранттар үнін жақтырмайды. Ажал шақырғандай күңіреніп, бей-берекет дүңгірлегені қандай жаман естіледі. Мүмкін ерте замандарда көшпенділердің шапқыншылықтары кезінде «Ойбай, жау шапты, жау келіп қалды, құрыдық, бас сауғалаңдар» деп бірнеше деревнялары қосыла күңірене шулап, осылайша шіркеу қоңырауларын ретсіз, бей-берекет соққылайтын әдеттерінің бүгінге келіп жеткені болар. Әйтеуір, ондаған шіркеу қоңыраулары бір мезгілде ретсіз дүңгірлей жөнелгенде төбе құйқаңды шымырлатып ерсі естіледі.
Алаңның ортасынан кесіп өтіп, өзіне ұнаған «Космос» мейрамханасына келді. Күндіз мұнда адам онша көп емес екен. Бұл бос үстелдің біріне жайғасты да арақ пен тамақ алдырды. Арақтан қырлы стаканға толтыра құйып қағып салды. Қанша сыр бермегенімен, кавказдықтардың аузын аңқитып ерекше болып көрінгенімен, шенеуніктің мөлиген көзіне астам қарап, дәл қазір азаптап өлтіре салатындай түр көрсеткенімен, соның бәрі біткенше өзі де алмастың жүзінде жүргендей болды. Жүрегінде жауыздығы жоқ, жаны қорқау емес адамға қанша дегенмен қанішер болып көріну оңай емес. Бірақ, бұл шындап ашуланса, жанына тиер жағдай болса адамды азаптау, өлтіруге өзінің бара аларын да іші сезеді. Осылайша, бүгінгі істеген ісін сараптап біраз ой елегінен өткізген ол мейрамханадан кешке бір үстелге тапсырыс берді де бойы жеңілдеп тысқа шықты. Шағындау болғанымен өте жайлы даңғаза-шуы аз осы  мейрамханаға кешке Лилияны ертіп келіп демалмақ.
Лилия жұмыстан оралғанда жуынып, тынығып алған Әмір сергек отыр еді. Оның осы қалпынан-ақ бір жақсылықтың барын байқаған Лилия:

Жұрт қарақшылық әрекетін түн жамылып жасаушы еді, сен күндіз тонаушылықпен айналысып, түнге қарай сұлу келіншекпен қыдырғалы отырған қусың-ау, — деді еркелей назданып.

Дәл таптың, үлкен істің сәтті бастамасын бүгін «Космосқа» барып тойлаймыз, тапсырыс беріп қойдым.

Олар мейрамханада ұзақ отырды. Әмір өте көңілді, жиі қалжыңдайды. Оның мұндай ашық-жарқын қалпын Лилияның алғаш көруі, жүзі жайнап, екі беті нарттай болып, жайшылықта адам туралап қарай алмайтын өткір қара көздерінен мейрім
нұры шашылып, ірі маржандай ақ тістерін көрсете рахаттана риясыз күлгенде, қараторы жүзінен адамды өзіне тартар әлдебір сиқырлы сәулелер төгіліп тұрады екен. Қазақ жігітіне тамсанып отырған Лилияның да алма бетінің ұшы қызарып, көзі күлімдей, әдеміленіп кеткен еді.
Екеуі кеш бойы армансыз биледі. Испанша, цыганша, полякша, орысша, негрше, өзбекше, кавказша билердің бәрі биленді. Музыканттардың репертуары таусылардай болғанда Әмір оларға барып қазақша биге тапсырыс берді. Сәл кідіріңкіреп барып бұның атын мадақтай айтып Лилияның құрметіне қазақша ән әуені тартыла жөнелді. Әннің сөзі айтылмағанымен әуені қазақша екені сезіліп тұр, өзі қазақша биіңе де әдемі келеді. Бұл оңтүстіктің қазағына тән бишілігіне басып дөңгеленіп ала жөнелді. Лилия да қалыспай билеп жүр. Оның биі қазақшадан гөрі шығыс, араб билерінің ырғағына келетіндей. Соған қарамастан екеуі өте бір түсіністікпен, беріле билегендері соншалық музыка біткенде мейрамханадағылар қол соғып қошемет көрсетті.
Бұлар терін сүртіп, өз орындарына жайғасып, салқын шампаннан бір-бір қағып салғаны сол еді, түрі қазақтан гөрі кавказдыққа келетін, баяғы зонадағы құмық Кубаны есіне түсірген, жасы да сол шамалас біреу қастарына келіп, отыруға рұқсат сұрады.
Тамаша биледіңіздер, кардаш, рахмет, рахмет, -деді қазақшаны сәл акцентпен сөйлеп. «Бұл кім болды?» деп ойлағанша әлгі:

Мен түрікпін, атым – Мұстафа, — деді. Бұл:

Мен қазақпын, есімім — Әмір, — деп оның ұсынған қолын қысты. Мұстафа даяшыға шампанның ең тәуірін әкелуді тапсырды да «бұл кім?» дегендей Лилияға қарады.

Ол – Лилия. – Бұлардың сөзін түсінбей отырған Лилияға қарап, — Танысып қой, Мұстафа, жерлесім, — деді орысшалап. Танысып жатып Мұстафа:

Татар қызы ма? – деп сұрады. Сосын, — Мен Түркиядан келген түрікпін, кардаш. Сен билеген би «Стамбул мен Алматы» деп аталатын жаңа ән, мен сол Стамбулда тұрамын, — деді ол.

Олар таныстық үшін, тамаша би үшін бір-екі мәрте алған соң Мұстафа жақсылық тілеп, мазаларын алып, демалыстарын бөлгеніне кешірім сұрап, өз орнына кетті. Әмір түріктің «кардаш» деген сөзінің «қарындас, қандас, бауыр» деген мағына беретінін бала кезінен білетін. Ауылындағы бірнеше түрік отбасының балаларымен ойнап өсті. Әлгі түрік ауылын есіне түсіріп көңілін бұзып кеткендіктен, бұлар көп ұзамай қайтты.
Екі кавказдығын ертіп алып, Пашаны алыстан аңдып, әлден соң кәсіпорын қақпасынан шыға жүйітки жөнелген джиптің соңынан ілесті. Ойлағанындай-ақ джип өткен аптаның дәл осы күні барған қаланың шет жақтағы мөлтек аудандарының біріндегі көпқабатты үйдің бүйір жағына орналасқан саунаға келіп бір-ақ тоқтады. Машинадан түскен Паша мен хатшысы тез-тез басып ішке кіріп кетті де, жүргізуші екі сөмкені арқалап соңдарынан кетті. Артынша саунадан жүргізушіге ілесе кәртамыстау еркек шықты. Ол есікті сыртынан құлыптады да бір бума кілттерін  жүргізушінің қолына ұстатып, өзі бұрышты айналып кетіп қалды.
Анадай жерден аңдып отырған бұл машинадан түсті. Серіктері де джипіне жете берген жүргізушіні тарпа бассалып, машинасына бұрап тығып жіберді. Сосын біреуі кілтті алып машинадан қайта шықты, екіншісі жүргізушінің қасында қалды. Кілті бар кавказдық саунаның есігін ашты да Әмір кірген соң есікті іштен бекітіп, оның артынан ілесті. Ауызғы бөлмеден өткен жердегі шағын дәлізде еркек пен әйелдің киімдері ілініпті. Одан өтіп бассейні бар үлкен бөлмеге кірген бұлар ол жерден де ешкімді көре алмады. Сөйткенше бүйір тұстағы бөлмеден мекрене ыңырсыған әйел мен ырсылдап-гүрсілдеген еркек дыбысы естілді. Көмекшісіне иек қақты. Ол бүйірдегі бөлмеге кіріп кетті де, артынша салдыр-гүлдір еткен дыбыспен қоса әйелдің баж ете қалған даусы шықты.
Әмір кіргенде аузын бір қолмен басып, екінші қолымен әбүйірін жапқан жалаңаш әйел түпкі бұрышта үрпиіп діріл қағып тұр. Ал бөлме ортасында ыңырсыған жалаңаш еркекті кавказдық ес жиғызбай бүйірден тепкілеп жатыр екен. Қолын көтеріп «жетеді» дегендей белгі берді де, әйелді көрсетіп ауыз бөлмеге қарай нұсқады. Көмекшісі «түсіндім» дегендей қорыққаннан аяғы дірілдеп, даусы шықпай қалған хатшы қызды білегінен ұстай ауыз бөлмеге ертіп шығып кетті.
Тепкі тоқтатылғанын сезген, еденде етпетінен түсіп, екі қолымен басын жауып алып жатқан Паша көзін ашып төбесінен төніп тұрған адамға жасқана қарады. Бұл «тұр» дегендей белгі жасады. Анау диванның шетіне сүйеніп денесін ауырсына орнынан көтерілді. Түсі сұсты азият оған ақ жайма жатқан жақты нұсқады. Түсіне қалған Паша ақ жайманы алып беліне орады да, «енді не істейін?» дегендей сүмпиіп тұрып қалды. Бұл төрге қарай озып, қара былғарымен тысталған мамық креслоның біріне жайғасып, бүрісіп тұрған Пашаға оқты көзімен тесіле қарады. Анау шыбындаған жылқыдай қыбыжықтап, салмағын бір аяғынан екінші аяғына салып, тыпыршып, көздерін жыпылықтата берді.

Павел Иванович, біздің не үшін келгенімізді түсінген боларсың? – деді бұл қатқыл үнімен.

Не үшін? – деді үні дірілдей шыққан Паша «не үшін келгендеріңді білмеймін» дегендей басын шайқап.

Самара түрмесінде саған сатқын-оңбаған ретінде өлім жазасы кесілді. Біз сол үкімді орындаушылармыз, иманыңды үйір, — деген бұл жайбарақат қана қойнынан питолетін шығарып, сұсты қарудың өңешіне оқ жіберіп сырт еткізді. Паша бұған түкке түсінбей, есі ауып қалған адамдай аңырып сәл қарады да:

А, а, а! Қандай үкім? А-аһ, қандай өлім жазасы? А? – деді кемсеңдей сөйлеп.

Джинді, Димитрий Алексеевичті білетін боларсың, сондай құрметті адамды алдап, сатып кетуің үлкен күнә. Ол үшін өлім жазасы да аз…

Аһ-а-аһ, Дмит… деп келе жатқан оның сөзін аяқтатпай:

«Законниктің» елу пайыз акциясын иемденіп кету дегенің масқара, «бауырластар» мұндайды ешқашан да кешпейді, — деп бір тоқтады. Өйткені, осы  жерде Пашаның кім екені көрінеді, сондықтан оның ендігі реакциясын байқамақ. Ол еденге жалп етіп құлай кетіп, еңбектей келіп мұның аяғына жармасты. Сосын асыға-аптыға:

Тұра тұ-тұрың-ыңызшы, тыңдаңыз-ызшы, құдай үшін. Оның акциялары өз атында тұр. Мен алған жоқпын, алмаймын да, түрмеден құтқаруға көмектесетін адамдарға берем дегенмін, құтқара алмадым, акциясы сейфте қаз-қалпында сақтаулы тұр. Түсіндіңіз бе, оның акцияларын мен алғаным жоқ, алған жоқпын деймін, еһе-еһе… деп өкіре өксіп, мұның аяғын құшып жатып қалды.
Әмір мәселе бұлай өрбиді деп мүлде күтпегендіктен не дерін білмей қалды. Пашаның жаны алқымға келгенде айтып тұрғаны шындық болуға тиіс. Олай болса Джиннің құжаттарға қол қойғанына қарамастан Паша оның акцияларын нотариус арқылы өз атына әлі аудармағаны. Ендеше мәселе оңай шешілуі мүмкін. Бұл Пашаға ол акцияларды алдырып, Лилияның атына аудартады да сонымен іс бітеді.
Пистолетінің ұңғысын етпеттеп жатқан Пашаның қарақұсына тіреп тұрды да қайтадан тартып алды.

Цехта Дмитрий Алексеевичті жұрт танушы ма еді? – бүкшиіп жатқан оны пистолетімен түртіп. Ол селк етіп басын көтерді де:

Біледі, жақсы біледі. А-а, жоқ, білмейді, бір ғана мәрте жиналысқа қатысқанда көрген, жақсы білмейді, — үміт оты жанғанына елең етіп.

Акциялар мен құжаттар қайда?

Офисте, сейфте сақтаулы. Бәрі сонда, мен Дмитрий Алексеевичтің акцияларына тиіскен емеспін, тиіскенім жоқ, қаз-қалпында сақтаулы тұр.

Қазір менің адамым мен хатшыңды жіберіп бүкіл акцияны осында алдырасың,ұқтың ба? Ешқандай «фокус-мокуссыз» істейсің, әйтпесе жаныңды жаһаннамға жөнелту қиын емес, — деп ауызғы бөлмедегілерді шақырды.

Мынамен бірге барып бір қағаздар алып  келесің, қит етсе атып тастарсың, — деп кавказдыққа хатшы қызды нұсқады. Паша жандәрмен:

Дашенка, офистен сейфтегі үлкен қызыл папкені сол қалпында тез арада осында әкеліңдер. Ешкімге ештеңе деуші болма, түсіндің бе, қайталап айтамын, ештеңені бүлдіріп алмай, бір аяғың сонда, екінші аяғың осында болатын болсын. Сөйтсек екеуміз де тірі қаламыз, түсінікті ме? Мә, кілт, — деді хатшысына. Олар шығып бара жатқанда да Дашасына ештеңені бүлдіріп алмай, түзу барып, тез қайтуды қайталап тапсырып жатты.

Әмір жасаулы дастарханды нұсқап:

Мынадан құйып, қонағыңа кәде жасамаймысың? Осылай отыра береміз бе сүмпиіп, — деді даусын жұмсарта. Пашаның да жүзіне қан жүгіріп, елпең етіп келіп коняктан екі рюмкеге құя бастады. Бұл саусағын шошайтып, оны тоқтатты да:

Үлкен стакандарға тазасынан толтыра құй, — деді ашылмаған ақ арақты нұсқап. Ол қолындағы конякқа бір, бұған бір қарады да арақты ашып, сусын ішетін үлкен стакандарға толтырып құйды.

Болашақта түсінісіп жұмыс істеуіміз үшін, — деп Әмір қағып салды. Түкке түсінбесе де Паша да «түсіністік үшін» деп алып жіберді.
Дмитрий Алексеевичтің тапсыруымен ет өңдеу цехына енді өзі қожалық ететінін, өзінде жиырма пайыз акция барын, мына елу пайыз акция бір ханымның иелігіне өтетінін, ал Паша атқарушы директор болып қалатынын түсіндірді.

Акционерлік қоғамның президенті енді Лилия Акперова ханым болады. Тез арада заңдылықтарды сақтай отырып, акционерлердің кезектен тыс жиналысын өткізіп, барлығын біз тапсырғандай етіп жасайсың. Сонда сенің он пайыз акцияңды өзіңе қалдырамыз, мені де акционерлік қоғам Кеңесіне мүшелікке кіргізесің. Түсіндің бе, түсіністікпен жұмыс жасау дегеніміз осы, көнсең бізбен қаласың, көнбесең тоғыз грамм қорғасынды кеудеңе қадам беремін де тозаққа жөнелтемін, — деп қасында жатқан пистолетін қолына алып ұңғысына үрлеп қойды.

Арақ аздап есін жиғызғандай болған Паша «Самарадан үкімді орындауға келдім деп, енді цехты толық қолына алмақ болып отырған бұл азиялық кім болғаны?» деп ойлады. Есіне «Лимон» мейрамханасында Мәскеуге белгілі бір грузин «авторитетпен» құшақтасып амандасып жатқан азият түсті. Көзінің астымен Әмірге ұрлана қараған ол «Ия, сол азият, дәл өзі Петр Петрович «ол грузин криминал әлемінің ғана емес, Мәскеу зиялысының, биліктегілерінің арасында үлкен авторитет» деп еді, бұл соның адамы болды ғой» деп ойлады. Сонда бұл кәсіпорынның жиырма пайыз акциясын мэриядағы шенеуніктен қалай тартып алып жүр. Бұл болса сол сужүрек Петр Петровичке өткенде «егер бізді қорғайтын мықты қорғаушы тапсаң, саған тағы он пайыз акция қосам, ал қорғайтын топқа цех пайдасының бір бөлігін беріп тұрамын» деген. Ондағы ойы Дмитрий Алексеевичтің он пайыз акциясын соған беріп, қорғанышын нығайтып, қалған қырық пайыз акциясын өз атына аударып алу болатын. Мына жаналғыш оны осылай бопсалап бірдеңе істеген ғой, әйтпесе, бұл білетін Петрович қалтасына құйылып жатқан ақшадан оңайшылықпен айрылмас еді. Олай болса жағдайдың ушыққаны, ендеше бұл да акцияны беріп бас амандығын күйіттегеніне өкінбегені жөн. Мүйізі қарағайдай деп жүрген Петровичінің сол мүйізін қағып алған мына азият мұны шопақ құрлы көрмей, айтқанын орындамаса өлтіре салудан тайынбасы шындық болғаны. Осындай ойлармен отырып қалған Паша бірдеңе дегісі келіп еді тамағы құрғап қалғандай үні шықпай жұтына берді.
Құжаттар әкелінген соң, құжаттарды тексеріп, қызыл папкені қолтығына қысқан ол «хатшыңды ауыстырғаның жөн, бастығының бейшара қалпын көрген хатшы оны сыйламай кетеді» деді. Сосын: «Акционерлер жиынын өткізуді тезірек ұйымдастыр, ол үшін қатаң сұрайтын боламыз» деп шығып кетті. Паша мен хатшысы бөлме ортасында құр сүлдерлері сүмпиіп қала берді.
Паша осы уақытқа дейін Джиннің акцияларын өз атына нотариус арқылы рәсімдемегенінің бір себебі мықты сүйеніш-қорғаныш тапқанша өйтуге қорыққан. Қанша дегенімен «вор» аты бар қылмыскердің көзі тірісінде оның мүлкін ашық иеленіп кетудің әбестік боларын бұл сезген. «Мықты «крыша» табармын, болмаса Джин түрмеден қайтпай қалар,  сейфтегі акция ешқайда қашпас», деп үміттеніп жүрген. Осы сақтығының арқасында бүгін жаны қалды. Әйтпегенде әлгі азият мұны табанда өлтірер еді. Бәлекеттің келген беттегі түрі қандай жаман, пистолетін шошаңдатып «үкімің шығып қойды, соны орындаймын» деп дікеңдегенде бұның жүрегі тас төбесіне шығып, тілі байланып қалды ғой. Оның үстіне өздері мұның жұмысындағы ғана емес үйіндегі жағдайдың бәрін біліп отыр. Әбден зерттеп, бақылағандары көрініп тұр. Жанындағысының кавказдық екеніне қарағанда бұл азият сол грузиннің тобында болуы да мүмкін. Ал ондаймен бұл түгілі Петрович тайталаса алмайтыны белгілі. Ендеше жаны олжа, әрі он пайыз акциясына тиіспей, цехтан қызмет беріп отыр. Соған шүкіршілік еткені жөн.
Паша ет өндіру цехының түбі қылмыскерлердің көзіне түсерін сезіп жүрген. Соңғы жылдары Мәскеуді қылмыстық топтардың қайта бөліске сала бастағандары туралы күн құрғатпай теледидар да, газеттер де жарыса айтып, жазып жатқанын көріп жүр. Мұның цехына әзірге ешкім тиісе қоймағаны мұның мықтылығынан емес, цехының елеусіз әрі шағындау кәсіпорын болғанынан екенін де сезеді. Сондықтан да мэриядағы Петровичке қорғаныш болар мықты топ тап деп асықтырып еді. Түбі әлдебір қылмыстық топқа табысының бір бөлігін беріп, бірлесіп жұмыс істеуге тура келерін білгенімен дәл осылай болады деп ойламаған. Детективті кітап, телесериалдардағыдай емес, өмірде мына азият сияқты жаналғыштар бар екен. Мұндайлар ешқандай компромисті білмейтін, өркениеттен хабарсыз, даланың тағысы сияқты жемтік көрсе сол үшін ұяласын да талап тастайтын жыртқыштар ғой. Мәскеуде кавказдықтардың толып кеткені аздай енді азияттар келіп, бәрін тартып ала бастады. Сонда біз қайда барамыз, милиция қайда қарап жүр, бұл өмір не болып барады?
Ол бірнеше күн дегенде зорға тауып алып Петр Петровичке жолықты. Мәселенің мәнісіне қанысымен ол басын ала қашты. «Мен акциямды беріп құтылдым, жаным үшін малым садақа. Бұлар «басбұзарлар», ешкімді де аямайтындар, әрі Гореладзе жүрген жерде басқа қылмыстық топтар батып тұмсықтарын тыға қоймайды. Мені ұмыт, мен ет өндіру цехын ендігі ұмытып та қойдым. Өйткені, өмір сүргім келеді, ал сен жастаусың ғой, не әрекет жасаймын десең де өзің шеш, мені енді ештеңеге араластырма. Өнбейтін іске араласып өле алмай жүргенім жоқ, сау бол» деген ол.
Көпті көрген кәрі айлакердің бірден ойыннан шығып жан сауғалағанына қарап Паша мәселе азиятта емес, Гореладзеде деп ұқты. «Елу пайыз акцияға ие болған әйел сол грузиннің көңілдесі ме, бірдемесі болғаны» деген ойға келген. Ендеше өзіне он пайыз акциясын қалдырып, атқарушы директор еткендеріне шүкіршілік етеді.
Көп ұзамай «Ет ұқсату кешені» акционерлік қоғамының президенттігіне өзі сұлу да іскер келіншек келді. Кезектен тыс жиында Павел Иванович президенттікке өзі ұсынған Алперова ханымды іскер, мықты экономист, құнды қағаздармен жұмыс істеу шеберлігі мол адам ретінде мақтап көпшілікті дауыс беруге үгіттеді. Өзінің атқарушы директорлыққа ауысуын ағымдағы істердің көбейіп, цехты ірілендіру, өнім өндірудің көлемін ұлғайту жұмыстарымен айналысатындығымен байланыстырды. Арзан да сапалы шикізатпен жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін малға бай Қазақстанмен іскерлік байланыс орнатып, атқарушы директордың  жабдықтау жөніндегі орынбасары етіп Әмір Байбөринді тағайындады. Артынша Лилия кәсіпорынның бас бухгалтерлігіне өз адамын қойып алды.
Жаңа президенттің еркін әрекеттерін көрген кәсіпорын ұжымында Лилияны «Павел Ивановичтің көңілдесі екен» деген қауесет тарады. Оған Лилия мен Әмір күлді де қойды. Ал Паша болса іштей жынданып кете жаздағанымен, амалсыз шыдап жүр.
Әмір үш жерлесін ақыры тауып әкеліп ет өндіру цехына күзетші-омон етіп, үш бөлмелі қызметтік пәтер беріп қойды. Үшеуін үш ауысымдағы күзет бастығы етіп тағайындады. Жұмыстан бос кездерінде олар қарамағындағыларға спорттық жекпе-жек әдістерін үйретумен айналысты. Осылай жігіттердің өз қарамағындағылар арасында бірден беделі өсіп, өзгелер бұлардан жасқанып, басшы ғана емес, үйретуші-тәлімгер ретінде бас иіп жүретін болды.
Әмір Қазақстанға барғысы келмеді, одан гөрі Самара маңындағы қазақтардан ет өнімдерін әкеліп тұруға шешті де, келісімшарт жасасып, ет алып қайту үшін товароведін ертіп жолға шықты. Оның есіл-дерті Самарадағы Сашаның қара, қызыл уылдырығын Мәскеу мейрамханаларына жеткізіп сату арқылы мол табыс табу болды. Самараға келісімен Саша Самарскийді кездесуге шақырды. Ол ескі досының келгеніне бір жағынан қуанғанымен, екінші жағынан кеткеніне көп өтпей жатып қайта айналып соққанынан күдіктеніп қалды. Дегенмен кездесуге келді.
Бұлар баяғы татар Зұлманға қарасты мейрамхананың оңаша, түкпір бөлмесінде жолықты. Екеуі де сыр бермей сағынысып қалғандай амандасып, көрісіп, жағдай сұрасып жатыр. Әмір баяғы ұсынысын тағы айтып мәселені төтесінен қойды.

Тіпті ментура, салық полициясы тіміскілеп мазаны алады деп қорықсаң, сенің қалбырыңның сыртына мен өз цехымда жасалғандығын білдіретін белгі соғып, өз этикеткамды жапсырайын. Ол үшін цехыма шағын уылдырық қалбырлайтын тізбек орнатып, сенің шикізатыңнан аздап қалбыр да шығарып тұрамын. Іс жүзінде сенен алған уылдырық қалбырына этикеткамды жапсырып бүкіл Мәскеу мейрамханаларын болмағынымен бір бөлігін уылдырықпен қамтамасыз ететін боламын. Екеуміз де мол пайдаға шығамыз, — деді мұның «уылдырық қалбырларын сат» деген ұсынысына маңдайының әжімдерін жиыра кіржиіп қалған Сашаға тәптіштей түсіндіріп.
Сашаның қабағы жиырылуының себебі, тек жасырын цехының ашылып қалу қаупі емес, мына алдында отырған шотмаңдай қазақтың аз ғана уақытта қылмыс әлемінің ең қауіпті де, қатыгез жайындары жиналған Мәскеуден ойып тұрып өзіне орын сайлап алып қана қоймай, заңды-заңсыз бизнесті қатар бұрқырата дамытуға қызу кіріскені еді. Бүйте берсе бір жылға жеткізбей бұл менің цехымды да, басқаларымды да қанатының астына алып қоюы мүмкін, мұндайлар бір жұғысып кеткен жеріндегі ұнаған, пайдасы бар нәрсенің бәрін тып-типыл етіп иеленіп алмай тыншымайтындар ғой, бұның осынысы қауіпті, түбімізге сонысы жетуі ықтимал.
Осындай ойлармен сәл кідіріп барып:

Сенің мұндай пысықтығыңа дән риза болып отырмын. Сендей сенімді дос, адал серіктеске неге бермейін, беремін. Тек келісейік, белгілі мөлшерде қалбырланған уылдырық беремін, бірақ тауарды Самарадан өзің келіп алып тұрасың. Мен тасымалдау дегеннен аза бойым қаза болатын адаммын. Өйткені, қанша дегенмен алыс жол, проблема туындап, тауарды уақтылы жеткізіп бере алмасам атыма ұят. Одан да бірден өзің тасып алатын болып келісейік, — деді басқа сылтау таппай, амалсыз келісіп.

Әмір бұл ұсынысқа бірден келісті. Бұл өзі де тауарды тасып алу мәселесін алдын ала ойластырып келген. Мәскеуден шығарда тоңазытқышы бар рефрижатор жүк көлігіне уылдырық қалбырларын жасыратын арнайы орын әзірлеткен. Сашамен келіскен соң, соның көмегімен осындағы ірі ет комбинатынан мал етін алып тұруға келісім жасасты.
Келген ісін осылай сәтті бітірген Әмір алдымен Самарскийдің цехынан қалбырланған уылдырықты жасырын контейнеріне тиеп алып, ет комбинатынан алғашқы партия етті артып, Мәскеуге аттанып кетті. Сашаның көмегімен уылдырық қалбырлайтын техникалық тізбекті орнатып алған соң, оның цехы колбаса, бұқтырылған ет қалбырлаумен қатар уылдырық қалбырлау технологиясын да меңгеріп алды.
Лилияның жалпы басшылығына мойынсұнған Паша бұлардың уылдырық қалбырын өндіруді қолға алғанынан-ақ бұл істің таза еместігін сезді. Бірақ бұлардың іскерлігіне, цехтың жұмысын дөңгелетіп әкетіп, өнім өндіруді ұлғайтып қана қоймай, жаңа өнім түрін өндіруді бастағанына тәнті болғандықтан үндемей, өз міндетін мінсіз атқаруды ғана білді. Әмірдің таяу болашақта Қазақстаннан жылқы етін тасымалдап, қазақтың ұлттық колбасасы – қазы деген деликатес өнім шығаратын шағын линия ашу туралы акционерлік қоғам Кеңесіндегі ұсынысын да қолдады. Цехтың жұмысы қарқындап, өнім өндіру көлемі ұлғайған сайын пайда мен дивиденттің өсетіні анық. Пашаның ендігі уайымы өзінің он пайыз акциясын алып қоймас па екен деген күдік қана.
Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарынан күн құрғатпай таратылып жатқан ақпараттарға қарасаң жаның шошиды. Мәскеудегі қылмыстық топтар өзара ерегестерде бір топ екіншісін талқандап, басшыларын киллер жалдап, автокөлігі не үйіне жарылғыш қойып көзін жоюда. Ол ол ма, қылмыстық топтар мемлекеттік қызметтегі, бизнес саласындағы айтқанына жүрмегендерді әлгіндей тәсілдермен өлтіріп жатқаны туралы да жиі жазып, көрсетіп жатыр. Таяуда ғана «Ваганковская» қорымында әлдебір қылмыстық топтың басшысының жерлеуі болды. Телеарналар соны Мемлекет басшысы, не қайраткері өлгендей жарыса көрсетіп, әлгі «вордың» қай қылмыстық топтың басшысы болғанын, оны қарсыластары не үшін өлтіргендерін айтып, оны жерлеуге бұрынғы КСРО аумағынан ондаған «ворлар» келгенін, жерлеу кезінде екі жүзден астам қылмыскерлер, тіпті танымал қайраткерлер мола басындағы қаралы митингіге қатысқанын көрсетіп, айтып жатты.
Сол хабарды көріп отырғанда Пашаның жүрегі шаншып кетті. «Сонда бұл не болғаны? Қылмыскерді, онда да көзі тірісінде талай жанды өлтірген, мемлекетке қыруар зиян келтіріп қылмыстар жасаған аты-шулы «вордың» жерлеу рәсімін бүкіл елге ашықтан ашық көрсетеді. Өлген қылмыскер өлсін, ал оны жерлеуге келген ондаған тірі қылмыскерді құқық қорғаушылар неге сол жерде ұстап түрмеге тықпайды? Қарапайым журналистің өзі қанша қылмыскер, қайдан келгеніне шейін біліп отырғанда құқық қорғаушылар ай қарап отыр ма? Бұл не болып барады өзі, әлде олар да шенеуніктер де қылмыс әлемімен ауыз жаласып кеткені ме?» Осындай ойлар онсыз да күпті болып жүрген Пашаның көңілін жасытып, өмірден түңілдірді.
Сөйтіп түңіліп жүргенде таңертең жұмыстағы кабинетіне кіргені сол еді, есіктен Әмір Мамысович енді де, мұның сәлемін жүре алып бұрыштағы теледидарды қосты. Таңғы жаңалықтан «Мәскеу қаласы мэрінің сыртқы экономикалық байланыс департаментінің басшысы мінген қызметтік көлікті біреулер танкіге қарсы қарумен атып жарып жіберді. Жүргізуші мен оққағары қаза болып, басшы жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Қастандық себебі мен жарақаттанғанның қазіргі ахуалы жайында өкінішке қарай мәліметіміз жоқ» деп диктор сөзін бітірді.
Теледидарды сөндірді де «Солай, Павел Иванович, солай» деп жұмбақтай сөйлеп оның креслосының  арқалығын сықырлата шалқайды. Паша «мына азиялық тағы не шығарғалы отыр» деп күдіктене не істерін білмей тұрған жерінде қалшиып қалған.

Әлгі шенеуніктің жағдайын журналистердің өзі біле алмай жатқанын естідің ғой, ал мен білемін. – Ол аңқиып тұрған Пашаға сынығандай қарады. – Ол шенеунік тиісті адамдармен түсіністікке келер болса тірі қалады. Ал тоңмойынданып, бірге жұмыс жасаудан бас тартса сол аурухана төсегінде-ақ о дүниеге аттанады. Ұқтың ба!

Әмір қолында айналдырып отырған Пашаның алтын ұшты қаламсабын «кірш» еткізіп үстелге қадады да кабинеттен шығып кетті. Паша болса балалардың «замри-қалши» деген ойынын ойнағандай тұрған орнынан қозғалмай қалшиған қалпы ұзақ тұрып қалды. Тіпті езуіне қыстырған темекісін де сормады. Соның тұқылы ернін күйдіре бастағанда ми қыртысына жан кіріп ішінен «Оңбаған азият, қанішер. Маған жасаған ескертуі ғой, айтқанына жүрмесем мені де солай өлтірмек қой, оңбаған» деді кіжініп. Кіжінгенімен қылар еш қайраны жоқ, құр сүлдері сүйретіліп барып креслосына сылқ етіп құлады.

Әмір бұрын айналысып көрмеген мына шаруаны Лилиямен бірге шыр айналдырып, дөңгелетіп əкеткеніне іштей көңілденіп жүр. Енді біртіндеп игі жақсылармен араласып, жоғарыдағылардың қатарына қосылудың əрекетін жасауы керек. Ол үшін əрине көп тер төгу қажет болады. Бұл ойына алған мақсатына жету жолында тер төгуден де, басқасын төгуден де тартынбайды, қайткенде де жетем дегеніне жетеді, не сол жолда омақасады, əйтеуір алған бетінен қайтпайды. Бірақ, ол ешқашан кейбіреулер сияқты қабырғаға баспен соғылғанша алға ұмтыла бермейді, кейде жағдай мәжбүр етсе кейін шегініп барып, жаңа қарқынмен алға ұмтылуы мүмкін, əрі бұл қашанда шахматшылар сияқты алдағы бірнеше жүрісін, жасайтын қадамдарын ойластырып алады. Сондықтан да болар бұл өмірде сүрінгенімен, əзірге омақаса құлап, жұлынын үзген жоқ.
Əмір сирек те болса Гивидің қасында болып қалған кездерінде біраз мықтыларды көріп, біразымен танысты. Оның маңайын бақылай жүріп, қылмыс əлемімен ғана емес, мәдениет, спорт, өнер, ғылым, қоғам қайраткерлерімен де байланысы осал еместігін, қай-қайсысымен болса да тонның ішкі бауындай араласып, əңгімесі жарасып кететінін де көріп жүр. Оның жерлестерінің сөзіне қарағанда, Гивидің нағашылары грузиннің ескіден келе жатқан князының тұқымынан екен. Өзі де кезінде Мәскеудің мықты бір оқу орнында оқып жүріп шығып кеткен көрінеді. Бертінде бәрібір бір инстиутты бітіріп алыпты. Жағдайын жан-жақты ойлайтын, басы істейтін адам екені содан да байқалып тұр. Онымен аралас-құралас болып жүргендердің араларында қайсысы зиялы қауым өкілдері, қайсысы қылмыс əлемінің өкілдері екенін былайғы жұрттың бірден бөліп-жарып тани алуы да қиын. Бәрі де қымбат та сәнді киім киіп, мүмкіндігінше мәдениетті сөйлеп, зиялыларға тән мәнерлерді ұстануға тырысады. Əйтсе де бұл біртіндеп олардың қайсысының кім екенін ажырататын жағдайға жетті. Өйткені, өзі қақ ортасында жүргендіктен олардың арасындағы қылмыс əлемінде өсіп-жетіліп, көтерілгендерді көбінесе жазбай таниды. Ондайлар өздерін қаншалықты зиялы етіп көрсеткісі келгендерімен не сөзінен, не қимыл-əрекетінен бұның өзіне таныс, қылмыскерге тән дағдылары байқалып қалады.

Сондайларды көріп жүргеніне қарамастан өзі де зиялы болуға ұмтылды. Қаншалықты бай киініп жүрсе де өзінің көкірек көзі мен түйсігінің зиялылықтан алыс екенін бұл сезеді. Ең аяғы орыс тілінің өзіне жетік емес. Осы олқылықтан бастап өзінің кемшіліктерінің орнын толтыру мақсатымен ол Лилиядан ақыл-кеңес, көмек сұрады. Лилия оның орыс тілін, зиялы ортада өзін мәдениетті ұстау дағдыларын үйренсем деген талпынысына қуанып кетті. Осы бір марқасқа жігітті қайтсем қолыма қондырып аламын деп жүрген келіншектің үміт оты жанды. Ол Даль дегеннің орыс сөздеріне жасаған түсінік сөздігінен бастап бірнеше зиялылық дағдыларына үйрететін кітаптармен қоса Лев Толстой мен Александр Пушкиннің таңдамалы шығармалар жинағын да əкеліп берді.
Алғашқы кезде кітаптарды ықыластана қолына алып оқуға кіріскенімен, ар жағында білімділіктің іргетасы болмағандықтан, көп ұзамай-ақ беті қайтып қалды. Қанша құлшынғанымен түсініксіз нәрселердің көп кездесуі, өзінің мектеп қабырғасынан шыққалы кітап оқымай суынып кеткені қосылып, оның талпынысы алға баспай қойды. Кітапты қолына алғанына жарты сағат өтпей жатып жалығып, тіпті күндіз болсын, көзіне ұйқы тығыла бастайды. Басқа қандай істе де қатты талаптанып, табандылық танытсаң нәтиже шығатынын көріп жүргенімен мына білім деген мәселеде алдын ала жасалған дайындығың болмаса бәрі бекер екенін ақыры бұл түсінді. Дегенмен сирек те болса əлгі кітаптарды қолға алып оқуын жалғастыра берді.
Бұлайша өздігінен білікті болып кете алмасына көзі жеткен соң басқа амалын іздестіруге кірісті. Ол Гиви Васильевичпен жақын араласу арқылы, оның айналасында болатын зиялылардан, тірі адамдардың нақты іс-əрекетінен зиялылықтың əліппесін үйренуді жөн санады. «Игі жақсылармен аралассаң шарапаты тиеді, жақсы дағдыларын үйренесің» дегенді қазақтар текке айтпаған шығар, сондықтан зиялы қауыммен жиі араласу қажет деген оймен Гивиге жақындады. Бұған дейін реті келсе Гивиден аулағырақ жүріп, дербес əрекет етуіме кедергі болмасын деп қашқақтайтын ол орыс астанасының қайнаған өмірінің ортасына тек Гиви Васильевич арқылы енуге болатынын түсінген еді. Ол арқылы криминал əлемінің өкілдерін көріп-танумен қатар, əртүрлі жолдармен келіп зиялылар қауымының қатарын толықтырған өзі сияқтылар мен шын мәнінде зиялылар қауымынан шығып ақша, жақсы тұрмыс үшін Гиви сияқтылардың қатарында жүргендерді де көріп, білісе аласың.

Гиви Васильевичтің кең сарайдай үйінде болған жиындарға, басқосуларға бұған дейін де бірнеше мәрте қатысқан. Ондай ішіп-жеп қайтатын сайрандауларда Мәскеудегі əртүрлі топтардың мықтылары, жұрт үшін зиялы қауым өкілдері саналатын өнер, ғылым, мәдениет, саясат қайраткерлерінің де кейбіреулері қатысатын. Тіпті солардың арасында құқық қорғау органдарының да Гивиге жұмыс істейтіндері жүретін. Кейде Гиви Васильевич тек қылмыс əлемінің өзімен жақсы қарым-қатынастағы топтарының басшыларын, жекелеген «авторитеттердің» басын қосатын. Сондай бір басқосудан соң Гиви Васильевич өз адамдарымен оңаша қалғанда бұған қарап:

Мен жаңағыларға сені əдейі таныстырдым, білсін менде де мықты жас тарланның барын, — деген.

Соңғы кездері мұны осындай жиындарға жиірек шақыратын болып жүр. Ондағысы қылмыс əлемінің өкілдерімен таныса берсін, өзін де көрсете білсін, дегені болар. Мүмкін өзінің қасында жас толқынның мықты өкілі барын өзгелерге көрсетіп қойғысы келетін де шығар. Бұл алғашқы кезде мұндай басқосуларға қатысуға онша құлықсыз еді, біртіндеп байқап отырса оның пайдасы болмаса бұл үшін зияны жоқ сияқты.
Сөйтіп жүргенде Гиви Васильевич шақыртты. Кәрі түлкі бұған әрине бұйрықты райда «маған келіп кетсін» деген жоқ, арнайы адам жіберіп «Бүгін кешке келіп менімен бірге дәм жесін, Грузиядан тамаша шарап алдырдым, соның дәмін көріп, қонақ болсын» деп шақыртты. Ондай шақыруға бұл бармай қала алмайды. Өзін құрметтеп шақырғанда бармаса, оның көңілі қалады, грузин шарабын менсінбегендей болады.
Гиви Васильевич көтеріңкі көңіл-күйде екен. Мұны құшақ жая қарсы алып, сағынысып қалғандай жағдайын тәптіштеп сұрап жатыр. Денінің саулығынан бастап, ет цехының қалай жұмыс істеп жатқанына шейін түгін қалдырмай сұрауда. Бұның тегін еместігін ұққан Әмір сыр бермей сұрақтарына мұқият жауап беріп, өзі де оның жағдайын сұрап білуде.
Қонақ бөлмесіне ертіп кірген ол:
Қымбатты Қара Әмір, сенің сол бір цех пен әдемі келіншекке тоқмейілсіп жылы орын іздеуіңе әлі ерте. Сен әлі жассың және «бауырластарға» өзіңді дұрыстап таныта білуің керек. Солардың сеніміне, құрметіне ие болған кезде ғана көңілің көншісе болады. Ол үшін олардың көңілінен шығып, сені қорықса да сыйлайтын шаруа тындыруың қажет, сонда ғана сені бағалайтын, мазаңды алмай, ығысып жүретін болады. Мен бүгінгідей мәртебелі жағдайға осылай топ етіп бірден түсе қалды деймісің, жоқ. Қымбаттым, мұндай жағдайға жету үшін маған өте қиын да ұзақ жолдан өтуге тура келді. Ал қазіргі кезде айналамыздағы тынышсыз жағдай әлі алаңдатуда. Сондықтан да, өмір өзенінің бетінде қалқып жүргің келсе, мұндай іске кіріскен соң ешқашан тоқмейілсуге болмайды. Сенің мына спорттық дене бітіміңе қарап, өзіңді әрдайым физикалық мықты формада ұстайтыныңды көріп тұрмын. Қымбаттым, сол сияқты барлық ісіңде де үнемі формаңда болмасаң ұшып кетуің оп-оңай, — деді.

Оның қамқорси тұрып, өзін әлдебір ісіне пайдаланғысы келгенін сезді. Джин баяғыда «кавказдықтар шаруасына пайдаланып алған соң сатып та кете береді» дегенін есіне алып «бұл мені бір шаруасына пайдаланып, не сатып кеткісі келіп тұрғаннан сау ма?» деген ойға келді. Екінші жағынан мәскеуліктер арасында мұны көбісі біле бермейтіні де рас, білетінінің өзі «Қара Әмір» деген Гивидің көп баскесерінің бірі, ары кетсе бір тобының басшысы болар деп ойлаулары да мүмкін. Сондықтан, реті келсе бұл өзін қылмыс әлеміне танытатындай ірі тірлік істеуге тәуекел еткені де теріс болмас.
Гиви Васильевич, мен цехымның жұмысын нығайтып алсам деп жүрмін ғой, егер әлдеқандай шаруаны тындыру керек болса айтыңыз, — деді не де болса білейін деп.

Қымбаттым-ау, менің шаруаларымды тындыратын адамдарым жеткілікті екенін көріп жүрсің ғой. Мен қажет болса бір сағаттың ішінде жүз қарулы жігітті сапқа қоя аламын. Қымбаттым, мәселе менде емес сенде. Сені Самараға Датоға барғанда көріп «болатын жігіт екен» деп ойлағам, ол туралы саған айтпап па еді?

Айтқан, Гиви Васильевич, Дато «көкем сен туралы егжей-тегжейлі сұрады, қызығушылық танытты» деп айтқан, кезінде.

Солай, қымбаттым, айтқан болса солай. Сенің мықтылығыңа қателеспегенімді кейін түрмеде «акция» ұйымдастырғандарыңда сезгем. Онан соң да сен туралы жақсы пікірлер естігем. Содан ғой Мәскеуге келген саған алғашқы күннен қамқорлық жасап, еркін қимылдауыңа мүмкіндік ашып қойғаным. Өйту маған оңай болған жоқ, қайдан келгені белгісіз біреу ет цехын тартып алып жатқанын мұндағы «авторитеттер» естіп-білмей отырды деймісің, естіді, білді. Бірақ мен «өз жігітім» деген соң басылды бәрі де. Сені масайратып қойғысы келмесе де менің адамым болғандығыңнан амалсыз төзіп жүр олар, солай, қымбаттым. Әсіресе, осындағы кейбір славяндық топтар азият сен түгілі әбден орнығып алған менің өзімді де шибөріше талауға дайын. Бірақ кавказдықтар, оның ішінде грузиндер көппіз, әрі ұйымшылдығымыз бар, оның үстіне өмір көргендіктен олармен тіл табысып жұмыс істеудеміз.

Қымбаттым, өзің көріп жүрсің, менің сыйластарымның арасында өте беделді шенеуніктер аз емес, солар өзара билікке, басқа да мәселеге таласып қалғанда біздің көмегімізге сүйенеді, біз де олар арқылы көп мәселемізді шешіп, заңдастырып отырамыз. Сондай үлкен адамнан бір шағын шаруаны бітіру жөнінде өтініш түскен, ол шаруаға менің де аздап қатысым болғандықтан қолға алып отырмын. Қаласаң ол іске сені де қатыстырамын, қатысқанда да қатардағы көптің бірі емес, осы операцияны басқаратын болып қатысасың. Ал істі ойдағыдай орындасаң ауқымды ақыдан бөлек, талай жерге танылып, беделің өседі, — деп сынай көз салды.
Бұл не шаруа екенін сұрамады, қандай іс болсын мұны қатыстыруды алдын ала шешіп қойғандықтан айтып тұрғанын сезді де:
Рахмет, Гиви Васильевич, ұсынысыңызды қабыл алдым, — деді шегінуге еш болмайтынын біліп. Ол мұның иығынан қағып, ризашылығын білдірді:

Сенің келісеріңді білгем, қымбаттым. Түменде мұнайға байланысты іс, негізі үкіметтегі шенеуніктермен келісіліп қойған, бірақ басқармадағы біреулер қитығып құжаттарға қол қоймай, біздің құбырға мұнай жіберілмей тұр. Түмендегі қырсығып отырған екі адамды жуасытып, көндіріп қайтуың керек, өткенде сенімен бірге болған жігіттерімнің айтуынша сен қандай асауды болсын ауыздықтап, жуасыта алатын, онда да шу шығармай ақылмен бас білдіре алатын жігітсің, сен барсаң іс сәтті шешілеріне сенемін, қымбаттым.

Шаруаның жайын түсіндім. Менің де шағын ғана бұйымтайым бар. Сіздің ғалым, ректор таныстарыңыз аз емес, маған жоғары оқу орнының дипломы керек, басым жас, өмірде керегі болып қалар, — деген Әмірге ол таңырқай қастарын кере қарады.

Осы бір шотмаңдай өзін таңдандыруын қоймай келеді. Міне, енді «институттың дипломы керек» деп тұрғанын қара. Бұл өзі нені болса да тереңнен қаузап, бірнеше жүрісін алдын ала есептеп алатын шахматшы тәрізді өмірінің бірнеше жылын алдын ала ойлайтын болғаны. Түбі аман болса бір жерден тесіп шығары анық. Бірақ бұған одан қауіп жоқ, қаншалықты ақылды болса соншалықты бұған қауіпсіз. Сондықтан бұйымтайын орындау қажет.

Қымбаттым, саған қандай диплом керек? Қаласаң Халықаралық қатынастар университетінің дипломын жасап берем, сосын, «ғылым докторлығына» дейінгі атақ-дәрежені де жасаймыз, әттең, біздің ісімізде «доктор, профессор» деген атақ жоқ, әйтпесе оны да саған жасап берер едім, сен қандай дәрежеге де лайықсың, қымбаттым, — деп кеңкілдей күлген Гиви:

Дегенмен қымбаттым, жақсы ой салдың. Осы шаруаны бітіріп келсең, саған «ворлық» тәжді кигізу мәселесін қолға аламын, біздің істегі ең биік дәреже сол, — деді сабырлы қалыпқа көшіп.

Сонымен, Мәскеу автомобиль институтын сырттай оқып бітіргендігі жөнінде диплом əперетін болды. Бұл Түмендегі шаруаны бітіріп келуге əзірлікке кірісті.
Қасына мұнайды Гивиге қажет құбырға қарай бұратын құжаттармен жұмыс істейтін, келісімшшартқа қол қоятын арнаулы маман мен өзіне екі көмекші ерткен Əмір ұшақпен Түменге келді. Екі серігін басқа қонақ үйге жіберіп, өзі «маманмен» бір қонақ үйдің бөлек бөлмелеріне орналасты. Бұлардың міндеті осындағы үлкен бір кеңседе отырған екі адамды келісімшартқа қол қойып, мұнайды бұлар қалаған бағытқа жөнелтуге көндіру, олар көнбеген жағдайда көзін жою да қарастырылған. Мақсат жолын тауып қалайда көндіруге күш салу. Өйткені, өлтірумен істі созып алулары мүмкін. Өлтірілгеннің орнына басқа адам келеді, оның қандай адам екенін, келісімшартқа қол қояр-қоймасын анықтауға уақыт кетеді. Ал бұларға керегі қандай жолмен болсын тезірек мұнайды тиісті бағытқа қарай жөнелтуді құжаттармен заңдастыру. Мұнай ағыла бастаса ақша да қалтаға құйыла бастайды. Əрине ол ақша бұның емес, Гиви білетін біреулердің қалтасына құйылады, мүмкін олардың арасында Гивидің өзі де бар болар, кім білсін.
Əмір қолдарындағы фотосуреттері арқылы танып алған керек адамдарды тез тапты. Алдымен жастауына жолығуды жөн көрді. Кеңсесінің алдында бір өзі оның жұмыстан шыққан сәтін аңдып тұрды да, екеуінің жолығып сөйлесуі қажеттігін айтты. Ол болса бейтаныс азиятқа таңырқай қарады, сібірлік майда ұлттардың бірінің өкілі болар деген ой келді де:

Сізбен екеуміздің ортақ қандай əңгімеміз болуы мүмкін? Жұмыс бабымен жолыққыңыз келсе, қабылдауыма жазылыңыз, — деп күтіп тұрған қызметтік машинасына мініп кетіп қалды.

Əмір ресейліктердің кавказдықтардан сескенетінін, бірақ азияттарды онша менсіне қоймайтынын осымен бірнеше мәрте аңғарды. Бұл жолы да өзімен жүре сөйлескен əлгі шенеунікке ызаланып, қаны басына шауып шыға келді. Артынша сабасына түсті, ашумен іс бітпесі белгілі. Əжесі марқұм үнемі мақалдап сөйлейтін, бала күннен естіп өскендіктен бе мұның жадында əже мақалдары жатталып қалыпты. Ашуға байланысты «Ашу дұшпан – ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» дейтін əжесі сабырлыққа шақырғанда. Жалпы қазақ өмірдің, тұрмыстың қандай жағдайына болсын неше түрлі пәлсапалық ойларын мақалмен түйіп айтып өткен ақылды халық қой. Сөйте тұра, соншалықты ақылды бола тұра бүгінде өз қолы өз аузына дұрыстап жете алмай келе жатқан сорлы халық.
Қарапайым қаймана қазақты былай қойып, ел басында жүргендердің, қолында азды-көпті билігі барлардың мұраты мұрнының ұшынан аспай жатады. Есіл-дерттері сәл мүмкіндік тапса байлық пен мансапқа ұмтылу. Мұның өзі де міне, жанын шүберекке түйіп бөтен елде «қайтсем көбірек ақша жасап, қайтсем байлыққа шомылып, уайымсыз өмір сүрем» деп жанталасып жүрген жоқ па. Мұны ондай мақсатқа о баста кедейшілік, жоқшылық итермеледі. Айналасындағылардан кем болғысы, нашар киінгісі келмеді. Сосын біртіндеп өрмекшінің торына шырмалғандай шырмалып қалып қойды, енді қанша байлық жинаса да бұл кәсібін қоя алуы қиын. Өстіп жүріп сүйегі бір жерде қалады да.
Қазақ болғандығынан шығар, түрлі пәлсапалық ойларға өстіп жиі берілетіні бар, əйтсе де сол философиядан үйреніп өміріне пайдалануы сирек, көбінесе ойлайды да қояды. Дегенмен, миының осылай үнемі ойлап, үздіксіз жұмыс жасап тұруы да сұңғыла етіп, көп жағдайда жол табуға көмектесіп келе жатқанын бұл түйсінетін. Қазір де ашуын ақылына жеңдірген ол қонақ үйге жеткенше алда қандай əрекетке бару қажеттігін ойластырып келеді.
Бұл басқа қонақ үйдегі екі көмекшісін шағын дәмханаға шақырып, не тындырғандарын сұрады. Олар екі нысананы да барлап, барлық жағын біліпті. Бүгін Əмірмен жүре сөйлескен жастауының мектепте оқитын баласын ертең ұрлайтын болып келісті.
Серіктерінен хабар жетісімен Əмір баланың əкесіне телефон шалды.

Кирилл Иванович, менің сізбен кездесуім қажет. Егер тағы да кездесуден бас тартар болсаңыз ұлыңызды қайтып көрмейсіз, осыны есте ұстаңыз. Милиция да, басқа ешкім де бұл мәселеде сізге көмек бере алмайды. Кездесуге келіссеңіз ғана балаңыз да, өзіңіз де аман қаласыз. Бізге ақша қажет емес, ешкімнің зардап шегуін де қаламаймыз. Өзіңізбен оңаша жолығып бір мәселені талқылаймыз, сонда балаңыз аман-сау қолыңызға тиеді. Біз қалжыңдамаймыз, басқаның қалжыңын да көтере алмаймыз, əбестікті кешіре алмаймыз, ойланыңыз, өзім хабарласамын, — деп телефон тұтқасын орнына қоя салды.

Кирилл Иванович жас болса да қызмет бабында осындай дәрежеге қай мәселені болсын байыптай алатын əдетінің, ақыл-парасатының арқасында жеткен еді. Сонысына салып телефонды ұстаған қалпы ойланып қалды. Баласын ұрлаған кімдер? Ақша қажет болмаса оларға мұнай қажет, яғни мұнайға қатысты бір махинацияға мұны пайдаланбақ. Соңғы кездері мемлекеттік құрылымдардағы шенеуніктерді былай қойып, мұнайды бизнес етіп пайда тапқысы келетіндер көбейіп кетті. Жекешелендірілгендерін айтпағанда мемлекетке қарасты мұнай мекемелеріне де тыныштық бермей пайдасына ортақтасқылары келеді.
Осы көктемде түмендік екі қылмыстық топ бұлардың мұнайынан үлес алу үшін қырқысып, жеңген жағы бұлардан белгілі мөлшерде үлес алуға кірісті. Олардың алған мұнайын жауып отырған Михалыч екеуіне аздап ақша да төлеп отырады. Бұл алғаш көнгісі келмеген, түбі ұрлықы іс ашылып қалса құримын деп қорыққанымен, тісқаққан Михалыч «Саған тіреліп тұрған ештеңе жоқ, көнбесең өлтіре салады да орныңа көнетін адам отырғызады» деп көндірген. Бұл «қазіргі кезде кім адал өмір сүріп жатыр дейсің» деп өзін жұбатқан.

Көп ұзамай Мәскеуден əлдебір дөкейлердің атын жамылып біреулер жетті. Олар жергілікті қылмыстық топтың беріп отырғанынан артық төлейтін болып, бұларға мұнайды басқа бағытқа бұруға ұсыныс жасады. Өздері осы саланың маманы, əрі құжаттарын заңдастырып əкелгенін көрген соң, бұл солармен жұмыс жасаудың қауіпсіздеу екенін түсініп Михалычқа солармен істес болуды ұсынған. Бірақ ол көнбеді. «Бізге Мәскеу алыс, ал дәл жанымыздағы Сибирякқа мұнай жөнелтуді доғарсақ бірінші кезекте оның баскесерлері екеумізді отбасымызбен қоса бір-ақ күнде о дүниеге аттандырады» деп уәж айтқан.
Мәскеуліктер шу шығармастан үнсіз кеткен. Бірақ əлі оралатындарын, түбі бірге жұмыс істейтіндіктерін айтып кеткен. Мұның баласын ұрлап, кездесуді талап етіп отырғандар солар ма екен? Əлде көктемгіден естерін жиған жергілікті қылмыстық топ па? Кім болса да абай болу қажет. Михалычпен дәл қазір хабарласқаны жөн бе, əлде əлгінің қайта хабарласқанын күткені жөн бе?
Телефон шылдыры ойын бөліп кетті.

Кирилл Иванович, ойланып, мәселені ақыл таразысына салған болсаңыз, ың-жыңсыз ғана бір өзіңіз, Михаилычпен де хабарласпай, тек өзіңіз, жүргізушісіз Ленин және Конев көшелерінің қиылысына жетіңіз, — деген телефондағы дауыс үзіліп кетті. Бұл сағатына қарап еді онекіден асыпты. Жүргізушісінен автокөлік кілтін алды да айтылған жерге жетті. Машинадан түсер-түспесін білмей отырған ол артқы есіктен біреудің мінгенін көрді. «Кешегі кеңсе алдында менімен сөйлеспек болған азият қой, мынау» деп таңырқай ойлады. Мұның мәскеуліктерге де, кавказдықтарға да қатысы бола қоймас, сонда бұл кім? Бұған менен не керек?
-Қанша бас қатырсаңыз да таппайсыз, мені мұқият тыңдаңыз. Машинаңызды өшірмеңіз, ол кез-келген сәтте жүріп кетуге дайын болсын, сәл кібіртіктер болсаңыз атып тастаймын, — деп пистолетінің ұңғысын мұның самайына тигізіп сес қылып қойды. – Артыңызға қалжуыр байлап келмегеніңізге сенгім келеді. Әңгіме былай, Мәскеуден арнайы келген кісіні ренжітіп қайтарыпсыздар, жақсы емес. Құдайдың мұнайын қызғануға болмайды. Адам сияқты өркениетті жолмен келісуге келгендерге қасарысып көнбегендерің қате болған.
Кирилл Иванович түсіндіргісі келіп аузын аша беріп еді, пистолеттің ұңғысын оның жағына батыра түсіп, сөзін дөрекілеу бөлді.
— Тоқта, саған кезек келген жоқ, мені мұқият тыңдап ал. – Азият сыпайылықты жиып қойып сенге көшті. – Енді біз келдік. Біз мәймөңкені білмейміз, не майыстырамыз, не сындырамыз. Ұқтың ба? Не көндіреміз, не өлтіреміз, үшінші жол жоқ.
Қарулы адамның үнсіз қалғанын пайдаланған Кирилл Иванович:
— Мен ол жолы да мәскеуліктердің ұсынысын қарастырып көруге тұратын жоба санағанмын, тіпті де қарсы болған жоқпын. Келісімшарттың құжаттары заңды күшіне міну үшін тағы бір адамның қолы қойылуы қажет еді, сол адам көнбеді. Өйткені ол кісіні оған дейін басқа бір топ мұнай беруге көндіріп қойған. Ал екі жоба бойынша мұнай жөнелтер болсақ бір-екі айда артымыз ашылып қалады. Сондықтан, біз алғашқы келіскендерден бас тартуға батылымыз бармады.
Түсінікті. Михаил Михаиловичтің кесірінен ары тартса өгіз өліп, бері тартса арба сынатын жағдайда қалдыңдар.

Ия, дәл солай. Қанша айтқанмен Мәскеу алыста, әлгі топ өз қаламызда, қиын енді…

Кирилл Иванович, сен Михалычыңмен сөйлес, ол топтың басшысымен мен жолығуым керек болар. «Кеме келсе қайық жолдан шығады» дегенді мен оған түсіндіріп байқайын, түсінбесе өз обалы өзіне де, — деген Әмір оның сөзін бөліп жіберді.

Осыған келіскен соң бұл серіктеріне баланы екі көшенің қиылысына әкеліп түсіріп кетуді тапсырды да сағатына қарап:
-Михалычың да ақымақ адам болмау керек, артын ойлағаны жөн. Мен тура үш сағаттан соң телефон шаламын, — деген ол көліктен түсіп кете барды.
Михалыч телефонмен келіскен жерге тез-ақ келді. Кирилл сырттай мұның кескін-келбетін суреттеп берген болуы керек, бірден бұрышқа таман отырған мұның үстеліне келіп, мұны бастан-аяқ шолып шықты да қарсысына отырды. Кішкентай бойлы ғана қағілез, арық адам бірден ескі танысындай шүйіркелесе жөнелді. Әңгіме барысында бұның сөзін сыпайы ғана бөліп, әңгіме ауанын өз ыңғайына бұрып ала бергеніне іштей жыны келіп отырғанымен бұл сөзді бұзуға, тиісуге ілік таба алмағандықтан мысы құрыды. Өйткені, ол артық сөзге бармай екеуіне қатысты мәселе жөнінде ғана сөйлеп отыр.
Қарағым, бүгінде жұрттың бәріне де мұнай керек, ол заңды да. Себебі, ол – қара алтын, әрі ол үшін көп шығын шығармай мол пайдаға кенелуге болады. Әрине, мен оған қарсы емеспін, біз кішкентай ғана орындаушы-шенеунікпіз, бізге сол мұнайдың кімнің құбырына аққаны да үлкен есеппен алғанда бәрібір, дейікші. Бірақ, қарағым-ау, бізден де сұрайды ғой, есебі бар мұнай ғой бұл, далада ағып жатқан судың да сұрауы бар, дегендей. Біз бірден екі бағытқа мұнай бөле алмаймыз, соттап жібереді. Оның үстіне қылмыс әлемі демей-ақ қояйыншы, әлгі сіздердің орталарыңызда да сөзінде тұрмай, келісімді бұзғанды қатаң жазалайтын заңдарыңыз бар. Көрдіңіз бе, қарағым, біз Кирилл екеуміз екі оттың ортасында қалып отырмыз.

Міне, Михалычтың әңгімесі осылай кете береді. Ілік тауып ілінісіп көр, мұнайды бермеймін демейді, бірақ, беремін деп те отырған жоқ. Бұл ойланып қалды. Осыдан жарты жылдай бұрын осы қаладағы екі топтың арасында үлкен жанжал болып, «бұлақтың басында отырған біз неге мұнайсыз қалуымыз керек» дегендей таласқан. Екі жақтан бірнеше адам ажал тапқан сол жанжалда кавказдықтардың басшысы өлген. Кавказдықтар да Түменге кеше-бүгін келгендер емес, негізінен бұрыннан осында тұрып келе жатқандар. Біреуінің көкесі осында ұзақ жылдар мұнай өндіру саласында еңбек етіп, КСРО кезінде еңбегі сіңген мұнайшы атанып, депутат та болған көрінеді. Яғни олардың да мұнай басқармасында өз адамдары болған. Екі жақ та басқарманың басшылығымен келіспес бұрын қарсыласын жоюды жоспарлап содан бірнеше қақтығыс орын алып, бірнеше адам өлген. Ақыры, Сибиряк дегеннің тобы үстем шығып, онымен қоймай губернатор сайлауында қазіргі губернатордың жеңіп шығуына атсалысып, басқа да байланыстары арқылы мұнайлы фирмаға жол тапқан. Сөйтіп алып акционерлік қоғамның мұнай жөнелтумен айналысатын басқармасындағыларды күштегендей етіп көндірген. Михалыч «Мықты болсаңдар, Сибирякты бас тартуға көндіріңдер, сонда сендерге қарай мұнай ағызамыз, қысқасы қай жеңгенің біздікі» дегенді меңзеп отыр.
Біраз үнсіз қалған Әмір:
Яғни проблема Сибирякта болды ғой, — деп бір тоқтады. – Михалыч, орыстарда «нет человека – нет проблем» деуші ме еді, проблеманы шешу біздің міндетіміз. Және оны біз сіздерге сөз де, күдік те түспейтіндей етіп шешеміз. Ең арысы екі күн ішінде жергілікті ақпарат құралдарынан бұл проблеманың шешілгені жөнінде хабарлайтын болады. Сол күні сіз бен Кирилл Ивановичке жаңа келісімшарт жасауға біздің маман барады. Сіздің міндетіңіз сол адаммен келісіп, құжаттарға қол қою. Сіздердің біздің айтқан бағытқа мұнай жөнелтуіңізге мұнан басқа кедергі жоқ болса, бұл мәселе шешілді деп санаңыз, — деді әңгіме осымен бітті дегенді аңғартып.

Михаил Михайдович «мынау азият шынымен-ақ Сибирякты өлтірмек пе?» деп алдында отырған оған таңдана қарап қалды.

Біз қандай бағамен болсын мұнайды өз құбырымызға қарай бұрып ағызу үшін келдік, оны орындауға кедергі келтіріп, жолымызға кесе көлденең тұрғандарды қанша болса да жоятын боламыз, — деді ол «таңданатын несі бар» дегендей.

Сонда сіз, қарағым, «киллерсіз» бе?

Эх, Михалыч, Михалыч, өте пысық болғаныңмен, біздің саладан хабарың шамалы екен, — деп Әмір езу тартты. – Мен «киллер» болсам, Кирилдің де, сенің де маңдайларыңа оқ қадар едім де, сонымен іс бітер еді. Мен көндірушімін, көнбегенді жолдан тайдырушымын, сау бол!

Әмір бүкіл кездесу барысында тілі мен жағына сүйеніп, өзін сөзбен иықтап, дес бергісі келмей, мәселені қиындатып қойған Михалычтың әңгіме аяғында оңбай жеңіліп қалғанына, оның күні бойы сонша мәйпеңдегеніне қарамай оған да «айтқанымызға көнбесең сенің де көзіңді жою біз үшін түк те емес» дегенді ұғындырып кеткеніне риза болып, бойы жеңілдегендей ширақ адымдап бара жатыр.
Уақыт тығыз болғандықтан, Сибиряктың көзін жоюдың ең төте жолын таңдады. Оны күндіз кеңсесінде атып кетуге бекінді. Мұның осындай істе әжептеуір тәжірибелі, кімді өлтіруге болса да қолдары қалтырамайтын екі серігі алғаш қорқақтап қалды. Олар «Есі дұрыс адам есігінде екі күзетші, қасында орынбасары мен оққағары бар оны тал түсте қалай атып кетпек? Біз оны атып жатқанда қасындағылар қарап тұрмақ па. Бұл дегенің басты ажалға тігу, біз оны өлтіріп үлгірмей, өзіміздің маңдайымызға оқ қадалады, болмайды» деп көнгілері келмеді.
Оларға салса Гиви Васильевичпен хабарласып, Мәскеуден қосымша күш сұрап, Сибирякты бірнеше күн аңдып оңашалау, қасында адамы аз кезде ғана шабуылдау керек. Уақыт тығыз болмаса сақтықпен солай істеу де жөн, бірақ бұлар ырғалып-жырғалып жүрерліктей уақыт тар, сосын, нар тәуекел де көп жағдайда қауіпсіз болады. Өйткені, бұларды талтүсте кіріп барып, кеңсесінде отырған адамдарды қырып салады деп ешкім де күтпейді. Оның үстіне негізгі қарсыластарын тұқыртып тастап өздерін бүгінде Түменнің қожасындай сезініп жүргендіктен, тіпті түнде де аса сақтана бермейді. Күтпеген жерден жасалған, логикаға, яғни, қисынға сия бермейтін әрекет көбінесе нәтижелі болады. Әрине мұндайда қарсыласың да қисынсыз ойлай алса онда құрығаның, өзің ажал табасың.
Қос серігіне Түменнен Мәскеуге хабарласуға болмайтынын, ертеңгі күні Гиви Васильевичтың телефоны тыңдалып жүрген болса, күдік бірден соған түсетінін түсіндірді. Сондықтан нартәуекелсіз болмайды. Ақыры Гивидің Қара Әмірдің айтқанын бұлжытпай орындауға тиіссіңдер» дегені бар, екі серігі көнді-ау.
Ең бастысы, сыртқы есік аузына күдіксіз жетіп, екі күзетшіні ың-шыңсыз, шу шығармай өлтіре алса, іштегілерді өлтіру қиынға түсе қоймайды. Бұлардың тағы бір ұтатын жері, бірнеше ай бұрын ғана осындағы кавказдықтармен бірнеше ірі ерегестер болып, олардың басшысы өлгендіктен, түмендік милиция бірінші кезекте кавказдықтардан күдіктенеді. Олар бәрін анықтаймыз дегенше бұлар ізін суытып та үлгереді.
Әмір алыстағы Түменде ең беделді «авторитеттердің» бірін небәрі екі көмекшімен барып талтүсте өлтіре салу оңайға соқпасын сезеді. Дегенмен бұл бір нәрсеге ниеттенсе соны қалайда орындамай қоймайды. Әрі көзсіздікке де ұрынбай, барынша ойластырып, көбінесе, жұрттың көзі мен құлағы үйренген, қалыптасқан қисындарға керісінше әрекет етеді. Ол екі серігіне «егер шабуылымыз сәтсіз болып, өлтіре алмасақ, тірі қалғандарымыз араға бір-екі сағат салып қайтадан шабуылдайтын боламыз. Бізді олар дәл солай етуге батылдары бара қояды деп ойламайды. Бір шабуылдың артынша сол адамдар қайтадан келеді деп ешкім де күте қоймайды. Әрі-беріден соң олар Сибиряктың аман қалғанын жуып жатулары да мүмкін, біз сол кезде қайта бассаламыз, қалайда бүгін оны өлтіруіміз керек, не өзіміз, үшеуміз де өлетін боламыз» деп шегелеп ескертіп қойды. Бір серігінің мына сөздерден кейін тілі байланғандай отырып қалды да, екіншісі «Што за человек, ты «Эмир», вообще не понятный, загадошный» деді тілін сындыра акцентпен сөйлеп, басын шайқап. Әмір ол екеуіне қазақтың «Қайта шапқан жау жаман» деген мақалынан бастап өзінің ойын тәптіштеп түсіндіргісі келіп тұрды да, үндемей тұрып кетті.
Бұлар дыбысы тұншықтырылған пистолеттерін, гранаттарын сайлап алды да, машинаға отырып, Сибиряктың кеңсесіне алысырақтан келіп тоқтап, жағдайды барлап алмақ болды. Көшенің автокөліктер жүріп жатқан жолынан небәрі жиырма метрдей жердегі екі қабатты үйдің биік табалдырығының жоғарғы жағындағы сыртқы есіктің аузында бір ғана күзетші байқалады. Оның өзі құлағына музыка тыңдайтын құлаққап киіп алып бұраңдап билеп тұр. Жақын маңайда жаяу өткінші байқалмайды, өтіп жатқан автокөлік те бірлі-жарым. Маңайды барлап алып, «кеттік» дей берген Әмірдің иығынан түрткен Вано иегімен үй жақты нұсқады. Жалт қараған бұл биік үйдің бастырмасына шыққан Сибиряк пен орынбасарын көрді. Жүргізушісі болу керек қолындағы кілтін айналдыра ойнатып текпішектері біткен жерде көлденең тұрған джипке беттеп келеді.
Бірнеше секундта жағдайды сараптап үлгерген Әмір зулап барып дәл қасына тоқтай қалып оқ жаудыратындарын айтты. Өзі Сибирякты, Вано серігін нысанаға алатын болды. Бұл кезде іштен шыққан оққағары да олардың қасында тұр еді. Сибиряк телефонмен әлдекіммен сөйлесіп болды да, ырғала басып төмен түсе бастады, қасындағылары соңынан ілесті.
Ағызып келіп тоқтай қалған қара машинадан қос-қос пистолеттерін алға созып, кезене секіріп түсіп, екеуі екі құрбандығына оқ жаудырды. Көліктің есігін ашуға ыңғайланған оққағары өзінен екі метрдей жерде қожайынының кенет кілт тоқтап, шалқалақтап теңселіп тұрып қалғанын көре сала соған ұмтылды. Бірақ, кеш еді, Сибиряктың тізілері бүгіліп бара жатқан. Ол жалт бұрылып қара «иномаркаға» оқ атам дегенше бұлар ішке қарғып мініп, көлік орнынан ышқына бұлқынып қозғалып, жүйітки жөнелді. Соңдарынан оқ атылып жатты.
Бұлар екі-үш көшеден өткен соң кілт бұрылып көлденеңдей қала орталығына қарай тартты. Көп ұзамай халық та, көлік те ығы-жығы құжынаған үлкен дүкеннің қасына баяу келіп, ақырын ғана тоқтаған машинадан бірінші болып Әмір түсіп, елеусіз ғана жол жиегіндегі тассоқпақпен арлы-берлі ағылған жүргіншілердің арасына сіңіп кетті. Артынша машинаның екі жағындағы екі есігінен түскен екі кавказдық та машинадан жылыстап ұзай берді.
Әмір үш қабатты үлкен дүкеннің екінші қабатындағы дәмханаға келді. Екі жүз грамм арақ пен шайнама, сусын алып өздері әлгінде ғана тастап кеткен машина жақсы көрінетін терезеге таяу үстелге келіп жайғасты. Байқатпай ғана көз қиығын салған ол көліктің орнында тұрғанын, жанынан жұрт арлы-берлі алаңсыз өтіп жатқанын көрді. Ол толқыған көңілін аулап, алдандыру үшін әдетінше құжынаған халықтың арасынан қазаққа түрі келетін біреу-міреу кездесер ме екен, деп өткіншілерді жағалай сүзіп қарауға кірісті. Зерігіп отырған адамша сусыннан ұрттап, шайнамасынан жеп те қояды. Көңілі өрекпігені басылар емес. «Неге келмей жатыр?» деп алаңдаулы.
Әлден уақытта төбе шамдары жыпылықтай дабылдатқан екі жеңіл машина бұлар қалдырған қара «иномарканың» алды-артын орай тоқтады. Қаруларын кезене түскен милиционерлер ақырын сақтана басып машинаға жақындады. Машинаның ішіне абайлап үңілген соң алақтай айналаларына қарады. Анадай жерде тассоқпақта өздеріне ошарыла қарап үймелесіп қалған жүргіншілерге жәй киімді екеуі жақындап барып машинаны көрсетіп әлденелерді сұрай бастады. Басқалары көліктің орындықтарындағы дыбыс тұншықтырғышы бар пистолеттер мен қол гранаталарын ақырын ғана көтеріп арнаулы қалталарға салуда.
Бұлар әлгінде сол жерге келіп тоқтап машинадан түскен кезде өтіп жатқан жүргіншілердің арасында назар аударғандары болса ендігі жөніне кетіп қалды, оның үстіне бірі тоқтап, бірі жүріп кетіп жатқан көліктерге көзі үйренген көпшілік назар салмаған да болар. Сондықтан, қауіп сейіле бастағандай. Осылай ойлаған ол сусынның қалғанын сіміріп салып, одан босаған қырлы стақанға графиндегі арақтан шүпілдете құйып рахаттана ішіп қойды. Көңілі жайланып терезеден тысқа тағы көз жіберді.
«Мынау қайдан шықты?» деп таңырқай көше бойын көзімен сүзді. Жолдың арғы бетіндегі бәліш сататын шағын дүңгіршекті тез-ақ тапты. «Соның сатушысы. Ол мұны байқады ма екен? Тотоны байқаған болуы мүмкін, өйткені көлікті жүргізіп келген ол машинадан түсіп тура сол дүңгіршекке қарай беттеген болатын.
Алдына ақ алжапқыш байлап алған денелі еркек жәй киімдіге жолдың қарсы бетін нұсқап бірдеме айтып жатыр. Дегенмен, мұның екі кавказдық серігі дәл қазір электричкамен Қорған қаласына қарай кетіп бара жатуға тиіс. Олар сонда жетіп, Мәскеуге ұшады.
Қонақ үйге жетісімен «Маманға» фойэдегі автомат телефоннан қоңырау шалып «ертең таңертең құжаттарды алып тиісті жерге бар, келісімді ретте» деп тапсырып өз бөлмесіне көтеріліп, теледидарды қосты. Екі сағаттай өткенде кешкі жаңалықтан Сибиряктың өлімі туралы хабарланды.
«Қаладағы қылмыстық топтардың бірінің Сибиряк деген жалған атпен белгілі басшысы Иван Кривоносовты бүгін тал түсте кеңсесінен шыққан жерде белгісіз біреулер атқылап кетті. Ол маңдайынан тиген бірнеше оқтан сол жерде тіл тартпай өліп, қасындағы серігінің бірі ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, оққағары мен жүргізушісі дін аман. Болжамдарға қарағанда бұл қылмыстық топтар арасындағы ерегесті жанжал. Сибиряктың адамдары осы көктемде ғана түмендік бір топтың басшысы «Нос» деген лақап атпен белгілі Манукянды өлтірген болатын. Сол топтың адамдары кек қайтарған болуы мүмкін. Өйткені, шабуыл жасағандардың көлігінен түскен кавказдықты байқаған куәлар бар» деп мәлімдеді жергілікті телеарна дикторы.
Әмір милицияның өзі ойлағандай жалған ізбен кеткеніне қуанды. Екі күннен кейін Түмен қаласынан ұшып шығып Мәскеуді бетке алған ұшақтың ішінде бірінен бірі бөлектеу тұста Әмір мен Гивидің «Маманы» отырды. Гиви Васильевич бұлардың мұнайға қатысты істі ойдағыдай орындап, құжаттарды тастай қылып заңдастырып алып келгеніне қатты қуанды.
Көп ұзамай ол Әмірді үйіне шақырып, толық денелі, қызылшырайлы, телпек танау, шашын тықырлатып алып тастаған, орта бойлы кісімен таныстырды. Алпыстарға келіп қалған ол мұның қолын қысып тұрып өзін «Никита Сергеевич» деп атады. Таныстықтан соң біткен іске бірнеше мәрте алып қойғаннан кейін Гиви:

Түменге барып өте маңызды шаруаны бірнеше күнде ың-жыңсыз орындап келгенінің өзі неге тұрады. Оны басқа-басқа екеуміз жоғары бағалауға тиіспіз деп ойлаймын, — деді. Басын шұлғып құптаған талпақ танау қозғалақтап қойып:

Біз қадірменді жас жолбарыс Қара Әмірдің бұл еңбегі үшін қомақты қаржы төлеумен қатар, оған ең үлкен атақты да беруді ұйымдастыруымыз қажет. Мен адам танысам ол сондай атаққа лайық, әрі ортақ ісімізге көп пайда әкелетініне де сенемін, — деп бокалын көтерді.

Қонақты шығарып салған соң Гиви бұған қарап қулана жымиып Мәскеу автожолдары институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітіргені жөнінде дипломды тапсырды. Дипломын қызықтап тұрған Әмірді иығынан құшақтап:
— Қымбаттым, қаласаң көп ұзамай ғылыми атақ та әпере аламын, дәл осы институтта ақшасына кандидаттық қана емес докторлықты да өздері жазып, өздері қорғатып беретіндер бар, — деді. Бұл үндеген жоқ.
Гивидің кейінгі кезде мәскеулік қылмыстық топтар арасындағы ерегестердің ұлттық сипат ала бастағаны жайлы күйгелектене әңгіме қозғайтыны Әмірді көп ойлантатын болған. Мәскеуде соңғы жылдары күшейіп келе жатқан чешендік және дағыстандық топтар қатыгездікпен өздеріне ойып орын ала бастағаны мәскеулік қылмыстық топтарға ұнамай, тіпті славяндардың намысына да тие бастаған. Солардың кесірінен енді үлкен қырғын басталуы ықтимал екенін Әмір де сезген еді…

Жалғасы бар…

Leave A Reply

Your email address will not be published.