Қара Әмір. 9-бөлім

0 1 796

…Сөйтіп, құқық қорғаушылар Әмір туралы нақты көп мәлімет жинай алмағанымен, оны көз қырына алып, сырттай бақылау ұйымдастырды. Қаладағы қылмыс әлемінің мықтылары саналатындар да келе сала әй-шәй жоқ қаланың қақ ортасынан ойып орын алып, үш қабатты офисін, кешенімен қоса салып тастаған бұл жігіттің неғылған «мықты» екенін біле алмай, өзі мен сөзінің қаншалықты салмағы барын екшей алмай, ретін тауып маңайлай да алмай далбасалап жүр.
«Арлан» спорттық-думанды кешенінің бірінші қабатында үш спорт залы, боулинг алаңы, бассейн, екінші қабатында үш жүз адамдық және елу адамдық залдары бар мейрамхана мен кафе-буфет орналасқан. Үшінші қабатында Әмірдің офисі мен спорттық кешен басшылығының кеңселері, екінші бөлігінде оншақты нөмірлі шағын қонақ үй бар.
Бірінші қабаты спортқа қатысты болғандықтан оған Сағынтай, екінші қабатқа Дәрмен басшылық жасайды. Ал баяғы үш жігіттің бірі Темір бүкіл кешен бойынша тәртіп пен күзет жағын басқарады. Оларды Әмір Мәскеуден елге шақырып алған. Үшінші қабаттағы қонақ үйдің меңгерушілігіне Нокаутердің ұсынысымен бір келіншекті тағайындаған. Ол қонақ үй болғанымен жұртқа «келімді-кетімді кісілерімізге арналған жатын бөлмелер» деп түсіндірілді.
Кешеннің ашылуына арналған салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Дәурен Ниязұлы арнайы шақырылғанымен келмеді. Қала әкімі мен облыстық туризм және спорт басқармасының басшысы қатысты. Басқалар да, Әмірдің өзі де салтанаттағы сөзінде мұндағы спорт залдары халық игілігіне қызмет ететінін, қаладағы жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері, кедей отбасының балалары, милицияда тіркеудегі тәртібі нашар, тәрбиесі қиын балалар кешендегі спорттық үйірмелерге бірінші кезекте әрі тегін қабылданатынын атап айтты. Сол сияқты құқық қорғау органдарының қызметкерлері де спорттық кешен залдарында тегін жаттыға алады, деді. Жұртшылық қайырымдылығы мол мынадай сөзді естігенде ду қол соғып қолпаштады.
Осылайша «Арлан» спорттық-думанды кешені жұмысын бастап кетті. Жаңа кешеннің мейрамханасында күн құрғатпай үйлену, мерейтойлар өтіп, жұртшылық жаңа кешенге қатты қызығушылық білдірді. Оған қоса мұндағы бағалар да басқалардан арзан еді. Сөйтіп кешен қаладағы адамдар көп келетін, өмірі құж-құж қайнаған ғимаратқа айналып шыға келді.
Әмір полицияның кәмелетке толмаған балалармен айналысатын бөлімінің басшысына барып тізім бойынша «қиын, бұзақы» саналатын балаларды таңдап, қалалық білім бөлімі арқылы мектептердегі кедей балаларды іріктеп алды. Оларды жасына қарай бірнеше топқа бөліп, жаттығуларына алғашқы кезде өзі қатысып, әр баланы қадағалап қандай екенін байқауға тырысты. Сол сияқты кешкілік залда жаттығатын полициядан келгендерді өз офисінде отырып жасырын камера арқылы көріп бақылайды. Жігіттеріне солардың арасынан кейбіреулерін көрсетіп, тамырын басып көруді тапсырады.
Әмірге өзі өз болғалы қолына алып жасаған ірі шаруасы жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, айналасындағы таныс-бейтаныс адамдардың өзі туралы мақтау айтып, тәуір пікірлер білдіруі ұнап қалды. Қала зиялы қауымы алдында танылып, абыройы артқандай болған оның көңілі көншіп, кәдімгідей қанаттанды.
Көңілінің түкпірінде «Осылай халыққа пайдалы, жұртқа жақсылығы тиетін жұмыстар жасай берсем» деген ой қылт еткендей болды. «Несі бар, бүгінде қаржысы жеткілікті, ешқандай заңсыздықтарға бармай-ақ, кешенінің жұмысын жақсылап жолға қойса, бір адамдай күн көруге осыдан түскен табыс та жетеді. Жас спортшыларды баулып үлкен жарыстарға апарып, одан жүлдемен оралып жатса қандай керемет болар еді. Тіпті бәрі бірдей жүлде алмаған күнде көпшілігі болашағын дұрыс жолға қояды».
Бұл қиялына қанат бітіп, көк дөнен көңілі көкті шарлап жүрген күндері «үнемі жақсылық жасағысы келіп, мейірімі пайда болғанымен» облыс әкімінің орынбасарымен болған кездесуден кейін, ондай болудың қиын екенін, адамдардың өмірі де жыртқыштардың өмірінен еш айырмашылығы жоқ қатыгез, шамасы жеткен қонышынан басып, басқасы мықтыларының шашбауын көтеріп жүретін, айтқанды орындамай, айдауға жүрмейтіндерді таптап тастаудан да тайынбайтындар бар екенін байқады. Бұл өмірдің қатыгез де аяр екеніне тағы да көзі жеткендей болды.
Кеңсесіне «облыс әкімінің орынбасары Дәурен Ниязұлынанмын» деп жылмиған бір жігіт келді. «Дәурен Ниязұлының тек өзіңізге ғана оңаша жеткіз, деген сәлемі бар еді» деді даусын соза, көп мағына бере сөйлеп. Бұл қасындағы Сағынтайға «шыға тұр» деп иек қақты да ана жігітке қарсысындағы орындықты нұсқады. Ол мұның қарсысына келіп жайғасты да қалта телефонын алып, әлдебір нөмірді теріп, сосын бұған ұстатты. Сосын ақырын ғана «Дәурен Ниязұлы» деді сұқ саусағымен телефонды нұсқап.
Әмір бірден ұқты. Бұның өзіне тікелей телефон шалмай, арнайы адам жіберіп, соның телефоны арқылы сөйлеспек болғаны ол да мұның қылмысты жолы жайлы білгендіктен сақтанған түрі болды.
Әкімнің орынбасары ертең осы жігітке ілесіп келуді, оңаша кездесіп талқылайтын мәселе барын айтты. Бұл келісті. Жылмиған жігіт телефонын қалтасына салып жатып «Ертең айтылған мезгілде келемін, дайын тұрыңыз» деп қоштасып шығып кетті.
Әмір әкімнің орынбасарының мына қылығын түсінбей қалды. Бүйтіп жасырын жағдайда кездесетіндей бұл алапес пе, әлде терроршы ма екен? Сотталған болса қылмысының жазасын өтеп шыққан, бүгінде барлық азаматтар сияқты құқығы бар адам емес пе. Құпия кездеспек болғаны өзі де заңға қайшы бір ұсыныс жасамақ, не әрекет істемек болар. Мүмкін ақша сұрар, басқа не айтсын. Осыған дейін екі мәрте кездескенде оның шын мәнінде қандай адам екенін тани алмағанына өкінді. Ол өзін қандай адамды болсын, бір-екі көргеннен-ақ шын кейпін тани қоямын, деп есептеуші еді, қателесіпті.
Белгіленген мерзімде жылмиған жігіттің көлігіне отырып қала сыртына қарай шықты. Жол бойынан екі жүз метрдей жердегі шоқ талдың арасында тұрған көліктің жанына келіп тоқтаған соң жылмиған жігіт «Сізді ана машинада күтіп отыр, барыңыз» деді сұмпайылана жымиып. Бұл барды да жүргізушінің қатарындағы орынға отырған соң, артына бұрылмастан сәлемдесті. Әкімнің орынбасары салқын амандасқандай даусында ызғар, суықтық байқалды.

Бұл неғылған жасырынбақ, деп таңданып отырған боларсың. Сенің шын мәнінде кім екеніңді құқық қорғаушылар берген анықтамадан оқығанда мен одан да қатты таңдандым. Сондай қылмысты өткенің, мынадай бүгінің бар сенің мына тірлігің таңдандырмай қоймады. Мені өте ыңғайсыз жағдайда қалдырғаныңды түсініп отырған боларсың, ертең ел білсе «қылмыскерге қамқорлық жасады» демей ме?! Сондықтан, енді мені мұқият тыңда.

«Арланға» тең дәрежеде иелік ететін боламыз, барлық пайда тең бөлінеді. Бұл өңірде ешкім менің үлесім бар нәрсеге ешқашан жоламайды, яғни тексеру, бопсалау, мазалау дегеннен құтыласың. Ал мен сенің ақшаны қалай жасайтыныңа, немен айналысатыныңа көз жұматын боламын. Менің үлесімді ай сайын арнаулы есепшотқа аударып отырасың. Менің талаптарым түсінікті ме?

Әрине түсінікті, Дәурен Ниязұлы. Өткенде кеңсеңізде чек жазып бермек болғанда бас тарқаныңыз да енді түсінікті. Бірақ бұл спорттық кешеннен сіз ойлағандай пайда түспейтінін сіз де түсінгеніңіз жөн. Мейрамхана мен қонақ үйден түсетін табыс спорт залдарында тегін жаттығатындар мен кешен қызметшілерінің жалақысын жабудан артылмайды. Ал бопсалаушы, тексеруші дегеннен қорықпаймын, жасыратын да ештеңем жоқ, салықты дер кезінде төлеп отырмын. Солай, Дәуке, бұл жерде сіз дәметкендей батпан құйрық жоқ, — Осылай деді де реакциясын байқау үшін артына бұрылды. Дәукеңнің танауы қусырылып, жүзі түтігіп, маңдайы терши бастапты.

Сен, сен, олай ертегі айтпа маған. Сен сияқты қылмыскердің ел игілігі үшін, жетім-жесірді жарылқау үшін кешен салғанына сене салатын ақымақты тапқан екенсің. Әлгі талаптарыма келіспесең кешеніңді жауып, өзіңді түрмеге тығарыма шүбәң болмасын, оның жүз түрлі айласы барын өзің де білесің… – деп екпіндетіп келе жатқан оған Әмір:

Дәуке, қызбаланбаңыз, кешен пайда әкелмесе, ақша жасаудың басқа жолдары жетеді, тек бірлесе ойласып, түсінісіп жұмыс жасасақ, пайда табуға болады, — деп оған басу айтты. Тосылып қалған Дәурен, әлден соң:

Есіңде болсын, мені ақымақ етіп кетемін деп ойлама. Ал ақша жасаудың жолдарын ойластыр, маған тірелетін мәселе болса Есен арқылы хабарлас, әзірге бара бер, — деді даусы барлыға шығып.

Машинадан түсіп бара жатып екеуінің көздері түйісіп қалды. Есені әлгі жылмиған жігіт екен, мұның телефон нөмірін жазып алды.
Дәурен мұның сотты болғанын білген соң оп-оңай бағындырып аламын деген ойы орындалмай қалғанына іштей кектеніп кеткенін бұл сезді. «Айтқанымды тыңдатып, айдауыма жүргіземін» деген ойы орындалмай қалған меселі құм болған Дәурен енді бұл үшін ең қауіпті адам. Оның мұны уысында ұстап отырғаны да рас. Егер бұл онымен үлес бөлісуден бас тартса заңды-заңсыз тәсілдермен қысып жұмыс жасатпай, құртып та жіберуі мүмкін. Сондықтан, оның өзін біртіндеп заңсыз істерге тартып, тырп ете алмастай етіп қосағына алуға күш салуы керек. Олай ету әрине оңай болмайды. Бүгінгі болмашы нәрсеге бола жасырын келіп кездесуінің өзі оның өте сақтығын көрсетіп тұр. Мұның түрмеде болғанын білген соң мұнымен ұзақ әріптес болуды ойламайтыны да байқалып тұр. Ендеше тезірек қимылдап қалу қажет.
Нокаутер өзіне тәжіктер шығып Қазақстанның солтүстігіне тауар жеткізіп беру жөнінде ұсыныс жасағанын, тауардың көлемді болуымен бірге төлейтіндерінің де қомақты екенін айтқан. Ол мұндай ірі шаруамен айналысып көрмегендіктен Әмірге осы істі бірлесіп қолға алуды ұсынып отыр. Бұл болса елге оралмай жатып мұндай қауіпті істі қолға алғысы келмеген. Бірақ Дәуреннің бүгінгі әңгімесінен соң соны іске пайдаланып күреп ақша табуды, әрі оны да «батпаққа» белшесінен батырып қоюды ойлады.
Ол Нокаутерді шақырып тәжіктермен кездесуді ұйымдастыруды тапсырып, бұл істе басшылық өзінде болатынын ескертті. Көп ұзатпай ол тәжіктер Самарқанда кездесуге ұсыныс жасағанын жеткізді. Әмір өзі баратын болды.
Шымкенттен шыққан шетелдік жайлы автобус Самарқанды бетке алды. Автобуста отызшақты баламен бірге Әмір мен Сағынтай отыр. Олар өз кешендерінде жаттығып жүрген балалардың бір тобын Самарқанды аралатуға апара жатыр. Бұл туристік саяхатты тез ұйымдастыруға әрине әкімнің орынбасары жол ашып берді.
Самарқанға жеткен соң балаларға Сағынтай бас-көз болып, қаланы аралатуға кірісті. Бұл Жалаңтөс Баһадүрдің кесенесіне таяу маңдағы келісілген жерге жеткенде қасына жас жігіт келді де «Әка, мархабат, қалаған иеріңізге пұлсыз апарамын, сіз мехмонсыз» деді. Қай өзбек тегін қызмет қылушы еді, бұл тәжіктердің жіберген адамы болатын.
Жеңіл машина қаланың ескі бөлігіндегі тар көшелерді біраз шиырлап келіп көк қақпалы жапырайған үйдің жанына тоқтады. Жүргізуші үйдің қақпасын нұсқап «Сізді күтіп отыр» деді. Аулаға кірген бетте қабасақал біреу қолын кеудесіне қойып тағзым етті де, «жүріңіз» дегенді ыммен білдіріп ішке бастады.
Қума бөлмелердің түкпір жағындағысында шәй үстел басында отырған екеудің бірі еуропалық киімде, екінші қара сақалдысы тәжіктің жолақ шапанын киіпті. Біріншісі – Ахмад, екіншісі – Саид екен. Үшеуі тауардың көлемі мен ақшасын, қай жерге дейін олар жеткізіп, бұлар қайдан қабылдап алатынын келісті. Тауардың көлемі үлкен болғандықтан, оны жасырын, не курьерлер арқылы шағындап бөлек-бөлек алып өту қауіпті әрі тәуекелі көп, толық жеткізе алмаулары да мүмкін. Осыларды айтып келіп:

Тауарды есектерге артып Қырғызстанмен шекаралас тау жоталары арқылы шатқалдармен Шымкенттің тұсына дейін жеткізуге болады. Қаратау мен Алатаудың қосылған тұсында менің адамдарым қарсы алады. Петропавлға жеткізу біздің шаруамыз, ақшаның жарты бөлігін сол жерде аламыз, — деді бұл. Ахмад Саидқа қарады. Ол мүлгіп отырған қалпы «Ол жолды білемін» дегендей бас изеді. Ахмад:

«Эмир», біз Шымкентке дейін өзіміз жеткізсек онда сіздің сұрап отырғаныңыз артық… деп келе жатыр еді, Әмір:

Мен тауардың Тәжікстандағы да , Ресейдегі де бағасын жақсы білемін, Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне дейін жеткізіп беруге менің сұрап отырғаным орташа баға, сондықтан саудаласпайық, келіспесеңдер әңгіме бітті, — деді оның сөзін бөліп. Ахмад зорлана күлген болып:

Мен өзің туралы Мәскеудегі достардан естігенмін. Кезінде мәскеулік «Князға» тауарды мен қойып тұрғанмын, сондықтан өзіңмен бірінші мәрте іскерлік байланыс жасап отырсам да тауардың құны үлкен сомада екеніне қарамастан өзіңе сеніп отырмын, талаптарыңды да қабыл аламын, — деді.
Мәскеуде машинасымен жарылыстан өлген «Князға» есірткі қойып тұрған осылар екенін түсінді. Ол өлген соң, Мәскеудегі аласапыраннан кейін бұлардың Ресейге Қазақстан арқылы жаңа жол іздестіріп отырғанын, бұрынғы каналдарының көпшілігі жабылып қалғандықтан мұнымен амалсыз келісіп отырғандарын да сезді. Сонымен екі апта ішінде ірі көлемдегі тауарды Шымкенттегі «Бір көлік» асуына жеткізіп беретін болды.
Шымкентке келген соң Нокаутерге оңаша жолықты. «Біркөлікке» таяу тұста тау бауырында оның бір диқан танысы бар екен. Сол Нокаутердің мейрамханасына жеміс, көкөніс қоятын сенімді адамы көрінеді. Тәжіктер жеткізген тауарды қабылдап алып, сонда сақтай тұруға болады. Осыны естігенде Әмір креслосына шалқая түсіп «Тамаша!» деп дауыстап жіберді. Нокаутер оның тауарды уақытша сақтайтын орын табылғанына соншалықты қуанғанына таңдана қарады.
-Сен ол шаруашылықтан қанша көлемде жеміс, көкөніс жинай аласың?
Оның ойын түсінбесе де жобасын айтты.

Онда тамаша болды. Сен ол диқаныңа айт, шаруашылығындағы жемісі мен көкөнісінің барлық түрінен ең тәуірлерін жинастыруға кіріссін, оншақты тоннадан кем болмасын., — деді Әмір әлденеге көңілі көншіп.
Бұдан соң Әмір өткенде Дәурен Ниязұлымен кездескен жерге жігіттерін апарып әбден зерттеді. Жігіттеріне әкім орынбасарымен кездесердің алдында осы жерге мұның тапсырғанындай етіп істі атқарып, аулақтан бақылауды тапсырды. Жылмиған жігіт Есен арқылы Дәукеңмен кездесу қажеттігін айтты.
Дәурен де ол Самарқанға барып қайтқан соң әлдебір істі қолға алғанын сезіп, тықыршып жүрген. «Менсіз, өзі жүзеге асырып, үлессіз қалып қоямын ба» деп қауіптеніп жүргендіктен кездесуге қуана келісті. Өзінше сақтығын сақтап жұрт көзінен таса, өткендегі жерде, түс әлетінде кездесу белгіледі.
Әмірдің жігіттері кездесу болатын жерге ертерек келіп, барлығын тап-тұйнақтай етіп орындап, жылыстап кетті. Әдетінше кездесетін шоқ талдың түбіне Дәуреннің машинасы келді, көп ұзамай Есеннің машинасы жетіп, одан түскен Әмір облыс әкімі орынбасарының көлігіне мінді. Қалтасынан қағаз-қаламын шығарып «Дәуке, мәселе маңызды болғандықтан машинаның ішінде сөйлесу қауіпті» деп жазып ұсынды. Дәурен қағаздағыны оқыған соң бұған сыртты нұсқап иек қақты. Машинадан бес-алты метр ұзаған соң:

Дәуке, көлігіңізге тыңдағыш құрал орнатылған болса, сізге тиер зияны көп, деген сақтығым ғой, жүріңіз анау ағаштың көлеңкесіне барайық, — деп үлкен қараталдың түбіне ертіп келді. Сөзін қайта жалғады:

Дәуке, өткендегі өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша тәжіктерге жолығып, ірі көлемдегі есірткіні Шымкенттен Петропавловскіге дейін жеткізіп беретін болдық. Жүз мың доллардай түседі. Соның елу пайызы сіздің жеке үлесіңіз, қалғанын біз өзара бөлісеміз. Тауарды солтүстік облысқа жеткізу үшін сіздің көмегіңіз керек.

Дәурен Ниязұлы қасын кере бұған қарады:
— Ия, Петропавловскіге қалай жеткізбексің, ақшасына қарағанда бес-он келі тауар емес сияқты ғой.

Дәурен Ниязұлы, есіңізде болса, бірнеше жыл бұрын Қазақстанның барлық облыстары бір-бірімен бауырласып, мәдени күндерін, жәрмеңкелерін өткізіп еді ғой. Біздің облыс Солтүстік Қазақстан облысымен бауырласқан, сол дәстүрді қайта жаңғырту сіздің қолыңызда. Тауарды жеміс, көкөністің астына жасырып, жәрмеңкеге баратын көліктердің арасына қосып алып барамыз. Бірақ уақыт тығыз, қылмыс әлемінде, әсіресе, есірткі бизнесінде келісілген іс уақтылы орындалмаса басымызға бәле болады.

Дәурен ойланып қалды. Мына шотмаңдай ақылсыз емес сияқты. Ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрсені ойлап тұрғанын қарашы. Шын мәнінде өзбектің жемісін қымбатқа алып жатқан солтүстік облыстағылар Оңтүстіктің арзан жәрмеңкесін өткіземіз десек, қуана келісері сөзсіз. Оның үстіне бірден елу мың доллар алса қалтасын теспейді.
— Сен өзіңе тиесілі жағын дайындай бер. Жәрмеңкеге баруға тиіс адамдарың мен көлікті Есен арқылы тізімге қосқыз, сол арқылы байланыс. Мен өзіме тиесілі жағын шешемін, -деп қоштасып көлігіне мініп жүріп кетті. Бұл Есеннің машинасымен кетті. Қос машина қыр асып кеткен соң мотоциклмен келген екі жігіт қос қарағаштың үстіне өрмелеп құс ұяларына жасырылған видеокамераларын алып жатты. Ертесіне Әмір сол жігіттер әкелген бейнетаспаларды көріп, оның сапасына, дауыстардың анық жазылғанына риза болды. «Дәукең енді маған ор қазса, бірінші өзі соған құлары анық. Мынадай компроматты ЦРУ-да жасай алмас», деп көңілі жайланып, «Біркөліктегі» тауарды қарсы алуға дайындықты тексеруге аттанып кетті.
Бір жұмадан асқанда оңтүстіктіктер Солтүстік Қазақстан облысында өтетін жәрмеңкеге қызу дайындалып жатты. Мұның адамдары да диқанмен бірге дайындық жасап, тауарды жасыратын жағдайын да әзірлеп алды.
Жігіттерімен қарсы алып, тауарды жасырып, ақшаны алып келген Нокаутерге Әмір істі толық аяқтаған соң есеп айырысатындықтарын айтты. Бірнеше күннен кейін Оңтүстіктен шыққан көлікті керуенді МАИ автомашинасы бастап солтүстікті бетке алды. Керуендегі жүк машиналарының орта тұсындағы бір «КамАЗ»-дың кабинасында Дәрмен мен Нокаутердің бір жігіті отырды. Машинаның қорабындағы артылған жеміс-жидектердің астыңғы жағында мұқият жасырылған қапшықтарда тауар жатты. Шымкент әуежайынан ұшып шыққан ұшақтағы делегация құрамында Әмір де бар еді.
Ол Петропавлға жетісімен келісілген телефонға хабарласып, оңтүстіктен Дикийдің бөлесі келгенін айтты. Кешкісін келісілген жердегі шағын кафеде Әмір секпіл бет ұзын бойлы жігітпен дәм ішіп отырды. Екеуі ертең келіп жететін тауарды қайда, қалай қабылдап алу жайын сөйлесті. Дикийдің қала шетіне таман орналасқан автошеберханасына Әмірдің тауар артылған көлігі машинаның ақауын жөндетіп алу сылтауымен келісілген мерзімде барады да, жүкті түсіріп алып, ақшаны беретін болып келісті. Бірақ, операция біткенше Дикий Әмірдің жанында болады. Тауарды түсіріп алған соң оның адамы ақшаны әкеледі де, екеуі жөндеріне кетеді. Әмір танымайтын Дикийдің қандай қитұрқылыққа барарын білмегендіктен осылай сақтық жасады.
Ертесіне Әмірдің жүк көлігі машинасын жөндетуді сылтау етіп бір сағатқа керуен тұрған жерден сытылып шықты да келісілген жерге барды. Арада жарты сағат өткенде Әмірдің жігіттері тауарды өткізгенін хабарлады, артынша Дикий де өз жігіттерінен тауарды толық қабылдап алғаны туралы хабар алысымен біреуге телефон шалды. Көп ұзамай оның жігіттері спорттық сөмкеге салынған ақшаны әкеліп, Әмірдің жігіттері оны қабылдап алды. Шымкентке оралған соң ол Нокаутердің үлесін де, Есен арқылы Дәуреннің үлесін де берді. Оған бұдан ары мұндай ірі көлемде тауар тасымалдау мүмкіндігі болмайтындықтан енді таяу арада көлемді табыс түсе қоймайтынын қожайынына жеткізуді де ескертті. Ал өзі Нокаутер арқылы бірнеше «КамАЗ» сатып алып, солтүстікке қарай жеміс-көкөніс, ол жақтан бері қарай тақтай, бөрене жеткізуді ұйымдастырды. Сол «КамАЗдар» арқылы аздаған мөлшерде тауар да тасымалдана бастады.
Қала іргесіндегі әкесінің үйіне барған сайын анасы «Әміржан, «кәмерсия» саған қатын болмайды, үйлен» деп құлағының құрыш етін жейді. Мұндайда есіне баяғы Алматыдағы Айнашы түседі. Қайда екен сол Айнаш? Бек пен Арқар не тіршілік жасап, қайда жүр екен?
Елге оралғанына жарты жылдай болғанда Арқар мұны өзі тапты. Екеуі бір күн бойы әбден шер тарқатысты. Арқар Аюлы аялдамасында Әмірмен қоштасқан соң Созағына қайтып, бір-екі жыл бойтасалап жүріпті. Сосын, Алматыға қайта барып Бекті тауып алған. Бұрынғы жігіттердің қалғанын, тағы жаңа жігіттер жинап, шетелдік көліктерді ұрлап сатумен шұғылданыпты. Шетелден өздері де автокөлік айдап әкеліп сатып, шетелдік фирмаларға шығып, солардың Алматыдағы өкілдеріне, диллерлеріне айналыпты.
Біртіндеп шетелдік автокөлік сататын автосалон, бензин босату нүктелерін ашып жағдайлары жақсарған. Артынан кавказдық бәсекелестермен болған «ерегестерде» бірнеше жігіттері сотталып, Арқар қайтадан елге қашқан. Көп ұзамай жағдайын қайта түзеген Бек мұны қасына қайта шақырғанымен бұл «бәледен машайық қашыпты» дегендей қайтып оған бармаған. Бек берген шамалы қаржымен аудан орталығынан дүкен, сырахана ашып, сонымен күн көріп, кішігірім кәсіпкер болып жүр екен. Ал Бек болса үкімет билігіне қатысты бір көке тауып алып, соның қалтасын қампайтудың арқасында автосалонын, бизнесін кеңейтіп, өзі қалалық мәслихатқа депутат, белгілі кәсіпкерге айналған. Сол Бек Алматыда бірге жүргенде «Айнашты көрдім, Әмірден жүкті болып ұл туып алыпты» деген бір әңгіме айтып еді, деп еске алды Арқар. Әмір оны Шымкентке, қасына шақырды, бірақ, ол әйелі мен үш баласын, қазіргі жағдайының да шүкіршілік екенін айтып бас тартты.
Сол күннен бастап Әмірдің ойынан Айнаш шықпай қойды. «Шынымен, менен жүкті болып ұл тапқаны ма? Шын шығар, өйткені, ол Бекке кездесіп ұл туғанын айтқанда олардың екеуі де мұның қайда жүргенінен, тіпті өлі-тірісінен хабарсыз еді ғой. Сондықтан, Айнашқа менен таптым деп өтірік айтудың қажеті болған жоқ, яғни шынымен менен тапқан болуға тиіс. Қалай болғанда да Айнашты тауып барлық жайды анықтау керек. Бірақ, Айнаш ендігі басқа біреуге тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болып кеткен болса не істеймін? Ұлым ендігі мектепте оқитын болар, анасы оған мен туралы айтты ма, айтпады ма? Талай жыл жоқ болып кеткен мені Айнаш қайтып қабылдай ма? Әлде қайдан келсең сонда кет, деп айдап шыға ма? Өмірінде көрмеген ұлым әке деп мойындай ма? Осындай ойлардан басы қатқан Әмір ескі әдетінше «не болса да пешенеңдегіден артық ештеңе де болмайды, бара көрермін» деп Алматыға аттанды.

Бек мұны бірден таныды. Қимас досындай құрметтеді. Әмірдің Мәскеуде «вор» болып тәж кигені туралы естіпті. Алматыдағы «бауырластармен» аздап байланысып тұрады екен. Бірақ, негізінен таза бизнеске көшкен. Айнашты көптен көрмепті, бұрын біраз уақыт ақшалай көмектесіп тұрыпты. Оның бұдан ұлды болғаны да анық екен.

Әмір, есіңде ме, баяғыда Айнаш пен жеңгесіне «барахолкадан» шағын шәйхана ашып беріп едің ғой. Сол шәйхананы жеңгесі әлі ұстап отыр, сол арқылы Айнашыңды тауып аламыз, алаңдама, — деді.

Айнаштың жеңгесі де Әмірді салған жерден таныды.

Әмір қайным-ау, сені де көретін күн бар екен ғой, аманбысың? Кейпіңе қарағанда мына Бектен де үлкен дөкейге айналғандайсың ғой, — деп жарқылдай қарсы алды. Өзі де алтынға малынып, алма беті жалтырап, үлде мен бүлдеге ораныпты. Баяғыда осы базарда шағын сөмкесін арқалап тоқаш, самса сатып жүретін жүдеу келіншекті мына әйелден тану қиын. Ол мұны жиі еске алатындарын, Айнаш оның ұлын өсіріп отырғанын айтты.

Әміржан-ау, сені неге ұмытайық, сен болмағанда Айнаш екеуміз ауылдағы бір қора бала-шағаны, менің мүгедек күйеуімді, қарт әке-шешесін қалай асырар едік. Сенің арқаңда Айнаштың іні-сіңлілері мен менің балаларымның алды оқу бітіріп, үйленіп үй болды. Сенің сол жақсылығыңды мәңгі ұмытпаспыз. Оның үстіне Айнаш сені шын сүйеді, әлі күнге дейін күйеуге шықпай өзіңді күтумен жүр. Біз үмітімізді үзіп, қайтып оралмас, деп жүргеніміз де шындық, тек Айнаш қана үмітін үзген жоқ. Соның бағы шығар, міне, сен келіп тұрсың, — деп кемсеңдеп, көзіне жас алды. Бірақ, қайынсіңлісінің өткенде «Қалған ғұмырымда ұлымды адам етуден басқа мақсатым жоқ, жар қызығын да дәметпеймін» дегенін, «Отызға толмай жатып кемпірдің сөзін айтпай күйеуге шық, жар қызығын көр» деп кейіген жеңгесіне «Енді Әмір келсе де тұрмысқа шықпаймын, маңдайыма жалғыздық жазылған болса, соған көндім» деген сөзін айтпай қалды.

Жеңгесінен әдрісін алып, алдын ала хабарласпастан кешкісін Айнаштың үйіне келді де жүрексіне тұрып есік қоңырауын басты. Біреу есік көзінен қарап, кері кеткендей болды. «Айнаш мені көрген соң есікті ашпай кеткені ме?» деп қобалжып тұрғанда есік ашылды. Табалдырықтың екі жағында тұрған екеуі бір-біріне қараған күйі тұрып қалды. Сосын, келіншек көзі жасаурай «Әмір» деп дірілдей үн қатты да, қолында бір бума гүлі мен жылтыр қорабы бар жігіттің мойнына асыла кетті. Дәлізде мамасы мен бөтен көкеге қарап түкке түсінбей қараторы торсық шеке ұл тұрды.
Көп ұзамай үшеуі бай жиһазды бөлмеде дастархан басында отырды. Айнаш көбірек сөйлеп отыр. Сөйлегенде өзі туралы, ұлы туралы айтады, бұған сұрақ қояды. Әмір Алматыдан кеткелі басынан кешкендерін қысқаша айтып берді. Түрмеге тағы түскенін жасырып қалды. Мәскеуде ірі кәсіпорында жұмыс жасап, сырттай оқып инженер-механик мамандығын алғанын, біраз уақыттан бері елге оралып, «Арлан» деген кешен ашып, бизнеспен айналысып жүргенін айтты. Кешенде Өміржан сияқты балалар, жастар, ересектер, тіпті полиция қызметкерлері де түрлі үйірмелерде спортпен шұғылданатынын да қосып қойды, ондағысы, Айнаштың өзі туралы дұрыс көзқарасын қалыптастыру.
Айнаш та, ұлы Өміржан да оның айтқандарына елеңдеп қалды. Ұлы:

Мен де Джеки Чан сияқты мықты боламын деп едім ғой, мама, көке рұқсат етсе соның спорт залына барып, үйірмесіне қатысайыншы, — деді.

Айнаш ұлына зілсіз ғана:

Көрерміз, балам. Шымкент бұл жерден алыс, — деді көзін көтермеген қалпы. Ол туған ұлының «көке» дегеніне Әмірдің басына қаны шауып «Неге ұлыма әкесі екенімді айтпады?» деп ренжіп отырғанын сезді. Бірақ ашық әңгімелесіп алмай тұрып қалайша «әкең келді» десін, ол ертең қайтып кетсе не болмақ? Мүмкін әлдеқашан үйленген, балалы-шағалы болған да болар? Бұларды арнайы іздеп келіп отыр ма, әлде Алматыға жолы түсіп Бектен осында екендіктерін білген соң жәй соғып кеткелі келді ме? Осының бәрін анықтап алмай Өміржанына ештеңе айтпайды.
Бұл сұрақтардың жауабы түнде берілді. Айнаш пен Әмір түн ортасы ауғанша оңаша отырып әңгімелесті. Екеуі де шындықтарын айтып, ашық сырласты. Әмір Ресей түрмесінде отырып шыққанын, Ет цехы, ондағы Лилия туралы да жасырмады. Тек өзінің тәж киген «вор» екенін, есірткі тасымалымен айналысып жүргенін жасырып қалды. Өйткені, ұлы өсіп келе жатқан Айнаш он жерден әкесі болса да қылмысты бизнесі туралы білсе ұлын да жақындатпайды, өзі де жоламайды.
Ал Айнаш шын мәнінде Алматы Халық шаруашылығы институтын сырттай бітіріп, экономист мамандығын меңгеріпті. Кішкентай ұлын ауылына апарып тастап екі жылдай мамандығы бойынша жұмыс та істеген. Бек көп көмектесіпті.
Екеуінің бір-біріне сүйіспеншілігін жылдар суыта алмапты, қайта аңсарлары артып, махаббаттарын нығайта түсіпті. Олардың құшақтары айқасты…
Әмір үйлену туралы ұсыныс жасап, «Шымкентке барғың келмесе осында тұрамыз, ұлымызды әкесіз қалдыруға сенің де дәтің бара қоймас, жаным» деген. Айнаш ойланып қалды. Адал бизнеске көшкені рас болса, бұған басқа не керек. Сонша жыл бойы күткені осы Әмір емес пе еді, енді оған қалай жоқ демек. Кішкентай Өміржанын бауырына қысқан қалпы талай түнді ұйқысыз өткізгенде құдайдан «Әмірімді оралта көр» деп тілемеп пе еді. Сол Әмірі мұны өзі тапты, бүгін міне, құшағында жатыр. Екеуі тұрмыс құрып жұрт қатарлы өмір сүрсе, ұлын бірге тәрбиелесе несі бар. Бастары жас Өмірдің артынан іні-қарындастары да ілесуі мүмкін. Бұдан артық қандай бақыт керек!
Дегенмен, Айнаш «ия» деген жоқ, «ойланайын» деді.

Өмірді орталарына алып үш күн бойы Алматыны әбден қыдырды. Үшеуінің мәз-мәйрам болған жүздеріне қарап ары-бері өткендер бақыт нұрына бөленген отбасына қызыға сүйсінеді. Бұлар күнде сырласа, ойласа келіп үйленуге бекінді. Содан соң ғана Айнаш ұлына әкесін дұрыстап таныстырды.

Маған бірден айтпай әдейі сынадыңдар ғой, ә. Бірақ, көке алғаш келгенде екеуіңнің ұзақ құшақтасқандарыңнан, сенің көзіңнен жас парлағанынан-ақ шын папам екенін білгем, — деген Өмірдің еркелігімен қатар байқампаздығына әке-шешесі қосыла күлді.

Әмір Шымкентке орлаған соң үйіне барып әке-шешесіне келесі аптада келіншегі мен ұлын таныстыруға ертіп келетінін хабарлады. Олар үйленбеген баласының әйелі мен баласы қайдан пайда болғанын түсінбей қайран қалды. Жайшылықта тау қозғалса да мыңқ етпейтін әкесі:

Бала өз кіндігіңнен бе, әлде балалы біреуге үйлендің бе? – деді салқын көз тастап. Бұл ұлының өзінің аузынан түскендей екенін көріп келгендіктен әкесіне қарап алаңсыз жымиды.

Немереңізді көрген соң кімге тартқанын өзіңіз айтарсыз, — деді жұмбақтай.

Бек пен Арқар бар бір топ жігіттеріне, Айнаштың туыс-таныстарына Алматыда шағын той жасап, үш джиппен келіншегі мен ұлын үйіне әкелді. Әкесінің үйінде де ауыл тойын жасады. Шешесі «Кішкентай күніндегі Әміржанның дәл өзі ғой» деп немересін маңдайынан сүйді. Соңғы кездері ұлы мен келіншегінің жанында жиі болып, барлық шаруаны ұмытқан Әмірді Дәурен бірнеше рет іздеткенімен ол хабарласпай діңкелетті. Сосын, ол құқық қорғау органдарындағы сыбайластарымен ақылдасып, «Арлан» кешенін тексеріп, Әмірді біраз қысып алу керек деп шешті…

Leave A Reply

Your email address will not be published.