Қара Әмір. 10-бөлім

0 1 414

Сағынтай Әмірге телефон шалып, өздерінде жаттығатын полиция офицерінің мәліметіне қарағанда ішкі істер басқармасында «Арлан» кешеніне байланысты бір операция ұйымдастырылып жатқанын хабарлады. Әмір «Кім бізді мазалай бастаған, әлде Дәурен үлесін азсынып айдап салып отыр ма екен? Одан оған келер пайда жоқ қой, мүмкін үлесін көбейтсін, деп қыр көрсетіп отырғаны ма? деп ойлады.
Нокаутермен кездескен соң бәрі де анықталды. Сөйтсе Дәурен бұл Алматыда жүргенде Нокаутерге адам жіберіп, «Әмірсіз тікелей жұмыс жасайық» деп ұсыныпты.

Мен бірден бас тарттым. Бәр пәле сол әкім «Көкеден» келіп отыр. Өйткені, тауар «Арлан» түгілі Шымкентке де кірместен «КамАЗдармен» бірден жөнелтіледі. Тіпті олардың бірі ұсталып қалған күнде саған да, кешенге де күдік тумауға тиіс, сондықтан да полицияны сол «Арланға» айдап салып отыр, — деді Нокаутер. Әмір оған Дәуренге қатысты «компроматы» бар кассетаның бір көшірмесін беріп:

Мынаны маған бірдеңе болса тиісті жеріне жібер, — деп тапсырды.

Көп ұзамай тексеруге келген кісі қысқаша есірткіге байланысты өздеріне түскен мәліметтер барын айта келіп:

Әмір Мамысұлы, мүмкін кешеніңіздегі қызметкерлер арасында сыртыңыздан заңсыз іс ұйымдастырып жүргендер бар болар, күдіктенетін адамыңыз болса айтыңыз, өзіңіздің де кешеніңіздің де абыройын сақтап қалыңыз, — деді сыпайылап.

О не дегеніңіз, егер кешенде есірткі сатпақ түгілі тұтынатын бір адам табылса хабарын беремін. Бірақ бізде есірткі түгілі ішімдік пен темекіге де құмартатындар жоқ. Дәу де болса біздің кешеннің жұмысы жүргенін көре алмайтындар, не полицияны жалған жолға салғысы келгендердің ісі болар. Ал менің түрмеде отырып шыққаныма байланысты күдік туған болса, жастық шақтағы шалыс басқаным үшін жазамды өтегенмін.

Сыпайы жауап беріп тексерушіні шығарып салды. Әңгімесінен аңғарғаны бұлардың ісі туралы құқық қорғау органдарында ешқандай айғақ жоқ. Тек Дәуреннің бағыттауымен тіміскілеп жүрген болды. Бірақ, сол «әкім көкемен» тезірек тіл табыспаса, мыналар басшылары тапсырма берсе кешенге есірткіні өздері әкеліп тастап болса да қылмыстық іс қозғауға тырысары сөзсіз.
Әмір сол күні кешенде жұмыс істейтіндерді түгел жинап жиналыс өткізді.
-«Арлан» кешенінің ашылғанына көп өтпесе де сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жұмысымыз жемісін беріп келеді. Дегенмен, біздің табысымызды көре алмайтын қара ниетті біреулер құқық қорғау органына біздің кешенде есірткі сатылады деген арыз түсіріпті. Мен оған сенбеймін. Егер араларыңызда мұқтаждықтан есірткі сатуға, не өзі тұтынуға мәжбүр адамдар болса ұжымның алдында айтсын. Мен ол адамды жазаламаймын, қайта қаржылай көмектесемін, есірткіден арылуларыңызға жәрдем жасаймын. – Ол отырғандарға жағалай қарап шықты. Жұрт үнсіз. Бұл сөзін жалғады.
— Мен сіздерге сенемін, бірақ көре алмаушылар кешенге келіп жүргендер арқылы есірткіні әдейі әкеліп тастауы да мүмкін, сол жағына қырағы болыңыздар. Сондықтан бүгінгі жиынымыздың қортындысы ретінде құқық қорғау органдарына, қала әкімдігіне «бізді есірткі әкеліп тастап арандату сияқты жағдайдан қорғаңыздар» деген мазмұнда хаттама толтырып апарып тапсыруымыз қажет. Ал өздеріңіз күдікті нәрсе байқасаңыздар Темірге, соның «омондарына» дереу хабар беріңіздер.
Осылай сақтық шараларын құжаттап алған соң Әмір қалалық әкімдік, ішкі істер, прокуратура, денсаулық, білім салалары басшыларымен хабарласып «Есірткіге спорт соққысы!» деген девизбен бірлесіп «Арлан» кешенінде апталық акция өткізуді ұсынды. Өзі толық қаржыландыратындықтан оның ұсынысын басқалар қуана құптады.
Есен арқылы ақыры Дәуренмен жолықты. Екеуінің әңгімесі еш қабыспай қойды. Дәурен Ниязұлы әлден соң ренішін білдіріп, дауыс та көтере бастады.

Біле-білсең мен болмасам сенің кешенің жұмыс істемек түгілі әлі күнге дейін ғимарат салуға орын да, рұқсат та ала алмай жүрер едің. Қылмыстық өткені бар сен түгілі адал азаматтардың өзі рұқсат алу үшін жылдап жүреді. Кинотеатр үйін саған дейін де сұрағандар көп, бірақ мен саған әпердім ғой. Өзің ақылды, түсінігі бар жігіт пе десем, не болып барасың? Көзіңе шел бітсе, сені жасаған мен, өзім сені жоқ қыламын. Қысқасы, менің үлесімді молайтасың, не «Арланың» да, өзің де жойыласың.

Дәуке, сабаңызға түсіңіз, сіздің мұныңыз қылмыс әлемінің ең сұмпайылары – «беспредельщиктерге» ұқсап барады. Олар да «қайдан тапсаң одан тап пәлен мың доллар беріп тұратын боласың» деп бастайды әңгімесін. Бірақ, басқа да әдістер бар ғой, мысалы «компромат» арқылы айтқанды істету, не сіз сияқтыларды сабасына түсіру.

Не? Қайдағы «компромат»? Кімге «компромат»? Не тантып отырсың өзің? Немене маған қоқан-лоққы жасағың келе ме? – деп булығып, түтігіп кеткен Дәуреннің сөзін бөліп:
Дәурен Ниязұлы, есіңізде болсын, мен ешкімді қорқытпаймын, ал қажет болса әкім екен демеймін, — Әмір де даусын қатайтып, қабағын түйе оған қадала қарады. – Аламын да өзін де, үрім-бұтағын да бауыздай саламын. Бізде сатқындық кешірілмейді, кіммен байланысқаныңызды ұмытпаңыз, — деген ол қоштаспастан орнынан тұрды да жүре беріп «бұрынғыша қаламын десеңіз хабарласарсыз» деді.

Екеуі де бітіспес жауға айналғандарын ұқты. Әкімнің орынбасары да өз көлігіне міне сала Әмірді кешенімен қоса тезірек құртудың жолын ойластыруға кірісті.
Әмір тықыр таянбастан-ақ өзіндегі байлықтың негізін туыстарының, Айнаш пен ұлының атына аударып тастаған, өзіне алып қалғаны осы «Арлан» ғана. Ол кешендегі бөлмесіне келген соң бір шөлмек арақ пен шайнама алдырды. Әдетінше қырлы стақанға толтыра құйып тартып жіберді де диванға қисайды.
«Мен сияқты көкжалдарша түн қатып мұндай жолмен жүретіндерде қатын-бала да, туыстар да, достар да болмағаны дұрыс екенін мына шенеунік тағы да бір растап бергендей болды-ау. Туыс-бауырларына қоса Айнаш пен Өміржаны тағы бар. Соларға алаңдайды, әйтпесе, Дәуренді әкім орынбасары емес министр болса да басындырмай, жынын қағып алып, құрдай жорғалатар еді-ау. Әттең, баяғы Куба айтқандай «жіпсіз байланды» деген осы. Бұрын қарсыласына көзінен от шаша, тірідей қанын ішетіндей, аяу дегенді білмейтін қаныпезердей болып көрінетін Әмір елге оралғанына бірер жыл болғанда, міне, қайдағы бір дүниеқоңыз шенеуніктің алдында бейшара болып қалғандай. Жұрт сияқты тыныш өмір сүрмек еді, оған мүмкіндік берер емес. Әлде бәрі де құрысын деп Дәуреннің үлесін көбейтсе қайтеді. Бірақ құнығып алған соң ол «ставкасын» көтере бермесіне кім кепіл. Енді қандай жағдайда да ол екеуінің арасында адал әріптестік қайтып орнамайды. Енді кім бұрын әрекет етіп екіншісінің көзін жою ғана қалды.
Дәуреннің тапсырмасымен «Арланды» айналдыру басталды. Түрлі сылтаумен тексерушілер бірінен соң бірі келіп жатты. Жергілікті басылымдарда тапсырыспен «Арланды» «әшкерелеген» мақалалар басыла бастады. Ол аз болса Шымкенттен шыққан «КамАЗ» көліктерінің бірінен Жезқазған қаласының тұсында есірткі табылып, оның түбі тексеріле бастады.
Шымкенттің құқық қорғаушылары есірткімен айналысатын ірі «барон» саналатын Морозды қысуға кірісті. Оған «Егер «Арланның» қожайынын есірткіні ірі көлемде сатушы ретінде ұстауға көмектеспесең өзің кетесің. Екеуіңнің бірің есірткі саудалаушы ретінде қалайда түрмеге қамаласың» деген талап қойды. «Мороз» полицияға көмектеспесе болмасын түсінді, әрі бәсекелесінен құтылады. Азды-көпті дәрежеде есірткімен айналысатын шымкенттік қылмыстық топтар «Арланның» қожайынының кесірінен өздеріне қауіп төніп, тынышы кететіндігін ойлап Мороздың жанына топтасып, «Арланға» келіп, Әмірге жолықты.
Олар «Шымкентке келгенің кеше, бәрімізді әбігерге салып отырсың. Шенеуніктермен байланысқаның аздай енді қалада есірткі сатуды жоюға сен себепкерсің. Мүмкін өзіңнің сенімді «көкең» бар болғандықтан бізді бәсекелес болмасын деп түгелдей ұстатып құртып, жеке өзің рахаттанбақ шығарсың. Оныңа көне алмаймыз. Қаладан кет, болмаса біз шара қолданамыз» деп талап етті.
Әмір бұлардың арандатумен келіп отырғанын ұқты. Оларды қуып шығуға оқталды, бірақ олай жасамады. Қайта мейрамханасына апарып құрметті қонағындай дастархан мәзірін ұсынды. Өздері екпіндетіп келгенде қарсы өре түрегелер деген  Әмірдің жаймашуақ қалпында құрмет көрсеткенін түсінбей аңтарылып отырғандарға жағалай қарап шығып сөз бастады:
Сендердің қай-қайсың да кемі бір реттен отырған, баланданың дәмін татқандарсыңдар. Үкіметтің де, «ворлардың» да заңына, түсінігіне мойынсұнбайтын «беспредельщиктер» болсаңдар айтыңдар. Мен «законникпін», әлгіндей басынып айтқан талаптарың үшін қайсыңды болсын жазалауға құқым бар, құдіретім де жетеді. Бірақ, мен олай етпеймін. Өйткені, сендер «ментураның» алдауына, арандатуына ілесіп маған қарсы келіп отырсыңдар. Олар сендердің қолдарыңмен мені, менің қолыммен сендерді жойып, екі жеп биге шықпақ. Араларыңда солармен ауыз жаласып, соған қызмет етіп жүрген сатқын бар. Ол қайсыңды болсын сатып кетеді, сондықтан оны төрт көзіміз түгел отырғанда жазалауымыз керек. – Ол осылай деген кезде есік ашылып жігіттері кіріп келіп, қару кезеніп тұра қалды. – Мен сендердің бәрің сондайсың демеймін. Араларыңдағы сатқынды жазалауға кедергі жасамасаңдар басқаларың бұл жерден тірі кететіндіктеріңе кепілдік етемін…

Оның сөзін телефон шылдыры бөліп жіберді.

«Арланды» полиция мен «спецназ» қоршауда. Есік аузында прокуратура мен арнаулы бөлімнен ішке кіргізуді талап етіп тұр. Күшпен кіретін түрі бар, — деді Сағынтай. Әмір «ментура» бұлардың бәрін де алдап соққанын ұқты, бірақ енді кеш еді. «Кіргізіңдер» деді ол телефонға. Сосын үстел басындағы елеңдесіп отырғандарға қарап:

Сендер айдап салғанға еріп, мені құртып өздерің аман қаламыз деп ойладыңдар. Бірақ олар қулығын асырып кетті. Енді бәрімізді осы жерде басып қалатын болды, — деді орынан тұра беріп. – Бәрің де кете берулеріңе болады.

Отырғандар абдырап не істерін білмей қалды. Мороз:

Бұған сенбеңдер, алдап тұр, — деді.

Бәрі үнсіз терезеге таянды, төменде тұрған полиция көліктері мен «арнаулы бөлім» киіміндегі қарулы әскерді көрді. Осы кезде мейрамхана есігінен сондай қарулыларды бастап бірнеше жәй киімді кірді.

Орындарыңнан қозғалмаңдар! Қолдарыңды желкелеріңе ұстаңдар! – деп айғай салғанның бірі әлдене айтпақ болып өздеріне қарай жүре берген Морозды атып салды да «Қарсылық көрсеткендерді ескертусіз атамыз!» деп ақырып жіберді.

Әмір өздерінің аузын ұрғанын түсінді. Қаладағы есірткіге қатысы бар қылмыстық топ басшыларын Морозға бастатып Әмірге айдап салып қана қоймай, бәрін «Арлан» кешенінде қолға түсіру арқылы бұл кешенді қаладағы есірткімен айналысатын топтардың басты «ошағы» етіп көрсетіп, Әмірді солардың басшысы кейпінде қолға түсірмек. Морозды сөзге келмей атып тастағандары өздерінің тыңшысын жою арқылы бұл операцияның сол арқылы ұйымдастырылғанын жабу. Облыс әкімінің орынбасарын әшкерелемес үшін мұның көзін де жояры анық. Осыны түсінген Әмір зал ортасындағы үлкен люстраны атып түсіріп, қараңғылықты пайдаланып бүйір есікке қарай ұмтылды. Шам сөнгенде залда әбігершілік туып, атыс басталып кетті.

Асхана бөлмелері арқылы төменге түсетін тепкішек сатыға жете бергенде қуғыншылардың бірінің оғы иығынан тиіп, қолындағы пистолеті ұшып кетті. Иығын екінші қолымен ауырсына ұстап жүгірген ол бірінші қабат пен екінші қабаттың аралығындағы текпішек алаңшасындағы терезені сындырып сыртқа секіре бергенде соңындағылар бірнеше мәрте атып үлгерді. Жарақаттарын ауырсына жерге жайсыз құлап, орнынан тұрмай қалды.
Осы кезде оған қарай жүгіре жеткендердің бірі еңкейе беріп:

Әмір аға! – деп айқайлап жіберді де жүрелеп отыра кетіп, оның басын сүйемелдеп көтерді. Өлі-тірісі белгісіз, денесі қанға малынған ағасының басын құшақтаған Төре «Ағатай-ай, айтып едім-ау, осылай боларын біліп едім-ау, қайтейін…» деп күбірлей берді. Оның жанарынан үзіліп түскен тамшылар ағасының бетіне тамып, қанымен араласып төмен сырғып барады…

Түнгі қаланың әлем-жәлем, алуан түсті шамдары ойнақылана жыпылықтасып ашық аспандағы сансыз жұлдыздармен жымдасып кеткендей жымыңдасады. Қала орталығындағы үлкен де әсем ғимараттың маңдайындағы «Арлан» деген жазу мен көкжал қасқырдың электр сымдарымен өрілген суреті күндегісіндей жалт-жұлт етіп жұртты шақырып мен мұндалап тұрған жоқ, көмескіленіп зорға көрінеді. Сол ғимараттың түбінде інісі басын сүйемелдеп отырған қылмыс әлемінің «арланы» — «Қара Әмірдің» де әлсіз ашылған көзіне бүкіл әлем көмескіленіп, бұлдырап бара жатқандай болды…

Соңы.

Авторы : Республикалық «Дөңгеленген дүние» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, байырғы журналист Аманғали ӘБУОВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.